Экономические науки/Финансовые отношение

 

Капанова Шолпан Аманжоловна

«Қаржы» кафедрасының аға оқытушысы, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Қызылорда қаласы

Факторинг – корпорациялардың айналым қаражаттарын несиелендіру тәсілдері ретінде

 

Факторинг-қатерлі болса да пайдасы жоғары банк бизнесі әрі қаржылық маркетингтің тиімді құралы және осы заманғы экономиканың даму үдерісіне бейімделе алатын банк операцияларын біріктіруші нысандарының бірі.

Факторинг (ағылшын тілінен аударғанда - агент, делдел дегенді білдіреді) клиенттің айналым капиталына несие берумен үйлесетін сауда-делдалдық операциялардың бір түрі болып саналады. Факторинг кез келген өзінің нысанында тауарлар мен қызметтерді өткізу үдерісінде, яғни клиенттің дебиторлық қарыздарына инкасса қою кезіндегі өндірушілер мен тұтынушылар арасында туындайтын төленбеген есеп айырсу құжаттарымен (шот-фактуралармен) байланысты болады.

Факторинг операцияларымен нарықтық экономикасы дамыған елдерде әдетте банктермен тығыз байланысты болатын немесе олардың еншілес филиалы болып табылатын арнайы факторлық компаниялар айналысады. Факторингтің Батыс Еуропа елдерінде жүзеге асырылатын классикалық түрі жеткізілген өнімнің төлем мерзімін ұзарту түріндегі коммерциялық несиеге негізделеді.

Факторинг операциясына үш тарап қатысады:

1. фактор-делдал. Оған коммерциялық банк немесе мамандандырылған факторинг компаниясы жатуы мүмкін;

2. жеткізуші (жабдықтаушы);

3. сатып алушы.

Факторинг – коммерциялық банктер (олардың еншілес фактор - фирмалары) ұсақ және орта фирмаларға – олардың клиенттерге көрсететін қаржылық қызметтердің түрі. Факторинг мәні фактор – фирма немесе банктің клиенттен берешектерін өндіртіп алу құқына ие болуы және өз клиенттерінің борышкерлеріне талапты жарым-жарты төлеуі, яғни борышкердің төлейтін мерзімі басталғанға дейін берешектерін пайыздық мөлшерде қайтаруы. Борыштың қалған бөлігі мүддесі шегерілген соң борышкер өз берешегін өтегеннен кейін клиенттерге қайтарылады. Нәтижесінде клиент берешектерін жылдам қайтару мүмкіншілігіне ие болады, бұл үшін фактор – фирмаға немесе банкке белгілі бір сыйақы төлейді. Факторинг жүзеге асырылғанда клиент борышкерден берешектерді алу құқығын фактор-фирмаға немесе банкке тапсырады. Факторинг сауда операциялары сияқты пайда болды, одан кейін несие беру нысанасы ие болған. Банктердің факторинг операциялары мыналар: ішкі операциялары, мұнда жабдықтаушы және клиент (сатып алу, сату шарты бойынша тараптар), сонымен қатар факторинг компаниясы белгілі бір елде болады немесе халықаралық, ашық операциялар, борышкер факторинг компаниясының мәмілесіне қатысу туралы хабардар етілсе немесе жабық (жасырын) операциялар. Борышкер факторинг компаниясы не банк пайда болатын борыш бойынша құқықтық мирасқор болып табылатынын және төлеу оның пайдасына жүзеге асырылуы тиіс екендігін; жабдықтаушыға регресс құқығымен – кері талап құқығымен немесе құқықсыз төленген соманы; немесе белгілі бір күнге алдын ала ақы төлеу немесе талаптарға ақы төлеу нысанында жабдықтаушыға несие беру талабымен өтелетінін растайтын шотта фактураға тиісті жазу жазылу жолымен хабардар етіледі.

Қазіргі таңда ақшалай талапты беріп қаржыландыру (факторинг) шарты Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 729 - 738 баптарымен реттеледі. Факторинг бойынша қаржы агенті ақшаны клиент билігіне береді немесе беруге міндеттенеді, ал клиент қаржы агентіне клиенттің осы үшінші тұлғамен (борышкермен) қатынастарынан туындайтын өзінің ақшалай талабын қаржы агентіне береді немесе беруге міндеттенеді не борышкерге ақшалай талабын клиент қаржы агентіне сонымен бірге клиенттің қаржы агенті алдындағы міндеттемелерін атқаруын қамтамасыз ету мақсатында беруі мүмкін. Бұл ретте факторинг шарты бойынша қаржы агентінің міндеттемелері клиент үшін бухгалтерлік есеп жүргізуді және берудің нысанасы болып табылатын ақшалай талаптарға (ақшалай талаптар бойынша шоттар ашу) қатысты құжаттар ұсынуды, сондай-ақ клиентке осы талаптарға байланысты өзге де қаржылық қызмет көрсетуді қамтуы мүмкін.

