ӘУЕЗ БЕЙСЕБАЕВ  ӨМІРІ МЕН  ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

 

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан Республикасы, Қарағанды қ.

филология ғылымдарының кандидаты, доцент Акатаева Ш.Б.,

Мақсатқызы Назерке ГМУ-11к тобы студенті.

 

 Сыншы, әдебиетші ғалым Әуез Бейсебаев өмірден ерте кеткен дарындардың бірі.

Елу жасқа толмай, қырықтың жетеуінде дүние салған Әуез Бейсебаев қазақ әдебиеттануына, оның ғылыми-зерттеушілік, сыншылдық-эстетикалық арнасына сүбелі үлес қоса білді.

Көзі тірісінде бірде бір ғылыми жинақ шығармаса да 1970 жылдар соңы мен өмірден өткен 2000 жылға дейін жазған ғылыми, сын мақалалары оның зерттеушілік, сыншылдық талантын анық танытқан болатын.

Әуез Бейсебаев Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң алғашқы шығармашылық жолын журналистикадан бастаған болатын. “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”) сынды бағыты мен талабы бөлек газеттің мектебінен өтуі, шыңдалуы, кәсіби шеберлігін ұштағаны хақ. Бұл жас дарынның қаламы төселуі мен шығармашылық толысуындағы алғашқы саты іспеттес болды.

Ал 1982-1986 жылдар аралығында ”Қазақ әдебиеті” газетінің сын бөлімінде қызмет атқарды.

Сыншы дарынын, сын табиғатын байыптағанымызда әдеби сын ең қиын, ең даулы әрі жауапкершілігі мейлінше күрделі екенін анық аңғарамыз.

Академик С. Қирабаев: “Әдебиеттің басқа жанрларына қарағанда, сынның қанша дегенмен өзіндік қиындығы бар. Проза мен поэзия сияқты автор қажет санаған нәрсені тәптіштеп айту, сыршылдыққа берілу, сезім күйін суреттеп кету “еркіндігі” онда бола бермейді. Сын ең алдымен ойға құрылады. Онда сыншының көркемдік талғамы мен ой-пікірлері, философиялық талғамдары түйіседі. Сынның философияға, эстетикаға, өнерге жақындығы да осыдан. Шын сыншының таланты сирек кездесетін талап деген ұғым да тегін тумаған” [1]  деп жазады.

Сондықтан да сыншы дарыны сирек дарын десек, оған жүктелер жауапкершілік те ауыр. Сол жауапкершілік биігінен шыға білу, сыншы атына кір жұқтырмау да оңай міндет емес.

“Әдебиетке келушілердің азын-аулақ рецензия жазудан бастап, әрі қарай сынға тұрақтамай кетуі де сыншы кадрлардың сирек шығатыны да сынға қойылатын талаптың осындай биіктігі мен ауырлығынан болу керек. Осы тұрғыдан сыншы еңбегі үнемі қадірлеуді, оған белгілі дәрежеде ілтипатпен қарауды қажет етеді”[2].

  Ал Әуез Бейсебаевтың “Өмірдің ғашық болып көктеміне” атты кітабына жазған алғы сөзінде белгілі сыншы С. Жұмабеков Әуез Бейсебаевтың “Қазақ әдебиеті” газетінің сын бөлімінде еңбек етуі туралы былай деп жазады: “Әуездің - Әуез Бейсебаевтың әдеби-көркем сынға келуіне, әдеби шығармашылық процеске араласуына кең мүмкіндік тудырғанын атап айтуға тиіспіз. Осы кезеңдегі әр алуан рецензиялары, ой-пікірлері, полемикаға құрылған, өткір сынға күш салған, көркемдік шеберлік мәселелерін көтерген мақалалары Әуез Бейсебаевтың сыншылдық дарыны мен қабілетіне берік кепілдік бере алады”.3

  Әуез Бейсебаев туралы айтқанымызда оның журналистік қарымы сынға келудегі алғашқы саты десек, шынайы сыншы дарынына тән терең білімдарлықты айтпағанда жазушылық, ақындық сипаттары да оның шығармашылық тұлғасына ерекшелікті таныта түседі.

  Атап айтқанда, 1970 жылдардағы очерктері, 1980 жылдардағы өнер иелері туралы әр алуан дүниелері, әдеби-көркем сындағы әр алуан мақалалары, 1990 жылдардағы әдеби портреттері журналистік, әдебиетшілік, сыншылдық талантын бар қырынан көрсетеді.

  Бұл ретте әр жылдар очерктерінен “Әкеге қарап өскен ұл”, “Тентек-сайдың төрінде”, “Жиырма үшінде жау жайратқан”, “Жалғасын сен айт бұл әннің”, “Сағыныш соқпағы”, “Желтоқсан, жалғыз аяқ жол”, “Сен маған ғұмыр сыйладың”, “Жетібай жерім-ай!”, “Шамы сөнбейтін шаңырақ”, “Сарша құмдағы сағыныш”, “Жанарымда жәудіреп жапан дала”, “Құм қойнауындағы 10940 күн”, “Түнгі тасқын”, “Ана жүрегіндегі жыр”, “Жаз дәурен жалғасы” сияқты тартымды жазбаларын атауға болады.

