Педагогика

Мамриев Ермекбай Сатович

 Арнайы пән оқытушысы, Талғар политехникалық колледжі,

Алматы облысы, Қазақстан Республикасы

Өндірістік оқытуда шебердің кәсіби іскерлікті қалыптастыруы

Адам іс-әрекетінде оқыту ерекше маңызды орын алады. Оның сапасынан адамның табысқа жетуі, өмірдегі, қоғамдағы алатын орны айқындалады. Дұрыс ұйымдастырылған оқу процесі педагог (арнайы пән оқытушысы, өндірістік оқыту шебері) пен білім алушылардың мақсатқа бағытталған өзара әрекеттері көрініс табады.

Кәсіптік колледждеріндегі оқыту процесі теориялық және өндірістік болып екіге бөлінеді. Теориялық оқыту – білім алшыларды мамандықты игеруге қажетті теориялық біліммен қаруландыру. Бұл білімдер жалпы білім беру, техникалық және арнайы техникалық білімдерді құрайды. Өндірістік оқыту – білім алушыларды еңбек процестерін тікелей жүзеге асыруға дайындайды, яғни оларды алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде қолдана білуге, кәсіби білік пен дағдыларды қалыптастыруға үйретеді.

Өндірістік оқыту оқу шеберханасында, оқу полигондарында және өндірісте жүзеге асырылады.

Теория мен практиканың өзара тығыз байланысының негізінде өндірістік оқыту процесі қалыптасады. Өндірістік оқыту – білікті жұмысшылар мен  мамандарды дайындау процесінің маңызды құрамдас бөлігі.

Өндірістік оқытудың мақсаты -  белгілі бір мамандық бойынша білім алушыларды кәсіби шеберлікке баулу. Өндірістік оқыту негізгі үш кезеңге бөлінеді: оқу шеберханаларында өндірістік оқыту, өндіріс жағдайларында өндірістік оқыту (кәсіпорындарда, шаруашылықтарда) және өндірістік практика.

Әр кезеңнің оқу процесінде өзінің алдына қойған мақсаты, алатын орны, ұзақтығы бар (мамандық спецификасына байланысты). Ол өндірістік оқыту бағдарламасымен анықталады. Оқу бағдарламасы сағаты мен мазмұны бойынша міндетті түрде орындалатын өндірістік білім беру мазмұнын анықтайтын мемлекеттік құжат болып табылады.

Өндірістік оқыту өзіне бекітілген өндірістік оқыту шеберінің басшылығымен жүргізіледі.

Өндірістік оқытудың негізі (спецификасы) білім алушылардың өндірістік еңбегі арқылы оқу процесі жүзеге асырылады. Бұл оқу процесінің ерекшелігін – оның мазмұнын, білім алушылардың оқу қызметін, шебердің оқыту қызметін, оқыту әдістерін яғни, оқу процесінің негізгі компоненттерін байланыстырады. Осы компоненттердің біреуі болмаса ұйымдастырылған оқу процесі болуы мүмкін емес.

Өндірістік оқытудың мазмұны – білім алушыларды оқып жатқан мамандығына тән кәсіби дағды мен іскерлікке баулу, мамандыққа сай қызметкерлердің еңбек әрекетінің талдауы негізінде анықталады. Мұндай талдау еңбек процесінің  жоспарлау, дайындау, жүзеге асыру, бақылау және қызмет көрсету секілді   функцияларын ашып көрсетеді.

Өндірістік процесті жоспарлау – бұл тапсырмалармен танысу, материалдарды, технологиялық процестерді, құрал саймандарды, жабдықтарды таңдап алу, жұмыс жоспарын жасау.

Өндірістік процесті дайындау – бұл жұмысқа материалдарды, құрал-саймандарды, жабдықтарды дайындау.

Өндірістік процесті жүзеге асыру – бұл операцияларды орындау, жұмыс істеп тұрған жабдықтарды басқару, аппараттардың, құрылғылардың технологиялық процестерін реттеу.

Өндірістік процесті бақылау – технологиялық процестің жүрісін, жұмыскердің өз іс-әрекетін, жабдықтардың жұмысын, өнімнің сапасын тексеру және оған баға беру.

 Өндірістік процеске қызмет көрсету – бұл  жабдықтарды күту, ақауларын жөндеу, жұмыс орнын ұйымдастыру.

Бұдан, кәсіптік колледждерде білім алушылардың өндірістік оқытудағы негізгі мақсаты – оларды өздерінің мамандықтарына тән өндірістік процесті жоспарлау, дайындау, жүзеге асыру, бақылау және қызмет көрсетуді үйрету.

Жұмыскердің еңбек қызметі еңбек тәсілдерінен, еңбек операцияларынан яғни, олар жұмыскердің барлық іс-әрекетін қамтитын еңбек процесінен тұрады. Қысқасы, өндірістік процестің негізгі мазмұны білім алушыларды өздерінің мамандықтарына тән еңбек әдістері мен тәсілдеріне, операциялар мен іс-әректтерге оқытып, үйрету, машықтандыру.

Өндірістік оқыту процесінде шебердің кәсіби іскерлікті қалыптастыруы мына кезеңдерден өтеді:

Бірінші – бастапқы іскерлік. Бұрыннан келе жатқан білімдері бойынша жұмысты қателіктер жіберу арқылы орындау.

Екінші – епті іс-әрекеттің жеткіліксіздігі.

Үшінші – іскерліктің жеке бөліктері. Іс-әрекеттің әртүрлі түріне қажетті бірқатар жоғары дамыған, бірақ іскерліктің аздығын білдіретін іскерлік (өзінің іс-әрекетін жоспарлап, ұйымдастыра білуі т.с.с.) 

Төртінші – жоғары дамыған іскерлік. Кәсіби білім мен білікті шығармашылықпен қолдану.

Бесінші – шеберлік. Бұл өндірістік оқытудың басты мақсаты. Шеберлік – бұл күрделі жұмыстарды тез, әрі мүлтіксіз орындау. Бұл еңбек сапасының жоғарғы кепілі.

Қорыта айтқанда, өндірістік оқыту шеберінің бойынан кәсіби іскерлік негіздерін қалыптастыруымен қатар, өзінің білім алушыларынан да талап ете алады.

         Әдебиеттер:

1. Қозыбай А., Жексенбиева Н., Өстеміров К. Топ жетекшісі (Өндірістік оқыту шебері). Оқу құралы. «Фолиант» баспасы, Астана-2010.

2. Өстеміров К. Кәсіптік оқыту әдістемесі. «РАДиАЛ» баспасы, Алматы, 2006.