Педагогические науки/5.Современные методы преподавания.

 

         Ст.преподаватель Бисембаева Ж.К., ст.преподаватель Нурова А.К., ст.преподаватель Султанбекова Ж.Х.                                                                        

Костанайский государственный педагогический институт

 

Ақыл-ой кемістігі бар балаларды әлеуметттік-тұрмыстық бағдарлау сабақтарында қоршаған ортаға бейімделу

 

              Бүгінгі күні білім беру саласында ақыл-ой кемістігі бар балаларды әлеуметтендіруге қолайлы шарт жасау және қатарға қосу мен тәрбиелеуді жүзеге асыру міндеті алға қойылған. Осыған орай ақыл-ой кемістігі бар мектеп оқушыларының әлеуметтену үдерісі сәтті өтуі үшін, түзету мектептерінде әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау пәні енгізіліген.

          Әлеуметтік бейімделу – ол жеке адам мен қоғамның қатысуымен болатын үзіліссіз қатынас үдерісі. Әлеуметтік бейімделу - мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік ортаға қосылуы, қоғамда өмір сүруге бейімделуі. Бейімделуі үдерісі үнемі сәтті, қиындықсыз бола бермейді. Кейде адекватты емес мінез-құлық реакциялары, қиын психологиялық жағдаяттар туындайды. Бір сөзбен айтқанда, дезадаптацияда пайда болады. Балалардағы дезадаптация күйі оңай пайда болғанмен, адаптация үдерістері ұзақ уақытқа созылады.[1]

         Ақыл-ой кемістігі бар балалардың бейімделу қиындықтарын жеңілдету мақсатында түзету мектептерінде арнайы әлеуметтік-тұрмыстық бағдар пәні енгізілді. Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау - ақыл-ой кемістігі бар балалардың кез келген өмірлік жағдайларда өзін-өзі ұстау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған түзету мектептерінің арнайы оқу пәні. Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлаудың пәні көмекші мектептерде 1986 жылы еңгізіліп, 5 жылға негізделген (5-9 сынып аралығы). Басында сабақтың тақырыбы естімейтін және әлсіз еститін, көрмейтін  және  әлсіз көретін балаларға арналған әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлаудың сабағының тақырыбымен сәйкес келген.

           Қазіргі уақытта арнайы мектепте әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау сабағы А.К. Рсалдинованың жаңа бағдарламасына сай өтеді. Жаңартылған бағдарламаның мақсаттары: осы пән бойынша білім берудің мазмұнын қазіргі заманның талаптарына сай келтіру; әртүрлі іс-әрекеттермен байланысты сараманды біліктерді қалыптастыру; адамның ішкі өміріне, қаржы білімдеріне қатысты бағдарламада жаңа бөлімдердің мазмұнын дайындау.

         Сонымен бірге әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау пәнінің мұғалімі «Тұрмыс пен өз-өзіне қызмет ету» бағытындағы білік, дағдыны балалардың меңгеруі маңызды екенін түсінуі қажет.

          Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жылдам өзгеріп отыруына байланысты, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау пәнін оқыту мазмұны қазіргі заманғы қоғамдық құрылыстың талаптарына сәйкес құрылған. Бұл бағдарлама оқушылардың төменгі сыныптарында алған білімі мен тіл дамыту сабақтарында алған білімі мен икемділіктерінің деңгейін, жасы мен психологиялық-физиологиялық ерекшеліктерін есепке ала отырып құрылған бағдарлама Қазақстан Республикасында өмір сүретін ақыл-ойы дамымаған балалардың өздерін осы елдің азаматы ретінде сезінуге, қазақ халқының әдет-ғұрпын, тұрмысы мен ұлттық тағамдарының ерекшеліктерін білуге көмектеседі. Бағдарлама балалардың жалпы дамуы үшін қандай білім мен икемділіктерді қалыптастыру және тәжірибе жұмыстары мен жаттығуларды орындау арқылы қандай дағдыларды қалыптастыру қажеттілігі көрсетілген. Сондықтан әрбір оқушы өзінің зерде және мүмкіншіліктеріне қарамай, өзіне-өзі қызмет етудің дағдыларын, бос уақытын ұйымдастыра білу икемділіктерін меңгере білуі тиіс. Оқушылардың белсенділік қабілетін іс жүзіне асыру үшін, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау (ӘТБ) пәнінің мұғалімі балалардың оқуға деген қызығушылығы мен талабын үнемі қолдап отыруға міндетті. Сондықтан да сабақты оқытудың негізгі тәсілдері әңгіме түрінде, әр түрлі дидактикалық ойындар, тәжірибе жұмыстары (мекеме орындарына кітапханаға, мұражайға, поштаға, сауда үйлеріне экскурсия жасау) болып келеді.

          Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау сабақтарын өту барысында оқушылар өмірдің әр түрлі жағдайларына сәйкес тәжірибелік білім алады. Оқушылардың оқып үйрену кезеңінде оқып білуге арналған материал оқудың әр жылына бөлім-бөліммен топталған. Әр бөлімде бірнеше тақырыптан келеді, әр тақырыпқа сағаттар бөлінген. Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлаудан тақырыптық материалды жоспарлағанда әрбір мұғалім өзінің тәсілімен сабақты өткізе алады, бірақ «қайталау» және «көрнекілік» бөлімдерін пайдалану міндетті түрде жүзеге асуы тиіс. [2]

         Сабақтың тақырыбы бағдарламаға сәйкес анықталады. Сабақтың мақсатын анықтағанда оқушылардың осы тақырыпты меңгергенде алатын білімін ойластыру керек. Сабақтың мазмұнын анықтағанда, оны өткізу әдіс  - тәсілін таңдарда мұғалім «тәжірибелік жұмыс, экскурсия» бағдарламасының бөліміне назар аударады.

            Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау сабағы әдейі дайындалған кабинетте немесе бөлмеде өтуі қажет. Кабинет ішінде шынайы заттармен қамтамасыз ету (телефон аппараты, сағат, жарық түсіру құралы, шаңсорғыш, тоқ плита, тоңазытқыш, теледидар, магнитофон  т.б, бұл техниканың бәрімен бағдарлама бойынша танысу қарастырылған , олармен жұмыс істеу, қолдану, күту, тазалауды тек  сараманды – тәжирибелі жұмыс барысында ғана меңгереді) және ойыншықтар, суреттер, мысалы «Дүкен», «Пошта», әртүрлі кестелер, сызбалар кеңінен қолданылады. Бұл заттармен жұмыс жүргізу балаларға есте сақтау қабілеттерінің нақтылап, зейіндері мен қызығушылықтарын арттыра отырып оқытады. Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау сабағында дәптерлер, альбомдар, оларға тәрбиеленушілер өздерінің мекен-жайларын, телефон нөмірлерін шұғыл нөмірлерді, әртүрлі тағамдардың аттары мен бағаларын тіркеп жазуға қолданылады. Бұдан басқа әртүрлі көліктердің, жол жүру ережесі, әртүрлі мамандықтар бойынша салынған адамның суреттері немесе фотобейнесі болады. Сондай-ақ ӘТБ пәнін оқыту мазмұны шынайы өмір, шынайы тұрмыс, шынайы әлеумет сынды болуы қажет. Кабинет жабдықтары «қатып қалмай» уақыт талабына сай өзгеріп отыру тиіс. Пән оқушыларға заманауи жағдай жасау тұрмысын қалыптастырып қана қоймай, оның еңбек әрекеті талабында жағдай жасау қажет. [3]

             Әрбір оқушы, өзінің интеллектуалды мүмкіндігіне қарамастан өзін-өзі күтудің негізгі дағдыларын меңгеруі міндет, сонымен қатар өзінің тұрмысын, бос уақытын ұйымдастыруды үйрену керек.  Белсендік пен сана-сезім негізін арттыру үшін, ӘТБ пәнінің мұғалімі балалардың оқуға деген ынтасын, қызығушылығын қалыптастыру қажет. Осымен байланысты ӘТБ сабағында әңгімелеу, әңгімелесу, дидактикалық ойындар, тәжірибелік жұмыстар, экскурсия, мәселе туғызатын жағдайлар орын алу керек.

    Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау сабақтарында білім, тәртіп тәжірибесі, өмір сүру тәсілінде тәжірибелік әрекеті негізгі рөл атқарады, сонымен бірге дидактикалық ойындар қосылады (мысалы, әртүрлі жағдайларда қуыршақпен ойнау кезінде бір бірімен қарым-қатынас мәдениетін бекіте түседі). Тәжірибелік жұмыс кезінде өзіндік жұмыс, тұрмыстық еңбек, мектеп алды алаңындағы жұмыс үлкен рөл атқарады. Сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлаудың курсында психикалық бейімделу және тренингтер қарастырылады.

    Сабақ барысында дидактикалық ойындар кеңінен қолданылып, әртүрлі қиындықтарды тез меңгеруге көмектеседі. Ойын жаттығу кезінде жоспарға сүйене отырып, сұрақты көп қоймау керек. Оқушылар бір-бірінің айтқан жауаптарына үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Мұғалім алдын ала сұрақтарды тапсырмаларды, жаттығуларды, сұрыптап дайындап жауаптарында жазып алады. Сонда ғана тәрбиелік-оқыту мақсаттары жүзеге асады. Ойын түрін сабақ барысында немесе ортасында енгізген жөн. Ойындарды, көбінесе, сабақ соңында қолданған дұрыс, себебі оқушының есте сақтау қабілеттерін қадағалап бекіту керек. Ойын барысында оқушылар бір-бірімен диалогтар арқылы қарым-қатынас жасайды, яғни дұрыс сұрақ қоюды, дұрыс жауап беруді, білмей, немесе түсінбей тұрған жағдайда көмек сұрау-көрсетуді үйренеді. Ойынды жоспарлағанда, мұғалімнің бағдарламасы «тақырыптың» және «оқушылардың біліміне қойылатын негізгі талаптар» бөлімдеріне бағытталады және пәнге қойылған жалпы тапсырмалармен қоса әрбір сабаққа қойылатын тапсырмаларды басшылыққа алады. [4]

    Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарына оқыту оқушылардың күнделікті тәрбиелік жұмысына қосылуы тиісті және оқушылардың барлық өмір кезеңдеріне  енгізілуі маңызды. Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау сабағының барысында оқушылардың  күнделікті өмірінде өзіне-өзі қызмет ету, жеке гигиена, сынып жинау, асханада кезекшілік ететін  дағдылардың  қалыптасуы мен  жаттығуы өтеді. Сонымен қатар балалардың білімдері тек қана интернат қабырғаларында көретінмен ғана шектелмеуі керек.

 

Әдебиеттер

 

1.     Программа по социально- бытовой ориентации (для детей умеренной умственной отсталостью). Составитель: Рсалдина А.К. Ляхова Л.В.

2.     Программа с детьми с тяжелой и глубокой интеллектуальной недостаточностью. Разработно: Сулейменова Р.А, Ильмуратова Г.А.

3.      Социально- бытовоя ориентация и привитие навыков самообслуживания. Составитель: Рсалдина А.К, Ляхова Л.В.

4.      Көмекші мектепке арналған әлеуметтік – тұрмыстық бағдарлау бағдарламасы. Алматы-2004ж.