Даулетхан Айбарыс және Аманбек Аққозы

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2 курс студенттері

Ғылыми жетекшісі: Қанапина Сәуле Ғалымбекқызы

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент

АМА қауымдастырылған профессоры

Қазақстан республикасы

Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романындағы кірме сөздердің қолданыс ерекшелігі

    Кез келген дамыған тіл құрамында болатын өзге тілден енген атаулар кірме сөздер деп аталады. Кірме сөздердің енуі әр кезеңдегі қоғамдағы өзгерістермен, өркениеттің, ғылым мен техниканың, мәдениеттің дамуымен байланысты жаңа ұғымдардың пайда болуымен, сол ұғыммен немесе оның атауының кіруімен де байланысты. Кірме сөздер деп әрбір тілдің өзіндік сөз тудыру тәсілімен емес, басқа тілдердің ықпалымен жасалған сөздерді айтады. Жер шарында өмір сүріп келе жатқан үлкенді-кішілі халықтардың қай-қайсысында болсын өзге тілдерден ауысып келген кірме сөздер көптеп кездеседі.

    Тіл туралы  Н.Д. Оңдасынов «Таза тіл деген жоқ, ол болмақ та емес. Ондай тілді іздеп, арам тер болудың тіпті қажеті де жоқ»-десе [1; 3 бет],   ал Л.З. Рүстемов «Тілдің лексикалық құрамында шеттен алынған кірме элементтері жоқ, мүлдем «таза» тіл өмірде болған емес» [2;12 бет], - дейді.      Дегенмен, түркологтардың зерттеуінше салыстырмалы түрде қазақ тілі түркі тілдес елдердің ішіндегі өзгеріске көп ұшырамаған таза тіл деп көрсеткен.

       Ғалым Ә.Болғанбаев «Қазақ тілінің лексикологиясы» атты еңбегінде қазақ тілінің сөздік құрамындағы кірме сөздердің негізінен төрт халықтан енгені белгілі екенін айтады. Олар: араб тілі, парсы тілі, монғол тілі, орыс тілі.Мысалы, араб және иран елдері де, өзгелер тәрізді ғасырлар бойы, көрші қоныстанған мемлекет. Олар өзара экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынас жасап келді. Тіпті, бұл екі тілдің өздері де бір-бірімен араласып-құраласып кеткен. Парсы тілінің сөздік құрамының жартысынан көбі араб сөздері. Бірақ бұған сүйеніп, ол екі тілді «араб-парсы» деп қосарламай, араб және парсы сөздері деп бөліп айтқан ләзім» деген пікірді Ж.Есеналиева ұсынған болатын. Бұл пікірді Г.Бүркітбай да қолдайды. Ол: «Тіл білімінде араб-парсы кірме сөздері түрінде қолданылып жүрген ұғымды араб және иран тілдерінен кірме сөздер түрінде қалыптастырған абзал» -,дейді [3; 10-15бет].Қазақ тіл білімінде бұған дейінгі зерттеулерде араб, иран сөздері араб-парсы ретінде қарастырылды да, тілімізде термин ретінде қалыптасты. Бұл «парсы тілінде  өзгеріске ұшырап барып, қазақ тіліне енген араб сөздері» деген ұғым беретін. Өйткені араб сөздері тікелей емес, негізінен парсы тілі арқылы келгендігі белгілі. Атап айтқанда, иран тілінің 60 пайызға жуығы араб сөздері. Осы негізде бұл мәселеге ғылыми тұрғыда терминдік нақтылық қажет.Себебі, дүниежүзі тілдерінің классификациясында парсы тілдері деген атау жоқ. Иран тілдері деп аталады. Бұл тілдік атау Иранның оңтүстік провинциясының дәуірлеп, дамыған кезеңінде парсы атауын алып, тек қана тіл емес халық атауына да ие болған еді.

       Жазушы Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романында араб-парсы тілдерінен енген кірме сөздерді мысалға ала кетсек:

1.     - Елизавета Сергеевна, менің өзім неміс тілін мардымды білмеймін. Кімге ұстаз бола алам? – деді Света қызара бөртіп. («Шырағың сөнбесін», 13 бет).

2.     Сабақ беруге сізді тағайындамақ болып ұйғардық. («Шырағың сөнбесін», 13 бет).

3.     Бірақ шам жаққанымен де жаңағы бір көңіліме кірген жиренішті үрей тарамай қойды. («Шырағың сөнбесін», 39 бет).

