Кенжебаева Раушан Қажыбековна,

№ 123 мектеп-гимназия мұғалімі, Қазақстан Республикасы, Алматы қ.

Сарина Жанат Ажибековна

№ 123 мектеп-гимназия мұғалімі, Қазақстан Республикасы, Алматы қ.

 

Өзін-өзі тану мен өзін-өзі тәрбиелеудің психологиялық мәні

«Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесінің басты жүйесі-жеке тұлғаның ұлттық жалпы адамзаттық құндылықтарды, ғылым мен практиканның жетістіктерінің негізнде қалыптастыру дамыту және кәсіби тұрғыдан жетілдіру»,- деп көрсетілу әр дара тұлғаның заманауи талаптарға сай білімді де білікті азамат қалыптасуын көздейді. Білім беру жүйесіндегі жетістіктер өркениетке ұмтылып отырған мемлекетіміздің даму болашағының негізі ретінде Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру қажеттілігін айқындай түседі.

Өзін-өзі тәрбиелеу тұлғаның өзіндік санасымен және зейіннің қасиеттерімен тығыз байланысты. Өзіндік сананың нәтижелігі тәрбиелеу үрдісінде талаптану деңгейі мен өзін-өзі бағалауды ескеріп, оқу-тәрбие шараларын арнайы ұйымдастыруға тәуелді.    Қазіргі білім беру ісі жаңаша бағытта, адам санасын тазарту, оны жоғары деңгейге көтеру үшін жұмыс істеуі тиіс. Ұлы адамдар, данышпандар, ағартушылар, ғалымдар мен жазушылардың барлығы дерлік осы ыңғайда іс атқарған.

Өзін-өзі тәрбиелеу – адамның өз тұлғасын қалыптастыруға, өмірдегі өз орнын өзі белгілеуіне, өзін-өзі дамытуға, өз қабілеттерін өзі іске асыруға бағытталған мақсатты, саналы, жүйелі түрде өздігінен жүргізетін іс-әрекеті. Өзін-өзі тәрбиелеу тәрбие үрдісінің құрамды бөлігі және тұлғаның өзін-өзі дамытуындағы ең маңызды күш болып саналады.

Әр балада өзін-өзі тәрбиелеуге деген қажеттілік әр-түрлі жас кезеңдерінде байқалады. Осы қажеттілік әсіресе балалардың мектептік кезеңінде анығырақ байқалады. Себебі, балалар осы шақтарында өздерінің жеке «Мен»-дерін үнемі іздеу үстінде болады. Бұл ретте оқушыға бірден- бір көмек болып табылатын пән өзін-өзі тану пәні. Қазіргі кезде тіпті өзін-өзі тану мектептері орын алып жүргенін байқаймыз. Бұл да кездейсоқтық еместігі анық. Өзін-өзі тәрбиелеу өте ұзақ және адамның бүкіл өмірі бойы жалғасатын процесс екенін айта кету қажет.

Өзін-өзі тану курсы біздің күнделікті өміріміздегі көкейкесті мәселелерді шешуімізге, қарым-қатынас жасауымызға көп көмек көрсетеді. Жеке тұлғаның үйлесімді дамуына бірден- бір мүмкіндік беретін жоба еліміздің мектепке дейінгі және орта білім беретін оқу мекемелеріндегі «Өзін-өзі тану» пәні бойынша дайындалған рухани-адамгершілік білім беру стандарты арқылы жүзеге асырылуда. Аталған құжат өзін-өзі тануды ұйымдастыруға қойылатын талаптарды белгілеп, дара тұлғаның рухани-адамгершіліктің негізгі бағыттарын қамтиды. Стандарт жеке тұлғаның үйлесімді қалыптасу процесінде көп қырлы аспектілерді ескере отырып, рухани-адамгершілік білім беру мақсаттарына және оқу жетістіктерінің деңгейлері бойынша күтілетін нәтижелер түрінде белгіленген адамгершіліктің этикалық нормаларына жету жолдары анықтауға шығармашылық тұрғыда мүмкіндік береді. «Өзін-өзі тану» пәнінің ресми-норматифтік құжаттарын, оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім және сауықтыру орталығы құрамындағы адамның үйлесімді даму институтының ғылыми қызметкерлері дайындады.

Өзімен де, басқамен де жарасымды өмір сүре алатындай тұлға ретінде қалай қалыптасуға болады? Оған жету жолы, әрине сан түрлі. Соның бірі - өзін-өзі тану. Өзін-өзі тану курсы адамгершілік тақырыптарын қамтитын материалдар жинағынан тұрады. Ол оқушының өз ойын жинақтап жеткізуге ғана емес өзін танып, тексеруге мүмкіндік береді. Өзін - өзі тану курсы бір күндік емес, ғұмыр ұзақтығындай жол. Сондықтан бұл пәнде берілген даналардан шыққан ұлы сөздер, би-шешендердің айтқандары біздің өмірімізге бағыт – бағдар береді.    

