п.ғ.к., доцент Досанова А.Ж.

п.ғ.д., профессор Айкенова Р.А.

магистрант Байгельдина И.Ф.

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

 

А.БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ ҒЫЛЫМИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ  ЕҢБЕКТЕРІ

А.Байтұрсынов – ХХ ғасырдың басында алғаш рет сауат ашу оқулықтары, оқыту әдістемесі туралы ғылыми еңбек жазған тұңғыш ғалым. А.Байтұрсыновқа дейін қазақ оқыту әдістемесінен ғылыми еңбек жазған ғалым болмаған. А.Байтұрсынов әдістеме заңдылықтарын оқулықтар жазуда іс жүзінде қолданған және әдістемені ғылыми тұрғыда зерттеген ғалым.

1929 жылы Мәскеуде А.Байтұрсынов «аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогі, қазақ тілі емлесінің реформаторы, грамматикалық және әдебиет теориясының негізін салушы» деп бағаланады.

А.Байтұрсынов өзінің ағартушылық-педагогтық қызметін атқара жүріп, қазақ арасындағы оқу жайы, сауат ашу мәселелері жөнінде әдіскер ретінде ғылыми мақалаларын да жариялап отырған.

А.Байтұрсынұлы әдістеме мәселелері жөніндегі еңбектерінде бүгінгі оқыту ісімізде қажетке жарарлық мәселелерді сөз еткендігі көрінеді. Ғалымның «Әдістемелік жағынан құнды бұл кітап» (1912), «Баяншы» (1920), «Оқу құралы», «Әліппе астары» (Оқу құралы) деген қазақша әліп-би бойынша үйретушілер үшін шығарылған баяншы (1924), «Сауат ашқыш» (1926), «Ана тілінің әдісі» (1928), «Тіл жұмсар» (1-кітап, 1928), «Қай әдіс жақсы?» (1928), «Әліп-би» (3-рет басылуы, жаңа құрал, 1928) т.б.еңбектері бүгінге дейін маңызын жоймай, әдістемеге негіз болып отыр.

1914 жылы ғалым «Бастауыш мектеп» атты көлемді мақаласында автор қазақтың бастауыш мектептері қандай болуы керек деген мәселе қойып, сол кездегі қазақ жеріндегі ауыл мектептерінің жағдайы мәз емес, оларда бағдарлама, оқу құралдарының жоқтығын, мұғалімдердің жетіспейтіндігін тілге тиек етеді. Халықтың сауатын өз ана тілінде ашу керектігін жөн санайды, әрі бастауыш мектеп бес жылдық болып, оның алғашқы үш жылында балалардың ана тілінде, кейінгі екі жылда орысша оқу керектігін айтады.

А.Байтұрсынов 1912 жылдан бастап мұғалімдер үшін жазу таңбаларын түсіндіретін «Баяншы» атты әдістемелік кітапшасын шығарды. Бұл әдістемелік құралда өзінің тұңғыш әліппесі «Оқу құралын» қалай, қайтіп оқыту керек деген мәселелерге тоқталды. Көлемі 15 беттік қана болғанымен, бастауыш мұғалімі үшін өте маңызды құрал болды. А.Байтұрсыновтың сауат ашу әдістерінің түрлеріне «Әліп-би астары» атты еңбегінде де тоқталды. Мұндай құралдар сол кездерде өте тапшы, тіпті жоқтың қасы болғандықтан бұл мұғалімдер үшін үлкен көмекші құрал болды. Ғалым бұл құралды оқытушылықпен айналысқан 14 жылда жинақтаған тәжірибесінен жазғандығын 1920 жылы басылған «Баяншыда» ескертеді [1].

Автор «Әліппе» кітабы оңай болып, оқытқанда балалары неғұрлым аз қиналса, соғұрлым жақсы болмақшы, - дей келіп, алға қойған мақсатпен әліппені жазарда мына принциптерді ескергенін айтады:

- әліппенің басынан аяғына дейін оңай, қысқа сөздерді алу;

- әр дыбысқа жеке харіп арнау. Бұл жөнінде ғалым: «олай болғанда бұрынғыдай бір харіп әр түрлі орында әр түрлі оқылмай, қай орында болса да, бір харіп бір-ақ түрі оқылады һәм бұл оқуды жеңілдетеді», - деді.

