Г. Амалбекова – э.ғ.к., Д. Назаров - магистрант

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ЖЕРГІЛІКТІ БЮДЖЕТТІҢ ҚЫЗМЕТ ЕТУІНІҢ

ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

 

Экономикалық әдебиет (заңдар, монографиялар, оқулықтар, ғылыми мақалалар) беттерінде «бюджет» термині әр түрлі ұғымда пайдаланылады, мысалы, ақша қаражаттарының кірісі мен шығысы формасында немесе ақша қаражаттарының негізгі орталықтандырылған қоры ретінде. Осыған қоса, әдебиетте мемлекеттік бюджетке тағы да келесідей анықтама берілген: бюджет - ол қаржылық жоспар; бюджет- ол басқарушылық жоспар; бюджет - ол заңнамалық құжат; бюджет - ол коммуникация құралы; бюджет - ол бюджеттік салық саясатты дәлелдейтін құжат деген. Бірақ, бюджеттік салық саясатының мазмұны өте кең, себебі оған мемлекеттік басқару органдарының негізгі функциялары, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен фискалдық саясаттың көрсеткіштері, бюджеттің көрсеткіштері тағы басқа көрсеткіштер мен ережелер кіреді. «Бюджет» деген көптеген ұғымға сүйене отырып, ол келесідей түсініктемелерден қалыптасады деп айтуға болады:

    ол өз алдында жеке бір экономикалық категория;

    ол мемлекеттің ақша қаражаттарының орталықтандырылған қоры;

    ол экономиканы реттеуге арналған құрал (бюджеттік механизм арқылы);

    ол мемлекеттің негізгі қаржы жоспары;

    ол барлық бюджеттік қарым-қатынасқа қатысушылар міндетті түрде орындайтын заң.

Бюджет қаржы жүйесінің орталық тізбегі болғандықтан, ол сол қаржының барлық негізгі, сапалы сипаттамаларына сай. Басқаша айтқанда, егерде «қаржы» жалпы ақша қарым-қатынас жүйесі болса, яғни мемлекеттік орталықтандырылған ақша қорын қалыптастыру және пайдалану процесі, онда «бюджет» өз алдына ақша қарым-қатынас жүйесін құрады, яғни бюджеттік қорды қалыптастыру және пайдалану процесі. Бюджеттік қор көптеген қоғамдық қажеттілік шығындарды (әлеуметтік, қорғаныс, т.б.) қаржыландыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры[1].

Ақша қаражаттары ресурстарын орталықтандырудың экономикалық және саясаттық мәні өте зор, себебі олар мемлекеттің жоспарлаған шараларын іске асырудың негізгі құралы, біріккен экономикалық және қаржылық саясатты жүргізуте қажет болып табылады.

Сондықтан, Бюджет кодексінде мемлекеттік бюджетке мынадай түсінік берілген - ол «республикалық және жергілікті бюджеттердің арасындағы қарама-қарсы өтеу операцияларын есептемегеңде сараптамалық ақпарат ретіңде пайдаланатын және бекітуге жатпайтын қосыңдысын құрайтын жалпы бюджет». Сонымен қатар, «мемлекеттік бюджет» термині - мемлекет құрастыратын және басқаратын орталықтандырылған бюджеттік қор мағынасында да пайдаланады.

Бүгінгі күнгі мемлекеттің бюджеті қаржылық қарым-қатынастағы әр түрлі қатысушылардың әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қалыптастыратын күрделі және көп міндет атқаратын құрал. Бюджет арқылы орталық пен аймақтар арасындағы әлеуметтік шығындар мен салық бөлу, еңбекақы мен кіріс жөніндегі ымыраға (компромисс) келеді, бюджеттік дотациялар мен трансферттер бөлу арқылы мемлекет орталық және жергілікті мүдделерді қалыптастырып іске асырады. Ал бюджет экономикалық құжат ретіңде қоғам-ның саясаттық және әлеуметтік дамуын көрсетеді.

Жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік бюджет басқа да бір эко-номикалық категория сияқты өндірістік қарым-қатынасқа негізделеді және езіне сай материалды-құндылық түрі бар, яғни бюджеттік қарым-қатынас материалды түрде орталықтандырылған ақша қаражаттар қоры - бюджеттік қорда болады. Бұның нәтижесінде қоғамда болып жатқан нақты экономикалық процестер мемлекеттің жинап және пайдаланып жатқан ақша қаражаттары көлемі арқылы көрінеді. Бюджеттік қор (бюджет ресурстары) - ол мемлекет тарапына, оның жалпымемлекеттік функцияларын орындауға арналған, құндылық бөлу сатыларын өткен, объективтік экономикалық формадағықоғамдық өнім мен ұлттық табыс қозғалысының белгілі бір бөлігін құрайды. Бюджеттік қорды қалыптастыру мен пайдалану - құндылықты бөлу мен қайта бөлуге байланысты сол құндылықтың қозғалыс процесін көрсетеді.

