“Право”/ 8.Конституционное право.

Заң ғылымдарының магистрі Муйденова Алия Калжановна,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Судьялардың әдеб ережелері

 

Судья әділділіктің, заңдылықтың айнасы, ал оның әдептілігі, бет-бейнесі, түр сипаты, өзін-өзі таныту жолындағы іс-әрекеті, тура ұстаған жолы, адамгершілік пен парасаттылық қасиеттің молдығына байланысты болады. Оның кәсіби, моралды-адамгершілік және әдептілік келбетіне баса мемлекеттік билік өкілдеріне қарағанда, қатаңырақ талаптар ойылады.

Ал, сот әдебі – бұл, судъялардың, прокурорлардың, тергеушілердің, адвокаттардың қызметінің ерекше жағдайларында мораль, ізгілік нормаларын қолдану; қылмыстық істерді тергеу және шешуде ізгілік қағидалары мен талаптарын жүзеге асыру туралы ғылым [1, 55б.].

Сот әдебі судьялар, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар үшін қандай да бір ерекше ізгілік нормаларын қалыптастырмайды, ол – сот және тергеу қызметінің ерекше жағдайларындағы ізгіліктің жалпы нормаларының қолданылуын зерттейді.

Сот әдебі халқымыздың әдет-ғұрып заңындағы көп ғасырлық құқықтық таным-түсінігінің аса бір айқындылықпен сипатталатын рухани мұрасы екені даусыз. Құқық тарихына көз жүгіртсек, құқықтық психологияны, құқықтық танымды қалыптастыруға қызмет ететін сот этикасының кезінде жалпы ұлттық әдет құқығының да кең көрінісін жасауына үлес қосқандығы ап-айқын байқалады. Бұлай дейтініміз, сот этикасы есте жоқ ескі кезеңдерде-ақ әдет құқығының аясында қалыптасты. Оның туып, қалыптасуына ертедегі даудың небір түрлерінің түйінін әділдікпен шешкен көңілі даңғыл, санасы сара, тілге жүйрік би-шешендер себеп болды. Даушылар әрекеті, оқыс, шырғалаң оқиғалар түйінін құқықтық тұрғыда әрі әділ шешуде сот этикасының маңызы өте зор еді. Сот әдебінің, қазіргі тілмен айтқанда, әу баста-ақ құқықтық заң деңгейіне көтерілу төркінінің сыры осында жатса керек.

Сот әдебі сот әділдігімен тамыр тартып жатқан, соттың шынайылығына тәуелді, онымен біте қайнасудан туындаған айқын да жарқын құбылыс.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына, әлемдік қауымдастық мойындаған құқықтық мемлекет ретінде орнығуына еліміздегі сот жүйесінің рөлі де айрықша болғаны даусыз. Әлбетте, мемлекеттік биліктің бір тармағы - сот жүйесін дамыту – бұл бір күннің ғана шаруасы емес, межелі міндеттерді белгілеу арқылы атқарылатын ауқымды жұмыс. Осы бағыттағы жігерді жандандыру тұрғысынан алғанда биылғы жылы осыменен алтыншы рет өткелі отырған Қазақстан Республикасы судьяларының съезі маңызды мәселелер мінберіне айналғаны да ақиқат.

Ата Заңымызбен айшықталған [2] еліміздегі сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мен судьялардың мәртебесін көтеруге қатысты серпінді шаралар судьялар съезінде көтерілген болатын. Дәл осындай қоғам дамуының маңызына баланатын үдерісті үдету үшін съезд аясында республикалық Судьялар одағы құрылды. Кейіннен Судья этикасы кодексі [3] қабылданды. Жұртшылықтың сот билігіне сенімін арттыру да өзекті мәселе болатын. Шындығында, биліктің мәртебесін берік ететін бірден-бір дүние, бұл – халықтың сотқа деген сенімі.

Елдегі сот жүйесін жетілдіре түсу міндеттері Елбасы Н. Назарбаевтың айқындаған «Қазақстан–2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты былтырғы жылғы халыққа Жолдауында [4] да айқын көрініс тапқан болатын. 

Сот билігінің беделін түсіруге әкеп соққан және судьяның абыройына нұқсан келтірген Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезінде 2016 жылғы 21 қарашада қабылданды «СУДЬЯЛЫҚ ӘДЕП КОДЕКСІТІҢ» ережелерін бұзу судьяны заңға сәйкес тәртіптік жазаға тарту үшін негіз болып табылады [5].

