ТАНЫМДЫҚ БЕЛСЕНДІЛІКТІ АРТТЫРУ – ЖЕКЕ ТҰЛҒА-ҚЫЗМЕТТІК ПАРАДИГМАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ БАСТЫ ШАРТЫ

 

Абдуллаева Айнур Мешитбаевна аға оқытушы, магистр

«Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты

Ибашова Улзагира Сабитовна тарих пәнінің мұғалімі

                                       С.Әлжіков атындағы №144 орта мектебі

 

Жалпы орта білім беру жүйесіндегі реформалар, оқу мерзімі 12 жылдық, «нәтижеге бағыттылған» жаңа мектеп моделін енгізу оқытудың мақсатын, мазмұнын, әдістері мен формасын, сондай-ақ сәйкес құралдар жүйесін, яғни оқытудың жаңа әдістемелік жүйесін жасап, практикаға енгізуді талап етеді. Басты мақсат – қоғамның ақпараттану, жаhандану кезеңінде қажет ақпаратты алып, шапшаң өңдеп пайдалана білетін, бәсекеге қабілетті, өзіндік танымдық әрекет ете алатын жан-жақты дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеу.

Ғылымның әр саласында білім мазмұны мен көлемі қауырт өсіп отырған қазіргі ғылыми-техникалық прогресс кезеңінде бұл міндеттердің жүзеге асуы оқушылардың танымдық белсенділігінің артуына тікелей байланысты. Демек, оқыту барысындағы оқушылардың іс-әрекетінде танымдық белсенділікті арттыру көкейкесті мәселе.

Белсенділік білім беру мақсатына жетудегі шарттардың бірі болып табылады. Оқушылардың қозғаушы күші бола тұрып, саналы мақсатты белсенділік оның өнімділігіне әсер етеді. Сондықтан белсенділікті оқыту мақсатына жету құралы ғана емес, шарты деп қарастыру дұрыс болады.

Танымдық іс-әрекет – шәкіртің әзденіп, білім алуына бағытталған белсенді ақыл-ой қызметі. Ол танымдық қажеттілік, мақсат, танымдық мотив және орындаудың тәсіл-амалдарынан тұрады.

Танымдық іс-әрекет, оқушылардың білімге деген ынтасының негізінде, олардың танымдыұ белсенділігі мен ізденімпаздығы қалыптасады. Бұл мәселенің кейбір қырлары тамыры тереңге бойлайтын көне замандардан бастау алады.

Ежелгі Греция мен Римде, Антикалық дәуір мемлекеттерінде өскелең ұрпаққа тәрбие беру ісіне көп көңіл бөлінді. Нәтижесінде ежелгі грек тәрби теориясы пайда болып, бұл идеялар Платон, Аристотель, сондай-ақ Рим философтары Плутарх, Тацит, Квинтилиан еңбектерінде одан әрі дами түсті.

Бұл теорияда ақыл-ой тәрбиесіне көп көңіл бөлінеді, әсіресе, шәкірттің өз ой тұжырымын дамытуға ерекше мән берілді.

Сократ оқыту барысында шәкірттердің танымдық белсенділігі мен іс-әрекетін арнайы басқаруға көп көңіл бөледі. Ол оқушылардың танымдық белсенділігін арттыратын арнайы оқытуәдісін эвристикалық әңгімелесуді алғаш болып қолданды. Сократ білімді жай ғана бере салмай, шәкірттеріне сұрақ қоя отырып, олардың ойлау қабілетін, қызығушылығын арттырып, өз ой тұжырымын жасай білуге үйретті. Эвристиклық сұрақтарды алдың-ала дайындай отырып, танымдық белсенділігін оқыту құралдары ретінде қарастырды.

Демек, антикалық дәуірдің өзінде-ақ педагогтар оқушылардың өзіндік ой тұжырымын жасау, оны дамыту үшін репродуктивті және эвристикалық әдістерді дұрыс қолдану мәселесіне көңіл бөлгені байқалады.

Оқушылардың танымдық іс-әрекеті мен белсенділігін оқытудың жетілдіру құралы ретінде қарастырып, құнды пікірлер Д.Локк, Я.А.Коменский, Ж.Ж.Руссо, И.Г.Песталоций және т.б. еңбектерінде айтылды.

Танымдық белсенділікті дамытудағы оқыту әдістемесінің негізін Я.А.Коменский қалады. Ол дидактикалық ұстанымдарды ұсына келіп, танымдық белсенділікті дамытуда мұғалімнің рөлі туралы жазған болатын. Ол: «Таным бастамасы – сезімнен, бала сезіне білмесе, оның ой-өрісінде ешқандай өзгеріс болмайды. Оқытуды зат туралы сөзбен емес, сол затты бақылау арқылы шәкірттің ойын дамыту керек»-деп айта келіп, «Мен өз шәкіртімнің әрқашанда өз бетінше бақылауын, практикада өздігінен тұжырым жасауын дамытуды – білім берудегі негізгі жетістікке жету құралы ретінде қарастырамын,»-деген болатын.

