Педагогические науки/3.Методические основы

 воспитательного процесса

 

                 Кабиева А.К., профессор,  Куненова П.С., аға оқытушы

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан Республикасы

Ұлт мерейі, рухани мәдениетіміз – Наурыз

 

Әлқисса, бір күні Нұх алейһиссалам пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына келген сәтте жердің бетін жайлаған топан су кері қайтады. Сол кезде алланың қалауымен жер бетіне табаны тиген барлық тіршілік иелері көктен түскен қасиетті қазаннан дәм татады. Содан бұл күні ұлыстың ұлы күні деп жарияланған. Сірә, жер бетінде қазақ халқы секілді өлең- жырға, аңыз-ертегіге, салт-дәстүрге бай халық жоқ шығар. Бізге жеткен риуяттта Әз Наурыз туралы осындай деректер бар. Қалай десек те, Әз Наурыздың мұсылман мемлекеттерімен қатар, қазақ халқы үшін де маңызы зор. Табиғатынан сөз артылмаған қазақ оны «Әз болмай, мәз болмайды» деп те нақтылай түскен. Айдың аппақ сәулесі тас біткенде тайғанайтын, табиғаттың қоңыр самалы даламызды аймалайтын мезгілдің адамзат үшін де, бүкіл табиғат үшін де орны ерек. Көктем күні көкек сайрап, жер –дүние жайнап, көңілді бір ғажап әсерге бөлейтіні бар. Таң бозынан әндеткен бозторғайдың шырылы, сұлулардың тарқатылған бұрымы барлығы да дүниені қайта жасартып, табиғатты қайта дүниеге келтіргендей әсер қалдырады. Халқымыздың өзімен бірге жасап келе жатқан айтулы күнді атап өтуіміз – салт-дәстүрімізді қадірлегеніміз, өзімізге өзіміз құрмет көрсеткеніміз. Екіншіден, наурыз мейрамы аясында ұлтымыздың рухын көтеріп, мәдениетін, ғұрпын, дәстүрін жарқырата көрсетуіміз – бүгінге мерей, ертеңгіге тағылым. Үшіншіден, наурыз мейрамы – Жаратушы иеміз адам баласы өсіп- өнуі үшін жаратқан табиғат ананың төл мерекесі. Әлемде ең алғаш Шығыс данышпандары аса бір дәлдікпен айқындаған күн мен түн, жарық пен қараңғы теңелген күн.  Данышпан бабаларымыз, абыз аталарымыз сондықтан да оны «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Ендеше, Наурыз мерекесін өткізудің концепциясы анықталғаны дұрыс. Мәселен, Жаңа жыл мейрамына дайындықты жарты ай бұрын бастаймыз. Ескі жылдан қалған сарқытты ішіп, жаңа жылға жаңа тебінмен жетер бабалар мұрасы турасында баспасөз беттерінде жете айтылып, теледидардан қызықты әрі мазмұнды телеөнімдер көрсетілсе, құба құп болар еді. Ұлылығымыз бен ұлттық дәстүрімізді ұмытпау мынау бүгінгі емес ертеңгі келер ұрпаққа да аманаттайтын ұлы ұғым.

Енді заман талабына сай Наурыздың пішімін түбегейлі өзгертетін уақыт болды. Наурыздың айрықша тәлім – тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте сирек. Сондықтан, Наурыз мейрамына жаңа пішім беру үшін, адамның ұлтына, діни бағыныстылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек.

Ел арасында «наурыз мерекесі» бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне жеткізу көзделіп отыр. Мерекеде бақылаушылар болмайды, бәрі де қатысушы болғаны абзал.

Наурыз өте көнеден келе жатқан мейрам. Қыс пен жаздың халық санасындағы осы көрінісі кейбір ғалымдардың наурыз мейрамының шығу тегін дуалсистік теориядан іздеп, Жақсылықтың пен жамандықтың, Қыс пен Жаздың, Суық пен Жылының, Қайырымдылық пен Қатыгездіктің күресінен туған деген ой қорытындылуына себеп болды.

 Бұл мейрамды ежелгі гректер «патрих», бирамлықтар «Су мейрамы», тәжіктер «Гүл гардон», «Бәйшешек», «Гүлнаурыз», хорезмдіктер «Наусарджи», татарлар «Нардуган», буряттар «Сагаан сара», армяндар «Наварди» деп түрліше атаған. Шығыс халықтарының наурызды қалай тойлайтындығы жайындағы көне деректер бізге Әбу Райхан Бируни, Ибн балхи, Омар Хаям еңбектері арқылы жетіп отыр. Мәселен, иран тілдес халықтар наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндері әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды, жаңа өңген жеті дәнге қарап, келешек егін жайлы болжайды, жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже –«сумалак» ұсынады, ағаш соқамен бір борозда жыртады, ат шаптырып, жамбы атысып жарысады, көнетоз киімдерін тастап, үйдегі ескі шыны-аяқты сындырады, бір-біріне гүл ұсынып, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою- «күн символын» салады, үйдің тіреу ағашына гүл іледі.

Бір халыққа тиесілі ұлттық мереке ғана емес, жалпыхалықтық интернационалдық мейрам - Наурыздың қайта тіріліп, жаңғырып, халқымен қауышуына бүгінгі қайта құру уақыты, демократия мен жариялылылық салтанаты ғана мүмкіндік алып берді.

Жүгірді ме, көрдің бе?..деп қойнында көжегі, қолында нәуірезегі (бәйшешек) бар балаларына сұрай қойған. Қазақ елі Наурызды қалай қарсы алған? Қызыр түні Жаңа жыл табалдырық аттап, үйге енгенде, «Жалғыз шала сәуле болмас» деп төрге қос шырақ жағылып қойылады». «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру – сырқаудан, пәле –жаладан аман болады» деген сеніммен Наурызға шейін үй ішіндегі жиһаз –мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады. «Береке басынан басталады» демекші «жыл басы жақсы басталса, аяғы да жақсы болады». «Жыл бойы ақ мол, дән тасқын-тасқын, жауын- шашын көп болсын» деп Қызыр түні ыдысқа (бидай, арпа, сұлы, тары, жүгері т.б), ыдыс атаулыны аққа ( сүт, айран,  шұбат, шалап, уызт.б) және кәусар бұлақ суына толтырады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. «Армысың әз-Наурыз!» О.Асанқызы. Сценарийлер жинағы.Астана-2010

2. «Ит дүние. Нұх, Наурыз тарихы», Мәшһүр Жүсіп, Алматы, 2008 ж

3.«Ұлыс күн кітабы», Өмірзақов Тоқтасын Міштайұлы, 2001 ж

4.«Наурыз – Ұлыстың ұлы мейрамы», Айып Мадияр Төлегенұлы, 2004 ж