Психология и социология/8. Педагогическая психология

 

Ертай Х., «Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының оқытушысы

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ЖЕТІМ БАЛАЛАРМЕН ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУДІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ

 

Балалардың, оның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мемлекетіміз ұстанған саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында осы санаттағы балалардың құқықтарын қорғау саласына қажетті нормативтік-құқықтық база жасалынды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әрбір бала отбасында өмір сүруге және тәрбиеленуге құқылы. Отбасы - қоғамның негізгі бөлшегі болып табылады, адам баласы отбасында ғана ананың аялы алақанын, махаббатын сезінеді, қарым-қатынас жасау дағдылары қалыптасады, өз халқының тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін бойына сіңіреді, дүниетанымы мен діни көзқарастары қалыптасады, яғни отбасы адамның белгілі бір қоғам мен өркениеттің бір бөлшегі ретінде өмірден өз орнын табуына ықпал етеді [1]. Сондықтан да мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, әр баланың отбасында тәрбиелену мүмкіндігін қамтамасыз етуге барынша жағдай жасау қажет. Осы заманғы әлемдік қауымдастықтың дамуы мемлекеттер арасында шекараның ашықтығын, әр түрлі елдердегі адамдардың, ұлт өкілдерінің, этникалық топтардың бір-бірімен еркін қарым-қатынасын қамтамасыз етеді, соның арқасында біздің елімізге деген қызығушылық артуда, соның бірі – халықаралық бала асырап алу мәселесі. Қазақстан Республикасы азаматтарына баланы асырап алуда басымдылық беріледі, яғни олар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мәртебесіне ие болғаннан бастап баланы асырап алуға құқығы бар. Халықаралық бала асырап алу баланың отбасында тәрбиелену құқығын қорғау тәсілі ретінде Қазақстанда да дамып келеді. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын балаларды Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын қазақстандық азаматтарға немесе азаматтығына қарамастан балалардың туыстарына тәрбиелеуге беру мүмкін болмаған жағдайда ғана шетелдіктердің асырап алуына рұқсат етіледі. Соңғы жылдары қазақстандық азаматтардың бала асырап алуы 21,9 пайызға өсіп, халықаралық бала асырап алу 17,1 пайызға азаюы және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау мәселелерінде жағдайдың жақсаруы мемлекетіміздің демографиялық проблемаларын шешудің бір жолы екенін атап өту керек [2]. 

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңының 27-бабының және «Неке және отбасы туралы» Заңының  100-бабының  талаптарына сәйкес, ата-анасының қайтыс болуы, олардың ата-ана құқықтарынан айрылуы немесе шектелуі, ата-анасының әрекетке қабілетсіз деп танылуы, ата-анасының ұзақ уақыт болмауы, ата-аналарының бала тәрбиелеуден немесе олардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудан жалтаруы, тәрбиелеу, емдеу мекемелерінен баланы алудан бас тартуы, сондай-ақ, ата-аналардың қамқорлығы болмаған өзге де жағдайларда балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау  қорғаншы және қамқоршы органдарына жүктеледі.  Қорғаншы және қамқоршы органдары ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтайды, осындай балалардың есебін алуды жүргізеді  және ата-анасының қамқорлығынсыз қалудың нақты мән-жайларын негізге ала отырып, балаларды орналастырудың нысандарын  таңдайды, сондай-ақ, оларды асырау, тәрбиелеу және білім беру жағдайларына одан әрі бақылау жасауды жүзеге асырады.  Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1245 «Қазақстан балалары» бағдарламасында көрсетілген есепке сәйкес, 5 мың балаға бір қорғаншы және қамқоршы органның қызметкері болуы тиіс. Көптеген жағдайда  жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қорғаншы және қамқоршы органдардың назарынан тыс қалуда. Атап айтқанда, қорғаншы және қамқоршы органдарымен жетім және ата-анасың қамқорлығынсыз қалған балаларды уақытылы анықтап, оларды орналастыруға, тиісті есепке алу жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеуде. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 09.09.2013 жылғы №1346 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының қорғаншылық және қамқоршылық органдары туралы Ережесінің 19 тармағының 3 тармақшасы талаптарына сәйкес, қорғаншылық және қамқоршылық органдар заңдарда белгіленген тәртіппен қорғаншылар мен қамқоршылардың қызметін бақылауды жүзеге асыруға, ол үшін жылына кемінде екі рет олардың өз міндеттерін орындауын тексеруге, сондай-ақ жыл сайын қорғаншылардың қамқорлығындағы адамның денсаулық жағдайы туралы, оларды тәрбиелеу жөніндегі жұмыстары туралы есеп беруін талап етуге міндетті.

  Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2013 жылғы 9 қыркүйектегi

№ 1346 қаулысымен   бекiтiлген «Патронат туралы» Ережесінің 1 тармағына және "Неке және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, патронат нысанындағы қорғаншылық және қамқоршылық ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, оның iшiнде тәрбиелеу, емдеу немесе басқа да осындай мекемелердегi кәмелетке толмаған балаларға белгiленіп, патронат ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қорғаншы және қамқоршы орган мен баланы тәрбиелеуге алуға тiлек бiлдiрген тұлға (патронаттық тәрбиешi) арасында жасасқан шарт бойынша азаматтардың отбасына берiледі. Баланы тәрбиелеуге алуға тiлек бiлдiрген тұлға (патронаттық тәрбиешi) мен қорғаншы және қамқоршы органның арасында жасалатын баланы (балаларды) тәрбиелеуге беру туралы шарт патронаттың пайда болуына негiз болып табылады [3].

  Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының және  Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2015 жылғы 22-ші желтоқсандағы «Жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан білім беру ұйымдарын  бітірушілерді еңбекке орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы» №1882-ші  қаулысының талаптарына сәйкес жергілікті атқарушы органдары жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге шара көруге міндетті.

  Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 1061-бабының талабына сай, заң бойынша мұрагер болу құқығын бірінші кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының балалары, соның ішінде ол қайтыс болғаннан кейін тірі туылған балалары, сондай-ақ оның әкесі жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесі алады деп бекітілген [4]. 

  Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының  «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 16-бабының 1-тармағына сәйкес, тұрғын үйдi бiрлесiп салған, азаматтық-құқықтық мәмiлелер жолымен немесе мұраға алған жағдайда және заңдарға қайшы келмейтiн басқа жағдайларда екi немесе одан көп азаматтар тұрғын үйге ортақ меншiк құқығына ие бола алады.  Қазақстан Республикасының «Азаматтық кодексінің» 209-бабының 3-тармағында, мүлікке ортақ меншік үлестік меншік болып табылатындығы көрсетілген.

  «Қазақстан Республикасындағы мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы  бойынша және жасына байланысты берілетін әлеуметтік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13 бабына, «Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы  Заңының  110 бабына  сәйкес, асыраушысынан айрылған  балаларға жәрдемақы тағайындалуға жатады.

  Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 6 бабының 2 тармағының 19 тармақшасының және  Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Әлеуметтік қорғалмаған білім алушылар мен күнкөрісі төмен отбасылардан шыққан білім алушыларға қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты жұмсау ережесін бекіту туралы» №64  қаулысына сәйкес, әлеуметтік қорғалмаған білім алушылар мен күнкөрісі төмен отбасылардан шыққан білім алушыларға қаржылай және материалдық көмек киім, аяқ киім, оқулықтар, оқу құралдарын, мектеп-жазу құралдарын сатып алуға, жергілікті оқыту бойынша тамақтандыруды ұйымдастыруға және қаржылай көмек көрсетуге бөлінетіндігі бекітілген.

Мемлекет мекемелердегі, сондай-ақ сәбилер үйіндегі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды толық мемлекеттік қамтамасыз етеді. Қорғаншылықтағы (қамқоршылықтағы) немесе патронаттық тәрбиедегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жалпы білiм беретiн мектепте оқыған кезеңiнде мемлекеттiк жалпы бiлiм беретiн мектептердiң жанындағы Жалпыға мiндеттi орта бiлiм қорының қаражаты есебiнен бiр мезгіл тамақтануға, мектеп және спорт киiмiн алуға құқығы бар, сондай-ақ жергiлiктi бюджет қаражатының есебiнен оқулықтармен тегiн қамтамасыз етiледi. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін мемлекеттік техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарына түскен талапкерлердің жалпы санынан 1% көлемде квота анықталған. Аталған санаттағы балаларға оқу кезінде республикалық және жергілікті бюджет қаражат есебінен жетім балаларға күндізгі рационның 40% есебінен ыстық тамақ ақысыз қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, осы санаттағы балаларға оқу орындарының бекітілген стипедиясына тағы 30% көлемінде қосымша төлем бекітілді. Он сегіз жастан асқан оқып жатқан азаматтарға асыраушысынан айрылғаны үшін 23 жасқа дейін жәрдемақы алу құқығы бар. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студеттерге жоғары оқу орындарындағы оқуын төлеуде 15%-дан – 50%-ға дейін жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар, «Жоғары оқу орындарында оқып жатқан жеке санаттағы қолдау бойынша шаралар туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 17 ақпандағы № 177 қаулысына сәйкес жетім-студенттерге, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттерге білім несиелерін ұзақ мерзімге беру қарастырылған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдар тарапынан жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен және одан әрі еңбекке орналасуын қамтамасыз ету қарастырылған [5].

