п.ғ.к., доцент Досанова Алтынай Жапаровна

магистрант Калиева Жанар Муратовна

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

 

МОДУЛЬДІК БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНЫҢ ОҚУ ҮРДІСІНІҢ ТИІМДІЛІГІНЕ ӘСЕРІ

Қазіргі кезде біздің елімізде білім мекемелерінде оқытудың сапасын көтеруге зор көңіл бөлінуде. Осыған орай білім берудің даму бағыты мен тенденцияларын қамтитын оқытудың модульдік технологиясы қолданылып жүр. Технологияның түп нұсқасы қандай да бір жүйелік, модульдік сипатта болады.

Қазақстанның кәсіптік білім беру жүйесіне оқытудың кредиттік технологиясын енгізудегі басты міндет – осы жүйенің тұжырымдамасын жасау мақсатында ұлттық ерекшеліктер мен қажеттіліктерге негізделген кредиттік жүйені қолданудағы шетелдік тәжірибені мұқият зерттеп, олардың оң және теріс жақтарын анықтау.

Оқытудың жаңа технологиясын ендіру және білімдегі ақпараттану білім беру жүйесін түбегейлі өзгертудің басым міндеттері болып табылады. Бұдан білім беру үдерісінің маңызды екі құрамдас бөлігі болып табылатын оқыту технологиясы мен білім беру ақпаратын бейнелеу түрлерін түбегейлі өзгерту уақыттың талабы болып отыр [1]. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында жоғары оқу орындарында кредиттік жүйеге ауысудың бейімделу үдерісі өтуде.

Сондықтан жоғары оқу орнының бейімделу потенциалы мен дайындық бағдарламасын көтеру үшін академиялық және ұйымдастырушылық құрылымдардың өзгерістерін жасау, оқыту технологиясы мен әдістерін жаңарту, педагогикалық үдерісті жетілдіру, педагогикалық құрамның сапасын жақсарту қажет болды. Кредиттік оқу технологиясы, оның ішінде модульдік технология студенттердің, оқытушылардың, мамандардың академиялық алмасуына қажетті шарттарды жүзеге асыратын бірыңғай өзара сынақтың халықаралық жүйесін құру мақсатында ұлттық білім беру жүйесін реформалаудан тұратын әлемдік беталыстан туып отыр. Оқытудың бұл технологиясы дидактикалық үдерісті жүзеге асырудың нелер бір ұтымды амал-тәсілдерін іске асыратынына дәлелді пікір білдіреді.

Кредиттік модуль жүйесінің басты айрықша белгілері:

-                     оқу жоспарында көрсетілген пәндерден әр бір студент өзі оқитын пәндерді тандап, жеке оқу жоспарын құрады;

-                     білім беру траекториясында студенттерге оқытылатын пәндерді тандау кезінде таңдауға көмектесуге оқу процесіндегі академиялық кеңесшілерді (тьютор, білім беру бағдарламасының жетекшілерін) тарту;

-                     әр пән бойынша оқытушылар мен студенттердің жұмысаған еңбегін бағалау үшін сынақ бірлігі (кредит) жүйесін енгізу;

-                     студенттердің оқытылатын пәнді меңгеруін бағалау үшін баллдық рейтинг жүйесін қолдану.

Модульдік оқыту ең ұтымды технологияны дидактикалық үдерісте іске асырады. Дидактикалық үдерістің маңыздылығы – модульдік технологияға жүгініп, оқыту мазмұнының жеке блоктарға автономды жіктеліп келуі. Жұмыстың бұл түрінде бұрынғы тараулар жеке-жеке бір сағат көлемінде қарастырылмай, тұтас, туыстас, ұсақ тақырыптардың блокқа бөлініп, оның тұтас жүйесі бір модуль құрастыратыны ескеріледі.

