п.ғ.к., доцент Досанова Алтынай Жапаровна

магистрант Калиева Жанар Муратовна

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

 

МОДУЛЬДІК БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫН ЕНГІЗУДЕГІ ЕРЕКШЕЛІКТЕР

 

Модульдік оқыту технологиясы өздігінен білім жетілдіруді жүзеге асыратын және де тек жұмыс қарқынын реттейтін ғана емес, сонымен қатар оқу материалдарының мазмұнын да реттейтін жекелей-саралап оқытудың бір бағыты болып табылады. Модульдiк технология студент өз бетімен толық және ішінара мақсатты дараланған бағдарлама бойынша оқып үйренетін білім беру процесін түрлендіреді.

Бағдарламаның мақсаты экономиканың орнықты дамуы үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Еліміздің 2011-2020 жылдарға арналған Стратегиялық даму жоспарының маңызды бөлігі – білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы. Бағдарлама бүкіл қазақстандық білім беру жүйесінің жаңа мазмұндық және сапалы деңгейге шығуының нақты тетігі болып табылады.

Кредиттік оқыту технологиясы оқыту үрдісінде кредиттерді жинақтау мен трансферттеуде еуропалық жүйені пайдалануды, ECTS үлгісі бойынша кредиттерді қайта есептеудің қазақстандық моделі шеңберінде академиялық ұтқырлықты ұйымдастыруды, Қазақстандағы кредиттік технологияны бағалау шкаласы мен ECTS және білім беру бағдарламаларын сәйкестендіруді, білім беру бағдарламаларын модульдік құрастыруды көздейді [1].

Жоғары оқу орнында оқыту үрдісінде кредиттік жүйені енгізудің негізгі мақсаты жастарға білім беру жұмысын жетілдіру болып табылады. Еңбексиымдылық аудиториялық сабақтарда және студенттің өздік білім алуында белгілі бір оқу жұмысын орындауға жұмсалатын уақытты сипатайтын көрсеткіш ретінде қабылданады. Оқу кредиті пәнді оқып үйренуге қажетті еңбектің жұмсалуының бірлігі болып саналады. Кредиттік оқу жүйесінің оңтайлы құрылымы мыналар болып табылады:

-                     оқыту жұмысын ұйымдастыруға профильдік тұрғыдан келу;

-                     оқу үрдісін ұйымдастырудың сызықтық емес түрлерін қолдану;

-                     оқу процесін модульдік түрде ұйымдастыру;

-                     оқу процесінің нәтижелерін тексеру әдістерін жетілдіру.

Профильдік оқу кезінде студент болашақ мамандығын саналы түрде түпкілікті таңдай алады. Белгілі бір профильдегі студенттер тобынан бакалавр бағыттары айқындалады. Осы бакалавр бағыттары бойынша магистр және мамандарды дайындайтын оқу бағдарламасы жасалады. Профильдік дайындықтан өткен студенттер мамандық алу мақсатында өзі оқып жүрген немесе еліміздің кез-келген оқу орындарында білімін жалғастыра алады.

Профильдік оқу үрдісі кезінде студенттің ары қарай теориялық және практикалық білімін жетілдіру мақсатында негізгі білім алу кезеңіне өтер алдында пәндерді таңдап алу мәселесіне ерекше назар аудару керек. Өйткені таңдап алған пәндер студенттің келешек таңдаған мамандығын меңгеру үрдісіне әсер етеді.

Оқыту үрдісін кредиттік жүйеде ұйымдастыру оқытуды модуль әдіспен іске асырудың артықшылығын дәлелдеп отыр. Модульдік оқыту кезінде құрылымы және мазмұны өзара байланысқан тақырыптар жекелей топталады және әрбір осындай топтарға балл түрінде рейтингтер тағайындалады. Жоғары оқу орындарындағы оқу пәндерін интеграциялап оқыту бірнеше мақсатты көздейді: студенттердің оқып үйренуге қажетті оқу материалдары ықшамдалады; қоршаған орта туралы білімдер жүйесінің тұтастығы нәтижесінде оқу үрдісінің тиімділігі артады және оқу үрдісінің жандануына бірден бір себеп болатын оң педагогикалық-психологиялық атмосфера орнайды.

Оқушы немесе студент білімін объективті түрде бағалау арқылы тұлғаның өзін-өзі және қоршаған ортасын сыйлай білуін, өз орнын табуын, өзінің іс-әрекетіне сын көзбен қарауды, ұжымда оң психологиялық ахуал тудыруды, білім алуға деген ынтасының күшеюін қаматамасыз етеді. «Тәлімгердің білім сапасын тексеру арқылы оның белгілі бір оқу материалын меңгерудегі жетістіктері мен кемшіліктерін сынай отырып бағалауды, сөйтіп оның оқу жұмысын жүйелі және жүйелілікпен қайта құруын іске асырады. Сөйтіп жеке тұлғаның білім сапасын тексеру үрдісі онда жоспарлы жұмыс істеу, жауапкершілік, тәртіптілік, саналылық, алға ұмтылушылық, нәтижелілік сияқты қасиеттерді тәрбиелейді» [2].

Білім алушы тұлғаның білімін бағалау жүйесін жетілдіру жалпы оқу үрдісінің жағдайын жақсартуға тікілей әсер ететіні белгілі. В.С. Аванесовтің айтуынша, әлемде білім беру жүйесін реформалау мақсатында жасалған көптеген жұмыстардың қомақты нәтижелер бермеу себебінің негізгісі – аталған реформалардың білімді бақылау және бағалау жүйесінің жетілмеуі болып табылады [3].

