Сөзжасамдық типтегі жұрнақтың мәселелері

                                  

                        «Қайнар» университетінің ізденушісі А. Қоңырбаева

                        ХҚТУ магистрі Л. Райхан

 

В статье рассматривается вопрос зависимости лексических значений слов от различных видов суффиксов, а также типы словообразования и их взаимосвязь.

The problem depending the lexical meaning of words on different aspects of suffixes and the types of word-formation and their intercommunication is considered in this article. 

 

         Тіл-қатынас құралы ретінде ойлаудың тікелей шындығын, болмысын сөйлеу, жазу арқылы білдіреді. Тілдің ең кішкене бөлшегі — сөз болса, сөздердің өзара тіркесіп келуі арқылы ғана тілдік ұғым жасалады. Олай болса, тілдің заңдылығы, өз ішінде сала-салаға бөлінетін алуан түрлі тармақтары бар.

         «Сөздердің жасалуы» деген бөлім тілдік материалдың қарастыратын мәселелеріне қазақ лексикасындағы сөздердің қандай амал-тәсілдер арқылы жасалатынын анықтайды. Морфология бөліміндегі сөз таптарының жасалуы, тұлғалық көрсеткіштері, сөздердің құранды бөлшектерінің бәрі сөздердің жасалу заңдылықтарымен ұштасып жатады. Сол себепті «Сөздердің жасалуын» лексикадан соң, сөз таптарынан бұрын жеке тарау етіп танып, өз алдына категория етіп оқыту дұрыс ойластырылған. Сөздердің әрқилы жолдармен жасалу ереже-анықтамалары негізінен әр сөз табына қатысты, сондықтан сөздердің жаралуын орфография заңдылықтарымен ұштастыра оқыту оқушының сөйлеу, жазу тілін дамыту, сауаттылығын арттырудағы іскерлік дағдыларын қалыптастырады.

Н.Оралбаева «Қазақ тілінің сөзжасамы» монографиясында түрлі мысалдар арқылы сөзжасамдық типтің үш белгісі толық сай болмаса, туынды сөздің бір сөзжасамдық типке жатпайтыны өте анық дәлелденген.

Сонымен монографияда бір сөзжасамдық типке жататын туындылардың іштей мағыналық ерекшілігі болатыны да анықталған; «Сөйтіп, ортақ мағыналы бір типке жататын негізді туынды сөздердің ішкі семантикалық ерекшелігі болуы тілде жиі кездесетін құбылыс. Бір мағынаның түрлі реңкі болуы тіл орамдылығының бір белгісі болса оған осы ерекшелік жатады». [6.59б]

            Бұл арқылы сөзжасамдық типті қате жібермей дұрыс ажыратуға жол ашқан. Монографияда сөзжасамдық үлгі мәселесін де алғаш ғылыми айналымға түскен. Қазақ тіл білімінде сөзжасамдық тип арнайы зерттелген жоқ, бірақ сөзжасам оқылығына сөзжасамдық тип, сөзжасамдық үлгі (модуль) мәселелері кірген.

Қазақ тілінің сөзжамасы оқулығында сөзжасамдық тип туралы мынадай мағлұматтар берілген:  «Сөзжасамдық тип деп  сөз табынан белгілі бір жұрнақ арқылы жасалған ұқсас мағыналы туынды сөздердің жасалуы аталады. Мысалы, сын-сынақ, ат-атақ, жол-жолақ, т.б.» [6.43б]

Оқулықта сөзжасамдық типтің мынадай ерекшеліктері көрсетілген: сөзжасам әрекеті тікелей сөзжасамдық типтер арқылы жүзеге асады,  яғни туынды түбір арқылы белгілі сөзжасамдық тип арқылы жасалады. Оқулықта берілген бұл дерек сөзжасамдық типтің тілдің сөзжасам жүйесіне негізгі орын алатынын білдіреді, өйткені тілде сөзжасамдық типсіз жасалған туынды түбір сөздер бірілі-екі ғана, олай болса туынды түбір атауы негізінен сөзжасамдық типке байланысты. Бұл сөзжасамдық типтің сөзжасам жүйесінде негізгі орын алатынын дәлелдейді.

