ЖҮЙКЕ АУРУЛАРЫНА АРНАЛҒАН ЕМДІК ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ

Каримбаев С. Б., Кегенбаев С.Ж.,

Қазахстан, Тараз қ., Тараз техника және бизнес колледжі, оқытушы

 

    Жалпы жүйке аурулары орталық және шеткері жүйке жүйелерінің зақымдануына байланысты екіге бөлінеді. Орталық (реттеуші) жүйке (ми және жұлын) індетіне шалдыққанда, ағзада айтарлықтай органикалық өзгерістер байқалады. Ал жоғары реттеуші орталықта, анатомиялық құрылысында ешбір өзгеріс байқалмаса, онда шеткері жүйке жүйесі зақымданған болып табылады. Оның ішінде айрықша көзге түсетін -невроздар.  Ми қабы (психикалық қызмет атқаратын мүше) негізінен екі процесі орындайды: қозу және тежеу.

    Егер соңғы кезге дейін бүкіл психикалық әрекет тек қана ми қабына шоғырланған деп келсек, қазір ми қабының (мидың терең қабатына орналасқан) астына орналасқан заттардың да атқаратын рөлін дәлелдейтін мәліметтер бар. Олардың жай-күйі ми жасушаларының қозуына немесе тежелуіне ықпал етеді.

  Ми қабының жұмысына бүкіл ағзаның өзгерісі әсер етеді. Ағзаның құрылыс ерекшеліктеріне қарай көбіне жүйке жүйесіндегі реакциялар соған сәйкес дамып отырады. Жүйке ауруларының негізгі себептері: оқыста жарақаттану, жұқпалы аурулар ағзаның улануы, зат алмасуының бұзылуы, шаршап-шалдығу, зорлану, эмоциялық факторлар т.б. Осындай себептерден денеде әр түрлі өзгерістер айқындалады.

   Жүйке жүйесі зақымданған кезде ең алдымен қимыл-қозғалыс, одан соң сезімталдық және трофикалық әсерлер кемиді.

  Қимыл-қозғалыс әрекетінің бұзылуы адамның мүлде қозғалмай немесе жартылай қимылсыз қалуына әкеп соғады. Оны паралич және порез, ал халық арасында сал ауруы дейді. Олардың өзі екі түрге бөлінеді: сіресіп қалу және солып қалу. Бірінші түрі көбінесе ми қабы катпарлары зақымданғанда болады. Онда денеде бұлшық еттер мен тарамыстар тыртысып қалады.

  Солған паралич не порез жұлын не шеткері жүйке сабақтары зақымданудың салдарынан болады. Мұндай кезде бұлшық ет әлсізденіп, семіп қалады, тарамыс рефлекстері төмендеп әйтпесе тіпті мүлде жоқ болып кетеді. Жүйке жүйесі аурүға шалдыққанда бұлшық еттердің немесе буындардың қозғалмай қатып салуы (контрактура) аңғарылады.

  Ал сезімталдық бұзылғанда адам ауруды, ыстық-суықты, теріге тигенді, сипағанды түк те сезбейді. Кейде керісінше осы әсерлердің бәрін қатты сезініп кетеді. Трофикалық өзгеріс жұлын мен шеткері жүйке жүйесі ауруға шалдыққанда жиі байқалады. Жүйке жүйесі зақымданған бөлекті қан-лимфа айналымы кеміп, оттегінің жетіспеуіне ұшырайды. Осының өзі терінің ойылуына, жара пайда болып, ісінуіне, ұлпалардың өлуіне ықпал жасайды.

   Жүйке жүйесі аурулары айлап, жылдап ұзаққа созылады. Соның әсерінен жүрек-қан тамыр, тыныс алу, ас қорыту, зат алмасу мүшелері зардап шегеді. Кейде, өкінішке орай, науқастың еңсесін көтеріп қайта ортаға қосуға мүмкіндік болмаса, ондай адамдар мүгедек болып, жұмыс істеуге жарамай қалады.

   Дене шынықтыру жүйке жүйесі ауруының қандай түрі болса да басқа емдеу әдістерімен қатар кеңінен қолданылады. Оның тигізетін пайдасы нейрогумаралды механизм арқылы іске асады. Берілген жаттығулар, бүкіл ағзаның қайтарған жауабы іспетті көңіл-күйін көтеріп, қимыл-қозғалысты реттейді. Емдік дене шынықтыру әсерінен жүйке талшықтарының өткізгіштік қабілеті артып, денеде жаңадан шартты рефлекс қалыптасады.

  Емдік дене шынықтырудың трофикалық қасиеті денедегі қан мен лимфа айналымын арттырып, ұлпалардың қоректенуін өсіріп, терідегі сызат алған, жара болған жердің тез жазылуына, жүйке талшықтарының қалпына келуіне, ойылған ұлпалардың тез жетілуіне мейлінше ықпал жасайды.

  Аурудың жазылуы осы жаттығуларға сенуіне және оны күнделікті мүлтіксіз орындауына тікелей байланысты.

Емдік дене шынықтырудың негізгі мақсаты:

- аурудың жалпы жай-күйін, ой-өрісін өсіру;

- жүрек-тамыр, тыныс алу, ас қорыту мүшелерінің қызметін арттыру;

- буындардың қимыл-қозғалысын арттырып, контрактураға (қатып қалу) жол бермеу. Зақымданған жердің бұлшық етін жетілдіру;

- зат алмасуын арттырып, жара болған, ойылған жерлерді тез жетілдіру;

- компенсациялық әрекетті (орнына қолдану) кеңінен пайдалану;

- науқастың өзіне сенімділігін арттырып, жүруге ынталандыру және өз бетінше қимыл-қозғалыс жасауға дағдыландыру;

  Осы мақсаттың бәрін іске асыру үшін, емдік дене шынықтыруды ертеңгі гигиеналық гимнастика ретінде, өз бетінше орындалатын сабақ іспетте, мөлшермен жүру, жүзу; механотерапия, еңбекке баулу және массаж түрінде қолдануға болады. Мұнымен қатар паралич болған аяқ-қолды күні бойы әр түрлі бағытта жатқызып қояды (астына жастық салып көтере, оңға-солға бұрып, төмен түсіріп т.б.). Сонда буынның қарысып қалуынан сақтайды. Кейде арнайы қалыпқа, тақтаға, тор сымға қолды не аяқты салып таңып қояды. Ол өз салмағымен бос бұлшық еттердің одан бетер созылып кетуіне жол бермейді. Осындай қалыпқа салу күніне бірнеше рет қайталанып, 20-25 минуттан - 3-4 сағатқа дейін созылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Г. Икіманова «Саулық пен сымбат» 144  б. Алматы,   1991 жыл

2. Дубровский В. И. «Емдік дене шынықтыру» Москва, ФКиС, 1998   жыл

3. Васильева  В. Е. «Емдік дене шынықтыру» Москва,   ФКиС, 1970 жыл