Мұқтаж балаларға мемлекеттік қолдау көрсету үшін республикада 660 интернат ұйымдары жұмыс жасайды, оларда 79 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және Жасөспірімдер үйлері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 5 балалар ауылы және 19 жасөспірімдер үйлері, үш «SOS – Қазақстанның балалар ауылдары» жұмыс жасайды. Патронаттық тәрбиелеу нысаны даму үстінде [6].

Қазақстан Республикасында 28 бала үйі жұмыс жасайды, оның 24-і арнаулы болып табылады немесе орталық нерв  жүйесі ауыр зақымданған балалар үшін арнаулы топтары бар. Бала үйінде жетім балалар мен ата-анасының қарауынсыз қалған балаларға медициналық көмек көрсетіледі.

Балаларды сауықтыру тікелей емдік дене тәрбиесі кабинеттері, массаж және физиокабинеттері бар орындарда жүргізіледі. Ауру белгілері бар балалар белгіленген тәртіппен аумақтық немесе республикалық емдеу және оңалту мекемелерінде тұрақты емдеумен қамтамасыз етіледі. Бала үйлерінің материалдық-техникалық базасы қанағаттанарлық, көптеген бала үйлері үшін сауықтыру кешендерінің, балалардың қала сыртындағы демалыс орындарының жоқтығы шешілмеген проблема күйінде қалып отыр.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ата-анасының қарауынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөнінде бірқатар ұйымдастыру шараларын қабылдады. Бала үйлерінің қызметін реттеу үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Бала үйлерінің қызметін ұйымдастыру ережесін» және «Балаларды бала үйіне қабылдау және одан шығару ережесін» бекіту туралы Бұйрықтарды әзірлеп, бекітті.

2002 жылдан бастап республиканың барлық бала үйлерінде «Үміт» топтары ұйымдастырылып, жұмыс жасауда. «Үміт» тобының басты мақсаты бала үйінде уақытша тәрбиеленуші баланың қиын өміршең жағдайға ұшыраған анасымен қарым-қатынас жасауы үшін жағдайларды жасау арқылы жетімдікті ескерту болып табылады [7].

Күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайға ұшыраған әйелдерге психологиялық көмек көрсету үшін тууға көмектесетін денсаулық сақтау ұйымдарының штатына отбасы және неке мәселелерінде білікті психолог лауазымы енгізілді. Психолог қызметінің басты мақсаты жетімдікті ескерту болып табылады.

Соңғы уақытта балаларды - Қазақстан Республикасының азаматтарын асырап алуға ниет білдіруші шетелдік азаматтардың өтініштері санының өсуіне байланысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі өз өкілеттіктерінің шеңберінде халықаралық бала асырап алудың, бірінші кезекте Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, асырап алынған балалардың құқықтары мен бостандығын қорғайтын рәсімді жетілдіру жөнінде жұмыс жүргізуде.

Шетелдіктердің қазақстандық балаларды асырап алу рәсіміне тартылған мемлекеттік органдар арасындағы үйлестірілген іс-қимылдар мен тетіктерді жасау мақсатында, Қазақстан Республикасының Үкіметі бала асырап алу тәртібін реттейтін бірқатар нормативтік-құқықтық актілерді әзірледі. Мысалға, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңмен осы балаларды асырап алған жағдайда, олардың кәмелеттік жасқа толғанша, Қазақстан Республикасы азаматтығының сақталуына кепілдік беретін өзгерістер енгізілді; Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1197 қаулысымен Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды шетелдіктерге асырап алуға беру ережесін бекітті, оған сәйкес асырап алынған баланы есепке алу ол Қазақстан Республикасынан кеткенге дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер Министрлігінің Консулдық қызмет департаментінде жүзеге асырылады. Шетелдік азаматтардың бала асырап алу мәселесі - Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, қоғамдық және саяси ұйымдарының тұрақты бақылауында. 