Судья берген антына берік болуға, қоғамдық қызмет пен тұрмыстық жағдайда кез-келген әрекеттерді жүзеге асырған кезде, әдепсіз жүріс–тұрыстың көріністеріне жол бермей, судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауға тиіс. Судья заң үстемдігін және сот органдарының тәуелсіздігі қағидаттарын қорғауға және жүзеге асыруға тиіс. Судья сот билігінің беделін түсіруге әкеп соғуы және судьяның абыройына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген іс-әрекеттерден аулақ болуға тиіс.

Судья өзінің кәсіби қызметін атқарған кезде заңға бағынуға және кез келген сырттан ықпал етуге жол бермеуге, кімнен шыққандығына қарамастан қорқытуға, қысым жасау мен құқықтық емес әсерлерге, сот процесіне тікелей немесе жанама араласуға қарсы тұру қажет. Судья сот отырысын жүргізудің жоғары мәдениетін қамтамасыз етуге, өзін лайықты, әдепті ұстауға және процеске қатысушылар мен өзге де сот отырысына қатысушы адамдардан сондай қарым-қатынасты талап етуге және сот төрелігінің әділдігі олардың күмәнін туғызбауы үшін шаралар қолдануға тиіс.

Судья қабылдайтын процестік шешімдердің заңдылығы мен негізділігі қандай да бір жария талқылауға немесе оның қызметін қандай да бір бағалауға қарамастан қамтамасыз етілуге тиіс.

Судьяның кәсіби міндеттерін атқарған кездегі жүріс-тұрысы судьяның адалдығы мен сатылмайтындығы туралы қоғамның сенімділігін қалыптастастырып, нығайтуы тиіс.

Судьяның соттан тыс жердегі жүріп-тұруы, оның процеске қатысушылармен өзара қарым-қатынасы соттың тәуелсіздігі туралы қоғамның сенімділігін сақтауға ықпал етуге тиіс.

Судья өз білімін арттыру, практикалық тәжірибе мен жеке қасиеттерін жетілдіру мақсатында, үздіксіз оқу мен өз бетінше білім алу тәсілдерін пайдалана отырып, үнемі шаралар қолдану қажет. Ұлттық заңнамамен қатар судья ратификацияланған конвенциялар мен өзге де негіз қалаушы халықаралық актілер туралы хабардар болуға тиіс.

Ар–ождан бостандық құқығын жүзеге асырған кезде, судья сот билігінің абыройына күмән туғызбау үшін, барлық жағдайларда ұстамдылық пен сабырлылық сақтау тиіс.

Судья сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі қызметіне байланысты сыйлықтарды, жеңілдіктерді, артықшылықтарды, өтеусіз көрсетілетін қызметтерді өзі де алмағаны және отбасы мүшелеріне де, процестік тәуелді адамдарға да алуға рұқсат бермегені жөн.

Қорыта отырып, тұжырымдайтыным сот әділдігін жүзеге асыру барысында заңдылықты қатаң сақтау, әділдікті қамтамасыз ету, әрбір істі мұқият, жан-жақты, тиянақты зерттеп дұрыс шешуге қол жеткізу әрбір судьяның аса жауапты міндеті болуға тиіс.

Сөз соңында Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновтың: «Бұрынғы әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді» деген сөзі еске оралады. Әлбетте, қоғам дертін әділ қазының қолындағы билікпен тезге салу – кешегі күннің ғана емес, бүгінгі заманның да өзекті дүниесі. Сондықтан да сот – халықтың ары, мемлекеттің айнасы болу жолында ұдайы жетіле түсуі шарт. Алдағы уақытта да сот жүйесі дамып, еліміздегі сот төрелігін ары қарай жетілдірілуі сөзсіз.

Пайдаланған әдебиеттер:

1     Кокорев Л. Д., Котов Д. П. Этика уголовного процесса: Учебное пособие. – Воронеж: Изд-во Воронеж. ун-та, 1993.

2     Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы: Юрист, 2017.

3     2009 жылғы 18 қарашада Қазақстан Республикасы Судьяларының V Съезінде қабылданған «Судья әдебінің кодексі».

4     Қазақcтан Реcпубликаcының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқcандағы «Қазақcтан-2050» cтратегияcы: қалыптаcқан мемлекеттің жаңа cаяcи бағыты» атты Қазақcтан халқына Жолдауы.

5     Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезінде 2016 жылғы 21 қарашада қабылданды «СУДЬЯЛЫҚ ӘДЕП КОДЕКСІ».