Я.А.Коменский оқытудың мақсаты ғылыми білімді меңгеру және өмірге пайда келтіру деп білді. Ол «Ұлы дидактикада» Заттың не құбылыстыі түп тамырына жету, анықтау қабілетін дамыту,оны шынайы түсіну және оны қолдана білу қажеттігін атап өтті.

Ж.Ж.Руссо тәрбиенің мақсаты баланың шығармашылық тұлғасын көрсету керектігін айтты. Ол алғаш рет оқыту үрдісіне белсенділік, ізденімпаздық ұғымдарын енгізді.

Американдық психолог, педагог Джон Дьюи оқушының белсенді танымдық іс-әрекетінің маңыздылығын айта келіп, негізгі дидактикалық мақсат білімді, материалды беру түсіндіру емес, ол өздерінің тәжірбиесі негізінде оқыту қажет, тума қабілеттерінің дамыуына жағдай жасау қажет деген пікір айтты.

Оқушылардың танымдық белсенділігі танымдық қызығушылықтан туындайды.

Г. И. Щукинаның пікірінше, танымдық қызығушылық оқудың ең негізгі мотивтерінің бірі бола отырып, оның белгілі бір жағдайларға байланысты «жеке тұлғаның іс-әрекеті мен жекелеген әрекеттерінің дамуында қуатты түрткі күшіне айналады». Сонымен, бұл жағдайлардан оқушы өздігінен жорамалдауға, бақылауға, іздеуге мүмкіндік алатындай дәрежеге жетіп, өз бетінше танымдық іс-әрекет жасауға мүмкіндік алады. Қызығушылықтың бірінші түріне қоршаған ортадағы дүниенің кейбір құбылыстарын түсінуге бағытталған – эмпирикалық және оқиғаларды көркемдік жағынан бағалай білуге, түсінуге талпындыратын, ұмтылдыратын эстетикалық қызығушылықтар жатады. Қызығушылықтың екінші тобына: жеке адамдар арасында әртүрлі қатынастарды шешуге бағытталған, әр-түрлі қоғамдық ұйымдардың арақатынасын анықтауға негізделген сипатикалық пен әлеуметтік қызығушылық жатады. Қызығушылықтың осы аталған 2 түрі оқушылардың меңгеретін білім мазмұнын айқындайды. Қызығушылық қай кеде болмасын педагогикалық әдебиеттерде негізгі фактор ретінде қарастырылып келеді. Оларда қызығушылық жағымды мотивация тудырудың негізі деп танылды, қызығушылықты қалыптастырудың жолдары көрсетіледі: іс-әрекетке жағымды эмоция тудыру; эмоцияның танымдық басым сипатта болуы; іс-әрекеттен туатын жағымды мотивті көздеу.

Кейбір зерттеушілер танымдық белсенділік жеке тұлғаның қасиеті, екіншілері – жеке тұлғаның қызметі, ал үшіншілері – оны қажетсінуі мен бейімділігі деп түсіндіреді.

ХІХ ғасырда танымдық белсенділік мәселесіне орыстың революционер демократтары үлкен мән берді. Олар жан-жақты дамыған, білімді адам тәрбиелеп шығаруда ақыл-ой тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді.

В. Г. Белинский оқытудың индуктивті әдісіне көңіл бөлді, соның нәтижесінде оқылатын материалды түсіну қабілеті дамиды деп есептеді. «Анализден-синтезге өту, мысалдан ереже шығару – оқытудағы ең тиімді жүйе» , - деп жазды ол.

Жалпы танымдық белсенділік ұғымы жөнінде ғалым педагогтардың бір мәндік пікірі жоқ.

Танымдық белсенділікті түсіндірудің түрлі нүсқаларына (оқуға ұмтылушылықпен, білімді игеру барысында ақыл-ойды жұмылдырып, ерік-жігер көрсетумен сипатталатын шәкірттің хал-жағдайы; білімді жігерлі түрде игеруге дайын болушылық пен ұмтылушылық; ақыл-ой әрекеті; әрекет сапасы, т.б.) талдау жасай келе, В.И.Лозовая олардың бәрі осы ұғымның елеулі жақтарын толықтырады дегенге тоқталады. Бұл көзқарастарды,-деп атап өтеді ол, жеке адамның білім алуды, қол жеткізген білімін тереңдетуді, қоғамның рухани мәдениетін ұғынуды, өз қабілетін көрсетуді қажетсінуі танымдық белсенділіктің қайнар көзі болып табылады деген қағида біріктіреді. Танымдық белсенділік күрделі педагогикалық құбылыс болып табылады, оның мазмұнын тек кешенді түрде ашу арқылы ғана түсінуге болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Сабыров Т.С. Оқушы жастардың танымдық әрекетін арттырудағы оқытудың әдістері мен формаларының дидактикалық жүйесін тиімді қолдануға мұғалімді даярлаудың теориялық негіздері: Дис.пед.ғыл.док.

2. Әбілқасымова А.Е. Студенттердің танымдық ізденімпаздығын қалыптастыру /Монография.

3. Сабыров Т.С. Оқушылардың оқу белсенділігін арттыру жолдары

4. Омарова Р.С. Мұғалімдердің танымдық әзденімпаздығын қалыптастыру негіздері

5. Данилов М.А. Воспитание у школьников самостоятельности и творческой активности в процессе обучения