Оқулықта түрлі сөзжасамдық типтің жасалуы туралы былай дейді: «Ал, негіз сөздер түрлі сөз табынан болуына, олардың туынды түбірлердің түрлі мағыналар арқылы жасалып, түрлі мағына жасалуы тілде түрлі сөзжасамдық типті тұлғада».  [5.44б]

Енді оқулықта бір сөзжасамдық тип сөздер қандай туынды сөздер жататынын төмендегіше көрсеткен: «Бір сөзжасамдық типке белгілі бір жұрнақтың бір сөз табынан болған негіз сөздерге жалғанып, оларға бірден мағына қосуынан жасалған туынды түбірлер жатады. Мысалы, қолда, майла, көзде, т.б» [6.45б]

      Ал бұл туынды түбірлердің бір сөзжасамдық типке жататынын былай дәлелдеген: «Бұл туынды түбірлер бір сөзжасамдық типке жатады. Олардың басын қосатын ортақ белгілер мыналар: 1. Негіз сөздері, бәрін де зат есім. 2. Бәрі жұрнақ арқылы жасалған. 3. Туынды түбірлердің бәрінде қимыл мағынасы жасалған». [6.46 б]

      Оқулықта жеке белгі сөзжасамдық тип жасамайтынын жалтақтап, қорқақта, елпекте, екеуле түрлерінің басқа-басқа сөзжасамдық типке жататындығы дәлелденген.

       Сөзжасамдық тип синтетикалық сөзжасамда бір жұрнақ арқылы ғана жасалатыны ғылымда танылған. Ол туралы пікір алалығы жоқ. Ал, оның не үшін танылып жүргені көбіне айтыла бермейді.

      Сөзжасамдық типтің құрамына кіретін, сөзжасамдық типтің белгілерінің бірі саналатын сөзжасамдық жұрнақтың атқаратын қызметі  толық ашылды деуге әлі ерте. Оның үстіне сөзжасамдық типтің құрамындағы жұрнақ сөзжасамдық типтің үлгісінің негізгі мүшесі. Бұл жағдайлардың бәрі сөзжасамдық типтің құрамындағы  сөзжасамдық жұрнақтың  синтетикалық сөзжасамда, оның ішінде сөзжасамдық типте атқаратын орасан зор қызметіне байланысты.

      Сөзжасамның не бәрі үш тәсілі болса, оның бірі синтетикалық тәсілде сөзжасамдық жұрнақпен байланысты. Әр сөз табының сөзжасамдық жұрнақтар бар. Бірақ олардың нақты саны ғылымда әлі анықталған жоқ. Тілдегі сөзжасамдық әр жұрнақтың қанша мағына беретіні әлі анықталған жоқ. Осы сияқты сөзжасамдық жұрнақтардың анықталмаған мәселелері әлі көп. Солардың бірі сөзжасамдық жұрнақтардың сөзжасамдық типтегі қызметі және оның сөзжасамдық жұрнақтардың мағыналарын анықтауға қатысын ашу. Бұл мәселелер қазақ тіл білімінде әлі зерттелмеген, ғылыми жауабы белгісіз мәселелер.

       Зерттеу жұмысымыз сөзжасамдық типке қатысты болғандықтан, сөзжасамдық типте сөзжасамдық типте жұрнақтың атқаратын қызметін анықтау өте қажет.

       Алдымен, синтетикалық сөзжасам тұрғысынан алғанда, сөзжасамдық тип сөзжасамдық жұрнақсыз жасалмайды. Олай болса, сөзжасамдық жұрнақ сөзжасамдық тип жасаушы негізгі бірліктің бірі. Олай дейтін себебіміз морфема тұрғысынан алғанда, сөзжасамдық типтің жасалуына екі түрлі морфема ғана қатысады, олар: уәждеме сөздер және сөзжасамдық жұрнақ.

Сандық тұрғыдан алғанда, бір сөзжасамдық типте уәждеме сөздер көп болады, сөзжасамдық жұрнақ біреу ғана болады.

