БАЛАЛАР
ҮЙІНДЕГІ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРДІҢ ТҰЛҒАСЫН
ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚОҒАМДЫҚ ПРОБЛЕМА
Рахимбекова
Ж. А.
«Шапағат»
балалар үйінің тәрбиешісі
Қазіргі таңда
қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағынан
дамуы бар әлеуметтік сұраныс негізі жан-жақты дамыған
жеке тұлғаны қалыптастыруды қажет етеді. Оның
бүгінгі жаңа қоғам мүддесіне лайықты,
жан-жақты жетілген, белсенді іс-әрекеті мен ғылыми саналы
көзқарасын қалыптастыру, бойында ұлттық сана,
ұлттық психология қалыптасқан ертеңгі
қоғам иегері боларлық парасатты азамат тәрбиелеп
өсіру – балалар үйі педагогтарының, Үкіметтің
және барша халықтың міндеті.
Н.Ә.Назарбаевтың
«Қазақстан – 2030» Жолдауында: «Біздің балаларымыз білімі
жоғары жұмысшылар мен фермерлер, инженерлер, банкирлер мен
өнер қайраткерлері, дүкендердің иелері,
мұғалімдер мен дәрігерлер, зауыттар мен фабрикалардың
иелері, биржа делдалдары және спортшылар болады. Олар мұнай, газ
бен электр қуатын, тамақ өнімдерін өндіретін, әрі
олармен әлемдік экономиканы қамтамасыз ететін болады…», - деп атап
көрсетті [1].
Бала
бойындағы асыл қасиеттердің көзін ашып, оны
қоғамның белсенді мүшесі етіп дайындауда, білім беру
мен тәрбиелеуде жеке тұлғаны дамыту қатар
жүргізілгенде ғана өз дәрежесінде жүзеге асады.
Осыған байланысты білімнің мазмұнын, оқыту
әдістері мен тәрбиені ұйымдастыру нысандарын жетілдіруді
нақтылай түсу қажеттілігі туындайды.
Балалар үйі –
ата-анасыз қалған балалар үшін құрылған
мемлекеттік тәрбие ұйымы. Балалар үйінде мемлекет тарапынан
көмек, пана қажет ететін және ата-ана
қамқорлығы мен мейірімінен ерте айырылған жетім
балалар, жағдайы жоқ жалғызбасты аналардың балалары мен
денсаулығы нашар кемтар балалар тәрбиеленеді. Балалар үйін
ұйымдастырудың мақсаты – балаларға мемлекет тарапынан
пана болу, материалдық, моральдық көмек беру, олардың
білім мен тәрбие алуына қолайлы жағдай жасау, тәуелсіз
өмір сүруге даярлау.
Балалар үйі – мектеп
жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды қоғам
талабына сай тәрбиеленуін жүзеге асыратын ұйым, ол
демократиялық қоғамның тұлғаларын
даярлайды. Балалар үйі ұйымдарының өзіндік ерекшелігіне
байланысты бірнеше түрлері бар. Мұндай балалар үйінің
негізгі түрлері: мектеп жасына дейінгі балаларға арналған
бөбекжайлар (туғаннан - 4 жасқа дейінгі); аралас балалар
үйі (мектеп жасындағы балалар мен мектепке дейінгі жастағы
балаларға арналған); арнаулы балалар үйі (денсаулығы
нашар, кемтар балаларға арналған); жалғызбасты
аналардың балаларына арналған «Үміт» балалар үйі.
Бұл арнаулы
ұйымдар – тәрбиеленушілердің дағдыларын
қалыптастырып, әлеуметтік тұрғыда бейімделуін
қамтамасыз етеді. Өзімнің көп жылғы
тәжірибем көрсетіп отырғандай, балалар үйінің
тәрбиеленушілеріне ең жетпейтіні – шын ықылас пен жылылық.
Тәрбиешілер қанша мейірім шуағын төккенімен, олар
отбасын айырбастай алмайды. Бүгінгі таңда жетімі жоқ ел
сирек. Бала құқықтарын қорғау туралы
конвенцияның 20-бабында «Мемлекет отбасынан айырылған балаға
әлеуметтік қорғау көрсетуге міндетті. Сондай-ақ
мемлекет мұндай жағдайда балаға альтернативті, яғни
«балама» отбасылық қамқорлық көрсетуі, болмаса
тиісті ұйымдарға орналастыруды қарастыруы тиіс. Мұндай
әрекеттер баланың тәлім-тәрбие
сабақтастығын және оның этникалық шығу
тегі, дінге, мәдениетке қатысы және ана тілі ескерілуі тиіс»,
- деп [2] тәрбиеленушілердің жеке тұлғалық
құқықтарының қорғалуы нақты
тұжырымдалған.
