филол.ғ.к. Қансейітова Э.Ж.
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті, Қазақстан
ҚАЗАҚ
ЖЫРЛАРЫНДАҒЫ ДІНИ СЮЖЕТТЕР
Қазақ әдебиетінің тарихында Мұхаммед
пайғамбар мен оның сахабаларына арналған дастандар ұлттық
сөз өнерінің тарихилығындағы өзіндік
ерекшелікті аңдатады. Энциклопедиялық анықтама бойынша:
"Мұхаммед (Мұхаммад, Магомет) Ахмед бин Абд Аллах (570-632 ж.)
- пайғамбар, ислам дінінің негізін салған діни
уағызшы" [1, 125].
Қазақ әдебиетінің қалыптасу,
даму жолында, әрине, Мұхаммед пайғамбар мен оның
сахабаларына арналған поэзиялық шығармалардың бастауында
орта ғасырлардағы исламдық дәуір кезеңінің
алыптары Қожа Ахмед Иассауидің Ахмед Иүгінекидің,
Жүсіп Баласағұнның Сүлеймен Бақырғаниды
жадымыздан шығармаймыз. Қазақ поэзиясының тарихында
исламдық суфизм дәстүрін қалыптастырған бұл
алыптар көркем шығармалардың лирикалық-дидактикалық,
эпикалық үлгілерінде Мұхаммед пайғамбарға
арналатын көзқарастарды жырмен өрнектеудің игі жолын
қалыптастырды. Мысалы, Қожа Ахмед Иассауидің
"Ақыл кітабы" ("Диуани хикмет") атты
шығармасында Мұхаммед пайғамбардың және
оның сахабаларының тарихи
орындары адамзат қауымына, мұсылмандарға шын сезім
шынайылығымен дәйектеле жырланды ("23 хикмет"):
Он сегіз мың ғаламға даңқы
шыққан Мұхаммед,
Отыз үш мың сахабаға басшы болған
Мұхаммед.
Жалаңаштар мен аштарға қанағат
болған Мұхаммед,
Кемтарлық көрген үмбетке шапағат
болған Мұхаммед.
Жамандыққа жақсылық
жасайтұғын Мұхаммед,
Ынсап берген залымға даңқы
шыққан Мұхаммед.
...Миғраж асып барғанда құдіретті
көрген Мұхаммед,
Ғарсы-күрсі базарына қамқор
болған Мұхаммед
Сегіз пейіш бәріне ие болған Мұхаммед
[2, 57-59].
Ақындық поэзияның өзекті желісіне
айналған бұл тақырып Құран Кәрім
сүрелерін негізге алады.
Құран Кәрім кітабының
47-Мұхаммед сүресінде бақи дүниедегі Алланың
ұстанымындағы шешімдер былайша айтылған "Шексіз Алла
иман келтіріп ізгі іс істегендерді астарынан өзендер ағатын
жаннатқа кіргізеді. Ал қарсы болғандар (дүние
тіршілігінен азғана) пайдаланып, хайуандар тәрізді жей береді.
Олардың орны тозақ оты (12) [3, 508]. Демек, діни
дастандардағы Мұхаммедке дейін және одан кейінгі
жалғасты кезең шындығын негізге алған шығармалар
Мұхаммед пайғамбардың әуелгі де, ақырғы да
пайғамбарлық мәңгілік жолын жырлайды. Бұл - тарихи
шындық пен көркемдік уақыт сабақтастығы
жүйесінің әдеби шығармаларға арқау
болған құрылымдық зандылығы.
Құран Кәрімнің 112-Ықылас
сүресінде барлығы төрт аят бар. Онда Алланың сипатын
бейнелейтін аят сәлемі Мұхаммед пайғамбар арқылы
адамзатқа жолданатыны анық айтылады: "Меккеде түскен
Төрт аят. Аса қамқор ерекше Алланың атымен бастаймын.
(Мұхаммед с.а.с. оларға) айт: Ол Алла, біреу-ақ. (1) Алла
мұңсыз (Әрнәрсе оған мұхтаж) (2). Ол тумады
да туылмады (3). Әрі Оған ешкім тең емес (4)" [3, 604].
Мәшһүр Жүсіптің
"Ықылас сүресі" атты эпикалық шығармасы осы
сүренің адамзат үшін екі дүниеде де (фәни мен
бақи) шапағаты мол ықпалын даралап жырлайды. Эпикалық
шығарманың құрылысында авторлық баяндау
арқылы ислам дінінің ең басты көзқарасы болып
саналатын сүренің аяттарын тарихилық тұрғысында
дәйектей, дәлелдей жырлау жүзеге асырылған.
Дастанның құрылымдық мазмұнында Алланың
бірлігіне, өлімнің хақтығына бүкіл жаратылыстың
табынатыны жырланады. Мұхаммедке 40 жасында пайғамбарлықтың
келгендігі, Алладан жеткен аян-аманат арқылы Мұхаммедтің
пұтқа табынушыларға Алланы уағыздауға
кіріскені, кәпірлерге оны дәлелдеудегі Мұхаммед атынан
айтылған насихат уағызын ақын дәйектей дәлелдей
жырлайды [4].
Ақындардың Мұхаммед
пайғамбарға арналған дастандарында жалпы адамзатқа
ортақ адамгершілік имандылық тәрбиесі басты назарға алынады.