       Осымен байланысты, сөзжасамдық жұрнақ арқылы сөзжасамдық типте түрлі туынды түбір сөздер жасалады. Мысалы, айбынды, айыпты, ақылды, атақты, арайлы, ардақты, әдепті, әлді, әсерлі, бағалы, бақытты, беделді, белгілі, бөлмелі, буынды, білімді, білтелі, дарынды, есті, жазалы, жайлы, инабатты, кескінді, киелі, киімді, көрікті, күшті, кінәлі, қабілетті, қадірлі, қасиетті, қуанышты, құтты, мәнді, мейірімді, мүйізді, нұрлы, ойлы, орманды, орынды, өнімді, пайдалы, рақымды, сабырлы, сәтті, сұраулы, талантты, таулы, төзімді, тұрақты,түкті, тілді, хабарлы, шартты, шешімді, шуақты, таулы, сулы, әдепті, жігерлі, сабырлы, ажарлы, құнды. Осы туынды сөздердің бәрі бір сөзжасамдық типке жатады. Өйткені олардың бәрінің  уәждемелері зат есім сөздер және ол зат уәждемелерінің бір ғана –лы, -лі жұрнағы арқылы туынды түбір сөздер жасалып, олар бір сөзжасамдық тип жасаған.

       Бұл сөзжасамдық типтегі туынды түбір сөздердің бәрі сөзжасамдық типтің шартына, белгілеріне толық жауап береді. Өйткені: олардың уәждемелері бір сөз табына яғни зат есім сөздер. Бұл сөзжасамдық типтің бірінші белгісі; оған келтірілген туындылар сәйкес келеді. Екіншіден, келтірілген туынды түбірлердің бәрі бір жұрнақ арқылы жасалған. Бұл сөзжасамдық типтің екінші белгілеріне келтірілген туынды түбір сөздердің сәйкестігін білдіреді.

       Үшіншіден, мысалға келтірілген туынды түбір сөздердің бәрі заттың сындық белгісін білдіретін туынды түбір сөздер. Демек, олардың бәрінің ортақ мағынасы бар. Бұл сөзжасамдық типтің үшінші белгісіне сай келеді.

      Олай болса, мысалға келтірілген жоғарыдағы туынды түбір сөздер сөзжасамдық типке жататыны анықталды. Сонымен, осы сөзжасамдық типтің жасалуында –лы, -лі жұрнағы негізгі қызмет атқарушы тілдік бірліктердің бірі екені анықталды.

      Сонымен бірге, сөзжасамдық типтегі жұрнақтың сөзжасам теориясына қосатын өзіндік қызметі тағы бар. Сөзжасамдық бір типке жататынын жоғарыда келтірілген мысалдар сөзжасам теориясына қатысты мынадай нақты дерек береді.Жоғарыда келтірілген –лы, -лі жұрнағы арқылы жасалған туынды түбір бұл жұрнақтың нақты өнімді екенін дәлелдейді.

      Олай болса, сөзжасамдық типтерді зерттеу арқылы тілдегі сөзжасамдық жұрнақтардың тілдегі сөзжасамдық жұрнақтардың өнімді, өнімсіздігін анықтауға болады. Сөзжасамда тілде өнімді, өнімсіз жұрнақтардың бары  айтылып жүр. Бірақ қай сөзжасамдық жұрнақ қандай дәрежеде өнімді, қандай дәрежеде өнімсіз екені әлі белгісіз. Демек, бұл мәселе ғылымда шешілмеген мәселелер тобына жатады. Осы мәселені шешуде сөзжасамдық типтерді зерттеу үлкен қызмет атқарады.  

       Сондай-ақ, сөзжасамдық жұрнақтардың ішінде көп мағыналы түрлері де бар. Бірақ ол сөзжасам теориясындағы анықталмаған мәселе. Тек, 2002 жылғы «Қазақ тілінің сөзжасамы» атты сөзжасамның тұңғыш оқулығында сөзжасамдық жұрнақтардың көп мағыналығын бір жұрнақты түрлі мағыналық топта көрсету арқылы аңғартқан. Мәселен, оқулықтағы етістіктен зат атауын  жасайтын жұрнақтарды автор он мағыналық  топқа бөлген: 1) тамаққа қатысты атауларды жасайтын жұрнақтар.

