ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ –
ОҚУШЫЛАРДЫ ЗЕРТТЕУШІЛІКПЕН ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ
ЖОЛЫ РЕТІНДЕ
Жуанышова
А.Т.
Тараз
Мемлекеттік Педагогикалық Институты, Тараз қаласы.
Еліміздің
әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық
бағыттарына сәйкес білім беру жүйесін дамыта отырып,
әлемдік білім кеңістігіне ықпалдастырудағы негізгі
бағдар – адамды қоғамның ең маңызды
құндылығы ретінде танып, оның рухани
жан-дүниесінің дамуына, көзқарастары мен
шығармашылық әлеуетінің, танымдық біліктілігі мен
мәдени құндылықтарының жоғары деңгейде
дамуына, жеке тұлғасының қалыптасуына жағдай
жасау.
Бұл міндеттерді жүзеге асыру еліміздегі
мектептерде оқыту процесінің мазмұндық болмысын
жаңа әдіснамалық тұрғыдан негіздеуді талап етеді.
Мұндай жаңа әдіснамалық жүйе дәстүрлі
оқыту процесін түбегейлі өзгертудің қажеттігін
көрсетіп, оқытудың шығармашылық қызметін
дамытып, білім мазмұнының ұлттық негізде берілуін
жаңа өркениеттік бағдар тұрғысынан жетілдіруді
қарастырады.
Білім
берудің жаңа бағыттарының басты ерекшелігі –
оқытудың нәтижесін алдын-ала болжап, оқушылардың
қызығушылықтары мен ізденімпаздығы негізінде білімі мен
біліктерін жетілдіріп, оны сана «сүзгісінен» терең зерделей отырып,
шығармашылық әлеуетін үнемі дамытуға және
рухани толысуға ұмтылысын қалыптастыруды бағдар
тұтады.
Еліміздің әлемдік
білім кеңістігіне бағдар алуының басты өзегі – 12
жылдық білім беруге көшу мәселесі көкейкесті
тақырыпқа айналуда. Жаңа білім парадигмасы балаға
оқу қызметінің субъектісі ретінде қарап,
шығармашылық қызығушылықтары негізінде білімге
құндылық бағдарын қалыптастыра отырып,
танымдық және рухани қажеттіліктерін
қанағаттандыруды және жан-жақты дамыған,
шығармашыл жеке тұлғасын қалыптастыруды көздейді.
Қазіргі кезеңдегі
білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында жеке
тұлғаның шығармашылық бағыттылығын
қалыптастыру - оқушының оқу-танымдық
іс-әрекеттегі шығармашылық қызығушылығына
тікелей байланысты. Шығармашылық қызығушылық –
тұлғаның ізденімпаздық қабілет сапасын
дамытудың негізгі өзегі болып табылады. Себебі өмірдегі
құндылықтардың барлығы да жаңашылдық
бағыттар арқылы ғана іс-әрекетке тұрақты
шығармашылық қызығушылық нәтижесінде
танылып, болашақта өміршең дамуына мүмкіндік алады.
Сондықтан шығармашылық қызығушылықты жеке
тұлғаның дамуына, оның рухани жетілуінде мәні
терең, мотивациялық, білімділік бағдар құндылығы
ретінде танылуының маңызы зор.
Көтеріліп отырған
мәселенің өзектілігі Қазақстан
Республикасының «Білім туралы» Заңында мемлекеттік саясаттың
басты принциптері ретінде жеке адамның шығармашылық
әлеуетін дамыту, білім берудің дамытушы сипатын арттыру мәселелерінде
басты міндеттер қатарында қойылған [1].
Демек, болашақ
жастарымыздың кәсіби құзырлы, шығармашыл болуын
қамтамасыз ететін оқытудың жаңа парадигмасы
оқытудың субъектін және оқушының әлеуетіне
тікелей әсері мол шығармашылық
қызығушылығын қалыптастырудың теориялық,
дидактикалық тұғырларын айқындау міндеттерін
алдыңғы қатарға шығарады.
Шығармашылық –
бүкіл тіршілік көзі. Адам баласының сөйлей
бастаған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін жеткен
жетістіктері шығармашылықтың нәтижесі.
Шығармашылық ұғымы мәдениеттің барлық
дәуіріндегі ойшылдардың назарында болған. Ежелден-ақ
ойшылдарымызды ерекше толғандырып, өз еңбектерінде
адамның жеке басын, қабілеттерін дамытуды үнемі көтеріп
отырған. Педагогтар шығармашылықты дамытудың жолдары
қарастырған, оқушы шығармашылығына
бағыт-бағдар беруді ең алғаш мазмұнын енгізген
М.Жұмабаев болатын. Психологтар мен ғалымдар Л. С. Выготский. В.В.
Давыдов, Л.В. Занков, В.А. Крутецкий өз республикамыздағы көрнекті
ғалымдар Т.Тәжібаев, С.Е.Қаңтарбаев, И.И Ильясов,
Қ.Б. Жарықбаев, Т.С. Сабыровтың еңбектері жеке
тұлғаны дамыту мәселесінің теориясы және
практиканың алтын қоры деп білеміз [2].
Ж.Аймауытов өз
еңбектерінде «жақсы қойылған сұрау, жақсы
жауап тілейді» дей отырып, балалардың шығармашылық
қабілетін дамытуға байланысты жақсы тапсырмалар мен
жақсы сұраулар қойылса, соған сәйкес бала
қабілеттіліктің жан-жақты, әрі мәнді
көрінуіне әсерін тигізетіндігін дәлелдейді. «Оқыту
адамдардың табиғатына қарай болсын» деп айтылған ойы
бала бойындағы қабілет құрылымы, бағыты,
жүйесіне орай тапсырмалар беру – баланың білімді тез әрі
жеңіл меңгеруіне, қабілеттің айқындылығына
себепші болады [3].
