Дүниетану
сабағындағы түсініктер мен ұғымдар
Арынова Г.Ғ
Абай атындағы ҚазҰПУ, аға оқытушы
Мұғалімнен бақылауға тапсырма
алғаннан кейін балалар оны жүзеге асырады. Нәтижесінде
олардың санасында обьектінің немесе табиғат
құбылысының сыртқы түрі туралы алғашқы
түсінік туады. Түсінік балалардың санасында көрнекі
бейнелер қарапайым қабылдауға қарағанда біршама
жалпы түрде болады.
Мұғалім түсінікті тереңдету,
кеңіту үшін оқушылардың алдына заттың немесе
құбылыстың негізгі қасиеттерін анықтайтын
сұрақтар қояды. Неліктен шырша мен қарағай
қылқанын тастамайды? (Өйткені қылқан арқылы
су аз буланады). Ақыр соңында оқушылар жапырақ
күзде түседі деген қорытынды жасайды. Демек жапырақты ағаштардың
қысқы суықтарға дайындығы.
3-сыныпта балалар топсеруен арқылы ең алдымен
төбе туралы нақтылы түсінік алады, жер бетіне бұл
формасының негізгі қасиеттерін анықтайды, оның етегімен
тік және жатық беткейлерімен, ұшар басымен танысады. Онан
кейін үшінші сынып оқушылары
сыныпта мұғалімнің нұсқауымен картиналардан
төбелердің әлде неше түрлерін көреді, олардан
табиғатты бақылаған бөліктерін табады,
оқулықтағы мақаланы оқиды, соның
нәтижесінде олардың жалпы төбе туралы және оның белгілері туралы түсінік
қалыптасады.
Сонымен, мұғалім балаларды заттардың
немесе құбылыстардың, белгілері мен қасиеттерін
ажыратуға, сонан кейін түсініктерін кеңейту үшін
бірнеше заттың немесе құбылыстың белгілері мен
қасиеттерін салыстырып, олардың ең маңызды
ерекшеліктерін анықтауға үйретуі керек.
Өз кезінде К.Д.Ушинский «салыстыру кез келген
ұғымның және кез келген ойлаудың негізі болып
табылады» деген болатын. Мысалы, оқушылар қылқан
жапырақты және жапырақты ағаштарды салыстырғанда
бірінші кезекте жалпы белгілерін: тамыры, діңі, бұтақтары,
жапырақтары бар екенін атап өтулері керек. Олар содан кейін, осы
жалпы белгілерін салыстыра отырып, негізгі айырмасы жапырақтарында
екендігі қылқан жапырақты ағаштардың
жапырақтары қылқан түрінде болатындығы жайлы
қорытындыға келеді.
Түсініктерді қалыптастырудағы
маңызды қадам- балалардың заттың не маңызды
белгілерін айыра білуі болып табылады. Мәселен, олар барлық
жапырақты, ал қылқан жапырақтылардың
қылқаны болатындығын ерекше атап айтулары керек. Барлық
төбелердің басы, етегі, беткейлері болады, бірақ әрбір
төбенің биіктігі және формасы жөнінен
айырмашылығы болады.
Балаға заттың мәнсіз белгілерінің
немесе қасиеттерінің өзгеруі осы заттың белгілі бір
ұғымға тиістілігіне әсер етпейтіндігін түсіндіру
керек. Мысалы, жапырақты ағаш
биік немесе аласа, жуан немесе жіңішке,
ұшар басы үлкен немесе шағын болуы мүмкін, бірақ
бәрі бір ол қылқан жапырақты ағаш емес,
жапырақты ағаш болып қалады.
Онан әрі мұғалім балаларға заттарды
олардың маңызды белгілерін қарап ажыратуды үйретуі
керек. Мәселен, мұғалім заттың бір немесе бірнеше
маңызды белгілерін атай отырып, оқушыларға заттың
өзін атауды ұсынады: онша биік емес өсімдік, бірнеше
жіңішке діндері бар, бұтақтарында қылқан немесе
кәдімгі жапырақтар болуы мүмкін. (Бұта). Мұғалім
мынадай сұраққа жауап беруді ұсынады. Бұл жер
бетінің қандай формасы? Онда көкжиек түзу сызық
болып көрінеді, байқарлықтай көтеріңкі не
ойыңқы жері жоқ. (Жазық). Сонымен заттың
маңызды белгілері оқушыларға заттың өзін
дұрыс анықтауға көмектесті.
Маңызды белгілер мен қасиеттерді
анықтауға байланысты жүйелі жұмыс жүргізу
балалардың жеке табиғат обьектілері туралы саналы
түсініктерінің қалыптасуына әкеп соғады.
Түсініктердің болуы адамға заттардың өздері
болмағанда олардың бейнелерін пайдаланып сөйлеуге
мүмкіндік береді. Балалар
көз алдарында болмаса да сыныпта төбелер туралы
әңгімелейді, төбенің схемасын сызады немесе
үйдегі, табиғаттағы, тіршілік бұрышындағы
бақылауларына сүйене отырып, алдарында не өзі не бейнесі
болмаса да, қандай да бір жануарлар туралы айтып береді. Сонымен
балалардың психикалық іс-әрекетінде заттардың бейнесі
болып табылатын көру, есту, қозғалыс , сезім, иіс, дәм
және басқа да түсініктері өте маңызды орын алады.
Жұмыстың келесі кезеңі-балаларда
белгілі бір ұғымдардың қалыптасуы.
Оқушылардың айқын және дәл
түсініктерінің болуы бұл ұғымдарды
қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ұғымның
белгілі бір мазмұны мен көлемі болады. Ұғымның
мазмұнына заттың немесе табиғат құбылысының
оны басқалардан ажырататын маңызды белгілері кіреді.
Біз дүниетануда ұғымның екі
түрімен-географиялық және биологиялық түрімен
кездесеміз.
Географиялық жеке және жалпы
ұғымдар: биологиялық ұғымдарға түр
және туыс ұғымдары жатады.
Жеке географиялық ұғымдар - Волга, Москва, Кавказ сияқтылар.
Жалпы географиялық ұғымдар -
өзен, қала, тау.
Биологиялық түр ұғымдары-қоян,
шырша, көктікен. Биологиялық туыс ұғымдары-жануар,
қылқан жапырақты өсімдік, гүлді өсімдік.
Туыс (биологиялық) немесе жалпылама
(географиялық) ұғымдарының барлық маңызды
белгілері әрбір жеке обьектіге, яғни жеке немесе түр
ұғымына да қатысты. Бастауыш сыныптың дүниетану
бағдарламасы балалардың негізінен биологиялық
ұғымдарды түсініп игеруіне талап етеді.
Сонымен, сезім мен қабылдаудан түсінікке, ал
одан әрі ұғымға дейінгі жол оқуышлардың
санасында болмысты оның маңызды, заңды байланыстарымен
және қатынастарымен қоса толық бейнелеуге баратын жол
болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. С.М. Сихимбаева Дүниетануды оқыту теориясы
мен технологиясы. Шымкент 2008
2.Қ.Аймағамбетова «Дүниетану негіздері»
және дүниетануды оқыту теориясы мен технологиясы. Алматы 2006
3. С.С.Қожагелдиева Бастауыш сыныптарда
дүниетануды оқыту әдістемесі. Түркістан 2008