  Бұл очерктерде қарапайым еңбек адамдарының еңбектегі ерлігі мен еңбегі, сондай-ақ өмірдің өткелінде өзіндік із қалдырған жандардың тағдыры мен тауқыметі, бақыты мен шаттығы өмірдің өзінен алынып суреттелген. Сыншы табиғатын, шығармашылығын әр қырынан зерделеп, пайымдап қарағанымызда ақын мен жазушы жанын, туындыларын терең түсіну үшін сыншының бойындағы ақынға, жазушыға тән қасиеттердің де болуы қажет.

 А. Байтұрсынов: “Дарынды сөздің мәнін ақындық дарыған адам көбірек көрмек” 1 деп жазады.

  Бұл тұрғыдан келгенде әдебиетші, сыншы ғалым Әуез Бейсебаевтың балауса өлеңдері мен әңгімелері оның ақындық, жазушылық дарынын таныта отырып, сөз өнерінде терең бойлауына белгілі бір дәрежеде ықпал еткені сөзсіз. Әрине, әдебиетші, сыншы ғалымдардың бәрі ақын, жазушы болуы шарт деген талап жоқ. Әйтсе де ақын жанын, жазушы әлемін ұғатын деңгейде болуы мейлінше қажет.

  Әуез Бейсебаевтың “Ана”, “Сағыныш” өлеңдері мен “Сол бір жылдарда”, “Ұлыңмын сенің, ұстаз!”, “Кеш келген көктем”, “Сая” әңгімелерінен ақын мен қаламгерге тән сырлы сезім  мен қоңыр мұңды, сағыныш сазын, сезімталдық пен сыршылдықты байқаймыз.                  

  Әуез Бейсебаевтың “Өмірдің ғашық болып көктеміне” жинағына төрт өлеңі ғана берілген. Осы аз ғана өлеңдерінен шын мәніндегі ақынға тән сезім пернелерін, сыршылдықты, сезімталдықты аңғара аламыз. Әсіресе поэзиясындағы лиризм “өмірге ғашық жанның” жан тазалығын, көңіл пәктігін паш еткендей болады.

  Ал әңгімелерінен де Әуез Бейсебаевқа тән өмірге деген сағыныш сазын, қоңыр мұң лебін сезінеміз. Мысалы: “Сол бір жылдарда” әңгімесінде табиғат тылсымын, көктем мезгілін суреттеудегі қаламгер шеберлігіне тәнті боламыз.

  “Сол жылы көктем айы ерте гүлдеді. “Иректаудың” нұрлы өңірі көкорай кеспіріне бөленеді. Ал қызыл қызғалдақтр күн нұрының жарқын сәулесіне шағылысып көз қаритын. “Ақуыстың” ақ таққан алып шыңдары кірпияз нұр атып, зау биіктен мамыржай көлкіген уыз мұнарға еміріне елжірейді. Көктем айының хабаршысы – жыл құстары да сағыныш сазын сызылта шырқап толассыз келіп жатты. Мөлдір аспан аясында мамыржай мүлгіген жер бусақтап жатыр”.1 Табиғат тылсымын тарата суреттеген жазушы сырқаты меңдей түскен атасының тіршілік тынысын, әзиз әжесінің әлпештеуін тебірене жазады. Шағын да шымыр әңгімеде баланың ата мен әжеге деген шексіз махабаты, сүйіспеншілігі берілген. Кешегі бала, бүгінгі бозбала жігіттің есейу жолындағы ата мен әже орыны, сол бір сағынышқа толы сағым кезең суреттерін Әуез Бейсебаев әсем өрнектей білген.

Өмірден ерте кеткен дарынды ұл-қыздарымыз аз емес. Солардың ғылыми, әдеби мұрасына үңіле отырып, өз істеріне өмірлік мұраттарына жан-тәнімен берілгенін байқаймыз. Мүмкін, өмірлерінің келте боларын олардың сезінуі ме, әлде дарын табиғатына тән тектілік пе. Оны бағамдау қиын.

Келте ғұмырда ғылыми ізденісімен, биік адамгершілігімен дараланған, сол арқылы ел сүйіспеншілігі мен махаббатына бөленген жандар аз емес. Міне, солардың қатарында әдебиетші, сыншы  Әуез Бейсебаев есімі де ерекше аталатынын үлкен ілтипатпен атауымызға болады.

Қорыта келгенде, өмірден ерте кеткен Әуез Бейсебаевтың ғылыми мұрасы оның әдебиетші, сыншы екенін танытады. Оның сын зерттеулері мен мақалалары әдебиеттанудың түрлі мәселелерін қарастыруымен, байыптауымен құнды.

Әдебиеттің көркемдік сипаты мен ақын-жазушылар шеберлігін арттыруға, әдебиетке деген талап пен талғамды ұштауға сыншы, әдебиетші Әуез Бейсебаевтың қосқан үлесі мол деген қорытынды жасауға толық негіз бар.

      

 Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Байтұрсынов А. Ақжол. А.: Жалын, 1991 ж.

2. Бейсебаев Ә.” Өмірдің ғашық болып көктеміне”. А.: Жазушы, 2001 ж.

3. Бейсебаев Ә. Ұйқастыра білгеннің бәрі ақын ба?  //Қазақ әдебиеті 1982 ж.

4. Жұмабеков С. Қаламдас іні Әуез Бейсебаев жөнінде бір ауыз сөз.

5. Смағұлов Ж.Қ. Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы. Алматы, Қазақ университеті, 1999ж