Жергілікті бюджеттің әлеуметтік-экономикалық мазмұнын толық ашу үшін алдымен жергілікті қаржы түсінігінің экономикалық мазмұнын қарастырып алайық.

Мемлекеттің қаржы жүйесінің ең маңызды құрамдас бөліктерінің бірі –аймақтардың қаржысы болып табылады. Ал оның құрамына  аймақтық қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған аймақтардың бюджеті және шаруашылық жүргізуші субьектілердің қаржысы кіреді. Аймақтардың қаржысы халыққа әлеуметтік-мәдени және коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсетумен байланысты кең шаралар ауқымын қаржыландыруды қамтамасыз етеді.

Жергілікті бюджет - бұл ұлттық табысты аумақтық тұрғыда қайта бөлуге мүмкіндік жасайтын және билік пен басқарудың жергілікті органдарының қаржы базасын жасауды қамтамасыз ететін экономикалық қатынастардың жиынтығы.

Жергілікті бюджеттердің экономикалық мәні олардың мынадай арналымында көрінеді:

- билік пен басқарудың жергілікті органдарының ақша қорларын қалыптастыру;

- бұл қорларды жергілікті деңгейдегі инфрақұрылым салалары мен халықтың арасында қайта бөлу.

Жергілікті қаржының рөлі, оның құрылымы мен бағыты бүтіндей билік пен басқарудың жергілікті органдарына жүктелінген функциялардың сипатымен, сондай-ақ мемлекеттің әкімшілік-аумақтық құрылысымен және оның саяси-экономикалық бағыттылығымен анықталады.

Жергілікті қаржыда билік пен басқарудың жергілікті органдарының сан қырлы қызметінің қаржы базасы болып табылатын жергілікті бюджеттерге маңызды рөл беріледі.

Жергілікті бюджеттердің жағдайы бірқатар факторларға байланысты. Атап айтатын болсақ:

-елдің жалпы экономикалық жағдайы;

-сәйкес аумақтың экономикалық потенциалы;

-жергілікті билік және басқару органдарының құқықтары мен міндеттерін реттеуші мемлекеттік заңнамалардың деңгейі.

Жергілікті бюджеттердің тұрақтылығының негізгі шарты жергілікті билік және басқару органдарының нақты бір қаржылық кезеңге және нақты аумақтың шегінде бюджетке түсуші түсімдердің және бюджеттен жұмсалынатын қаражаттардың арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ете алуы болып табылады.

Жалпы жергілікті қаржының жай-күйі әрқашанда, біріншіден, елдің жалпы экономикалық жағдайына, екіншіден, тиісті аумақтардың экономикалық әлуетіне, үшіншіден, билік пен басқарудың жергілікті органдарының құқығы мен міндеттерін белгілі бір дәрежеде реттеп отыратын мемлекеттік заңдардың деңгейіне, төртіншіден, биліктің жергілікті органдары құзырының дәрежесіне байланысты болады.

Өркениетті батыс елдерінде жергілікті қаржы мемлекеттің қаржы ресурстарын қалыптастыру мен пайдалану процесінде едәуір рөл атқарады. Оның үстіне жергілікті бюджеттердің айтарлықтай дербестігі болады және батыс елдерінде олар мемлекеттік бюджеттің жалпы жүйесіне кірмейді.
Қазақстан Республикасының экономикасы дамуының кәзіргі кезеңінде реформа ауыртпалығының салмағы шаруашылық жүргізудің аймақтық деңгейіне ауысып отыр, осыған орай басқарудың жергілікті органдарына үлкен өкілеттік беріліп, олардың жауапкершілігі арта түсуде.

 Осыған байланысты түрлі деңгейлердегі бюджеттер арасындағы бюджеттік құқықтарды айқын шектеу және орталық пен аймақтардың бюджеттік мүдделерін теңестіру туралы мәселе айрықша мәнділікке ие болып отыр.

Қазақстан Республикасындағы бюджеттер арасындағы қатынастардың жүйесі қалыптасу мен даму стадиясында тұр, оның оңтайлы механизмі іздестірілуде.

Қазақстанда басқаруды орталықсыздандыру мемлекеттік басқару мен бекітіліп берілген міндеттерді жүзеге асыру үшін жергілікті бюджет дербестігі арасында шығыстар бойынша жауаптылықты неғұрлым байыпты бөлуді қажет етеді.