        Ғалым Анар Салқынбай «Қазіргі қазақ тілі» атты еңбегінде кірме сөздер мен шетелдік сөздердің ерекше белгілерін атап көрсеткен. Сырттан енген кірме сөздер мен шетелдік сөздер өздерінің осы ерекшелігін сақтағандықтан, олардың айырым белгісі болуы заңды құбылыс. Өзге елдің тілінен енген лексикалық бірліктердің ана тіліне сіңу деңгей мен құрылымдық-семантикалық түрленуіне, тіліміздегі қолданысына байланысты былайша бөлу орынды болмақ: кірме сөздер,  шетел сөздері,  экзотикалық сөздер. Сонымен қатар, қазақ тіліне енген кірме сөздер мен шетелдік сөздердің негізгі белгілерін көрсетіп өтеді. Атап айтсақ:

1) Сөз басында, сөз ішінде в, ф, х, ц, ч – дыбыстары айтылады: вагон, , хабар, цех т.б.

2) Сингармонизм заңына бағынбайды: машина – лар, кітап – тар т.б.

  3) Сөз басында г, з, н, л,д, р дыбыстары келеді: газ, заман, зар, нан, несие т.б.

  4) Сөз соңында ёр, инг, мен, мейстер қосымшалары келеді: монтер, дирижер т.б.

  5)  Қазақ тілінің құрылымынаа тән емес көптеген дыбыс тіркестері кездеседі: кд,кз, хе, бю, мю, сю,пю, шт, шп және т.б. анекдот, рюкзак, дебют т.б.

Қазақ тіліне енген кірме сөздердің ерекше түрі – балама сөз (калька).  Балама сөз - қоғамдағы мәдени, саяси өзгерістер мен ғылыми-техникалық прогреске сәйкес шет тілдерден енген атауларды жолма-жол аударудың арқасында пайда болған жаңа сөз, жаңа фразеологиялыққ атау немесе сөздің жаңа мағынасы. [4; 123-130 бет]. Мысалы: Жеті-сегіз жолдасын қалада ресторанға апармақ. («Шырағың сөнбесін», 7 бет). Әйелдер: «Нағыз курорт», - деп, қуанып жүр («Шырағың сөнбесін», 10 бет.)

     Қызырова Ә.М.«Ағылшын кірме сөздерінің қазақ тіліндегі ассимиляция үдерісі» еңбегінде: кірме сөздер көбінесе әдеби тілдің экзистенцияялық түрінде немесе әлеуметтік диалектілердің құрамында жиі кездеседі, соның ішінде әлеуметтік диалектілердегі шетел сөздерінің қолданылуы және қалыптасуы басымдырақ екені байқалады. Әлеуметтік диалектілердің төрт түрі жіктелінеді: кәсіптік лексикалық жүйе, кәсіптік жаргондар, арго, сленг[5; 12 бет].

Ал Ғ.Мұсабаев қазақ тіліне орыс тілінен сөз ауысу процесін үш кезеңге бөліп:

o   І кезең – ХҮІІ ғасырға дейінгі дәуірде оның өте әлсіз болғанын;

o   ІІ кезең – ХҮІІ ғасырдан ХІХ ғасырдың ІІ жартысына дейінгі кезеңде едәуір  жандана түскенін атап көрсетеді;

o   ІІІ кезең –ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан кейінгі кезең, қазақтың әдеби тіліне, оның ішінде көркем сөз дүниесіне орыс сөздерінің молынан ене бастаған және жазба әдебиеті арқылы енген тұсы [6; 32-41].

      Адам қоғамының экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени өмір-тіршілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, басқа елдермен қарым-қатынасы және ежелгі дәуірдегі тарихы оның тілінен білінеді. Сондықтан да әр халықтың өз тұрмысы мен мәдениетінің, оның материалдық және рухани қазынасының айнасы саналатын тілдің сөздік қорының элементтерін, тілдердің өзара қарым-қатынасын, ондағы ауыс-түйіс негізінде болатын өзгерістерді жан-жақты зерттеп, анықтаудың теориялық та, практикалық та мәні айрықша зор.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Оңдасынов Н. Арабша-қазақша  түсіндірме сөздік. Алматы. Қазақстан, 1969 жыл.

2.     Рүстемов Л.З. Қазіргі қазақ тіліндегі  араб-парсы  сөздері. Алматы. Ғылым, 1982 жыл.

3.     Болғанбаев Ә. «Қазақ тілінің лексикологиясы» Алматы «Мектеп» 1988

4.     Салқынбай А. “Қазіргі қазақ тілі” , Алматы, “Қазақ университеті” 2008.

5.     Қызырова Ә.М.«Ағылшын кірме сөздерінің қазақ тіліндегі ассимиляция үдерісі» Алматы, 2007 жыл.

  6. Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика. Алматы, 1962 жыл.

   7.Ахтанов Т. «Шырағың сөнбесін» Алматы, 1973 жыл.