Болон үлгісіне көшу үшін жоғары оқу орындарында барлық мамандыққа орай мемлекеттік стандарт сыйымдылығында барлық пәндерден осындай модульдік жүйедегі оқулықтарды даярлау керектігі байқалып отыр. Модульдік көлемі мамандықтың оқытылатын дидактикалық мақсаттарына тікелей байланысты болып келеді. Мұндай жағдайда бұрынғы стандарт пен бүгінгі стандарт арасындағы айырмашылықтарды жіктеп, әрбір оқытушы-профессорлар құрамы өзінің жұмыс жобасын ұлттық мүддені негізге алып, Еуроодақ елдеріндегі тағылым мен тәжірибені зерделеп, бейімдеп жүйелеуіне ұшқырлық көзделеді.

Оқу процесін ұйымдастыруда орта кәсіптік білім берудің білім беруге арналған кәсіптік бағдарламаларының мазмұны орта кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті стандарттарына сәйкес анықталып, оқу жоспарлары мен бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады.

Студенттердің өздік жұмыстары – оқу-әдістемелік әдебиеттермен және нұс-қаулармен қамтамасыз етілген, тест, бақылау жұмыстары, коллоквиумдар, рефераттар, шығармалар және есеп түрінде тексеретін нақты тақырыптар тізімдері бойынша өз бетінше оқуға бөлінген жұмыс; студенттердің категориясына байланысты ол – студенттердің өздік жұмыстары және сабақ кестесінде белгіленген аудиториядан тыс, оқытушының басшылығымен студенттердің өздік жұмыстары болып бөлінеді.

Студенттердің өздік жұмыстары студенттерден өзін-өзі дамыту мен өздігінен білім алудағы қажеттіліктің туындауына сәйкес және алынған білімдері, іскерліктері, дағдылары мен компетенцияларының орнықтылығына және тереңдігіне әсер ететін оқу процесінің сапасын интегралды бағалаудың маңызды факторы болады. СӨЖ барысында студент өз бағытын, ынтасын қорғай алатын және дәлелдей білетін, еркін сын тұрғысынан ойлау дағдысына ие бола алатын оқу процесінің белсенді мүшесі болады.

Оқытудың кредиттік жүйесінің мақсаты бірыңғайланған білім дипломдарының айқындығы мен танылым, отандық білім беру жүйесінің халықаралық білім кеңістігінде үйлесуі болып табылады. Оқытудың кредиттік жүйесінің негізгі міндеттері – білім көлемін бір ізге келтіру, оқытуды барынша даралау үшін жағдай жасау және студенттердің өздік жұмыстарының рөлдері мен тиімділігін күшейту [2, 3, 4].

Модульдік технологияның бүгінгі «мүмкіндік теориясын» іске асырар басымдылықтары:

- ұйымдастырушылық-нұсқаулық блоктары модуль жіктемесіне жеке-жеке бағынып тұрады;

- әрбір автономды блоктың білім және оқыту мазмұны ұштастықта келіп, дидактикалық маңыздылықты айқындайды;

- оқытудың модульдік оқыту технологиясының мазмұны мен оның көлемі кәсіби және оқытудың саралану деңгейі мен мақсатына орай бірнеше нұсқаға бағдарланады.

Аталған үш ерекшелік басқа технологияларға қарағанда ұтымдылықпен ұшқырлық сапаны өркендетуге қолайлы жағдай жасайды.

Кредитті технологияны іске асырудың мүмкіндігі – стандартқа жүгінген оқулықтардың модульдік технология жүйесіне бағыну заңдылығы болып табылады. Бұл заңдылық оқулықтағы модульге жіктелген нысаналардың теориялық негізінің тәжірибедегі көрінісін үйлесіммен берілуіне қолайлы жағдай туғызады. Кредиттік технологияның іс-әрекеті өнімді нәтижеге жетуі үшін модульдік технологияны ұтымды пайдалану көзделеді. Осы ұғымның зерттелген дәрежесіне байыппен қарасақ, бірталай ғалымдардың білім беру орындарындағы модульдік іс-әрекет технологиясын зерттегені байқалады. Мысалы, модульдік оқытудың генезисін зерттеген Чернилевский Д.В. ХХ ғасырдың 60-жылдарында АҚШ-та, Еуропада аталған оқытудың түрі кең тараған.