«Кітаптан өмірге емес,
өмірден кітапқа қарай жылжысын» деген ойынан бала мектептегі
оқу бағдарламасынан алған білім жүйесін, өмірде
білімді қолдана алуға, қоғамға пайда келтіретін
жаңа ұсыныстар мен ой қорытындыларын шығара
алуға, жаңа бейне жасауға бейім болу қажет деп
түсінуге болады.
Кез келген ұстаз оқушы
құлшынысын ұдайы дамытып, әрбір өтетін
сабағын жаңаша ұйымдастыра біліп оқытудың
озық әдіс-тәсілдерін қолдана білгенде ғана
бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық
қабілеттері жандандыра түседі. Пән мұғалімдері
бұл айтылған талаптарды іске асыра алуы үшін оның
ізденімпаз болуы шарт. Демек, мұғалім мен оқушының
арасындағы оқыту үрдісінің әрекеттері
арқылы оқушыда қабілет дами түседі.
Бұндай кезеңдерде
өтілетін жаңа сабақтың негізгі үш мақсаты
(білімдік, тәрбиелік, дамытушылық) толық шешімін таба білгенде
ғана іске асырылып отырады. Осы жағдайда мұғалім
оқушылардың сабаққа деген белсенділігін арттырумен
бірге, сабаққа қызығушылығын арттыра білуі керек.
Мұғалім өзінің сабағын
шығармашылықпен ұйымдастырып, өтілетін сабақтарды
оқушыларды шығармашылыққа ұмтылуын тудыратындай
сұрақтар қамтылуы тиіс. Мұғалім өтілген
сабақтың тақырыбына сәйкес алдын-ала жоспарланған
сұрақтармен оқушы ынтасын, зейінін, ой-қиялын дамытуға
септігін тигізетіндей болуы керек. Олай болса, өтілетін сабақтарда
тапсырмалардың жауабын табуда, орындауда, қойылған
сұрақтарға жауабын беруде «Ой-таласын» жасау – танымдық
ойындар ұйымдастыру т.б. ұтымды оқытудың жаңа
технология түрлерімен іске асырылып отырған жағдайда
сабақ тартымды өтілетінің белгілі [4].
Ол үшін ұстаз бойында
мына төмендегідей қасиеттері болуы керек:
- мұғалім
өз шәкіртінің басқаға ұқсайтын
қасиеттерін аша білу;
- мұғалім
ой-өрісі кең, білімді, өз мамандығының шебері
болуы керек;
- мұғалім үздіксіз
өз білімін өз бетінше шыңдай түсуі қажет. Ал
ұстаз шәкірттеріне мына төмендегідей қасиеттерді
күте білуі керек:
- Оқушы
ой-жүйесі өзінің біліміне берік болуы тиіс;
- Оқушыда
сабаққа деген құлшыныс тұрақты
болғаны жөн;
- Оқушы білімі,
талғамы барлық пәнге дұрыс көзқараста
болғаны жөн;
- Оқушы
білімінің тереңдігі пәнаралық байланыста болғаны
тиімді [5].
Қорыта айтқанда,
оқушы бойында шығармашылықты дамытуда үздіксіз
құлшыныс, оқуға, білім алуға деген ұмтылыс
ұдайы өшпей, күннен-күнге дами түсуі қажет.
Сонда ғана оқушы бойында білім нұры тасып,
сыныптан-сыныпқа көшкен сайын оқушының ішкі
дүниесі сыртқы ортамен байланысы дамып, оқушы
дүниетанымы арта түсуі анық.
Оқушылардың
шығармашылығын, ізденімпаздығын қалыптастыруда сыныптан
тыс, жеке, ұжымдық жұмыстар ұйымдастыруда
шығармашылық, пәндік апталықтар мен ғылыми
шығармашылық жобалар, пәндік олимпиадалар, үйірмелер
мен факультативтік сабақтардың маңызы зор. Барлық
жұмыстарда оқушылардың қалауы, таңдауы мен
ұсыныстарын ескеру қажет. Оқушылардың танымдық
ізденімпаздығы мен белсенділігін, шығармашылық
бағыттылығына негізделген жұмыс түрлерін пайдалану –
олардың танымдық қажеттіліктерін қанағаттандыра
алады.Мектепте ұйымдастырылған мұндай іс-шаралар
оқушылардың ізденіс қабілетін ұштап, дербес оң
нәтижеге жетуге ықпал етеді.
Мектептерде
шығармашылық сабақтарды жиі өткізу оң
нәтижеге бастайтыны тәжірибе жүзінде дәлелденіп отыр.
Мұғалімнің кез-келген сабағы шығармашылық
сипатта өткізіліп отырса, оқушы дербестігінің
қалыптасуы жоғары деңгейге көтерілері сөзсіз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Қазақстан
Республикасының «Білім туралы» заңы. //Егемен
Қазақстан, 2007, шілде – Б. 2-4.
2
Садықов Т.С., Әбілқасымова А.Е.
Қазіргі дидактика. Оқу құралы. –Алматы: Ғылым,
2007. -280б.
3
Омарова Р.
Шығармашылық қызығушылықты қалыптастыру технологиясы.
Оқу-әдістемелік құрал. – Ақтөбе, 2007. –
191 б
4
.
Әбілқасымова А.Е.Мұғалімдердің танымдық
ізденімпаздығын қалыптастыру
негіздері. Монография. –Алматы: Ғылым, 2003. –144 б.
5
Омарова Р.
Оқушылардың шығармашылық
қызығушылығын қалыптастыру: теориясы мен практикасы.
Монография. – Ақтөбе, 2008. – 370