2)Құрал –сайман атауын жасайтын жұрнақтар.

3)Табиғат, мезгілге байланысты атау жасайтын жұрнақтар.

4) Дене мүше атауын жасайтын жұрнақтар.

5) Нақты зат атауын жасайтын жұрнақтар.

6) Дерексіз заттық ұғым атауларын жасайтын жұрнақтар.

7)Ауру атауларын жасайтын жұрнақтар.

8) Өмірге қатысты атауларды жасайтын жұрнақтар.

9) Ұлттық ойынға қатысты атауларды жасайтын жұрнақтар.

10) Тіл білімінің терминдерін жасаған жұрнақтар.[1.29 – 131 б.б ]

            Мұнда қазақ тіл білімінде сөзжасамдық жұрнақтарды бірінші рет мағыналық топқа бөлінген. Бұл бұрын қазақ тіл білімінде болмаған құбылыс. Бұрынғы оқулықтарда әр жұрнақ беріліп, оған мысал келтірілетіні есімізде.

       Демек, оқулық жұрнақ мағыналарын ашу қажеттілігін алға тартқаны зерттеушілердің назарларын аударған. Міне, осы мәселені шешуге де сөзжасамдық типтің қатысы бар. Өйткені сөзжасамдық типке сөзжасамдық жұрнақтың бір мағынасы ғана қатысады. Егер жұрнақ көп мағыналы болса ол әр сөзжасамдық типке жатады. Оны профессор Н.Оралбаева 1989 жылғы «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамдық жүйесі» монографиясында көрсеткен. Монографияда айтыс, соғыс, керіс, жеңіс, кеміс, кеңіс туынды түбір сөздерін келтіріп олардың бір жұрнақ арқылы жасалса да, бір сөзжасамдық типке жатпайтынын уәждеме сөздердің түрлі сөз табы болуымен бірге –ыс, -іс жұрнағының мағынасында айырма барын да ескеріп, олар түрлі сөзжасамдық типке жатады деп шешкен.[2. 56]

      Олай болса сөзжасамдық типті зерттеуде сөзжасамдық тип мәселесін шешумен бірге, сөзжасамдық жұрнақтың түрлі мағыналарын ашып, сөзжасам теориясын да толықтыруға да үлес қосуға болады.

      Бұл қазақ тіл білімінің жаңа саласы сөзжасамның әлі зерттелмеген мәселелерінің баршылық екенін, мол екенін дәлелдейді.

 

 

       Сөздердің жасалуындағы нақты амал-тәсілдерді білдіру, оны жүйелі оқыту он жылдық орта мектептің 4-5-класс программаларында «Сөздердің жасалуы» бөліміндегі тілдік материалдар жетілдірілген жаңа программада мынадай жүйемен берілген.

       Сөздердің жасалуы мен орфография. Қазақ тілі сөздерінің жасалуы. Түбір сөз. Қосымшалы сөз. Жұрнақ және оның турлері. Туынды сөз. Түбір сөз. Жалғау және оның түрлері. Дара және күрделі сөздер.Қосымшалар мен күрделі сөздердің емлесі. Сөздердің жасалуынан өткенді қайталау.

      V класта өтілген сөздердің жасалуын қайталау. Біріккен сөз туралы түсінік. Біріккен сөздердің жасалуы. Біріккен сөздердің емлесі. Қос сөз туралы түсінік. Қос сөздердің түрлері: қайталама қос сөздер, қосарлама қос сөздер. Қос сөздердің емлесі. Қысқарған сөз туралы түсінік.Қысқарған сөздердің емлесі.Сөздердің жасалуынан өткенді қайталау.

       Қазақ лексикасындағы сөздердің жасалуындағы амал-тәсілдер орфозпия, орфография заңдылықтарымен ұштастырыла оқыту жетілдірілген программада нақты көрсетілген. Сөздердің жасалуындағы обьектілер оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты 4-5-класта оқытылады.