Модульдік технологияның оқыту іс-әрекетіндегі маңыздылығын зерттеген ғалым М.А. Чошанов, ал модульдік технологияның оқыту үдерісінде ұтымды қолданылуына салиқалы үлес қосқан П.Я. Юцявичене [5]. Бағдарламалық-әдістемелік құжаттамалардың құрылымы мен мазмұнын модульдеу проектісін оқу үдерісіне енгізгендер: П.Н. Новиков, В.А. Ермоленко, Т.Т. Новикова, Н.Е. Эрганова, Н.В. Бородина [6].

Қазақстанда модулдік оқыту технологиялары жайында жазылған Ж.А.Қараев, Ә. Жүнісбек және Ж.А.Темербаевалардың еңбектерін атап өтуге болады. Мұнымен бірге әлемде, оның ішінде Қазақстанда болып жатқан білім беру үдерісі барысындағы өзгерістер, анықтап айтқанда, адамның әлеуметтік ортадағы қамтамасыз етер мәселеге назар аудару қажеттілігі туып отыр. Оқыту студенттердің оқуға ізденімпаздық белсенділігін арттыру тұрғысында ғана жетістікке жетеді. Неғұрлым студенттердің іс-әрекетін қарқындылыққа қарай оқытушы-профессорлар құрамы бағдарлай білсе, соғұрлым оқыту нәтижелі болмақ.

Студент түсінігінің өркендеуіне бір ұғымның екінші ұғыммен тығыз байланыстылығы арқылы жүзеге асады және ол ұғымдар белгілі тақырыптың маңыздылығын айқындауға көмек береді. Оқыту үдерісінде студенттердің мақсаттылықта өзара қауымдық іс-әрекетімен бірге төмендегідей заңдылықтар ескеріледі:

- қабілет тек білім мазмұнынан туындайтын ғылым негізіндегі нысаналарды ойға, жадына сақтау іс-әрекеті мен қызметінің ұштасуына қарай дамиды;

- оқу материалының меңгерілу тұрақтылығы оның ілгерілеу заңдылығына қарай ұдайы ескеріліп, бірнеше рет қайталау іс-әрекетінде жүзеге асырылады;

- оқу, оқыту іс-әрекетіндегі қолданылатын күрделі тәсілдердің бәрі дерлік оқытушылардың қаншалықты біліми-ғылыми еңбекті ұйымдастыруда қарапайым тәсілдерге төселдіруіне қарай дамиды, сөйтіп студент белгілі бір оқыстан туатын жағдайларды қарапайым тәсілдердің басын қосу арқылы өзінің тәжірибесінде ұтымды қолданып, оны күрделендіре алады;

- студент оқу үдерісінде оқытушылардың берген ақпараттар тоғынын еске түсіру арқылы оны жинақтап, одан әрі дамытуға мүмкіндік алады;

- кез келген білім мазмұнындағы жақсылықты меңгеру үшін студент тіректік ұғымдарды табуға ынталану аудиториялық жұмыстардың нәтижесінде туады;

- студенттің икем-қабілетінің өркендеуі оқытушылардың ұсынған білім мазмұнының сипатына тікелей байланысты;

- көп вариантты тапсырмаларды орындау студенттердің бұрынғы, аудиторияда орындаған тәжірибелеріне сүйену арқылы шешіледі.

Білім беру жоғары оқу орындарында оқу үдерісіндегі оқытушы мен студенттің өзара танымдық қызметінің деңгейлігіне бағынады. Оқытушы типтік бағдарламаның мамандандырылған мінездемедегі көрінісімен біріктіріп, өзінің жұмыс бағдарламасын құрастырады. Дидактикалық нысанның оқу жоспары нақтыланып, блоктарға, модульге жіктеліп, оның пәніне орай баспадан жарық көрген оқулықтар мен оқу құралдарының бағдарламадағы көрінісін тәжірибеде қолдануға қозғаушы күш рөлін атқарады.

