АЛДЫН АЛА ТЕРГЕУ ЖҰМЫСТАРЫНДАҒЫ КЕЙБІР КЕМШІЛІКТЕР

 

 

Резюме

В этой статье рассматриваются вопросы: о некоторых недостатках предварительного расследования.

 

Summary

In this rassmatrïvayutsya become issues: o nekotorıx nedostatkax preview rassledovanïya.

 

Тергеу мен анықтаманың жетістігі мен кемістігі қашан да қатар таразыланып, оның орны ойсырай көрініп тұрған осал тұстары туралы пікірлер көтеріліп, дабыл қағылғанымен бұл бағыттағы іркілеске ұшыраған жұмыстардың ескі сүрлеудің ықпалынан шыға алмай келе жатқан жағдайы бар. Содан да болар заман ағымы өзгеріп, қылмыс түрлері көбейгенімен кінәлінің ақ-қарасын тап басып ажыратып беруде маңызды роль атқаратын тергеу мен анықтама жұмыстары уақыт шабысына ілесе алмай, алқынумен келеді.

Кезінде тергеу шараларын жетілдіру, қылмысқа қарсы күресті күшейту мақсатында талпыныстар да жасалмай қалған жоқ. Бұл туралы  толығырақ,  «Алдын ала тергеу және анықтау органдарының жұмыстары туралы» Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2001 жылғы 12 қыркүйектегі бұйрығында (2008.28.08. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)  қарастырылған, яғни алдын-ала тергеу — қылмыстық процестің кезеңдік сатысы. Оның барысында істің дұрыс шешімін табу үшін маңызды барлық мән-жайлар бойынша тергеуші дәлелдемелер жинап, тексереді. Алдын-ала тергеу қылмыстық іс қозғалғаннан соң басталады да, айыптау қорытындысын прокурорға жолдаған немесе қылмыстық істі доғарған кезде аяқталады. Анықтау жүргізілген істер бойынша Алдын-ала тергеу ол аяқталған соң басталады. Алайда осы мерзімді 6 айға және одан да көп уақытқа ұзарту тәртібі де арнаулы заңда көзделген. Алдын-ала тергеуді бір немесе бірнеше тергеуші жүргізеді. Сонымен қатар, оның заңға сәйкестігін прокурор қадағалайды.

         Бытырап жатқан тергеу жұмыстарын бір қолға жинақтап, оның тізгінін жаңадан құрылған Мемлекеттік тергеу комитетіне ұстатудағы түпкі ойдың өзі осы бір маңызды саланың тым құлдырап кеткен беделін қайта көтеріп, пәрменділігін арттырудан туындаған амал еді. Өкінішке орай бұл құрылым өзін-өзі ақтамады делініп ақыры таратылып тынды. Нәтижесінде бұған дейін ауыр және аса ауыр қылмыстарды тергеп, қайнаған жұмыстың салмақты бөлігін көтеріп келген прокуратура органдары енді ондай құзыреттілігінен айырылып, заңдылықты қадағалаумен шектелінді. Яғни ұзақ жылдар бойына прокуратура органдары атқарып, машықтанған жұмыстың ауыр салмағын бірден ішкі істер органдарының мойнына аудара салу көптеген проблеманы алға тартты.

Жұмыс көлемінің шамадан тыс артып, прокуратура тергейтін қылмыстарды ашудағы тәжірибенің жеткіліксіздігі ішкі істер органдарының аяғын тұсап тастады. Оқиға болған жерді асты-үсті зерттеп, құқық қорғау органы атқаратын жұмыстың әліппесі іспеттес – алдын ала тергеуде ала-құлалықтарға жол беру, нәтижесінде шатасып, жазықсызды жалалы етіп, кәнігі қылмыскерді босатып жіберіп, ақыр аяғында атқа қонып алашапқындатып іздеу тәрізді тағы басқа да толып жатқан заңсыздықтар тергеу мен айналысатын құзырлы органдардың дағдылы ісіне айналғаны жасырын емес.

Ашылмай қалатын ауыр қылмыстардың орнын ұсақ-түйек әрекеттердің көрсеткіші есебінен жабу, сапа емес, сан қуалау қылмыстық қудалаумен айналысатын көптеген органдарда қуатты бәсекенің қудалаумен айналысатын көптеген органдарда қуатты бәсекенің көзіне айналды. Өйткені олардағы атқарылған жұмыстың дені де осы қылмысты ашу көрсеткішімен өлшеніп, бағаланады.

