История/Общая история

Халықаралық қатынастар кафедрасының аға оқытушысы Толегенов Т.З.

"Сорбонна - Қазақстан" институты 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Қазақстан Республикасы, Алматы қ.

ҚАЗІРГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДАҒЫ ИНТЕГРАЦИЯЛЫҚ ҮРДІСТЕР

 

ХХ ғасырдағы  әлемдік  өркениет  дамуының  жетекші  тенденцияларының бірі - халықаралық  байланыстардың күрделі және тармақталған жүйесінің қалыптасуы. Өткен тәжірибеге көз жүгіртсек, әрбір мемлекет басқа мемлекеттерден жоғары тұруға, сыртқы дүниеден оқшаулануға ұмтылды, ал бұл жағдай экономиканың тоқырауына және сыртқы саясаттағы шиеленістерге әкеліп соқты. Қазіргі кездегі елдер халықаралық қатынастарға белсенді түрде қатысады, әр алуан үкіметаралық ұйымдарды құрады, оларға жекелеген мемлекеттің ішкі және сыртқы құзіретіндегі көптеген мәселелерді шешу істері жүктеледі. Осыдан мемлекеттердің халықаралық ынтымақтастығының  жедел өсуі байқалады.

Қазіргі кездегі  мемлекеттердің халықаралық ынтымақтастығының  маңызды аспектісі - бұл халықаралық  экономикалық байланыстарды орнату. Бүгінде көптеген елдер тұйық ұлттық шаруашылықтан  сыртқы нарыққа бағытталған ашық экономикаға өту үстінде. Осыған байланысты әлемдік шаруашылық өмірдің интернационализациялануы, жаһандануы және халықаралық экономикалық интеграция бүкіл әлемдік шаруашылықтың дамуының жетекші тенденциясы болып табылады.

Интеграцияға беталыс қазіргі кездегі халықаралық өміргетән құбылыстардың біріне айналып келеді. Әлемдік шаруашылық байланыстардың жаһандануы жағдайында интеграцияның мазмұндылығы одан сайын түрлене түсуде. Интеграцияның терең негіздерін және алуан түрлі қасиеттерін айқындау үшін осы терминнің түбіріне көңіл аудару керек. Интеграция латынның «Integratio» сөзінен туындайды, оның аудармасы бөлшектелген бөліктердің бірігуі деген мағынаны береді. Бұл түсінік қоғамдық өмірдің әр алуан сфераларында қолданылады, сәйкесінше, әрбір жағдайда оның мағынасы да әр алуан болып келеді, жалпы алғанда, интеграция дегеніміз бөлшектелген бөліктердің бірігуі [1].

Әлемдік шаруашылықтағы технологиялық, энергетикалық, экологиялық проблемалар посткеңестік мемлекеттерге өзінің әсерін тигізді. Жағдайды техникалық және технологиялық инфрақұрылымның тез ескіруі, тауар мен қызметті стандарттау мен сертификаттау және де ұлттық заңнамалар әлемдік экономиканың жаңа стандарттарына жауап бермеуі қиындатты.

Оның үстіне әлемдік шаруашылықта жаһандық ұстаным  күшейіп, халықаралық ынтымақтастық  тәжірибесі түпкілікті өзгереді. Өндіріс, зерттеулер, ғылыми-техникалық құрылымдардағы салааралық халықаралық мамандану  мен кооперацияның жаңа жүйесі қалыптаса бастады. Әлемдік шаруашылық бертін келе бірыңғай шаруашылыққа айналды.

Әлемдік ақпараттық кеңістік пайда болды. Экономикалық және саяси мәселелерді шешуде трансұлттық орпорациялар мен халықаралық  ұйымдардың ықпалы артуда. Әлемнің әрбір бұрышында аймақтық халықаралық экономикалық интеграциялық үрдістері тез қарқынмен дамуда.  Бүкіләлемдік сауда ұйымымен жасалған экономикалық тәртіп нормалары мен ережелерінің маңызы артып келеді