Территориялық экономика тұрғысында қарағанда  бюджетке арнайы төлемдерді орнату және алу арқылы (жер салығы, суға, жер қойнауына төлем) табиғи ресурстарды рационалды қолдануды бюджеттік реттеудің де ерекше мәні бар. Бюджеттік қаржыландырумеханизмдері де территориялық экономикалық мүдделерді кешенді жүзеге асыруға, экономикада құрылымдық өзгерістерді ендіруге көмектесуі тиісті.

Сонымен, нарықтық қатынастар жағдайында жергілікті бюджеттер экономикалық және әлеуметтік дамудың территориялық бағдарламаларын қаржыландырудың маңызды көзі ретінде өздерінің маңыздылығы сақтап қалды,  олардың шығыстарының әлеуметтік бағыттылығы күшейді.

Дегенмен, жергілікті бюджеттердің табыстық базасын қалыптастырудың қолданбалы тәжірибесі бюджеттік механизмнің әлеуетті мүмкіндіктерін толық жүзеге асыруға, территориялық экономикаға сандық және сапалық ықпал етуге  мүмкіншілік бермейді. Жаңа бюджеттік және салықтық жүйелер белгілі бір шамада бюджеттік процесте жергілікті басқару органдарының егеменділігін көтеруді қарастыратынына қарамастан, жергілікті бюджеттердің өзіндік  табыстық базасын жасау міндеті әлі күнге дейін күрделі мәселелердің бірі. Демек, жергілікті бюджеттерді нарықтық процестердің маңызды реттеушісіне және аймақтық экономиканы дамытудың ынтасына айналдыру, оларды қалыптастырудың қолдабалы механизмдерінің құқықтық негіздері мен принциптерін сынай талдау жасау арқылы табыстардың қалыптасуының, шығындарды үлестірудің және бюджет аралық қатынастарды қалыптастырудың жаңа көзқарастарын қалыптастыруды талап етеді.  

Жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігі республикалық бюджеттікі сияқты салықтық және салықтық емес кірістерден қалыптасады. Алайда кіріс құрамындағы салықтардың түрлері бюджет деңгейлері бойынша әртүрлі болып келеді. Ол яғни Бюджет және Салық Кодексімен анықталынады[2].

Жергілікті бюджеттің шығыс бөлігіне келетін болсақ, бірқатар салалар қаржыландырылады. Оның негізгі бөлігін білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік көмек салаларының шығыстары құрайды.

Жергілікті бюджет республикалық бюджетпен қатар мемлекеттік бюджетті қалыптастырады. Оның негізгі қызметтері ретінде келесілерді атап көрсетуге болады:

-жергілікті билік және басқару органдарының қызметін қаржылық қамтамасыз етуші ақша қорларын қалыптастыру;

-халық шаруашылығы салалары арасында осы қорлардың қаражаттарының бөлістірілуі және пайдаланылуы;

-осы басқару органдарына қарастыру кәсіпорындар, ұйымдар және мекемелердің қаржы-шаруашылық қызметін бақылау.

Жалпымемлекеттік экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шешуде жергілікті бюджеттер маңызды роль атқарады.

Қазіргі кезде Қазақстандағы жергілікті бюджеттер мемлекеттік бюджет қаражатының жалпы көлемінің кірістер бойынша шамамен 30%-ын және шығыстар бойынша – шамамен 48%-ын алады [2].

Жергілікті бюджеттер Қазақстан Республикасы бюджет жүйесінің бір бөлігін көрсетеді және елдің мемлекеттік бюджет құрамына кіреді. Олар тек қана жергілікті салықтар мен алымдар есебінен толтырылмайды, сонымен қатар бюджеттік реттеу механизмдер арқылы қайта бөлінетін республикалық салықтар мен алымдар бөлшектері есебінен де қалыптасады. Бірақ, жергілікті бюджеттердің кірістері өздік түсімдер, реттеуші салықтардан түсетін түсімдер, қаржылық жәрдем мен займдық қаражаттардан қалыптасса да, аймақтар мен аумақтардың әлеуметті-экономикалық дамуының ерекшеліктері жергілікті билік органдарының мемлекеттік қызмет көрсету процестеріне тиімді әсерін қамтамасыз етуге ресурстардың жетпеушілігіне жеткізеді.