 Өзін-өзі тәрбиелеу процесіне табиғи түрде етене қосылатын өзін-өзі тану мәдениеті.  Ол өзін-өзі танудың әлеуметтік жарамды жолдарын және тәсілдерін пайдаланудан; тұлға өзін-өзі танудың қажетті тәсілдеріне ие болған кездегі жүйелілік пен дәйектіліктен; өз бетінше немесе басқалардың шамалы көмегімен өзінің тұрақты тұрғысын құруға қабілеттілігінен; теріс немесе әлсіз жақтардың әсер етуін минимумға дейін келтіре отырып, іс-әрекетте өзінің мықты жақтарын максималды пайдаланудан; өзімен сәйкестендіруден, өзін қабылдаудан; өзін-өзі құрметтеудің қажетті деңгейіне қол жеткізуден; өзін-өзі тану мәселелерінде тұлғалық құзыреттілікке ие болудан тұрады.

Өзін-өзі тану мәдениеті өзін-өзі танудың айқын білінген мотивтерінің негізінде, тұлғада сәйкестендіру және рефлексия механизмдері дамыған кезде тұлғаның өзін, өзінің қасиеттерін табуға, бекітуге, талдауға және қабылдауға деген қабілеттілікке ие болатындығынан тұрады.

Өін-өзі тәрбиелеу тәсілдері мен құралдары мәдениеті – бұл өзін-өзі тәрбиелеудің айқын білінген мотивациясының негізінде мақсаттарға жылдамырақ қол жеткізуге және оңды нәтижелер алуға ықпал ететін тәсілдер мен амалдарды таңдай білу. Біреу үшін бұл өз өзіне бұйрық беру әдістері, екінші біреу үшін - өзін-өзі ынталандыру, үшінші адам үшін - өзінің дамуының бағдарламасын құрастыру. Ең бастысы – қандай да бір амалдарды, тәсілдерді, құралдарды пайдаланудың жүйелілігін, дәйектілігін сақтау, әлеуметтік және тұлғалық нәтижелерге қол жеткізу.

Осыларда өзін-өзі тәрбиелеу жүзеге асырылатын жағдайлар, шарттар мәдениеті. Егер бұл үшін арнайы жағдайлар жасалмаса, қолайлы атмосфера болмаса, мақсаттарды қоюдағы мәдениет, өзін-өзі тану мәдениеті, өзін-өзі тәрбиелеу тәсілдері, амалдары және құралдары туралы толық шамада ауыз толтыра сөз айтуға болмайды.

Егер мұнымен ешкім айналыспаса; өзіне өзі білім беру мүмкіндіктері шектеулі болса; өзін-өзі тәрбиелеуді қалайша жүзеге асыру керектігі туралы қарапайым білімдер болмаса, осы процесте көмекке келер мұғалім болмаса, өзін-өзі тәрбиелеумен айналысу қиынға соғады. Сондықтан тиісті жағдайлар жасау, өмірлік мақсаттарға қол жеткізу құралдары ретінде өзін тану және дамыту және өзін-өзі тәрбиелеу құндылықтарын әдетке айналдыру тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеу мәдениетін қалыптастырудың күрделі мәселелерін шешуі үшін маңызды алғышарттар болып табылады.

Әрбір адам өзінің өмірлік жолын өзі құрып, таңдау жасайды. Өзге адамдармен де өзі қарым-қатынас орнатады. Сонымен қатар, өз өмірінде кейбір қателерді өзі жасап,  өзі түзеп жатады. Отбасы мен білім беру орталықтарының алдына қойған мақсаттары – қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін өсіп келе жатқан адамның жекелік қасиеттеріне тікелей әсер ету ғана емес, сонымен қатар, өзіндік дамуы мен өзіндік сана механизмдерін жетілдіруде өзін-өзі тәрбиелеу мен өзін-өзі қалыптастыру, өзін-өзі құруы үшін қажетті жағдайды жасау болып табылады.

Ғылым мен практикада гуманистік бағыт  шеңберіндегі арнайы технологиялар өңделіп, дайындалады. Онда өзін-өзі дамыту идеясы басты мәселеге айналып, “Жеке тұлғаға бағытталушы қатынас”, “Жеке, бағытталған білім беру”   түсініктері қалыптасқан.

