Психология/Психология развития
Психол.ғ.к. доцент Аманова И.Қ.
Абай атындағы ҚазҰПУ
Қазақстан Республикасы, Алматы қ.
ТҰЛҒАНЫҢ ЭТНОМӘДЕНИ
ҚОҒАМДА
ӨЗІН-ӨЗІ ТАНЫТУЫ МӘСЕЛЕСІ
Тұлғаның өзін-өзі таныту мәселесі
бүгінгі күнде өте көкейкесті мәселелердің
бірі болып табылады. Ол, әсіресе, жастарды тәрбиелеу мен дамытуда,
яғни өзіне-өзі сенімді, топта, қоғамда өз
орнын таба алатын, ішкі ресурстарын дамытып, өзінің
шығармашылық қабілеттерін көрсете алатын азамат
қалыптастыруда маңызы зор.
Тұлға әлеуметтік ортада қалыптасатындықтан,
ең алдымен, оның дамуы мен өзін-өзі танытуына
және жүзеге асыруына жақын этномәдени ортаның,
сондай-ақ қазіргі көптеген мемлекеттердегі мультимәдени
қоғамның әсерін талдау маңызды.
Адамның
тұлға ретіндегі этноұлттық қалыптасуы әлеуметтік-этностық
психологияның қызықты теориялық және
эмпирикалық мәселелерінің бірі болып табылады.
Тұлғаның қалыптасуына мәдени-психологиялық
әсер ету оның рухани бейнесінің этникалық
құндылықтарды белсенді меңгеруге байланысты. Адам
өмірінде этностық қауымдастыққа немесе
басқа әлеуметтік топтарға жату мәселесі ең басты
мәселе болып табылады десек, жалған айтпаймыз.
Тұлғаның этностық сәйкестілігі, көптеген
этнопсихологтардың айтулары бойынша, адамның өзін белгілі бір
этностың өкілі ретінде сезінуі, бір этностық қауыммен
бірдей екенін және басқалардан бөлінуін сезінуі.
Мұндағы, этностық сәйкестілік деп отырғанымыз,
бұл этностық қауыммен өзінің тепе-теңдігін
сезіну ғана емес, сонымен қатар, оны бағалау да. Адамгершілік,
ар-намыс, реніш, қорқыныш сезімдері этносаралық
салыстырудың маңызды критерийлері болып табылады. Бұл
сезімдер адамның этностық қауыммен терең
эмоционалдық байланыстарына және оған қатысты,
индивидтің әлеуметтену процесінде қалыптасатын моральдік
міндеттер болып табылады [29, 56 б.].
Тұлға
онтогенезінің тарихи және этно-мәдени негіздерін зерттей
келе, В.К. Шабельников, халықтар мәдениетінің
көпқабатты құрылымында оның қалыптасу
үрдісі көрініс табады деп тұжырымдайды.
Қоғамның дамуы – тұлға детерминациясының
алғашқы ретті механизмдерін жоймайтын, оның жаңа
формаларының өрбуі. Қоғамда болатын революциялық
өзгерістер оның үстінен жаңа әлеуметтік
байланыстарды құрып, тұлғаның жаңа
қасиеттерінің пайда болуын себептендіреді. Ерте балалық
шағынан бастап бала өз халқының
аңыз-ертегілерімен сусындап, байырғы қоғамның
патриархалдық және матриархалдық құрылымы
шоғырланған отбасылық қатынастарды игереді.
Сондықтан қазіргі заман мәдениетінің едәуір
кейінгі қабаттарына жақындау тарихи алдыңғы
дәуірлерде жинақталған базистік, негізқұраушы
қабаттарды бірізді меңгеруді талап етеді.
Сонымен, адамның әлеуметтенуі дегеніміз,
оның әлеуметтік қоғамға бейімделуі, өзі
тіршілік етіп жүрген ортасына икемделу қасиеті. Адамның
қалыптасуына этностық жағдайы да әсер ететінін
байқадық.