Шетелдік азаматтарға асырап алуға берілген балаларға бақылау жасауды Қазақстан Республикасының шет елдегі дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері жүзеге асырады.

2015 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша консулдық есепке алынған, асырап алынған балалардың -Қазақстан Республикасы азаматтарының саны 4574-ті құрайды. Олардың ішінде: АҚШ-та 4184 бала, Ұлыбританияда - 104 бала, Канадада - 53 бала, Бельгияда – 102 бала, Израильде -21 бала, Египетте -25 бала, Испанияда - 45 бала, ГФР-да - 12 бала, Францияда - 21 бала, Италияда - 3 бала, Түркияда - 2 бала және Қазақстанның Ресей Федерациясындағы, Берндегі Елшіліктерінде бір баладан тіркелген [8].

Қазіргі уақытта Консулдық қызмет департаменті «Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын балаларды асырап алуды қалайтын шетелдік азаматтарды есепке алу ережесін» консулдық лауазымды адамның баланың тұру және тәрбиелену жағдайларын тексеру мақсатында жарты жылда бір рет асырап алған ата-аналарға бару мүмкіндігі тұрғысында Қазақстанның қолданыстағы заңнамасының нормаларына сәйкес келтіру жөніндегі жұмысты бастады. Бала асырап алудың қолданыстағы рәсімін одан әрі жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қарауына бала асырап алу процесінің әкімшісі функцияларын ел ішінде де, халықаралық деңгейде де тікелей жүзеге асыратын жеке құрылым құру туралы ұсыныс енгізді.

Бала асырап алу және осы мәселеде халықаралық стандарттарға жақындау тетігін ретке келтіру мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекетаралық балаларды қорғау және бала асырап алу саласындағы ынтымақтастық туралы Гаага Конвенциясын бекітуді қамтамасыз ету күттірмейтін мәселенің бірі.

Біз өзіміздің зерттеу жұмысымызда жетім балалардың жағдайын  әлеуметтендіру мәселесін жан-жақты қарастырдық, түбегейлі талдадық деген ойдан аулақпыз. Себебі мұндай күрделі, ауқымды мәселе бір дипломдық  жоба  көлемінде зерттелуі мүмкін емес. Келешекте бұл мәселе жалғасын табады деп есептейміз.

 

Қолданған әдебиеттер

1.     Зубайраева З.А.  Қазақстандағы жетім балалардың әлеуметтік проблемасы //Ордабасы тауында өткен ұлы жиынның 10 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция материалдары. – Алматы, 2014. – Б. 141-145.

2.     Зубайраева З.А Жетім балалармен жұмыс әлеуметтік проблема //ҚАУ-нің 10 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары.– Шымкент, 2014. – Б. 296-298.

3.     Қазақстанда жетім балалармен әлеуметтік жұмыс жүргізу мәселесінің құқықтық негіздері. – Алматы:  Ұлт тағлымы,  2015. – № 4. – Б.314-318.

4.     Жетім балалармен әлеуметтік жұмыс – өзекті мәселе. – Алматы: Қазақстан жоғары мектебі, 2013. – № 4. – Б.233-235.

5.     Жетім балалардың туындауы, тарихи дамуы және әлеуметтендірудің ерекшеліктері //ҚР “Инновациялық технологияны тиімді қолдану негізінде педагог кадрларды дайындау сапасын жетілдіру” ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Шымкент, 2011. – Б.220-226.

6.     Жетім балалардың өзін-өзі тануындағы құқықтық құжаттардың маңызы //әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Хабаршы. – Алматы, 2012. – №2. – Б.143-147.

7.     Жетім балалардың кәсіптік бағдарының белсенділігі //Орта Азия және қазақ халқының рухани құндылығы,  жаһандану мен өркениеті. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Алматы 2010. – Б.406-410.

8.     Жетім балалары әлеуметтендірудегі әлеуметтік педагогиканың алатын орны– Алматы 2013. – Б.162-168. (С.Ж.Піралиевпен, Р.Р.Масыровамен авторлық бірлестікте).