Исламның тарих сахнасына шығуына дейінгі Нұр Мұхаммед
дәуірі мен пайғамбар дүниеге келгеннен кейін және
оған 40 жасында пайғамбарлық келген кезендердегі
барлық оқиғалар бүкіл адамзаттың өсуіне,
өркендеуіне арналған ең ізгі асыл мұрат жолы болып
жырланады.
Қазақ әдебиеті тарихының X-XI
ғ. кезеңі "Ислам дәуіріндегі әдебиет" [5,
77-175] болып аталады. Бұл кезеңдегі қазақ
әдебиеті тарихын құрайтын ақындардың
мұралары түрік халықтарына ортақ болғанмен,
біздің төл әдебиетіміздің кейінгі дамуына
жалғасқан исламдық дүниетанымның негіздері сол
кезеңде қалыптасты. Түрік халықтары рухани
мәдениетінің қалыптасу, даму тарихының көрнекті
тұлғалары Әбунәсір әл-Фарабидің,
Махмұд Қашқаридың, Жүсіп
Баласағұнның, Ахмед Иассауидің, Ахмет
Йүгінекидің, Сүлеймен Бақырғанидың
шығармалары қазақ поэзиясындағы исламдық
дүниетаныммен жырлаудың гуманистік-эстетикалық негіздері
болып саналады. Бұлардың шығармаларының
идеялық-композициялық желісінде басталудан аяқталуға
дейінгі аралықта Аллаға мүнәжат, Мұхаммед
пайғамбарымызға оның төрт досына (Әбубәкір,
Омар, Оспан, Әли) мадақ жырлары сабақтаса жырланды.
Түрік халықтары әдебиетіне көркемдік негіз болып
қаланған бұл дәстүр кейінгі дамуда эпикалық
дастандар жазуға жалғасты [4].
Ислам тарихына байланысты жырланған дастандар -
ұлттық әдебиетіміздің нағыз
халықтық табиғатын танытатын маңызды шығармалар.
Себебі, ислам дінінің қазақ даласына таралуы ежелгі
ата-бабалық түріктік наным-сенімдерімізбен сабақтаса
өрілгендіктен халқымыз Алланың құдіретін,
Мұхаммед пайғамбарымыздың даналық даралығын
риясыз көңілмен қабылдады.
Ислам дінін шынайы ықыласымен
қабылдаған халықтың психологиялық
көңіл-күйіне орай жырланған ақындардың
дастандары жұртшылыққа кеңінен тарады, замандар бойы
адамгершілік-имандылық тәрбиесінің қуатты
құралы болып келеді.
Ақындардың діни дастандары ислам
тарихындағы көрнекті кітаптардағы сюжеттердің
көркемдік шешіммен жырлануы болып саналады. Бұл мәселе
профессор А. Қыраубаеваның жіктеулерінде айқын сараланады:
"Діни сюжеттердің төркіні "Мың бір
түнге" де, Құран, "Қисас-ул-әнбиа"
оқиғаларына байланысып жатады. ...Діни сюжетке жазылған қисса-дастандар
"Зарқұм", "Сал-сал", "Дариға
қыз", "Наушаруан сұлу", "Әбу Шахма",
"Кербаланың шөлінде",
"Шәкір-Шәкірат", "Жүсіп-Зылиха" т.б.
Бұлардың дені - Жүсіпбек қиссалары" [6, 49-50].
Қазақ поэзиясының көрнекті
ақындары Жүсіпбек Шайхисламұлы, Ақылбек Сабалұлы,
Шәді Жәңгірұлы, Мәшһүр Жүсіп
Көпейұлы, Жүсіп Ешниязұлы, Омар
Шораяқұлының және т.б. ақындардың ислам
тарихына арналған дастандары бар. Жаратушы Алланың
құдіретімен Мұхаммед пайғамбарға дейінгі
тіршіліктің пайда болуына, Мұхаммед с.а.с. дүниеге келуіне
байланысты фольклорлық-мифологиялық сипатты сюжеттерді жырлау
әдебиетіміздегі өзіндік дәстүрлі түрімен ерекшеленеді
дегіміз келеді.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1.
Энциклопедия
"Ислам"/ Бас редактор Р.Нұрғалиев. - Алматы:
Қазақ энциклопедиясы Бас
редакциясы, 1995. -1т. -285 б.
2.
Иассауи
Қожа Ахмет. Диуани хикмет (Ақыл кітабы). - Алматы: Мұраттас, 1993,
262 б.
3.
Құран
Кәрім: Қазақша мағына және түсінігі.
Аударған Халифа Алтай. Сауд Аравия, Медине Мұнаууара, Мілади, 1991,
604 б.
4. Қансейітова Э.Ж. Діни дастан: тарихилық
және көркемдік уақыт сабақтастығы. –Алматы:
Әрекет-принт баспаханасы, 2012, 144 б.
5.
Ежелгі
дәуір әдебиеті (Құрастырған және
өмірбаяндық деректерін жазған А.Қыраубаева.-Алматы: Ана
тілі, 1991, 180 б.
6. Қыраубайқызы А. Шығыстық
қисса-дастандар, Алматы: Рауан, 1997, 140 б.