Педагогика

Бекбаева Зейнеп Нүсіпқызы

Абай атындағы ҚазҰПУ,  Алматы, Қазақстан

 

ТҰЛҒАНЫҢ ДАМУЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТЕНУДІҢ РӨЛІ

 

Қазіргі уақытта заманауи ақпараттық қоғам адамға жоғары дамыған тұлға ретінде жоғары талаптар қоюда. Бұл талаптарды жүзеге асыру білім беру арқылы, қоғам өміріндегі шығармашылық бастамасының мәнінің артуы мен адамдық қатынастарда адамгершілік принциптерінің орнауы арқылы жүреді. Ғылыми әдебиетте заманауи қоғамдық ойдың негізгі түсінігі болатын және философия, әлеуметтану, психология мен педагогикада кеңінен қолданылатын әлеуметтенудің бір де бір анықтамасы кездеспейді.

Адамның тумасынан субъект ретінде дамуы үш өзара байланыста болатын құрамдастан тұрады: әлеуметтену, индивидуализация және персонализация. Біріншісі, олардың ішіндегі ең жалпыланған және ең негізгісі. Әлеуметтену қоғамда адамның өмір сүруге қабілетті етіп, оның мүшесі болуға мүмкіндік беру үшін тіл, білім меңгеру, мәдениет нормалары мен құндылықтарын тану, дүниетанымын қалыптастыруға септігін тигізеді. Әлеуметтену үрдісінде адамды дараландыру, осы адамды басқалардан ерекше ететін қасиеттерін қалыптастыру орындалады. Индивидуализация деңгейі әлеуметтену сипатына қарай түрлі болады. Барлық үрдістің жалпы құрамдасы персонализация, яғни, тұлға болу болып табылады. В.Ж.Келле айтқандай, «тірі адам ағзасы тек әлеуметтену жолын өткергеннен кейін ғана қоғамның бөлігі, адам бола бастайды» [1].

 Әлеуметтануда «әлеуметтену» термині өмір бойы (сәби кезден қартайғанда дейінгі) жалғасатын мәдени нормалар мен әлеуметтік рөлдерді меңгеруді білдіреді (А.И.Кравченко). Осылайша, психологияда әлеуметтену үрдісі нақты тұлға болып қалыптасуы үшін адамның әлеуметтік тәжірибені игеруін айтады, және де бұл үрдіс «индивидтердің тікелей қатынас орнатуына байланысты емес» екені айтылады (И.С.Кон) [2].

Әлеуметтік-психологиялық теория саласындағы зерттеуші Б.Д.Парыгин келесідей анықтама береді: «Әлеуметтену деп биологиялық алғышарттарды, әлеуметтік ортаға индивидтің енуі және әлеуметтік тану, әлеуметтік қатынас орнату, заттардың құралдық әлемі мен әлеуметтік рөлдер, функциялар, нормалар, құқықтар мен міндеттемелерді қоса алғандағы тәжірибелік қызмет дағдыларын меңгеру, қоршаған ортаның белсенді өзгеріп отыруы (табиғи және әлеуметтік), адамның өзінің сапалық түрленуі мен өзгеруі, оның жан-жақты және гармоникалық дамуын болжайтын адамның адам болуының барлық үрдістері» [3].

Зерттеуші Г.Н.Андреева әлеуметтенуді екі жағынан қарастырады, және осы үрдіс «бір жағынан индивидтің әлеуметтік ортаға ену арқылы әлеуметтік тәжірибе, әлеуметтік байланыс жүйесін жинауынан; екінші жағынан (зертеулерде көп айтылмайды), әлеуметтік ортаға белсенді енуі, белсенді қызмет жасауы арқылы индивидтің әлеуметтік байланыс жүйесін белсенді іске асыруынан» тұратындығын айтады [3].