Бір сөзбен айтқанда, көрсеткішің жоғары болса, жұмыс бар, төмен болса істі жүргізе алмайсың деген сөз. Ал ауыр қылмыстардың ашылуы нашар. Қан тамырындай тарамдалып, сотқа дейінгі күрделі процестің негізін құрап жатқан қылмыстық істі тергеудің жай-күйі осылай болғанда оның түпкі нәтижесінің немен аяқталатындығы көпшілікке белгілі. Заңдылықты қадағалаушы прокурордың көзі қарақты болса шалағай тергелген істер қайта тергеуге жіберіледі. Ал прокуратура қызметкері тәжірибесіздік танытып, қылмыскер делінген адам ертең сот алдында ақталса ше? Мұндайда сот прокуратураға, ал заңдылықты қадағалаушы орган өз кезегінде кемшіліктің негізгі ұшы жатқан тергеу органдарына сатылып шығып, істі жүргізу заңдылығын бұзып, былықтырған тергеушіге шара қолдануға ұсыныс жасайды.

Сондықтан да тергеу органдарындағы ауа жайылып бара жатқан дерттің алдын-алу мақсатында Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры есірткімен байланысты ұсақ-түйек қылмыстарды қылмыстың ашылу көрсеткішіне қоспау жөнінде арнайы бұйрығын да шығарды. Осыдан кейін ғана көптеген құқық қорғау органдарындағы аспандап тұрған қылмыстың ашылу пайызы едәуір көп төмендеді. Десек те дерт ада-күде жойылды, тергеу органдары кемшіліктен түгел арылды деп айтуға әлі ертерек тәрізді. Осы кезге дейін өз үстемдігін жүргізіп келген пайыз қуалау, қылмыстың ашылу көрсеткішін қолдан көтеру тәрізді әрекеттердің жаңа тәртіп қалыптасып, орныққанша арагідік қылаң беріп қалатындығы даусыз шындық.

Енді тергеу мен анықтама жұмыстарының жағдайы қалай деген сауалға келсек, оған да біржақты жауап беру қиын. Мемлекет мүлкін талан-таражға салу, бір сөзбен айтқанда, еліміздің экономикасына залалын тигізіп отырған азулы қылмыстардың алдын алу қаржы полициясының негізгі міндеті емес пе? Бұл сауалға да жауапты кадрдың сапасыздығынан, тергеу амалдарының дұрыс жүргізілмейтіндігінен іздесек, қателеспек едік.

Сот органдары мен прокуратурадан қайта немесе қосымша тергеуге жіберілетін қылмыстық істердегі негізгі кінәраттың көзі болған жағдайдың заңға сәйкес толық әрі обьективті тергелмейтіндігін, қылмыстың дұрыс дәрежеленбейтіндігін, айыптың Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 4 шілдедегі № 231-V Қылмыстық-процестік кодексі (2017.10.02. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)  207-бабының талаптарын бұза отырып тағылатынын көрсетіп отыр.

Бүгінгі қалыптасып отырған жағдайдың арғы-бергі жай-жапсарын түгел сараптап, талдап келген кезде тергеуді қалай жақсартуға болады деген сауал оралды. Тәжірибелі мамандардың оған қайтаратын жауабы да сан алуан. Олардың басым көпшілігі қылмысты ашу көрсеткішін атқарылған жұмыстың негізгі өлшемі етіп алуды тоқтатуды ұсынады. Әйтпесе әбден дағдыға айналған бұл ағынның жуық арада тоқтамайтындығы ақиқат нәрсе. Бас Прокурордың жоғарыдағы есірткіге қатысты ұсақ-түйек істерді қылмыстың ашылу көрсеткішіне қоспау жөніндегі бұйрығы бел алып бара жатқан мұндай құбылысқа белгілі бір дәрежеде тежеу салғанымен тергеу органдарының пайызды қолдан өсіруге қолайлы басқа да қылмыс көздерін іздестіретіндігі қазірдің өзінде белгілі болып отыр. Прокуратура органдары соңғы кездері ішкі істер органдары жұмысында заңсыз қару сақтауға байланысты деректердің шамадан тыс молаюып отырғандығына орай қалтасынан патрон табылып, айыпталған адам бұрын сотталмаған немесе жедел есепте тұрмаған болса, алынған қару-жарақ қылмыс жасау үшін сақталынып, қоғамға қауіптілігін төндірмесе, мұндай істерді қозғаудан бас тарту талабын қойып, бақылауды күшейтіп отыр.