Отандық психологияда тұлғаның
әлеуметтенуін, сонымен қатар өзін - өзі танытуын
қарастырғанда сәйкестілік ұғымына
тоқталып кеткен жөн.
Бұл ұғымды ғылымға Э. Эриксон енгізген, ол сәйкестілікты
субъективті сезім ретінде және басқа адамдардан бөліп
ұстайтын, дүниенің тоғысуы мен үздіксіздігіне
белгілі бір сеніммен байланысқан өзіндік тоғысуды және
үздіксіздікті (тұрақтылығын)
қадағалаудағы сапасы ретінде анықтаған. Э. Эриксон тұлғаның
дамуының негізін қалаушысы ретінде сәйкестілік
мәселесін қарастырды. Сәйкестіліктың топтық
деңгейі өзінің әртүрлі топтарға (жыныс,
жас, ұлттық және діни көзқарас және т.б.
негізінде) тиесілі екендігін сезіну.
Тұлға потенциалының толық ашылуына
және тұлғаның қоғамда белсенді өзін-өзі
жүзеге асыруында ұлттық өзіндік сананың, этникалық
сәйкестіліктің, әсіресе, этномәдени
сәйкестіліктің дұрыс, позитивті қалыптасуының
маңызы зор деп есептеген Аманова И.Қ. Этникалық
сәйкестілік тұлғаның
«Мен-концепциясының» маңызды компоненті болып табылады.
Этникалық сәйкестілігі дұрыс қалыптасқан адам
ғана өзінің
тұтас тұлғалық құрылымын
сақтай алады, өзін өмірде дұрыс анықтай біледі
және өз-өзімен, қоршаған адамдармен
үйлесімді өмір сүре алады. Мұндай тұлға
өзіне-өзі сенімділігі жоғары болып, әлеуметтік ортада
өзін-өзі еркін таныта алады [3, 54 б.].
Этностың
сипатты қасиетін көрсететін және басқа этностардан
ажырататын белгілері: тіл, халықтық өнер, әдет-ғұрып,
дәстүр, қалыптасқан тәртіп, дағды,
яғни ұрпақтан-ұрпаққа берілетін
мәдениет құрауыштары. Бұлар өзіндік ерекшелігі
бар этностық мәдениетті құрайды. Этностың белгісі – мәдени
құндылық. Әр түрлі этнос өкілдері
өздерінің тілі, діні, мәдениеті, әдет-ғұрып,
салт-дәстүрлеріне байланысты өздерін танытады.
Сонымен
өзін-өзі таныту тұлғалық
қасиеттерінің толығымен жүзеге асуы, өз
потенциалының толық және белсенді қолдануы,
тұлғаның
қалыптасуы, өзін-өзі жүзеге асыруы, өзін-өзі
тануға, жетілуге ұмтылуы. Өзін-өзі таныту –
тұлғаның жүйелі қасиеті. Өзін-өзі
таныту әр тұлғаның бойында кездесетін
қажеттіліктің бір түрі.
Әдебиеттер:
1.
Шабельников В.К. Исторические и этно-культурные основы онтогенеза личности
//Проблемы психологии развития: Материалы международной психологической
конференции «Психическое развитие в онтогенезе: закономерности и возможные
периодизации». Москва, 19-22 октября 1999 г. С. 168-175.
2.
Намазбаева Ж.И. Жалпы
психология. – Алматы, 2006.
3.
Аманова И.Қ.
Тұлғаның өзін-өзі таныту ерекшеліктерінің этномәдени
сәйкестілікке тәуелділігі: Психол.ғыл канд. диссертациясы. – Алматы, 2004. - 153 б.
4.
Никитина Е.П.,
Харламенкова Н.Е. Проблема самоутверждения личности в философии и психологии: к
истории проблемы // Вопросы философии. — 1995 73-91б.