Сондықтан, аймақтардың экономикалық дамуы болымды айырымдауының себебінен кірістік база әркелкілік болғандықтан аумақтар тұрғындарға мемлекеттік сектор арқылы көрсететін қызметтер тең болуы үшін аймақтар бойынша бюджеттік теңестіруді қамтамасыз ету жөнінде белсенді саясат жүргізу қажет.

Жоғарыдағы аталғандарды тұжырымдай келе жергілікті бюджеттердің аймақтың әлеуметтік және экономикалық дамуындағы рөлі келесіден көрінеді:

1.Жергілікті бюджеттерде қаржы ресурстарының шоғырлануы жергілікті атқарушы және өкілетті билік органдарының өз өкілеттіліктерін жүзеге асыру үшін қаржы базасының қалыптасуына мүмкіндік береді;

2. Жергілікті бюджеттердің қалыптасуы – аймақтарды толық көлемде қаржы-шаруашылық дербестігінің болуына мүмкіндік береді, мәселен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қаражаттарды жұмсау, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелерінің, жергілікті маңызы бар тұрғын-үй қорының және байланыстың жоспарлы дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;

3.Жергілікті бюджеттер көмегімен аймақтың экономикалық және әлеуметтік даму деңгейлерінің теңестірілуі жүзеге асады;

4.Жергілікті билік органдары өз қарамағында бюджеттік қаржы құралдарын иелене отырып өндірістік емес сфера мекемелерінде қызмет көрсетуге қаржы қаражат нормативтерін көтеруі немесе төмендетуі мүмкін;

5. Қаржы ресурстарының бір бөлігін жергілікті бюджетте шоғырландыра отырып жергілікті басқарушы және атқарушы билік органдары орталықтан қаржы ресурстарын стратегиялық міндеттерді шешуге аймақтағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік сфераның басым бағыттарына жұмсай алады;

6.Жергілікті бюджеттер қаржы ресурстары арқылы ағымды және күрделі шығындарды қаржыландыруда, материалдық және еңбек ресурстарын тиімді пайдалануда үлкен роль атқарады, сондай-ақ жергілікті жаңа өндіріс орындарын ашуға, ал ол өз кезегінде аймақтағы жұмыссыздықты төмендету мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

Жергілікті бюджеттер (облыс, қалалар, аудандар бюджеті) кірістері бойынша мемлекеттік бюджет түсімдерінің шамамен 40-45 пайызын құрайды, жергілікті бюджет шығыстары да осы шамалар арасында.

Халықаралық қаржы теориясы және практикасы жергілікті бюджеттерді бюджет жүйесінің дербес қызмет етуші бөлігі ретінде анықтайды. Бұл жердегі бюджеттің дербестігі дегеніміз аймақтың басқару органы бюджеттің кіріс және шығыс баптарының құрылымы мен көлемін өзі анықтайтындығын айтып отырмыз. Ал оның орындалуы аймақтық басқару органының осы саладағы құқықтарын анықтайтын республикалық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

Аймақтардың экономикалық дербестігінің маңызды алғышарты аймақтық ресурстардың ұдайы өндірілуі, табиғатты қорғау бойынша іс-шаралардықаржыландыруға қажетті қаражат көздерінің құрылуы болып табылады.

Қорытындылай келесі тұжырымдамаларды атап кетуге болады:

1.       Жергілікті қаржы - бұл жергілікті басқару және билік органдарының әлеуметтік - экономикалық міндеттерін шешу үшін ақша қорларының қалыптасуы, бөлістірілуі жәнепайдаланылуы жүзегеасатын экономикалық қатынастар жиынтығы.

2.       Жергілікті қаржы – мемлекеттің қаржы жүйесінің құрамды бөлігі болып табылады.

3.       Жергілікті қаржылардың негізгі буыны – жергілікті бюджет болып табылады. Сондай-ақ оның құрамына бюджеттен тыс қорлар, шаруашылық субъектілердің қаржысы кіреді.

4.       Жергілікті бюджеттер аймақтың әлеуметтік, мәдени, экономикалық және т.б. ағымды және стратегиялық іс-шараларын жүзеге асыруда маңызды роль атқарады.

5.       Жергілікті бюджеттің кірістерінің басым бөлігі салықтық түсімдерден құралады.

6.       Жергілікті бюджет қаражаттарының басым бөлігі сол аймақтың әлеуметтік даму мақсатына жұмсалады.

 

Әдебиет

1.       Бабкин А.М, Павлова Л.Н. «Государственные и муниципальные финансы» Учебник для вузов, М. Финансы, Юнити,2007 жыл.  

2.       Бисенгалиева С.Я. «Мемлекеттік бюджеттің экономиканы реттеудегі рөлі» Жаршы, №11, 2007 жыл.