“Право”/ 8.Конституционное право.

Заң ғылымдарының магистрі Муйденова Алия Калжановна,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

«100 нақты қадам» – сот төрелігіне сенімділік артады

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ұлт жоспарын жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары деп атап көрсетті. Онда кәсіби мемлекеттік аппарат құруды, Заңның үстемдігін қамтамасыз етуді, индустрияландыру және экономикалық өсімге қол жеткізуді, есеп беретін мемлекетті және біртұтас ұлт қалыптастыруды көздейтін 100 нақты қадам айқындалған [1].

«100 нақты қадам» – «2050 Стратегиясын» жүзеге асыру мен мемлекеттігімізді нығайтатын бағыт-бағдар.

Ұлт жоспарының екінші бөлімі заңның үстемдігін қамтамасыз етуге арналған. Онда келесі он тоғыз қадам көрініс тапқан. Аталған бөлімге кеңінен тоқталып өтсек. Осы салада қызмет істеп жүрген азамат ретінде айтарым, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру, бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу туралы талаптар өте орынды көтерілгенін осы сала маманы ретінде қолдаймын. Мұны қарапайым тұрғындар да қуана қабылдағаны сөзсіз. Сонымен қатар, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту да өте өзекті мәселе екенін айту керек. Мәселен сот істерін жүргізуге қатысу үшін бес жылдық өтілі болуы керек [2]. Сондай-ақ, кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру мақсатында ахуалдық тестілер жүйесін енгізу қажет. Судьялыққа үміткерлер соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан, одан кейін судьяның бір жылдық сынақ мерзімінен өтуі тиіс.

Ұлт Жоспарында оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінуі керектігі жоспарланған. Институт Жоғарғы Соттың жанында жұмыс істеп, қызмет бабындағы судьялардың біліктілігін тұрақты түрде арттыруды қамтамасыз етпек. Ал судьялардың есеп беру тәртібі күшейтіліп, олардың жаңа этикалық кодексінің жасалуы жарқын болашақтың еншісіндегі дүние. Осы ретте азаматтар судьялардың әрекеттері бойынша еліміздің Жоғарғы Сотының жанынан құрылған арнайы сот алқасына шағымдана алатын болады. Барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу де сенімсіздік пен түрлі қитұрқылықтардың алдын алары анық. Судьяның бейне жазуды тоқтатуға немесе аудио жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі де болмайды.

Алқа билер соты қолданылатын салалардың кеңейтілуі де үлкен жаңалық болып отыр. Яғни, Алқа билер соты міндетті түрде қатыстырылатын қылмыстық істердің категориялары заңды түрде анықталады. Ал инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді құру үшін, Жоғарғы Сотта ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарауға Инвестициялық алқа құрылады.

Қазақстан Республикасының жаңа редакциядағы азаматтық-процессуалдық кодексінің жобасында инвестициялық таластарды қарайтын мамандандырылған соттар енгізу мәселесі бар. Сондықтан, Жоғарғы соттан инвестициялық алқа құру және Астана қалалық сотына мамандандырылған өкілін енгізу көзделіп отыр. Жоғарғы соттағы алқа ірі инвесторлардың дау-дамайларын, ал Астана қалалық сотында жұмыс істейтін мамандандырылған өкілдігі басқа да инвестициялық мәселелерді қарайды [3].

Шетелдің озық тәжірибелерін елімізге әкелу де оңды істердің бастауы. Ұлт жоспарында көрсетілгендей, шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша сот істерін жүргізуді қамтамасыз ету үшін Жоғарғы Сот жанынан беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын халықаралық кеңес құру – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. Кеңес қазақстандық сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша жоғарғы Сотқа кеңес беріп отырады. Уақыт өте келе прокурорлардың міндеттері біртіндеп судьяларға жүктеледі. Сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурорлардың қатысуы қысқартылады. Ол үшін Азаматтық іс жүргізу кодексіне тиісті өзгертулер енгізіледі. Сот орындаушылардың мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқартып, жекеменшік сот орындаушылар институтын дамыту да болашақтағы негізгі қадамдардың бірі болып отыр.

Жалпы айтқанда, жүз қадам мемлекет өркендеуіндегі негізгі қадамдар болатынына күмән жоқ.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1         Қазақстан Республикасының Президентінің Н.Ә. Назарбаевтың 2015 жылғы 6 мамырдағы «100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары.

2         Қазақстан Республикасының 2000 ж. 25 желтоқсандағы № 132-II «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңы.

3         Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ Жоғарғы сотта ірі инвесторлардың дау-дамайларын қарайтын алқа құрылады. // http://bnews.kz/kz/news.