Қазіргі қоғамның тарихи
даму тәжірибесі бала тәрбиесінде жеке тұлғаны
қалыптастыру міндеттерінен туындауда. Бала – біздің
ұрпағымыз, қоғамды жалғастырушы. Ол жарық
дүниеге келген алғашқы күннен-ақ ата-анасын,
туған-туыстарын, әрі бүкіл елді қуанышқа, ерекше
сезімге бөлейді. Сондықтан балалардың өмірі мен
жан-жақты жетілуі үшін, олардың рухани және дене
күштерінің кінәрәтсіз және қауіпсіз дамуын,
имандылық, адамгершілік, эстетикалық жағынан жеке
тұлға болып қалыптасуын қамтамасыз ететін жағдайлар
жасауымыз қажет. Балалық – адам өмірінің аса
маңызды кезеңі. Балалық шақта айнала
қоршаған дүниені ақылмен, жүрекпен танудың
ең басты негізі – Отан сүйгіштік, адамға деген
сүйіспеншілік, мейірімділік сияқты қасиеттердің
қалыптасуының ұзақ үдерісі басталады.
Тарихқа
көз жүгіртсек, бала тағдырын – ұлт тағдыры деп
қарап, келешек ұрпағының тексіз, түпсіз
өсуіне жол бермеген, жетімдерін жылатпаған, жесірлерін жерге
қаратпаған елдік дәстүрлер болған. Осыған
орай, бүгінгі күннің жаңару бағыты бала
тәрбиесінің арқауына ұлттық
әдет-ғұрып, салт-дәстүрді халықтың
рухани игілігін пайдалану басты назарда болуы көзделініп отыр.
Бала психикасы
негізінен, өмір барысында, оқу-тәрбие ісінде
қалыптасады. Бұл жерде оның өз бетінше
әрекеттенуі, өзіндік белсенділігі ерекше маңызды. Жеке
тұлғаның моральдық, психологиялық
қасиеттері де оның өмірден алатын тәжірибесінен,
дұрыс жүргізілген тәрбиеден қалыптасады. Ал,
адамның қалыптасуының тиімді құралы – тәрбие мен оқыту. Тәрбие
мен оқыту үдерісінде шын бақытқа ұмтылушы жас ұрпақтарда
адамгершілік және интеллектуалды сапалар қалыптасады. Адам
бойындағы барлық адамгершілік қасиеттерді
жаттығулардың, әдет-дағдылардың нәтижесі
деп қарауға болады. Дұрыс жүргізілген тәрбие
адамда игілікті сапа қасиеттерді тәрбиелеуден басталады. Ұлы
ғұламаның ойынша, жақсы мінез әр адамның
табиғатында бар, бірақ олар жүйелі тәрбие арқылы
жүзеге асады. Ғұлама ғалым жағымды
қасиеттерге адалдықты, мейірбандықты, жомарттықты,
батылдықты, достықты жатқызып, адам бойындағы
жағымды қасиеттерді қалыптастыруда арнайы педагогикалық
іс-әрекеттің маңыздылығын айтады [3].
Ауыз әдебиеті
үлгілерін жинап зерттеуші ойшыл-философ М.Қашқари «Диуани
лұғат ат-түрік» деген еңбегінде халық
педагогикасының өзекті мәселелерін арқау етіп,
халық ауыз әдебиеті үлгілерін, аңыз, ертегілер,
мақал-мәтелдер, қанатты сөздер және халық
фольклорын өте орынды пайдалана білген. Шығармадағы
нақыл сөздер ізгілік, инабаттылық, әдептілік
төңірегіндегі айшықты ойдың жемісі болып саналады.
«Құрмет қылсаң қонаққа, асады
даңқың халқыңа», «Білімдіден ақыл ал, асыл
сөзді ұғып ал, бойыңа сіңір», «Ізгілік
қанша керек болса, өз қолыңмен де оны істей біл»,
«Ата-анаңды тыңда, сөзін жерге тастама» [4] деген
сияқты, жеке тұлғаны ақылдылыққа,
парасаттылыққа, кемеңгерлікке, көпшілдік пен
әділдікке үндейтін нақыл сөздер жүйесі
бүгінгі таңда да маңызын жойған жоқ.
