ЖАЗЫЛЫМ ӘРЕКЕТІН МЕҢГЕРТУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Жекеева А.Е.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
БОПӘ мамандығы II курс магистранты
Қазақстан Республикасының 2010-2015
жылға дейінгі білім беруді дамытудың мемлекеттік
бағдарламасында бастауыш сынып оқушыларын оқытуға ерекше мән берілген. Онда бастауыш
мектепте қажетті біліктер мен дағдыларды игеруге, оқу, жазу, санау, шығармашылықпен ойлау
қабілеттерін дамытатындай оқу әрекетін ұйымдастыру
атап көрсетілген және тұлға болып қалыптасуына
мүмкіндігін ашу білігін қалыптастыру көзделген.
Жаңартылған білім мазмұны аясында
қарастырылатын оқылым, жазылым, тыңдалым, сөйлесім
дағдыларын қалыптастырудың басты көзі – жазылым
әрекеті деп санаймыз. Себебі жазуды меңгерген бала оқуды да
игереді.
Қазақ тілін меңгерту үшін, ана
тілінде дұрыс сөйлеу, дұрыс жазуды жүзеге асыру
үшін ең алдымен қазақ тілінің іргетасы болып
табылатын дыбыстық жүйені оқытудың зерттелуіне
көңіл бөлген дұрыс. Себебі А.Байтұрсынұлының
пікірінше, «Дыбыстарды тізіп үйренсе, хәріптерді тізу қиын
болмайды. Сөздің ішінде қанша һәм қандай
дыбыстар бар екенін айыруды білсе, хәріптерін қою қиын болмайды»[1,330].
«Жазылым»
термині «жазу» (жазудың
түрлері, әріптің жеке өзі т.б.) деген мағынаны
емес «жаза білу», «ойыңды басқа біреуге түсінікті болу
үшін, қағаз бетінде сауатты жеткізе білу» дегенді білдіреді.
[2,108].
Жазылым –
әріптерді таңбалауда қиында күрделі жұмыс.
Жазылым әрекеті бастауыш сынып оқушысы, әсіресе, мектеп
табалдырығын жаңа
аттаған оқушы үшін – ұзақ уақытты
қажет ететіндіктен бірте-бірте қалыптасатын күрделі үдеріс.
Оқушылар дыбыстарды айтуға дағдыланумен бірге олардың
қалай таңбаланатынымен танысып, әріптерді білу арқылы
жазуды меңгереді. Жазылым
әрекеті қамтитын мазмұнды мына суреттен көруге болады:
Бастауыш
сынып оқушыларына әріптерді жазыпүйрету қиын
болғандықтан жазуды үйренудегі мынадай дағдыларды білуі
керек. Олар:
әуелі әріптерді, содан соң сөздер
мен сөйлемдерді жаза білу дағдысы;
сөз және сөйлемдердегі
орфографиялық қателерді түзете білу дағдысы;
әр түрлі жаттығуларды орындай білу
дағдысы.
Бұл
дағдыларды қалыптастыру үшін мынадай негізгі факторлар талап
етіледі:
·
сөзді тыңдай білу;
·
сөзді айта білу;
·
көру факторы;
·
қолдың саусақтарын дұрыс
пайдалану.
Жазылым
әрекетінде оқушының көру, есту мүшелері (көз, құлақ), мен сөйлеу
мүшелері (тіл) қатысады. Әріптерді жазғанда
мұғалім өзінің әр қимылын түсіндіруі
керек, алдымен мұғалім әріптерді ауада, содан кейін тақтада жазып көрсетуі тиіс. Оқытушы
әріптерді дәптерлерінде
жазуды талап етеді, ал өзі әр балаға жақындап
жазуға көмектеседі. Жазылым әрекетін дамыту үшін бала
үйде де әріптерді жазуға жаттығады.
Баланың мектеп оқып, білім алуы
кезеңінде жазуға үйретіп, жазу дағдыларын
қалыптастыру – оның өміріндегі ең күрделі
үдерістердің бірі. Өйткені бала мектептегі оқуға
алғаш рет кіріскеннен бастап, оны бітіріп шыққанша оқып
білім алумен қатар, жазбаша түрде ойлауға және сол ойын
жазбаша жеткізуге төселеді. Бұл дағды үнемі
үздіксіз жүйелі жүргізіліп отыратын жазба
жұмыстарының түрлері арқылы іске асырылады. Ендеше
мектеп табалдырығын жаңа аттаған балалардың сауатын
ашуда, жазуға үйретуде жазу сабағын
ұйымдастырудың маңызы зор[3, 51].