Қазақ тіліндегі дыбыстардың қайсысының жуан, жіңішке, қайсысының бірде жуан, бірде жіңішке айтылатын ерекшеліктері оларды белгілеуде қиындық туғызғанын айтады.

Еңбектің «Дыбыспен жаттығу» атты бөлімінде: «Сөз – дыбыстың мағыналы болып тізілгені» - деп түйіндейді. Дыбыспен жаттығудың негізгі жолдары ретінде мыналарды көрсетеді:

- әуелі балаларға әр түрлі дыбыс бар екенін білдіру;

- балаларға таныс сөздерді алып, олардың ішінде қандай дыбыстар барын айту;

- бөлек-бөлек дыбыстарды тіздіріп сөз айтуды білдіру.

Мұны білмей тұрғанда, балаларға харіп көрсетуге болмайтынын, ол «жайпақпен жүрмей, жармен жүрген сықылды» балалардың күшіне тиетінін айтады. Балалар дыбыспен таныса бастағанда әріптерді жаздырып үйрету керек. Бұлардан кейін дыбыспен қалай оқыту жайына көшіп, алдымен бір буынды, кейін екі буынды, сосын 3-4 буынды сөздермен, олардың дыбыстарымен таныстыруды жөн көрген.

Әдіскер-ғалым дыбыспен жаттығу кезіндегі әдіс-тәсілдерден де мол мағлұмат, нұсқау бере білген. Екі буынды сөздің ішіндегі дыбыстарды айыруды үйрету, бұл арада балаларды сөздің ішіндегі дыбыстарды айыруды үйрету, бұл арада сөздің буынымен таныстыру керек десе, ол үшін екі буынды, үш буынды сөздерді алып, созып айтуды ұсынады. Сөзді буындап бөлуді білгеннен кейін екі буынды, үш буынды алып, әуелі екі сөзді буын-буыннан бөлдіріп, әр буындағы дыбыстарды айыртқызып, сонан соң тұтас сөздің ішінде қанша және қандай дыбыс барлығын көрсетеді. Балалар сөзді буындап бөлгеннен кейін, сөздің әр буындағы дыбыстарды айырып, тұтас сөздің ішіндегі дыбыстарды білетін болған соң, дыбыстарды қосып сөз айтуды үйрету керектігін нұсқаған. Бұл үшін әуелі дыбыстарды емес, сөздердің буындарын бөлек-бөлек айтып, олардың қосуды ұсына келіп, ескертулер береді.

А.Байтұрсыновтың келесі бір «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында жалпы оқу бағдарламаларының жоқтығы, оқудың жүйесіздігі жөнінде айтылады. Әліппелер жаңа ғана шыға бастағанмен, оның қайсысы оқытылары әлі белгіленбеген еді.

1913 жылы жазылған «Оқыту жайынан» атты мақаласында ғалым: «Қазақтар бұл кезде оқудың керек екенін біле бастады, бірақ оқудың жөнін, мәнісін, ретін білмеді. Амал жоқ оқу құралдарының жоқтығынан ноғайша кітаптармен оқытты. Қазаққа лайықтап бағдарлама жасағанмен, оған лайық оқулық болмағандықтан сәйкеспеді. Дұрыс оқыта білмейтін мұғалімдер оқу жұмысының салмағын балаларға артып, мұнан балалар бұдан дұрыс білім алып шықпады. Бұлардан басқа «усул жадид» мұғалімдері де екі түрлі – біреулері «усул мадие», екіншілері «усул сотие» жолымен оқытты. Бұлардың ең жақсысы – «усул сотие» жолы. Бірақ онымен оқытатын жақсы білетін мұғалімдер аз болды» - деп жазды.

«Қазақ һәм түрлі мәселелер» атты мақаласында 1910 жылы Думадағы кеңесте қаралған бастауыш мектептегі сауат ашу мәселелері сөз болады. Мақалада А.Байтұрсынов кеңестің «егер мектептерде оқу орыс тілінде оқытылса, балалар жасынан орыс тіліне үйреніп, Ресейге қараған өзге тілді ұлттар өз тілдерін ұмытып, орыс тіліне ауып, орыспен бірігіп, сіңісуіне жақсы болады» деген пікіріне әр халық «бастауыш мектепте өзінің ана тілімен оқуға тиіс» деп қарсылық қылып жатқанда, қазақтардың үнсіз қалғанын айтып қынжылады.