Ғұлама жеке тұлғаның басқалардан
өзгешелігі де оның бойындағы асыл қасиеттерінде деп
есептейді. Бұдан шығатын
қорытынды, жоғарыда біз тоқталған ұлы
ғұламалардың мұраларын балалар үйі
тәрбиеленушілерінің тұлғасын қалыптастыруда,
олардың бойына адами ізгілік қасиеттер мен еңбекті
сүюге, білімге қызығушылыққа тәрбиелеуде
басшылыққа алуға болады деп түсінеміз.
Қазақ
халқы бала тәрбиесін өмір тіршілігінің өзекті
мәселесі ретінде бағалап, оған ерекше мән берген. «Бала
бауыр еттен жаралған», «Балалы үй-базар», «Бала – болашақ
өмір жалғасы», ал «Ұл бала – ел қорғаны,
қыз бала – ел-жұртының сәні»,- деп оларды
халықтық салт-дәстүлер мен
әдет-ғұрыптар негізінде тәрбиелеуге тырысқан.
Ел-жұртын сыйлауға баулып, ата-аналарын, туған-туыстарын,
үлкен адамдарды «Ата, әже, ақсақал, қария, ана,
әке» деп атауға үйреткен. Қазақ халқы
өз ұрпағын әдептілікке, сыпайылыққа,
кішіпейілділікке, ізеттілікке тәрбиелеген. Балаларды жас ерекшеліктеріне
сай келетін шаруашылық істері мен үй іші тірлігіне араластырып,
жағымсыз мінез-құлық пен жат қылықтардан
аулақ болуға баулып, тыйым салып отырған.
Кемеңгер Абай
өзінің «Он тоғызыншы» қара сөзінде: «Бала
ата-анадан туғанда есті болмайды: Ол естіп, көріп, ұстап,
татып, ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы,
сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» –
деп [5], балаға жан-жақты тәлім-тәрбие бергенде
ғана тәрбиелі, білімді жеке тұлға қалыптастыруға
болатындығын айтады.
Ойшылдың
шығармалары жас ұрпақтың жеке басына және жас
деңгейіне байланысты ерекшеліктер әдеп, үлгі-өнеге,
өзін-өзі тәрбиелеу мен ұлттық
мінез-құлықты меңгерумен бірге жас ұрпақты
ең абзал, парасатты қасиеттер –
еңбекке, өнер, білім, ғылымды үйренуге
тәрбиелейді.
Тұлға – сан қырлы, мазмұны да, табиғаты
да күрделі, құпиясы мол әлеуметтік ұғым.
Адам өсу, дамып жетілу үдерісінде біртіндеп тұлға, кісі
деген атқа ие болады. Оның жан-жүйесі, сана-сезімінің
дамуы айналасы мен қоғамдық өмірге тәуелді.
Яғни, белгілі ұлт пен ұлыстың ділінен (менталитет),
дәстүр-салт, жол-жоралғыларынан жеке дара ұғыну
ерекшеліктері қалыптасады, - деген ақын өз
шығармаларында ақыл-ой, ерік-күші белсенді, іс-әрекеті
басқаларға үлгі боларлық, ел мен халықтың
көш бастаушы, қамқор ақылшысы болуға жарайтын
тұлғаларды тәрбиелеудің жолын іздестіреді.
Адамның жеке
тұлға болып қалыптасуына әсер ететін
тәлім-тәрбие саласы – халық педагогикасы. Халық
педагогикасы – көп арналы, қыр-сыры мол, күрделі ғылым.
Ол ұлттық өмірге немқұрайды қарайтын жас
ұрпақты қазақтың рухани, материалдық
мәдениетін толық меңгерген, тарихын,
әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін,
тәлім-тәрбиесін және адамгершілік қасиеттерін бойына
сіңіріп, ұлтын сүйетін азамат болып өсуін қамтамасыз
етуге тиіс. Халық педагогикасы – тәрбиенің бастауы және
қайнар бұлағы, ол – тәрбие жөніндегі халықтың
білімі мен тәжірибесі.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан –
2030» даму стратегиялық бағдарламасы. – Алматы: Білім, 1997. – 96
б.
2.
Бала
құқықтары туралы конвенция. – Алматы, 1994 .08.06. – 57
б.
3. Қашқари М.
Диуани лұғат ат-түрік. /Түркі тілдерінің
жинағы - Алматы: Ана тілі, 1993. – 395 б.
4. Құнанбаев
А. Шығармалар жинағы. 2 том. – Алматы, 1986. – 330 б.
5. Әл-Фараби.
Әлеуметтік-этикалық трактаттар. – Алматы: Ғылым, 1974. – 343 б.