       Жаңа программада сөздердің жасалуына бұрынғыдан біраз сағат арттырылған. Сөздердің жасалуының жолдары өз ішінде жүйелі беріледі. Лексикадан алған білім негізінде сөздік құрамындағы сөздердің жасалуын өз алдына жеке бөлім етіп оқыту өте ұтымды.

       Сөздердің жасалуы деген ұғым-жаңа сөз жасаудағы заңдылықтар мен ереже-анықтамалардың жиынтығы. Қазақ тілі сөздерінің жасалу жолдарын оқыту лексика, грамматика заңдылықтарымен тығыз байланыста қарастырылады. Сөздердің мағынасы, олардың тұлғалық ерекшеліктері және сөйлемде қолданылуының бәрі өзара іштей тұтасып жататын заңдылық. Сондықтан сөздердің әр түрлі жолдармен жасалуы, жаңа ұғым, жаңа бір грамматикалық тұлғада жұмсалуы сөздік құрамды байытатын және дамытатын категория болып саналады. Сөздердің әр түрлі тәсілдер арқылы жасалған жаңа ұғымдарының мағыналары да, грамматикалық, көрсеткіштері де, құрамды бөлшектері де түрліше болады.

       Талдау жұмысында аңғартылған тіл заңдылықтарын жинақтау, жүйелеу, қорытындылау барысында қазақ тіліндегі сөздердің жасалуындағы морфологиялың тәсіл меы синтаксистік тәсілдер айтылады.

       Қазақ тілі сөздерінің жеке түбір сөз және түбір сөздерге түрлі қосымшалардың жалғануы арқылы жасалатын морфолоғиялың тәсіл болатыны аңғартылады.

Жеке сөздердің өзара бірігуі, кірігуі арқылы, өзара қосарлануы, қайталануы арқылы және бірнеше сөздердің өзара тіркесуі арқылы жасалатыны синтаксистік тәсіл болып саналады.

Әрбір тіл категорияларын оқытуда мұғалім сол материалдан оқушы нені білу, неге дағдыланды, нендей іскерлігін арттыру керек тәрізді мәселелерді анықтап, қандай талдау, қандай әдіспен іске асыратынын күні бұрын жоспарлап отыруға тиіс.

      Сөздердің жасалуын оқыту сабақтарына қатысқанда мұғалімдердің өздері сөз жасаудағы заңдылықтарды іштей саралап, жүйелеуге онша мән бермейтіндерін аңғартады. Тіл материалдарының қай тақырыбын алмайық, бәрі   де фонетика, лексика, сөздің    жасалуы,трамматикамен ұштасып, бір-бірімен тығыз байланыста болатын тілдің ішкі заңдылықтарын ұстаздардың өздері жете жүйелей біліп, білімдерін жетілдіріп отырулары керек.

      Қазақ тіліндегі сөздердің жасалуын оқыту барысында оқушылар ана тілінің жалғамалы тілдер тобына жататынын аңғарулары керек. Түбір сөздерге жұрнақтардың жалғануы арқылы жасалатын амал-тәсілдің өте өнімді екендігін ескерте отырып, бір жұрнақ арқылы жасалған туынды сөзден көптеген жаңа сөздердің жасалатынын аңғарту барысында жалғамалы тілдің ерекшелігі байқатылады.

       Қазақ тілі сөздерінің жасалуындағы тілдің теориялық жақтарынан аңғартылатын мәліметтер талдау процесі барысында мұғалімнің білім деңгейінде, практикалық істерінде үнемі аңғарылып, өмірмен байланыстырылып отырылу методикалық талаптың басты мәселесі болуға тиіс.

