Серекбаева Б.С., Болсынбекова Г.А.

Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет, Қазақстан

 Ақшалай қаржылардың аудиті

 

         Ақшалай қаржылар – кассадағы және банктегі шоттағы қолда бар нақты ақшалар.

Ақшалай қаржылар аудитінің бағдарламасына мынадай сұрақтар кіреді:

·               ұйым кассасының техникалық талаптарға сай жабдықталуы;

·               кассалық операциялардың дұрыстығы;

·               кассалық құжаттардың дұрыс толтырылуы;

·               есептік операциялардың уақыттылығы және дұрыстығы;

·               жолдағы ақшалардың дұрыс есепке алынуы.

       Банктегі есеп айырысу шотынан алынған ақшалай қаржылардың толық және уақытында кірістелуін тексеруде аудитор операцияларды бақылаудың өзара салыстыру әдісін қолданады. Сонымен, 1010 шоттың дебеті   бойынша аналитикалық есептің №1 тізімдемедегі сомаларын 1030 шоттың кредиті бойынша  №2 журнал-ордердегі мәліметтермен салыстырады – олар сәйкес келуі керек. Сомалар сәйкес келмеген жағдайда кіріс кассалық ордері, банк көшірмелері, кассир есептері, чек корешоктары бойынша салыстырып тексереді, қажет жағдайларда банк мекемелері тексеріледі.

         Кассалық операцияларды  жүргізу тәртібіне сәйкес кәсіпорындар кассасына ақшаларды қабылдау кіріс кассалық ордерлер бойынша жүргізеді, онда бас бухгалтер немесе кәсіпорын басқармасының бұйрығымен бекітілген тұлғаның қолыболуы керек. Кассалық тәртіпте бұзушылықтар жағдайлары болса, теріс пайдалануларды айқындау үшін тексеру жүргізіледі. Сонымен, кәсіпорындармен көп сомада ақша алған субъектілердің есеп айрысулары тексеріледі.

         Басқа кәсіпорындардан ақшалай сомаларды алуға сенімхаттарды тіркеуді тексеру және сенімхаттарды ісжүзінде қолдануды тексеру де теріс пайдалануларды айқындау құралы болып табылады. Сенімхаттарды беру тәртібі бұзылған жағдайда, олармен ақшалардың түсуіне бақылау жасалмайды, теріс пайдаланулар болуы мүмкін.

         Банк  операцияларының  аудиті  жүргізілген операциялардың  заңдылығын, дер  кезінде   тіркелуі  және  қаражаттардың  дұрыс  пайдалану мақсатында  жүргізіледі.

Ақшалай қаржылар аудитінде банк операцияларын тексеруге көп көңіл бөлінеді. Аудиторлық тексерудің бұл  кезеңінде  банктегі ақшалай қаржылар шотындағы операциялардың заңдылығын, нақтылығын және шаруашылық  негізділігі қаралады.

         Ағымдағы банктік   шоты бойынша операциялар аудитінде келесілерге көңіл бөлінуі керек:

         - ағымдағы банктік   шот банктің қай мекемесінде ашылғандығын;

         - банк көшірмелеріндегі сомалардың оған қосымша алғашқы құжаттардағы сомаларға сәйкес келуі;

         - көшірмелерге қосымша алғашқы құжаттарда банк штампының болуы (егер штамп болмаса, банкте қарсы тексеру өткізу керек немесе жазбаша түрде сұрау жүргізу қажет);

         - банкке қолда бар ақшамен өткізілген ақшалай қаржылардың толықтай және дұрыс аударылуы;

         - байланыстың пошта бөлімдері арқылы акцептелген төлем талаптарымен ақшалай қаржылардың аударылу негізділігі (депоненттелген еңбек ақы, алимент жәнет.б.), сонымен қатар аудармаларды алған пошта адрестарының көрсетілген тізімінің нақтылығы;

         - теңге конвертациясымен байланысты операцияларды есепте бейнелеудің дұрыстығы;

         - банк операциялары бойынша бухгалтерлік жазбалардың дұрыстығы; әсіресе бухгалтерлік есеп бойынша өндіріс шығындарына немесе айналыс шығындарына қажетсіздендірулер операцияларына көп көңіл бөлу керек;

         - банк көшірмелеріндегі көрсетілген жазбаларды №2 тізімдемемен, №2 журнал – ордермен 1030 шот бойынша және Бас кітаппен салыстыру керек;

         - банк көшірмелері және оған қосымша құжаттардың толықтығын және нақтылығын.

         Банк көшірмелерінің  толықтығын, олардың реттік бет номерлері және шоттағы қаржылар қалдығын көшірулермен белгілейді. Шот  бойынша банк   алдыңғы көшірмелері кезең соңындағы қаржылар қалдықтары келесі банк көшірмелерінің бастапқы кезеңі қалдығымен тең болуы керек. Егер банк көшірмесінде айтылмаған түзетулер мен өшірулер болса, банк мекемесінде қарсы тексерулер жүргізілуі керек.

        Аудитор, ережеге сәйкес аудиторлық   процедураның дұрыс жүргізілуіне бақылау жасап отыруы керек. Касса түгендеуін өткізу кезеңінде бөлшектеп төленген төлем  тізімдемелері болуы мүмкін. Мұндай жағдайда аудитор бас бухгалтерге және кассирге белгіленген тәртіпте тізімдемені жауып, оларға шығыс кассалық ордер жазып оны кассир есебіне қосуды талап етеді. Егер кассаны тексеру еңбек ақы беру кезеңімен сәйкес келсе, тізімдеме бойынша көптеген тұлғаларға төленбеген болса, бұл тізімдемелерді кассир есебіне қоспауға болады, оны актте біртіндеп төленген ақшалай қаржыларға кассалық есепке жазылмаған ақшалар ретінде көрсетеді.

         Мұндай  жағдайда  әрбір төлем тізімдемесінде еңбек ақы қандай рет номермен төленгендігі көрсетіледі және оның жалпы сомасы көрсетіледі. Көрсетілген жазу кассирмен, бас бухгалтермен  және аудитормен бекітіледі.

 

Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі

1.Абленов Д.О.,Әбле Д.Д.,Смағұлова Д.Д., Абленова А.Д. Қаржылық бақылау, ревизия және аудит. Алматы 2014 ж.