Әлеуметтік педагогикада «әлеуметтену» түсінігінің бірнеше анықтамасы бар. Зерттеуші Н.П.Голованова әлеуметтенуді «Тұлға болуды қарастыратын үрдістер ішінде ең  ауқымдысы. Бұл баланың тікелей, өз бетімен, кейде аяқ асты өмірлік тәжірибе жинауы, әлеуметтік қасиеттерге ие болуы» [4].

Тұлғаны әлеуметтану үлкен әлеуметтік топтың өкілі, осы топқа сай нормалар, дәстүрлер, құндылықтар, қызығушылықтар мен қарым-қатынастарды игеруші ретінде қарастырады. «Тұлға» сөзі тек адамға ғана қатысты қолданылады, және де тек оның дамуының белгілі бір кезенінен бастап қана. «Жаңа дүниеге келген сәбидің тұлғасы» деп, тіпті «екі жастағы баланың тұлғасы» деп ешкім айтпайды. Тұлға – әлеуметтік дамудың салыстырмалы кейінгі өнімі. Тұлғадан ең алдымен дербестік, жауапкершілікті өз мойнына ала білу, яғни өз ісіне жауап беру талап етіледі. Дербестік ықылас, жауапкершілік, іскерлік, өз мінезін қатал бақылау және оны ортақ өмірлік стратегияға бағындыра білу арқылы танылады және қоғам мен әлеуметтік орта тұлғаға екі жақты әсер ете алады. Әлеуметтену үрдісінде зерттеушілер бірнеше балалық шақ, жастық шақ, есею кезеңі және кәрілік секілді өмірлік циклдерді көреді.

Нәтижеге қол жеткізу деңгейі немесе әлеуметтену үрдісінің аяқталу кезеңі бойынша балалық шақ пен жастық шақты қамтитын ерте немесе бастапқы әлеуметтену, өзге екі периодты қамтитын есею немесе жалғасы болып табылатын әлеуметтену деп бөлуге болады. Орта және кейінгі балалық шақта тік жүру мен тілді меңгеру, ерте балалық шақта (2-5 жаста) ойлау мен сананың дамуы, кейін күрделі қызмет дағдыларын (сурет салу, тану, еңбек), соңында мектепте білім алу – бір үрдістің, нақтырақ айтсақ, «мен» болу үрдісінің сатылары. Әлеуметтенудің бұл сатысында бала рұқсат етілген әрекеттерді жасап көреді, тек әлеуметтік тиімді әрекеттерді ғана емес, сондай-ақ өзінің «менінің» өзгелер үшін әлеуметтік құндылық аймағын анықтайды.

Әлеуметтенудің әрбір сатысы әр жастағы балалар дамуының сай көрсеткіштерге ие. Әлеуметтену үрдісі – екі жақты, тек баланың қоғамда өмір сүру қажеттілігінен ғана емес, қоғамның да баланы қабылдауға және түсінуге дайындығынан құралады. Бұл үрдісте маңызды рөлді мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері мен мектеп атқарады.

Ресейлік зерттеуші И.А.Коробейников айтқандай, «мектеп арнайы білім беру мен интеллектуалды дамуға ынталандырушы дағдыларды үйретумен қатар, мақсатты тәрбие берушілік әсер ету мен реттемелеу жүйелері арқылы жүзеге асатын қоғамның әлеуметтік ұстанымдары (этикалық, әдет-ғұрыптық, идеологиялық және т.б.) өзгеріп тұратын әлеуметтенудің ерекше институты болып табылады» [6]. Автордың пікірінше, осы бағытта балаға қойылатын талаптар әлеуметтенудің бұрынғы сатыларына қарағанда күрделілігімен, қатаңдығымен, тұрақтылығымен ерекшеленеді. Сондықтан баланы мектепке дайындау үрдісі, әсіресе мектепте білім алуға, оқушының жаңа әлеуметтік рөлін игеруге әлеуметтік дайындығының қалыптасуы оның ары қарайғы әлеуметтенуінде маңызды болып табылады.