Қазіргі күні отандық кәсіпорындарға қаржылық қызмет көрсету нарығында көңіл аударарлық жаңа тиімді қаржы құралы факторинг кеңінен таралуда. Факторинг өзінің кәсіпорынның қызметін дамытатын құрал ретінде танылып, қазір Қазақстанда да көптеген екінші деңгейдегі банктер онымен жұмыс жасап, факторингтік қызмет көрсетуде, сонымен бірге олармен бірқатарда фактор-компаниялар да пайда бола бастады.

Факторингтік операцияларды қолданудың нәтижесінде кәспорындар өз қызметін үздіксіз жүргізе алады, яғни ол мынаны білдіреді: көптеген кәсіпорындар өз қызметінің барысында кейде қаражат тапшылығына кезігеді, әрине айналымда қаржы жетіспеушілігі, тұтынушылардың өз қарыздарын дер кезінде өтемеуі деген сияқты мәмелелер болады. Бұл мәмелелерді шешу үшін кәсіпорын банктік несиеден бұрын осы факторингті қолданғаны өте тиімді. Факторингтің қай жағынан тиімді екенін түсінуіміз үшін алдымен оңай пайда болуы мен дамуына, жұмыс істеу механизміне сипаттама берейік.

Қазақстанда факторингті пайдаланудың объективті негіздері мыналар болып табылады:

- Айналым капиталының жетіспеуі; 

- Төлемсіздік;

- Несиелеудің жоғары тәуекелділігі;

- Аналитикалық жұмысты жетілдіру қажеттілігі;

- Қаржылық менеджментті жетілдіру мәмелелері;

- Қаржыны жоспарлауды жетілдіру қажеттілігі.

Банк дамуын жетілдіру мақсатында оның негізгі мәселесі болып сенімділігін қамтамасыз ететін банк дамуының стратегиясы қаралады. Бұл мақсаттарды іске асыру басқару жүйелерінің кешенді қарастырылуы арқылы жүзеге асырылады, олар барлық әсер етуші факторларына ықпалын тигізеді де, сенімділік көрсеткішінде көрініп, банк сенімділігіне және тұрақтылығына жетуге мүмкіндік береді.

Банк - коммерциялык ұйым, ақша нарығында операциялар жүргізеді және негізгі алдына қоятын мақсаты - пайда табу. Сол себепті, банк коммерциялық мекеме болғандықтан,   үнемі   пайданы   өсіріп   отыруын   көздейді,   банк балансының ликвидтілігін сақтау іс-әрекеті мен болжамды қауіп шығындар арасында операциялар жүргізіліп отырады.

Сонымен, факторинг дегеніміз тауарларды немесе қызметтерді жабдықтаушыдан төлем құжаттарын сатып алуды білдіреді.

Факторингтің мақсаты — кез келген несиелік операциялардың ажырамас бөлігі болып табылатып тәуекелді қалпына келтіру.

Біздің республикамызда таза факторингтік компаниялар санаулы-ақ:

1. «Бірінші факторингілік компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;

2. «Альтернативные финансы» компаниясы;

3. «Казкоммерцфакторинг» компаниясы, сондай-ақ өздерінің өнімдік бағыттарында факторингті ұстап отырған бірқатар лизингтік компаниялар бар.

Осы жерде факторинг қызметін ұсына алатын қаржы институттарына еріксіз тоқталуға тура келеді. Мұндайлар үшеу: біріншісі, әмбебап, екіншісі, тек қана факторинг емес, сонымен бірге лизингпен айналысатын компаниялар, сосын үшіншісі, арнайыландырылған факторингілік компаниялар. Жоғарыда атап көрсетілген компаниялар осы үшінші топқа жатады.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

 

1.

 Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі (ЖАЛПЫ БӨЛІМ)// (2013.03.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

2. Жорабаева Ж.К.  Факторинг қаржы ағынын реттеу тәсілі ретінде // әль-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Экономика сериясы. – 2008. – № 3 (67).