Э.ғ.к.,доцент    Шомшекова Б.К., магистрант Аманбаева А.

 

 І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА  АДАМ КАПИТАЛЫН ДАМЫТУДЫҢ  КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ  

 

         Қазақстанның ХХІ ғасырдағы инновациялық экономикадағы орны   адам капиталына дамуына байланысты.  Себебі инновацияға негізделген экономиканы дамытатын адам ка­пи­талының деңгейі мен сапасы және оның әлеуметтік белсенділігі. Сон­дықтан адам капиталын басым бағыт ретінде дамыту    инновациялық эко­номика құруға ұмтылған көптеген елдердің өзекті мәселесіне айналуда.

         Осыған байланысты  ҚР Президенті Назарбаев Н.Ә. Қазақстан халқына  Жолдауында. «Адамзат Үшінші индустриялық революция табалдырығында тұр, ол өндіріс ұғымының өзін өзгертеді. Технологиялық жаңалықтар әлемдік нарықтың құрылымы мен қажеттіліктерін түбегейлі өзгертеді. Біз бұрынғыға қарағанда мүлде өзгеше технологиялық болмыста өмір сүріп жатырмыз»...«Көмірсутегі шикізатының нарығында ірі ойыншы болып қала отырып, біз энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиіспіз. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. 2050 жылға қарай елде энергияның баламалы және жаңғыртылатын түрлерін қоса алғандағы барлық энергия тұтынудың кем дегенде тең жартысы келуге тиіс»- деген болатын[1].

         Жалпы Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарындағы   даму қарқыны ТМД елдерінің ішінде алдыңғы қатарда, кейбір көрсеткіштері шығыс Еуропа елдерінің деңгейіне жеткеніне қарамастын «...ауыл тұрғындарының еңбек өнімділігі батыс елдеріндегіден 20 есе кем»  және Кеден одағындағы ЖІӨ Белоруссиядан 1,5 еседей көп бола тұрса да, Қазақстанның тауар айналымының осы елден үш есе аз болуы, яғни біздегі адам капиталы деңгейі Белоруссиядан 4-5 есе төмендігін, экспорттағы шикізат үлесінің 90 пайыздан астам болуы стратегиялық тұрғыдағы мәселелердің орын алып отырғаны құпия емес.

        Осы мәселенің түйінін экономикалық теория тұрғысынан қарастырғанда кез –келген   мемлекет  капиталы үш топтан,  яғни: 1. табиғи ресурстар; 2. жылжитын және жылжымайтын мүлік; 3. адам капиталынан тұрады.

       Аталған шектеулі ресурстар ішіндегі адам капиталы –инновациялық экономика мен білім экономикасын қалыптастыратын және дамытатын негізгі факторы бола отырып,   ол жоғары өмір деңгейі, интеллект, білім, ғылым және жоғары сапалы адам капиталы.

Отандық экономика негізін зерттеуші ғалымдар    Әубәкіров Я.Ә., Нәрібаев К.Н., Жұмамбаев С.К. еңбектерінде адам капиталының    қоғамдағы орны мен маңызын біршама    жүйелеген.  

Мысалы, академик Я.Ә.Әубәкіров адам капиталын әртүрлі ғылымдардың барлық жетістіктерін, білімді, дағдыны, жинақталған тәжірбиені және олардың әлеуметтік экономикалық прогресте қолданылуын біріктіретін кең кең ұғым ретінде түсіне отырып, ол қоғамдық еңбек өнімділігінің артуын қамтамасыз ететін шешуші күш ретінде таниды.

Ал, ғалым С.К.Жұмамбаевтың пікірінше, «білім, дағды, іскерлік және жинақталған тәжірбие адам капиталын құрайды» және «жалдамалы жұмысшы» кәсіпкерлік іс-әрекетке өзінің адамдық капиталын қосады

Осыдан аталған ғалым-зерттеушілер еңбегіндегі адам капиталы:

Біріншіден, білім, іскерлік, дағды арнайы іс-әрекет түрлері арқылы қалыптасады;

Екіншіден, олардың  қалыптасуы белгілі бір қаржыны қажет етеді;

Үшіншіден, ол қаржылар инвестициялық сипатта;

Төртіншіден, білім, іскерлік, дағды  және еңбек өнімділігі арасында өзара тәуелділік орын алады;

Бесіншіден, адам капиталы  уақыт факторына байланысты болып «балама шығындар»   орын алады.  

         Адам капиталы инвестиция нәтижесінде қалыптасып, қорлана отырып қоғамдық өндірістің кез келген сферасында мақсатты пайдаланатын  ерекше құндылық және болашақ    табыстарының өспелі көзі.