Модульдік оқытудың мәні, оқып-тануда оқушы модульмен жұмыс жасау барысында өз бетімен (немесе белгілі бір көмек негізінде) нақты мақсатқа жетеді. Осылайша, модуль модульдік оқытудың құралы болып табылады, себебі оның құрамына: мақсатты іс-әрекет жоспары, ақпарат қоры, дидактикалық мақсаттарға жетудің әдістемелік нұсқауы кіреді.

Модульдік бағдарлама модульдік оқытудан жоғары. Бұл үлгі модульдің ортасындағы іс-әрекет. Кредиттік оқыту жүйемен модульдік бағдарламаны жобалаудың тек өзіне тән қағидаларын ескерген жөн. Оған мыналар жатады: модульдік, құрылымдық, өзгертілімдік, іс-әрекеттік, паритетті, кері байланысты ішкі мүмкіндіктерімен, интеллектуалды әлеует қорымен жүзеге асырушылық.

«Оқыту» мен «дидактика» ұғымдарының екеуі екі түрлі екенін кредитті технологиямен сабақ беру іс-әрекетінде ажыратылады. Дидактика нысаны – оқытудың басты шарты. Себебі іс-әрекетке, білім мазмұнына, мемлекеттік стандарт мүддесіне, мемлекеттің стратегиясы мен тактикасына жүгіне отырып құрылуына мүмкіндік беретін тек дидактика нысаны екенін ескерген жөн. Олай болса, оқытуға мен міндетті түрде дидактика ұғымын қатар алуды орынды. Бұл орайда студенттің интериоризациясын пән нысанында көз алдарына сол нұсқада келтіру – басты іс-әрекет [7]. Бұл оқыту кредиттік технологиясын жүзеге асырудың, оның жобасын алдын-ала құрудың белді бір шарты екені анықталды. Нәтижесінде студент екі түрлі еңбектің иесі болып табылады: оқу еңбегі, ғылыми еңбегі және әр студенттің болмысын ескеру, яғни онтологиялық педагогиканы негізге алу.

Қорыта келгенде, жоғары оқу орындарындағы дидактиканың ғылыми-педагогикалық дамуына назар аударсақ, репродуктивті-эмпирикалықтан эвристикалыққа өту арасы тым ұзақ мерзімді қамтығанын байқаймыз. Бұдан шығар тұжырым, адамзат алған білімін өздігінен дамыта алмай, оны тек қайталау арқылы қабылдаған. Ал, ол іс-әрекетін тәжірибеде қолдана алуы нәтижеге апармаған. Кредиттік технологиямен оқыту – оқытушы мен студенттер арасындағы өзара байланыс, оқыту және оқу білім мазмұнының мемлекеттік стандарт ауқымындағы алға қойған міндеттерін жүзеге асыру; студенттерді ғылым салаларымен интеллектуалды әлеуетін үзіліссіз дамыта алуға бағдарлау және олардың біліми-ғылыми оқу еңбектерін өздігінен ұйымдастыра алуға бағыттау.

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы // Егемен Қазақстан, 2014.

2. Бабанский Ю.К. Оптимизация процесса обучения. – М., 1997.

3. Беспалько В.П. Педагогика и прогрессивные технологии обучения. - М., 1995.

4. Қабдықайырұлы Қ., Монахов В.М. Оқытудың педагогикалық жаңа технологиялары. - Алматы, 1999.

5. Юцявичене П.А. Теория и практика модульного обучения // Советская Педагогика. 1990, № 1. - С. 55 - 60.

6. Бородина Н.В., Эрганова Н.Е. Основы разработки модульной технологии обучения: Учеб. Пособие. - Екатеринбург: Изд-во Урал. гос. проф-пед. ун-та, 1994. - 88 с.

7. Исаева А.Т., Жузбаева А.Т. Қазақстан Республикасындағы индустриялық-инновациялық стратегиясының даму бағыттары, -Алматы, 2012.