Европалық университеттерде бір модуль шеңберіне жалпы ғылымдық мәртебесіне қарамастан бір-біріне тақырыптық жағынан жақын пәндер біріктіріледі. Модуль білім алушылардың тұжырымдамалық білімі мен тәжірибелік дағдысының үйлесуіне қарай, бір бағыттан екінші бағытқа, бір деңгейден екінші деңгейге тез әрі тиімді өтуіне мүмкіндік береді. Сондықтан магистратура сатысындағы модульдік оқытуды ұйымдастыру процесінде магистранттың жеке бағдарламасымен  байланысты болуы керек.

Европалық кеңістік шеңберінде бірнеше жоғары білімдер курстар (пәндер) модульмен аталады. Студент алған білімін модуль аяқтағаннан кейін тәжірибе жүзінде көрсетіп шығуы керек. Модуль белгілі пәннің тұсында бүтіндей ұғым қалыптастырады және студент осы модульді меңгергеннен кейін белгілі бір құзіретте істеу арқылы көрсету керек. Модуль тақрыбымен емес студенттің білім жетістігімен анықталады. Семестрдегі модульдің санын, студент бір семестрдегі жеткен нәтижесінің сәйкестігімен анықталады.

Студент оқу жетістігінің өлшемі ретінде оқу процесінде кредит жинайды. Жиналған кредиттер студентке біліктілігін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Мысалы, қосымша жоғары білім алуға. Кредит арқылы студент оқудан ұзаққа созылатын үзіліс ала алады. Бұл жағдайда, алдын ала жиналған кредиттері күшін жоймайды. Қандайда бір себептермен студент оқудан шығып, қайтадан оқуын жалғастыратын болса, алдын ала жиналған кредиттері күшін жоймай саналады. Бұл студенттің жоғары білім алуын жеңілдетеді.

Сонымен модульдік технология төмендегі қадамдарға байланысты ұйымдастырылады:

- модульдің интеграциялау мақсатын анықтау;

- оқу сабағының типінің логикасына байланысты оқу элементіне бөлу;

- әр оқу элементінің мақсатын қалыптастыру;

- әр оқу элементінің мазмұнын анықтау;

- студентке арналған нұсқаулар мен кеңестерді құрастыру.

Оқу модулін құрастыру тапсырмалардың студенттер мен оқытушының іс-әрекетінің алдына қойған талаптар жүйесіне сай болуы тиіс. Тапсырмалар пән ішілік, пәнаралық байланыстарға сай болуы және мазмұнына және танымдық, өздік әрекет сатысына байланысты саралануы тиіс. Проблемаларды және оларды шешуді іздеуге бағытталуы тиіс. Білімді меңгеру механизміне сай болуы, модульдің мақсаттарымен интеграциялануы, өзін-өзі басқаруға бағытталуы және тілдесу, қарым-қатынас жасау дағдыларын қалыптастыруға тиіс.

Оқыту үш этапта жүреді: бірінші этапта оқытушы жаңа материалды түсіндіре отырып, студенттермен бірге талқыланған схема құрады.

Екінші этапта оқытушы студенттермен бірге жұмыс жасайды, студенттердің өздеріне схеманы аяқтауды ұсынады.

Үшінші этапта, бірігіп жұмыс істеу мүлдем болмайды, студенттер өз бетімен жұмыс істейді.

ECTS таралуы әр түрлі елдерге өздерінің оқу орнындағы оқу процестерін шкала бойныша бағалауға мүмкіндік берді және осы бағалаудың қорытындысы арқылы ұлттық білім беру жүйелерін жақындастыруға көмектеседі.

ECTS кредит студенттің жүктемелерін аяқталуында пәндердің бірліктеріне сәйкес келетін сандық мағынасымен қажетті мінездемені береді. Кредитте оқу орнындағы жылдық академиялық оқудың толық аяқталуы үшін қажетті жұмыстардың көлемін яғни дәріс, тәжірибе жұмыстары, семинар, өзіндік жұмыстардың (зертханалық, үйде немесе кітапханадағы) сонымен қатар, емихан және басқада бақылау түрінде көрінеді. ECTS-кредиты осы курс факультеттік немесе университеттік жылдық жүктемедемесінің кредиттік шкаласында қандай бөлім алатынын көрсетеді. Сонымен, кредит студенттің орындаған жұмысын өлшеу бірлігі болып табылады. ECTS жүйесінде бір жылдық оқуы 60 кредит (1500-1800 оқу сағатын құрайды), 30 кредит жарты жылдық (семестр), 20 кредит триместр (оқу жылының үштен бір бөлігі) оқуына тең [4].

Қорытындылай келгенде, 2011-2020 жылдарға жасалған модульдік білім бағдарламасы жоғарғы оқу орындарында кредиттік-модульдік жүйесімен оқытуды енгізіп жатыр. Бұл жоғарғы оқу орынындағы түлектерге академиялық және мамандандырылған білім беруді дамытады және білім алудағы қарқынды әдістерді үйретеді. Отандық кредиттік модульді оқыту жүйесі қазіргі кезде даму үстінде. Бұл оқытушыларымызға модульдік білім беру жүйелерін талқылап, білім беру мазмұнында оқу үрдісіне модульдік білім жүйесін енгізудің тиімді көздерін береді.

 

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.

2. Чернилевский Д.В. Дидактические технологии в высшей школе. – М.: Юнити, 2002. – 438 с.

3. Аванесов В.С. Композиция тестовых заданий. – М.: АДАПТ, 1998.

4. http://www.portalus.ru