Турдалиева Арайлым Сансызбайқызы

 

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты

 

ПРАГМАТИЗМ – ІСКЕРЛІК ФИЛОСОФИЯСЫ

 

 

Прагматизм – шапшаң әлеуметтік өзгерістер кезеңінде дүниеге келген практикалық философия. «Прагматизм» гректің «прагма» деген сөзінен шыққан, ол «іс», «әрекет» деген мағынаны білдіреді. Прагматизм терминін мәдени айналымға 19 ғасырдың 70-жылдары америкалық философ Чарльз Сандерс Пирс енгізген. Дегенмен, Уильям Джеймстің табанды еңбегі болмағанда, қазіргі заманда прагматизм мұншалықты дамымаған болар еді. Сонымен, прагматизмнің мәні неде?

Прагматизмның басты идеясы философия адамдарға өмірлік мақсаттарының шешіміндерін табуға көмектесу болып табылады. Сондықтан, Джеймстің пікірінше прагматизм ең алдымен «әдіс» екендігі таңқаларлық нәрсе емес. Осы әдістің мәні дұрысы осы сұрақтардан ашылады: қабылданған қадамның практикалық нәтижелері қандай? Бұл адамға пайда әкеледі ме? Жоғарыда айтылғандардан, прагматизм – негізінде адам үшін пайда іздейтін әдіске жататын философиялық бағыт. Мына сұрақты қызу талқыға салсақ: көп ақша – бұл жақсы ма әлде жаман ба? Дау ұзаққа созылуы мүмкін, себебі «қолдайтын» дәлелдер «қарсы» дәлелдерден басымырақ болатыны хақ. Бірақ, прагматизм үшін мына сұраққа жауап беру маңызды - ақша адамның өмірлік, жеке және кәсіби қиындықтарын шешуге көмек қолын соза алады ма? Жауап айқын, егер адамда айтарлықтай көп мөлшерде ақша болса, ол тек өзін ғана емес, жақындарын да қамтамассыз ете алады. Сонымен қатар, кез келген әлеуметтік және т.б. жобаларды қолдауға көмектеседі. Олай болса, ақшадан қайыр көп болғандықтан осымен талас-тартысымызды өз мәресіне жеткізсек.

Прагматизмде ең бастысы – мағыналы нәтижені іс жүзінде бағдарлау. Онымен қоса «прагматист кәсіби философтар үшін қымбат болған, бір төбе болып жиналып қалған тұрақты әдеттерінен табанды түрде біржола бас тартады. Ол абстракция мен қол жетімсіз заттардан, сөзбен ғана орындалатын шешімдерден, бейпіл дәлелдерден, қатып қалған, өзгермейтін қағидалардан, жақ ашпайтын жүйелерден де бас тартады. Ол тұрақты, қолжетімді,  нақты дәлелдермен жұмыс істеп отырған билікті  қолдайды» [1]. 

Прагматизм өкілі үшін сөздің қиын жағдайдан жауап табуға көмектескен кезде ғана құны болады. «Сендер әр сөздің практикалық бағасын анықтап, оны осы уақытқа дейін жинаған тәжірибелеріңді іске асыра отырып, қажеттеріңе жарата білулерің керек» - деп жазды  Джеймс [2]. Бұл көзқарастан біз сөздің адам үшін қызмет ететін «қаруға» айналған кезде ғана өзіндік құны болатынын аңғара аламыз. Мысалыға, «амансыз ба?» сөзін алсақ. Оны адамның қиындықтарының шешімін табуға көмектесетін «қару» ретінде қолдана аламыз ба? Әр күн сайын жұмысқа келген кезде адамдар бір-бірімен «амансыз ба?» деп сәлемдесіп жатады. Бұл сөздің түпкі мағынасы денсаулығыңыз жақсы ма? Қал-жағдайыңыз қалай? деген сөздермен сайып келеді. Егер бір адам екіншісінің амандығын сұрап жатса, онда ол оған деген сыйластығын, құрметін білдіреді емес пе? Өзіне деген құрметін көрген екінші адамның да ол адамға деген сыйластығы артады. Ал бұл дегеніміз екі жақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға жақсы негіз. Сонымен, «амансыз ба?» сөзі адамдардың бір-біріне деген құрметін сақтап қалуға, екі жақтың көзқарастарын жақсартуға көмектеседі. Ол адам үшін керек. Ол оның қиындықтарын шешу үшін қызмет етеді.