Мысалы, адам капиталының 1% өсуі еңбек өнімділігін 3,81%-ға өсіретінін қоғамдық практика көрсетіп отыр.   Соңғы 20-25 жылда әлемдік экономика негізінен осы адам ресурсы есебінен дамуда. Оны Әлемдік банктің 192 елде жүргізген зерттеулерінің нәтижесі айқындап берді. Онда өтпелі экономикалық елдер  өсуінің 16% ғана физикалық капиталға (құрал-сайман, ғимараттар және өндіріс инфрақұрылымы), 20%-ы табиғи капитал, қалған 64%-ы әлеуметтік және адам капиталымен байланысты екенін нақты дәлеледер келтірілген.   Осы көрсеткіштер бойынша АҚШ  ұлттық байлығының ішінде барлық өндірістік қорының (ғимараттар мен жылжымайтын мүлік, машина мен құрал-жабдықтар) үлесі 19%, табиғи ресурстар – 5%, ал адам капиталы - 76% болса, ал Батыс Еуропада -23, 2 және 74; Ресейде - 10, 40 және 30% құрап отыр[2].

 Берілген  осы мәліметтерден әлем елдеріндегі   адам капиталының даму деңгейі мемлекеттің даму деңгейін көрсететіні байқалады.

        Сондықтан 1990 жылдан бастап халықаралық деңгейде адам даму потенциалының индексі (АДПИ) қабылданып, оны анықтау үшін елдің орташа даму деңгейінің үш негізгі   өлшемдері белгіленген, олар:

1.  Белгілі деңгейде елдегі денсаулық пен әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін көрсететін адам өмір сүру ұзақтығының индексі;

2.  Тұрғындарды бастауыш, орта және жоғарғы біліммен қамту және 15 жастан асқандардың сауаттылық деңгейі мен елдегі білім жүйесінің жағдайын сипаттайтын білім беру деңгейінің индексі;

3. Әрбір тұрғынға шаққанда жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі сатып алу мүмкіндігіне (САМ) пара-пар АҚШ долларымен өлшенетін лайықты өмір деңгейі.

          Бұл кешенді индексте азаматтық бостандық, әлеуметтік қамтамасыз ету, тұрғындардың денсаулық және мәдени дамуы, қылмыс деңгейі, қоршаған ортаны қорғау т.б. көптеген факторлар ескеріледі. БҰҰ(Біріккен Ұлттар Ұйымы) эксперттерінің анықтауы бойынша елдің, АДПИ- 0,9 және одан жоғары болса, ол дамыған, ол деңгейге жетпейтіндер – дамушы елдер. Көрсеткіші 0-ден 0,499-ге дейінгілер АДПИ-і төмен, 0,500-0,799 – орташа, 0,800-0,899 – жоғары, 0,900-дан көбі - өте жоғары болып саналады.

       Бұдан материалдық байлықты өндіру өзінің маңызын сақтағанымен, оның экономикалық тиімділігі алдымен жоғары сапалы мамандар, жаңа білім, технология және басқару әдісін пайдаланумен анықталатыны көрінеді.

         Қазіргі экономикасы озық дамыған елдердің артықшылығы көп жағдайда адам капиталының  шығармашылық еңбегі нәтижесін өндірісте  пайдалана отырып шығарған өнімінің көлемі және сапасымен анықталынады. 

   Тәуелсіздік алған жылдары ҚР адам капиталының дамуы қоғамдық және әлеуметтік-әлеуметтік-экономикалық салаларында жүргізілген түбегейлі өзгерістерге байланысты болғаны белгілі. Мысалы 2011 ж. Қазақстан адам даму индексі бойынша  АДПИ-дің  көрсеткіші бойынша   (2009ж.-82орын) 68 орынға  шықты[3].

   Соған қарамастан елдегі экономиканы модернизациялау мен  индустриалды-инновациялық жолмен дамуға көшу қарқыны әлі жеткіліксіз.  Оның басты бірнеше  себептері бар. Қазақстан тұрғындардың білім жүйесінің еңбек нарығындағы сұранысқа сай келмеуі, техникалық және кәсіптік білім деңгейінің төмендігі, аймақтық дифференциация мәселелері, оқу орындарында жоғары деңгейлі басқарушы мамандарды дайындаудағы кемшіліктер, екінші білім алатын жүйенің жетіспегендігі, әлеуметтік серіктестіктің жеткілікті дамымауы, білім саласы қызметкерлерінің білімін жетілдіру орталықтары мен білімді мамандардың жетіспеуі, отандық ғылымның нарықтық экономикаға уақытында бейімделе алмауы, ғылым мен өндіріс арасындағы тиімді байланыстың болмауы және т.б.

