Сыздыков Е. Б.

Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Кертінді ауылының М.Сүлейменов атындағы ЖОББМ, Қазақстан

Информатика сабақтарында жеті модульді қолдану ерекшеліктері

 

Бүгінгі таңдағы бәрімізді  алаңдататыны – жас ұрпақтың сапалы білім алуы. Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім.

Білім  берудегі әдіс-тәсілдерді инновациялық үрдістермен алмастыру арқылы жалпы білім сапасын арттыру мәселесі - бүгінгі таңда  көзделген. Осы орайда әрбір мұғалім озық технологиялардың ең тиімдісін өзінің іс-тәжірибесіне таңдауы қажет.

Оқушылары  өз пікір - көзқарастарын еркін түрде білдіре алатын,  өз пікірлерін дәлелдей алатын және оны іс жүзінде іске асыра алатын жеке тұлға болып қалыптаса алса, сонда мұғалім мақсатының жүзеге асқаны.

Оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдері – жеті модульді іс-тәжірибемде қолдану арқылы оның артықшылықтарына көз жеткізіп отырмын.  Бірақта, бұрынғы дәстүрлі әдістерді де жоққа шығаруға болмайды, әр әдіс-тәсілдің өзіндік артықшылықтары бар.

Біз қолданып отырған бағдарламаның түрлі тәсілдерді жинақтағанына қарамастан, сындарлы оқыту негіздері қамтылған. Бұл жеті модульдің барлығы да барлық пән сабақтарында қолдануға ыңғайлы әрі тиімді. Информатика сабағында бұл бағдарламаның негізгі идеяларын пайдалана отырып көптеген тиімді жақтарын көруге болады.

Бағдарламаның негізі -оқушылардың білім алу үдерісін түсінуі, нені оқу керектігін үйренуі, өзін-өзі реттеуі, оқу нәтижелерін бағалауды игеруі. Оқушылармен жұмыс жасау барысында олардың пайымдаулары, көзқарастары мен білім деңгейлерін анықтап алу қажет. Оқушылардың нені игере алатынын,нені игере алмайтындығын бақылау арқылы әртүрлі әдістерді пайдалана аламыз. Оқушылар өздері оқудың қажетті екенін, оны өмірде де өз қажетіне қолдана білу керек екенін сезінуі керек. Сонда ғана олардың оқуға деген ынтасы артады.

Оқытуда бірінші баланың өзін-өзі реттелуіне жағдай жасап, үйрету қажет. Оқушыны оқуда белсенді ету үшін оның нені білетіні мен не білмейтіндігіне көңіл бөлуіміз қажет. Әртүрлі сұрақтар мен тапсырмалар беру барысында оларды орындауына уақыт бөліп, тыңдап, түсіністікпен қарап, бірін-бірі оқытуына мүмкіндік берген жөн. Сонда ғана оқытуда оқушылар өздеріне деген жауапкершілікті сезінеді, өзіне деген сенімі күшейіп, оқуға деген белсенділігі артады. Білім үдерісінің нәтижелі болуы оқушының өздігінен меңгеріп, өзі үшін оқу керектігін түсінуі болып табылады.

Сыни тұрғыдан ойлау – бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты, ойлауға, бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім екенін білеміз. Сыни тұрғыдан ойлау әдісі оқушының ойын дамытуға көп көмегін тигізеді. Сын тұрғысынан ойлауға дамыту модулінде мен келесідей: «Екі жұлдыз, бір тілек», «Жіңіше-жуан сұрақтар», «Білемін. Білдім. Білгім келеді», «Венн диаграммасы», «Ішіне-сыртына», «Шығу парағы» және т.б. стратегияларын қолданамын.

Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану қазіргі кездегі заман талабы болғандықтан оған басты назар аударуымыз қажет. Жаңа ақпараттық технологияларды білім беру үдерісінде қолдану біршама жетістіктерге апаратын жол. АКТ-ны қолдану мұғалімге де оқушыға да қолайлы. Біз информатика сабағында теория мен практиканы ұштастырамыз. Бұл екеуі бір-бірімен өзара тығыз байланыста болады. Тәжірибелік жұмыс жасау барысында бала теориялық білімін шыңдайды. Конфуций: «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есте сақтаймын, өзіме жасатсаң - үйренемін» деген. Конфуций айтпақшы бала қолымен жасағанда ғана жақсы түсінеді, есте сақтайды. Сондықтан да сабақта АКТ пайдалану қажеттілігі туындайды. АКТ-ні тек қана сабақ кезінде ғана емес, сабақтан тыс уақытта да қолданамыз. Өйткені кез келген деректерді интернеттен алуымызға мүмкіншілігіміз бар, рефераттар, презентациялар, сөзжұмбақ, ребустар жасау кезінде. АКТ-ны сабақта қолдану оқушылардың белсенділігін, қызығушылығын арттырады, сыни ойлауға, басқалармен ой бөлісуге, өз тәжірибесін шыңдауға көмектеседі. Сабағымда АКТ-ны қолдану міндетім, өйткені күнделікті өтетін сабағымыз АКТ-мен байланысты. Оқушыларды жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту модулі оқушының танымдық дамуына негізделген. Танымдық даму – баланың оқу және проблемаларды шешу қабілеті. Тәжірибе кезінде оқушылардың физиологиялық, психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес тақырыптар бере отырып, олардың сол тақырыпты қабылдауы, түсінуі, есте сақтауына мән бердім. Бұл жерде байқағаным әр бала ақпаратты әртүрлі деңгейде қабылдайды екен. Сондықтан да сабақ жоспарын жасауда тапсырмаларды құру барысында әр оқушының деңгейін ескеру керектігін түсіндім. Мысалы, сыныптағы оқушылардың деңгейге байланысты топтастыруға немесе жұптастыруға болады, жоғары деңгейлі оқушыларға күрделі тапсырма, орта деңгейге орташа және төмен деңгейлі оқушыларға төмендеу тапсырмалар дайындап отыру керек.

Оқытудағы басқару және көшбасшылық модулі педагогикалық жетілудің пайдалынылмаған әлеуеті, мұғалімдерге қолдау көрсетілген жағдайда, кәсіби өсу мен бірлескен білім беруде іске асырылады деген сенімге негізделген. Яғни, мұғалім сабақ бойы оқушыларды дұрыс басқарып, көшбасшылық жасай алған жағдайда, жақсы нәтижеге қол жеткізгені деп түсінемін. ХХІ ғасыр - білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан-жақты дамыған, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн.

Пайдаланған  әдебиеттер тізімі

1 Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы. // Егемен Қазақстан. – 26 желтоқсан, 2003

2   Байжұманова Н.С. Қоғамдық қатынастар және заман талабына сай мамандардың іскерлік қабілеттерін қалыптастыру // Қарағанды университетінің Хабаршысы. Педагогика сериясы №4 (56) / 2009.- Б.-109