Прагматизм өкілдері ақиқат мәселесі туралы қызықты көзқараста. Асылында, олар егер қоршаған әлем туралы ойларың осы әлемге сәйкес келсе, ол ақиқат, деген ақиқаттың дәстүрлі түсінігін қарастырады. Прагматизмде екі жақты біріккен идеялар да ақиқат болуы мүмкін дегенге назар аударады. Сондай-ақ, Джеймс: «Ойларымыздың ақиқаттылығы олардың біз үшін «қызмет» жасайтын қабілетін білдіреді» [2], деп жазды. Басқа сөзбен айтқанда, ақиқат дегеніміз – адамға көмектесе алатын, пайдасы көп нәрселер. Айталық, бір адамға «уәде бердің бе – уәдеңде тұр!»  деген ұран өмір сүруіне өз жәрдемін тигізуі мүмкін, міне бұл ол үшін ақиқат. Ал енді өзге біреу үшін өз уәдесінде тұрмау ыңғайлырақ (яғни, пайдалы)  болса және ол оның өмірінде нәтижелі іс атқаратын болса, ол үшін бұл қағида ақиқат емес. Олардың ойынша ақиқат басқа емес, мақсатты дұрыс танытатын, адамға сенім беретін, практикалық тұрғыда адамды белсенді және табысты ететін білім. Сондықтан прагматизм себепке қарағанда мақсатқа айрықша мән беруімен ерекшеленеді. Олардың ойынша адам мақсат үшін өмір сүреді және мақсатты тану адамды танумен бірдей деп есептейді. Дегенмен, олар мақсат категориясы шегінде қамалып қалмай адамды өз мақсатына асылында қандай әрекет жеткізеді дегенді қазбалайды, мақсаттың адамға белгілі бір әрекетте табысқа қол жеткізетін қозғалыс болып орындалуына ерекше назарын салады. Ендеше адамды көздеген мақсатына ең қысқа уақытта, аса тез жылдамдықпен, өте аз шығынмен, ең ыңғайлы жолмен жеткізетін нәрсе – шынайы құндылық, шынайы ақиқат. Адамзат баласы сондай ақиқатқа, құндылыққа талпынуы керек.

Жалпы, АҚШ қоғамының табысты өмір салтын қалыптастыруының негізгі тетігі прагматизмнің мақсатты негіз еткен өнімді қозғалыс идеясын ұстаным етуіне қатысты деп айтуға болады. АҚШ-тың дүниежүзінде экономикасы мығым және табиғи байлығы мен адам капиталы, жалпы жылдық табыстың жан басына шаққандағы мөлшерін, сонымен қатар ұлттық валютаның сатып алу мүмкіншілігін есептегенде әлем елдері ішінде суырылып дара шыққан, ең бай 10 мемлекеттің ішінде рейтингтің жетінші сатысында тұруы осының дәлелі болар.  Мұнда ЖІӨ-нің жан басына шаққанда жылдық табыс мөлшері – 46 874 долларды құрайды. Ал, Қазақстан Республикасы ЖІӨ жан басына шаққандағы жылдық көрсеткіші жөнінен әлемнің 144 мемлекетінің ішінде 50-орынға тұрақтаған. Ресми деректерде қазақстандықтардың жылдық табысы 14 000 долларды құрайды деп көрсетілген. Бұл көрсеткішпен мемлекетіміздің деңгейін төмендетіп немесе елімізді табалап отырған жайымыз жоқ. Керісінше, осы көрсеткішті көрген әрбір қазақ азаматы жігерленіп, ұлтына, Отанына деген патриоттық сезімі оянып, «біз неге солардың істегенін істей алмаймыз?» деп, іскерлігін арттыруға, креативті болуға талпынса дейміз.

Қорыта айтқанда, прагматизмнің ақиқат табиғатына деген көзқарасы салмақты дәлелдермен негізделген. Адам өмірі ақиқат, пайда, жақсылық дегендермен тығыз байланысты. Прагматизмде осыған басты назар аударылады.  Сонымен қатар, «адамға пайда әкелетіннің бәрі жақсы» дегенді де мойындайды.  Бірақ, әрқашан мына нәрсеге ден қойғанымыз абзал. Адамға өзге жанды кемсіту пайдалы болып, сол сәттегі көріністен ол рахаттануы мүмкін. Алайда, сол кездегі кемсіту екінші адам үшін қорлану болады емес пе? Себебі ол адам бұл әрекетімен екінші адамның ары мен намысына нұсқан келтіріп тұр. Сондықтан, «адамға пайда алып келетіннің бәрі жақсы» деген идеяны мойындай отырып, оған «егер бұл екінші бір адамға зиянын тигізбесе» деген толықтыру енгізгеніміз орынды болар. Қазіргі мәдениет екінші адамның көзқарасымен санасуды міндеттейді. «Өмір сүр және өзгеге де өмір сүруге мүмкіндік бер» - деген қағидамен бүкіл әлем санасып өмір сүрсе нұр үстіне нұр болары хақ!

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

 

1.  Джохадзе Игорь Давидович. Неопрагматизм Ричарда Рорти. – Москава: Эдиториал УРСС, 2001. – 256 с.

 

2. Никоненко Сергей Аитальевич . Английская философия ХХ века – СПб.: Наука,

2003 г.