Тергеу жұмыстарының күнгейі мен көлеңкелі жақтарын талдап, таразылағанда бір кездердегі прокуратура органдарының тегеуріні қуатты дәстүрлі тәжірибесінің орны әрдайым білініп қалады. Неге десеңіз, бұл бағыттағы жұмыстан береке кеткені соңшалық, соңғы жылдары ішкі істер органдарының ғимараттарынан сезіктілердің терезеден секіріп мертігуі, немесе асылып қалуы тәрізді қайғылы оқиғалар жиеліп, азаматтардың құқықтарының аяққа басылуы көбейді. Ал мұндай оқиғалардың бәрі айналып келгенде заңдылықтың сақталуына кепілдік беретін прокурорлар мен қылмыстық істерді тергеумен айналысатын қылмыстық қудалау органдарының беделдеріне айтарлықтай нұқсанын тигізуде.

Сонымен қатар, тергеу органдары тарапынан жіберілетін кемшіліктерді қазбалап, жіпке тізудегі мақсат – бұл саладағы қызметкерлердің бәріне жаппай күйе жағып, беделдеріне нұсқан тигізу емес. Тергеу жұмысындағы шарадардың дұрыс жүргізілмеуіне ықпалын тигізіп келе жатқан себеп салдар төңірегінде ой қозғау ғана. Әйтпесе, басты тергеу органдарынан басталып, соңы сот үкімімен аяқталатын процестегі кемшілікке басқа органдардың да қосып жатқан үлестері де аз емес. Айталық, қылмыстық қудалаумен айналысатын органдардағы тергеу сапасы осындай күйде екен, сонда кейбір шалағай тергелген істердің күнбе күн заңдылықты қадағалап отырған прокуратура қызметкерлерінің алдынан өтіп кететіні қалай?

Кей жағдайларда тергеу органдарынан келетін бір қайнауы ішіндегі «шикі» істердің прокурорлардың қолымен бекітіліп, сотқа жөнелтіліп, нәтижесінде асығыстық пен білімсіздіктің абыройсыздыққа ұрындырып жататын жағдайлары да аз кездеспейді.

Тергеу мен анықтама төңірегіндегі заңдылықтың бұзылуында сот органдарының да кінәсі аз емес. Әсіресе, соңғы жылдары бұл органда дәлелді негізі болмаса да қылмыстық істерді қосымша тергеуге жіберу жиілеп отыр. Соған қарағанда соттардың да бұл бағыттағы қордаланып қалған қомақты кемшіліктерден құралақан еместігі байқалады. Көптеген мамандар оның бір ұшын қара қылды қақ жарып, ақ пен қараның аражігін ажыратып беруге тиісті қазының тергеу саласынан хабары жоқ тәжірибесіздігінен, біліксіздігінің әсерінен қалыптасқан жалтақтығынан іздестіреді. Сол себептен де келешекте судьялықтан үміткерлерді іріктеп таңдау барысында болашақ қазының ұзақ жылғы тәжірибесі мен бірге тергеуден өткендігі есепке алынады.

Нормативтік-құқықтық актілерде мемлекеттік органдардың, мемлекеттік ұйымдардың және мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдардың басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру жөніндегі шаралар қолдану міндетін жүктеу, оны орындамағаны үшін заңда көзделгендей жауапқа тарту арқылы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қалыптастыруға бағытталған. Мемлекеттік қызметшілердің өздеріне белгілі болған сыбайлас жемқорлық жәйттерінің бәрін өз басшылығының немесе құқық қорғау органдарының назарына жеткізу міндеті, бұл міндетін орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілігі белгіленді.

Қорытындылай келе, мемлекетіміз қашанда кәмелетке толмағандардың мүдделеріне айрықша назар аударып келеді, себебі олар еліміздің болашағы, бірақ өздерінің жастығы, психологиялық және өзге де ерекшеліктеріне қарай олар сырттағылардың әр кезде де жағымды бола бермейтін ықпалына тез түседі.

 

 

Әдебиеттер:

1.Қазақстан Республикасының Конституциясы. Алматы, 1995 ж.

2. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі (1997 жылғы 16 шілде № 167-I) (2014.10.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

3.Ағыбаев А.Н. Қылмыстық құқық. Алматы, 1997ж.

4.Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 4 шілдедегі Қылмыстық-процестік кодексі (2017.10.02. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)