Жазылым – ұзақ уақытты қажет
ететін, бірте-бірте қалыптасатын күрделі процесс. Ол
оқушыларға графикалық таңбаларды үйретуден бастап
өз ойын мағыналық және логикалық брлікте
құрастырып, қағаз бетіне түсіруге яғни
жазбаша жеткізуге дағдыланғанға дейінгі ұзақ
уақытты қамтиды. Сондықтан жазылымның оқушы
үшін психологиялық, әдістемелік және физиологиялық ерекшелігін басты
назарда ұстаған абзал.
Жазылымның
психологиялық ерекшелігі– бір
оқушылар жазуды тез әрі дұрыс меңгеріп кетсе, енді бір
оқушылар аса зор қиындықпен үйренеді. Жазбаша
тапсырмаларды дұрыс пайымдап, логикалық жағынан меңгеру
және графикалық, орфографикалық дағдылар мен шеберлікті
ұштау үшін арнайы жұмыс түрлері жүргізіледі.
Мысалы: әріптерді пайдалану арқылы бірнеше сөздер
шығару, сөздерден сөйлем құрастырып жазу,
мәтіндегі сөздердің қатесін тауып түзетіп жазу т.б. Фонетиканы қатысымдық
тұрғыда оқыту үшін мұндай жұмыстарды
сөйлеу әрекетіне байланыстырып берген жөн. Мұғалім
әуелі әр баланың жеке психикалық ерекшеліктеріне көңіл
аударып, әр оқушының жазу дағдыларын меңгеру
қабылетінің деңгейі қандай дәрежеде екенін алдын
ала біліп алғаны дұрыс. Сонымен қатар жазу барысында мұғалім
дұрыс отыру, қаламды дұрыс ұстау, дәптерді
дұрыс қою сияқты ережелердің орындалуын
қадағалап отыруы қажет.
Жазылымның физиологиялық ерекшелігі – жазу
кезінде дене мүшелерінің қимыл-қозғалысын дұрыс игеруді үйрету.
Қолдың саусақтың іс-әрекеті, көз бен
бастың қозғалысы, отырыстың пішіні т.б. – барлық
адамның физиологиялық түр-тұрпатының алатын орны
мен маңызы, қызметін ескеруді қажет етеді[3,112]. Жазылым әрекеті барысында оқушылар
орындауға тиіс ережелерді мұғалім оқушыларға
жазуға кіріспестен бұрын көрсетіп үйретеді. Мысалы: екі
аяқ тік бұрыш қалыпта бүгіліп немесе
жазылыңқырап еденге тіреліп арқаң тік тұрсын;
жазғанда көкіректі партаға тақап тіремей,
партаның шетінен 3 см алшақ ұстап, түзу отыру керек.
Оқушыларға «партада түзу отыр», «Қаламды дұрыс
ұста» деген плакаттар сыныпта және дәптердің
алғашқы бетінде болуы қажет. Себебі мұғалім
алдымен осы суреттер арқылы оқушыларға ережені
түсіндіреді және сурет арқылы түсіндірсе оқушы
тез жаттығады. Мұны төменде 2-суретте көрсеттік:
Бастауыш
сынып оқушылары жазылым әрекетінде дыбыс таңбаларын
дұрыс қолданып, көркем әрі сауатты жазумен біргежылдам
әрі есте сақтап жазуға да үйренуі тиіс.
Қорыта айтқанда, бастауыш сынып оқушыларының
жазылым әрекеті неғұрлым сапалы әрі тез қалыптасса
соғұрлым каллиграфиялық талапқа сай және сауатты
жазуды саналы меңгереді.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Байтұрсынов
А. Тіл тағылымы. Алматы, 1992
2.
Оразбаева
Ф.Ш. Тілдік қатынас негіздері. Алматы, 2005
3.
Сәдуақас
Г.Т. Сауат ашу кезеңіндегі жазуға үйретудің
ерекшеліктері. Білім берудегі менеджмент. №1, 2012.