Қазіргі таңдағы халықаралық қатынастардағы интеграциялық үрдістер әлемнің даму тенденциясы мен заңдылықтарының негізі болып табылады. XXI ғасырда әлемдік және аймақтық мәселелерді бірлесе шешу интеграция мен ғаламдану үрдісінің талабымен байланысты болып отыр, яғни ешқандай мемлекет өз мәселелерін жеке шеше алмайтындығын көрсетіп отыр. Шындығында бүгінгі таңдағы бүкіл әлемді интеграциялық бірлестіктер, одақтар және топтарының жиынтығымен түсіндіруге болады. Соның ішіндегі ең маңызды интеграциялық бірлестік Еуропалық Одақ болып отыр.
Еуропалық интеграция халықаралық үрдістердің дамуына әсер етуші ретінде халықаралық қатынастар дамуының объективті құрылымдық негізі, ал әлемнің саяси жүйесінің маңызды бөлігі болып табылады. Сонымен қатар Еуропалық интеграция бүгінгі таңдағы ең дамыған интеграциялық үрдіс ретінде қарастырылады [1].

Бұл мәселенің өзектілігі өзгермелі әлемдегі маңызды әрекет етуші фактор ретіндегі Еуропалық Одақ шеңберіндегі саяси интеграциялық үрдістермен түсіндіріледі. Өйткені бұл үрдіс Еуропалық экономикалық интеграцияның жетістікті аяқталуымен саяси интеграциялық үрдіс Еуропа Федерациясын құрудағы маңызды баспалдақ болып отыр. Бүгінгі таңдағы Еуропалық Одақ шеңберіндегі саяси интеграциялық үрдістердің жетістіктері мен келеңсіздіктері, яғни саяси интеграциялық үрдістердің баяулылығына әкелуде. Европалық Одақ әлемдегі ең дамыған және жемісті интеграциялық бірлестік болып табылады. Тарихи өлшемдегі елу жыл — Одақ экономикалық сипаттағы шағын субаймақтық топтан өзінің жеке басқару аппараты бар және қоғамдық өмірдің әртүрлі сфераларында өз қызметін жүзеге асырып отырған әмбебап біліктіліктегі шынайы европалық интеграциялық бірлестікке айналды.
Қазіргі күнде Европалық Одақтың эволюциясы европалық қоғамдастыққа жаңа мүшелердің кіруімен ауқымы тұрғысынан да, және экономикалық және саяси сфералардағы интегарцияны дамытудың есебінен тереңдеуі тұрғысы бойынша өтуде. Осы көрсетіліп отырған екі үрдістің бір-бірін қаншалықты өзара толықтыратындығы әлі белгісіз. Европалық Одақта аталмыш одақтың ұлғаюын жақтайтын да, және оның қарсыластары да бар. Қарсылық білдірушілер Одақтың одан әрі эволюциясын жақтай отырып, ұлғаю процесі қоғамдастықтағы дәулетті мемлекеттер үшін келеңсіз экономикалық шығындарға және саяси бірігуге тоқырау әкеле отырып, Европалық Одақтың тереңінен дамуын тоқтатуы мүмкін деп санайды. Дегенмен, қауіптерге қарамастан, интеграцияланудың бай тәжірибесін жинақтаған қоғамдастық, өз маңайындағы мемлекеттерге экономикалық гүлдену мен саяси тұрақтылық кеңістігін ұлғайта түсу бағытында да, және де өз алдына экономикалық сипаттағы амбицияға толы міндеттерді, сонымен қатар сыртқы саясат пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы міндеттерді қоя отырып, бүгінгі күндегі интеграциялық мүмкіндікті тереңдете және дамыта түсудегі прогресті жалғастыра беруге бел байлап отыр.

Мәселенің өзектілігін мынандай себептермен түсіндіруге болады:

Біріншіден, ғаламдану үрдісіне байланысты интеграциялық үрдістер қазіргі қоғамның барлық салаларын қамтып отыр, оның анық көрінісі ретінде еуропалық мемлекеттердің бірігу үрдісінің дамуы және оның мүмкін болатын нәтижелерін айтсақ болады.

Екіншіден, Еуропалық Одақ өзімен шектесетін елдердің және онымен қатынасатын елдердің саяси экономикалық жағдайларына тікелей әрер етуде, сонымен қатар Қазақстанның сыртқы саясатындағы басымдық берілетін Еуропалық Одақпен қатынастың саяси және экономикалық маңызы анағұрлым зор болып отыр.