   Мысалы, ҚР еңбекпен қамту жағдайын саралағанда мұнай-газ, машина жасау, металл өңдеу салаларында білікті мамандардың жетіспейтіні орын алып отырғаны құпия емес. Әлемдік банктің жүргізген зерттеулері бойынша жұмысшылардың 60%-ның кәсіби деңгейінің төмендігі өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретінін ескере отырып және  адам капиталының 1-ден 3%-ға дейін өсуі ЖІӨ-ді 1%-ға өсіреді деген     әлемде қабылданған   қағиданы Қазақстанға пайдалану үшін адам капиталын қарқынды өсіретін, яғни экономика дамуына тікелей әсер ететін ұлттық стратегиялық бағдар керек.  Ол өз кезегінде еліміздегі адам капиталының сапасына ықпал етіп, еңбек өнімділігін арттыру арқылы бәсекелесуге мүмкіндік береді, екіншіден – ол таусылмай жаңарып отыратын ресурс және үшіншіден – болашақ ұрпақтың жинақталған капиталы ретінде қорланбақ.

    Сондықтан елімізде  адам капиталын өсіретін және оны іске асыратын   қолданыстағы  механизмді жетілдіру қажеттілігі туындайды. Ол үшін Қазақстандағы ғылыми-техни­ка­лық, технологиялық прогрестің стратегиясы мен тактикасын жа­сау, оларды  инновациялық дамуға бет бұруға байланысты қажеттіліктен туындаған  сұраныс ретінде қарастыра отырып, барлық ғылыми-тех­никалық, технологиялық бағыт­тарды   бір жүйеге келтіру бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Оны бір жүйеге келтіріп, қолданысқа енгізу арқылы    елдегі білім, ғылым, технология, мәдениетті дамыту, экономиканы өркендету, тұрғындардың тұрмысын жақсарту, қоғамды дамыған елдер қатарына қосатын күшке айнала алады. Сонымен бірге әлемдегі осындай озық үлгілерді Қазақстан жағдайына бейімдей отырып, адам капиталын дамытуда ұлттың ерекшеліктеріне және шығыстық менталитетке негізделгені орынды   болмақ.

         Қазіргі  еліміздегі басты мақсат – елімізде қабылданған үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дар­­ламасын жүзеге асыру. Бұл ба­ғыт заманауи ғылыми-техни­калық, тех­нологиялық жаңа бас­та­малар­ды қажет етеді .

 Инновациялық эконо­ми­каның жоғары қарқынын қамтамасыз етуде жаңа әлемдік рынок талабына сай жүйелі білім, озық технология, өңірлік өндіріс пен қызметке салынған инвестиция нәтижелерін, меншік құқығын қорғау заңнамалары мен инновациялық жаңа ағымдарды тиімді қолданудағы бәсекелестік ортаны кеңейтудің нақты мін­деттерін, инновациялық жаңа жүйелер қызметін атқаруда қар­жы­лық, материалдық, табиғи және еңбек ресурстарын  ұтымды  қолдану нәтижелерін саралау керек. Оны жүеге асыратын елдің ғылыми-зерттеу саласы мен осыған қатысты басқа да саладағы кәсіби мамандардың әлеуетін қолдану орынды болмақ. Бұлардың маңызды қорытындыларын, интеллектология ғылымының тұжырымы бойынша, стратег менеджерлер ғана «ақылды экономикада» жүзеге асырып, болашақ экономикалық қауіп-қатерлер мен жетістіктерді алдын ала болжай алады.

         Сондықтан елімізде біліктілікті жоғарылату мен интеграциялық орталықтарын ашу, білімнің қажеттілігін арттыру, жастардың бойына ұлтжанды, адамгершілік, заңға бағынушылық сияқты қасиеттерді дарыту, отан­дық ғылымдарды жаңғырту, ин­но­вациялық әлеуетті өсіру және т.б. бас­ты міндеттерің айқын   бағыттарын жүзеге асыруды жеделдету  шараларын қарастыру орынды болмақ.  Ол  «Өмір бойы білім алу» қағидаларының   әрбір индивидтің қажеттілігіне ай­налуына жол ашады және  олар үшін объективті маңыздылыққа ие болады.

  Нәтижесінде Қазақстанда адам капиталын қазіргі деңгейден 55-60%-ға өсіруге мүмкіндіктер құрылмақ. Осыдан 2022-2025 ж. қарай адам капиталының дамуы барысында жоғары технологиялық өнімнің жалпы экспорттағы үлесі 45-50%, іште пайдаланатын өнімнің үлесі 70%-ға жеткізуге болады деген ойдамыз.

 

           Әдебиеттер

1.                Назарбаев Н.Ә.  «Қазақстан-2050» стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» ҚР Президентінің   Қазақстан халқына Жолдауы// Егемен Қазақстан, 2012.14 желтоқсан.

2.                Қазақстандағы адам капиталы /Президент және Халық,  2013, 24 қыркүйек  

3.     Қазақстан Республикасы Статистика жөніндегі агенттігі, 2011 -№1.