Көптеген отандық және шетел психологтары әлеуметтену үрдісін жан-жақты: әрі биологиялық әрі әлеуметтік факторлар тарапынан қарастырады (Г. Юнг, Э. Эриксон, В.М. Бехтерев и др.). В.М. Бехтерев әлеуметтік психология мәселеріне арналған өз зерттеулерінде мынадай қорытынды жасаған: «тұлға бастапқыда әрі биологиялық, әрі әлеуметтік факторлар әсері  арқылы дамиды, кейіннен әлеуметтік факторлар басымдылықта болды, сондықтан тұлға биоәлеуметтік қалыптасу үрдісі ретінде танылуы тиіс».

Психолог А.Н.Аутаеваның пікірінше, «Тіл-адамды тұлға ретінде қалыптастырушы, ары қарай дамытып, әрдайым жетілдіруші процесс. Есту қабілеті зақымдалған арнайы мектеп оқытушыларының негізгі міндеттерінің бірі – мүмкіндігі шектеулі оқушыларды ауызша сөйлеуге үйрету және машықтандыру, сондықтан тіл дамыту жұмысы арнайы мектепте үздіксіз және мақсатты түрде жүргізіледі.

Психологиялық-педагогикалық зерттеулерде көрсетілгендей, баланың психикалық  сөйлеу тілі жағдайына байланысты болады» [7]. Отандық және шетел социологтары, психологтары және педагогтері әлеуметтену адам тұлғасы шамамен 70℅-ға қалыптасатын балалық шақтан бастады деген ойға тоқталды.

Балалық шақта әлеуметенудің іргетасы қаланады, және бұл оның ең қорғалмаған кезеңі. Бұл үрдіс басталғандағы кідіріс баланың қоғамға бейімделуінде қиындықтарға әкелуі мүмкін.

Отандық зерттеушілер әлеуметтенуді қандай да бір қоғамда өмір сүретін адамдардың мәдени нормаларды, әлеуметтік рөлдерді игеруі арқылы анықтап, қоғам біртекті емес, ол бір-бірінен әлеуметтік маңызды критерийлер: жыныс, жас, ұлт, өкіл, мамандық, тұрғылықты жері, кіріс, билік, білім және т.б. арқылы ажыратылатын түрлі топтардың жиынтықтығы ретінде түсіндіреді.

Әр топ өз заңына сай өмір сүреді, әр топта нормалар, ережелер, әдет-ғұрыптар пайда болады, яғни әлеуметтік өмір негіздері қалыптасады. Адам, оның ішінде бала, оны қоршаған қоғамның мәдениетіне үйренеді. Әрбір топ индивиді қоғаммен байланыстырады және ортақ әлеуметтік заңдарға сай өмір сүреді. Әлеуметтену үрдісі қоғамның индивидке әсер етуі, сонымен қатар қоғам қажеттіліктерін қанағаттандыратын білім беру жүйесіне тән білім беру және тәрбие беру үрдісінің мақсатты әсері  арқылы барлық өмір бойы жалғасады.

 

Қолданылған әдебиеттер

1. Стребелева Е.А., и др.; Специальная дошкольная педагогика: Учебное пособие Под ред. Е.А. Стребелевой.-М.: Академия, 2001

2.Кравченко А.И. Основы социологии: Учебное пособие для студентов средних специальных учебных заведений. М.; Изд. центр «Академия», 1997

3. Петшак В. Особенности понимания глухими школьниками эмоциональ-ных  состояний человека: Дисс. канд. псих. наук. М., 1981

4.Головчиц Л.А. Дошкольная сурдопедагогика: Воспитание и обучение дошкольников с нарушениями слуха: Учеб. пособий. М.: ВЛАДОС, 2001

5.Новикова JI.A. Нейрофизиологические механизмы нарушения зрения и слуха в детском возрасте// Дефектология.- 1988

6.Кукушкина О.И. Информационные технологии в специальном образовании.- М.: Изд-во УРАО, 2003

7. Аутаева А.Н.Ауызша сөйлеу тілін қалыптастыру әдістемесі.-Оқу құралы, Алматы, 2015