Еуропалық интеграцияның тәжірибелік мүддесі және тереңдеу үрдісі, ең басты Еуропалық Одақтың қызметі Қазақстан үшін маңызды болып отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жолдауы бойынша, Еуропа елдерімен қатынаста стратегиялық қарастырған жөн [2].

Бүгінде Еуропалық Одақ аймақтық интеграцияның тәжірибесін жинақтаған. Өзінің саяси құрылымын жетілдіру үрдісінде, өз дамуында аймақтық интеграцияға қатысуға бейімделуші тәуелсіз Қазақстан Республикасы үшін интеграция, жетекші елдер тәжірибесі сияқты негізге алушы тенденцияны ескеру қажет.

ҚР бірқатар интеграциялық бірлестіктерге (ТМД, ЕврАзЭс,) қатысуда. Сондықтан да Қазақстан үшін аймақтық интеграция тәжірибесін оқып-үйрену қолданыстық маңызға ие.

Еуропалық интеграцияның қалыптасу үрдісі бүгінгі таңда әлемнің бірқатар аймақтарына үлгі болары сөзсіз. Бұл мәселені зерттеу қазіргі уақытта тек ғылыми жағынан емес, сондай-ақ өркениетті дамуға ұмтылған жас тәуелсіз елдер үшін өмірлік қажеттілік болып табылады. Қазақстанда әлемдік тәжірибені, сондай-ақ осындай өзгерістерді басынан кешкен елдердің тәжірибелерін зерделеу үлгі ретінде қарастырылады. Болашақта бұл мәселені зерттеуде келесі міндеттерді шешу қажет деп санаймыз:

1) Еуропалық Одақ шеңберіндегі саяси интеграциялық үрдістерді зерттеу;

2) Еуропалық Одақтың құрылу тарихын және даму баспалдақтарын қарастыру;

3) Еуропалық интеграция теориясын қарастыру:

4) Қазақстан мен Еуропалық Одақ ынтымақтастығының бүгіні мен болашағын сараптау.

Еуропалық Одақ және еуропалық интеграцияның даму мәселесінің өзектілігі, теориялық және тәжірибелік маңыздылығы әліде терң зерттеуді қажет етеді.

Батыс Еуропадағы түпкілікті соғыстар және халықтардың және мемлекеттердің саяси бірігуі қарсаңында, интеграцияның негіздері интеллектуалдық деңгейде «еуропалық идея» ретінде құрылды. Мұндай жоба авторларының арасында еуропа қоғамдық ой және мәдениет өкілдері, яғни «еуропалық идеяны» құрушылардың басында И.Кант [2], Ж.Монне [3], Р.Куденхове-Калерги және басқалар тұрды.

Батысеуропалық мәселелер бойынша көптеген теориялық зерртеулер бар.Интеграцияның теориялық аспектілері бойынша манандай батыстың маңызды зерттеушілерін айтуға болады Д,Митрани, Э.Хааса, Л.Беккера және т.б. [3].

Еуропалық интеграцияның саяси және экономикалық жағынан зерттеген ресейлік ғалымдарды атап өтуге болады, олар Кашкин С.Ю., Топорнин Б.Н., Борко Ю.А., Шемятенков В.Г.[4].

Еуропалық интеграция мәселелерімен отандық ғалымдардың біршама жетітікті еңбектерін айта кеткен жөн, Ж.Ибрашев, Байзакова К.Н., Губайдуллина М.С, Кукеева Ф.Т., Байгабулова Б.. Сонымен қатар, белгілі саясаткер, дипломат Қ.К.Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының дипломатиясы» еңбегінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы барлық сферадағы қатынастар жөнінде жазып өткен.

Сонымен, әлемдегі интеграциялық үрдістер қазіргі Қазақстанның халықаралық қатынастарына да мәнді әсер етуде.

 

Әдебиеттер:

1. Горбач Л.М., Плотников О.В. Международные экономические отношения: Учебник.- К.: Кондор, 2005. – 266 с.

2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жолдауы

3. Пиляев И.С. Совет Европы в современном евро интеграционном процессе: Монография. – К. Издательский дом «Юридическая книга», 2003. – 436 с.

4. Васильева, Н.А., Лагутина М.Л. Глобальный Евразийский регион: опыт теоретического осмысления социально-политической интеграции. – СПб. : Изд-во Политехн. Ун-та, 2012. – 424 с.