Болашақ мамандардың психологиялық тұрғыдан дайындығының жетілуі адамның жеке басының өсуіне байланысты. Көптеген психологтар жеке тұлғаны дамыту мәселелерімен айналысады, бірақ жалпы психология мен жеке тұлға психологиясы арасындағы “Жеке тұлғаның өсуі” аспектісі психотерапиялық тәжірибе мен жалпы психологиялық теория арасындағы алшақтықтың себебінен қажетті деңгейде зерттелмеген.

Бұл термин күнделікті қолданылатын қарапайым сөздік қорда  “Жеке тұлғаның дамуы” сөзінің синонимі ретінде қолданылады. Көптеген әдебиеттерде “Өзін-өзі жетілдіру”, “Өзін-өзі дамыту”, “Өмірлік жол”, “Жеке тұлға потенциалдарының дамуы” және т.б. түсініктермен кездеседі. Көрініп тұрғандай, әртүрлі терминдермен бір мағыналы сөздер айтылады немесе бір атаумен мүлдем сәйкес келмейтін терминдер кездеседі.

Отандық психологиялық сөздіктер мен оқулықтарда ”Жекелік өсу“ терминінің  түсінігі көрсетілмеген. Дәстүрлі түрде ол К.Роджерс, Джеймс, Фрейд, Юнг, Адлер, Перлз, А. Маслоу есімдерімен және шығыстық іліммен байланыстырады.К.Роджерстің көзқарасына сүйене отырып жекелік өсу туралы түсінік аламыз. Біздің түсінігімізше К.Роджерс жекелік өсуді құрайтын үш негізгі басты компоненттерді бөліп көрсетті: актуализация механизмі, жеке тұлғаны бағалау процесі және адамның өзін-өзі құрудағы позитивті бағытталуы.

Өзін-өзі тану мен өзін-өзі тәрбиелеу-жеке адамның өз кемістіктерін жою мақсатында жасайтын саналы, жүйелі іс әрекеті және жекелігін қарастыратын әлеуметтік талаптарға жауапкершілігін дамытатын жағымды қасиеттерін қалыптастыру үрдісі деп тұжырымдайтын болсақ, оқушыны тәрбиелеуде, өзіндік санасын қалыптастыруда, өзін-өзі бағалауын, өзін-өзі жетілдіруде, өзін-өзі танытуда, өзін-өзі өзектендіруде басты бағыт болатын өзін-өзі тану пәні екендігі анық.

Сонымен, өзін-өзі тәрбиелеу, тәрбие сияқты жеке адамды қалыптастырудағы қоғамдық міндетті атқарады. Сондықтан өзін-өзі тәрбиелеуді жеке адамның қоғамдық талаптары және жеке даму бағдарламасына жауап беретін қасиетерінің қалыптасуына бағытталған, өзімен жасалатын жоспарланған жұмыс ретінде сипаттауға болады.
Өзін-өзі тәрбиелеу динамикалық үрдіс. Өзін-өзі тәрбиелеу адамның дамуының және іс-әрекетінің әртүрлі сфераларын қамтуы мүмкін. Ол физикалық, эмоцияоналдық-еріктік немесе интелектуалды және эстетикалық өзін-өзі тәрбиелеу түрінде де болуы мүмкін. Адам өзінде, өзінің жоспарларында, негізгі өмірлік бағытына немесе белгілі өмір кезеңіне, қосылған нақты мақсатына байланысты белгілі қасиеттерді тәрбиелейді.
Өзін-өзі тәрбиелеуді А.С Макаренко табиғи дамуының нәтижесі деп қарастырған. Басында жеке адамның дамуы сыртқы талаптар ықпалымен жүреді, сосын өзіне талап қою нәтижесінде жүзеге асады, яғни өзін-өзі тәрбиелеу оңаша үрдіс емес, бұл ұжымның бірлескен іс-әрекеті деп көрсетті. Ендеше өзін-өзі тәрбиелеудің негізі болып  тұлғаның өзін-өзі бағалауы, өзін-өзі жетілдіруі, өзін-өзі нұрландыруы, өзін-өзі белсендіруі т.б табылуы тиісті деп ойлаймыз.

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының Білім туралы заңы, 2015.04.12

2. Өзін-өзі тану әдістемелік құрал «Бөбек» Алматы 2010жыл

3. Ибраимова Ж.Қ. Өзін-өзі тану мен өзін-өзі дамытудың негіздері: Оқу құралы. – Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ Психология ҒЗИ, 2010. – 166 бет 

3. Макаренко А. С.  О  воспитании. – М., 1990.

4. К.Роджерс. О становлении личностью: психотерапия глазами психотерапевта М.: Прогресс, 1994