        Сөздің жасалуын оқыту барысында сөздердің жасалу тәсілдерінің өз ішінде бірдей еместігі, олардың дара, күрделі, олардың оқылу, жазылу заңдылықтары, тұлға, құрамы жағынан ерекшеліктері болатындығы түгелдей ескеріліп, оқушылардың талдау үстінде дұрыс ажырата білу іскерлік, дағдылары қалыптасады. Сөздердің жасалуын оқыту жөнінде жазылған, қарастырылған методикалық еңбектер біраз. Атап айтсақ: Ш. Сарыбаев, Д. Әлімжанов, Ы. Маманов, И. Ұйықбаев сияқты белгілі методист-ғалымдардың еңбектерінде сөздердің жасалуын оқытудың амал-тәсілдері кеңінен сөз болады.Көлемінде шығатын «Қазақстан мектебі» журналы бетінде, «Республикалық педоқу» жинақтарында және «Мектеп» баспасынан жарық көрген методикалық нұсқауларда өз тәжірибелері жөнінде жазған мұғалімдердің еңбектері де баршылық. Сөздердің жасалуын оқыту жеке сөздерді, қосымшалардың жаңа сөз жасаудағы ролін сөз ету үстінде салыстыру, әңгімелеу, сұрақ-жауап, жүйелеу амал-тәсілдері арқылы іске асады. Түбір сөзді оқыту. Түбір сөздің тұлғасын, құрамын бірден сөз етпестен бұрын, сөз — белгілі бір ұғым атауы, ұғымның қағаз бетіне түскен формасы, оның сырт көрінісі екендігі анықталады. Мұнан соң әр түрлі тұлғада жұмсалатын сөздер тобы ұсынылып, талдау жасалады.

        Түбір сөздердің тұлғалары басқадай жаңа сөздер жасауға негіз болатынын-су-сулы, сулық, суат, сусын; өн-өнім, өнімпаз, өндір, өндіргіш, өнімді тәрізді бір түбір сөзден өрбіген туынды сөздерден мысал келтіріп, бұлардың бірнеше құранды бөлшектерден жасалып тұрғанын оқушылардың өздерінше ой сала отырып, талдату керек. Нақтылап көрсетсек: сулы, сулық, суат, сусын сөздерінің су деген түбір сөзге -лы, -лық, -ат, -сын жұрнақтары жалғану арқылы төрт жаңа сөз жасалып тұрғаны айтылады. Өн сөзінен өрбіген өнім, өнімпаз, өндір, өндіргіш, өнімді сөздерінің құрамындағы қосымшалардың бірнеше мағына үстеп, алуан түрлі жаңа сөз жасалып тұрғаны былайша саралану керек. Өнім, өндір, әнімді дегендердің -ім, -дір, -імді жұрнақтары арқылы туынды сөз жасалса, өнімпаз, өндіргіш сөздері өнім, өндір деген туынды сөздерден, -паз, -гіш жұрнақтары арқылы екінші бір жаңа сөздер жасалып тұрғандығын нақтылау керек. Осылайша түбір сөздердің (су, ан) жаңа сөздер жасауда негізгі ұйтқы болатынын күрделі сөздердің құрамына (шекара) талдау жүргізу жолымен де аңғартуға болады.

       Жұрнақ арқылы жасалған туынды сөздерді меңгерткен жерде жұрнақтардың өз ішінде әр сөз табына тән болып жіктелетіні, бір сөз табынан екінші бір сөз табы жасала берілетіні де айтылып, шылау, одағай сөздеріней басқа сөз таптарының арнаулы жұрнақтары болатыны ескертілуі қажет. Жұрнақтар арқылы жасалған қосымшалы сөздер қазақ лексика құрамы мен қорын байытатын және дамытатын өнімді тәсіл болып табылады.

 

Пайдаланған әдебиеттер

 

1.  Балаликина Э.А., Николаева Г.А «Русская словообразовательние»

Қазан, 1987ж.

2. Земская Е.А. Современный руский язык. Словооброзавания. М., 1973 ж.

3. Белошапковой В.А. Современный русский язык. М., 1981. Раздел ІІ.

4. Тихонов А.Н. Словообразование. Морфология. М., 2000 ж.

5. Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тілі. А., 2002 ж.

6. Оралбаева Н. Сөзжасам. А., 1989 ж.

7. Виноградов В.Н. Актуальные проблемы русского словообразования. Ташкент, 1985 ж.