А.Байтұрсыновтың 1928 жылы «Жаңа мектеп» журналында (№4) жарияланған «Қай әдіс жақсы?» атты әдістеме мәселесіне арналған проблемалық мақаласында: «Жалғыз әліп-би үйретудің өзінде толып жатқан әдіс бар, әдіс түрлерін айтып тауыса алмас едік, - деген ойларды айта келіп, сауаттау әдісі (сауат ашу, сауаттандыру) атауын тұңғыш рет ұсынады. «Егер де тілінің заңы, емлесінің немесе әрпінің жүйесі басқа болса, онда бірінде жақсы болған сауаттау әдісі екіншісінде жақсы болады деп айта алмайды» - дейді. Автордың зерттеуінде ана тілімізді еуропа тілдерінің, мәселен, ағылшын, француз, итальян, орыс, сондай-ақ, қытай, татар, азербайжан, қырғыз тілдері ерекшеліктерімен салыстыра зерделеу, түсіндіру, талдау бар.

А.Байтұрсыновтың әдіс жөнінде тек қана айтып қоймай, әліппе, оқу құралдарын жазарда талдау, жинақтау, қайталау, көрнекі салыстыру секілді әдіс-тәсілдерді шебер қолданған. Автордың зерттеулерінде ана тілімізді түркі, еуропа тілдерінің, мәселен, қытай, ағылшын, француз, итальян, орыс, татар, әзербайжан, қырғыз тілдері ерекшеліктерімен салыстыра зерттеген. Мақалада сауаттылық мәселесі жөнінде де айтылған. А.Байтұрсынов оқулық жазумен қатар, оқулық жазу әдістемесін де қалыптастырған. Бұл орайда ұстазы Ы.Алтынсариннен өз тұсындағы орыс тілі әдістемесіне оның ілгері-кейінгі тарихынан, өзге алдыңғы қатарлы халықтардың оқулық жасау тәжірибелерінен тәлім, өнеге алған. Жақсы тәлімді дүниелер ескере отырып, халқымыздың ұлттық нақышына бейімделген, «шамасы келгенше қазақ қанына қабыстыруға тырысқан» [2].

А.Байтұрсыновтың «Жалқылау (айырыңқы) әдіс» мақаласы бүгінгі оқыту үрдісінде пайдаланып жүрген анализ (талдау), синтез (жинақтау) әдістеріне арналған. Қазақ әдіскерлерінен алғашқы болып А.Байтұрсынов анализ, синтез әдістерінің басты белгілерін анықтады. Жалқылау оқытудың ең тиімді түрі екенін, яғни буыннан, әріптен бастамай, ғалым бірден сөздің тұтас тұлғасынан бастап үйрету қажет екендігін айтады.

А.Байтұрсыновтың «Тіл жұмсары» - сөйлеу, оқу, жазу тілін жұмыс-тәжірибесі арқылы танытатын әдістемелік құрал. Дыбыс пен жаттығу деген бөлімде дыбысты қалай оқыту қажет деген мәселе төңірегінде әдістемелік ой қозғайды. Дыбысты меңгеруге байланысты мұғалімдерге бірнеше ақыл-кеңес береді. Оларды сауат ашу әдістемесінің алғашқы бастамасы деуге болады.

«Әліб-бійді» жазу үшін оған қазақ тілі фонетикасы мен грамматикасын зерттеу қажеттігі оны ағартушылық қызметтен ғалымдыққа жетеледі. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі мен оған қажет графика туралы алғашқы пікірлерін ол 1912 жылдан бастап «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті беттерінде қазақ дыбыстарын білдірмейтін араб алфавитінің кейбір таңбаларын қазақ жазуына енгізбеу керектігін, тұтас сөздің жіңішкелігін білдіру үшін дәйекші деп аталатын белгі қою қажеттілігін дәлелдейді. Осы кезден бастап қазақ лингвистикасының терминдері жасалып, қалыптаса бастады. Бұлайша түзетілген алфавиттің сауат ашудың дыбыс жүйелі әдісіне сай келетін графика екендігін айтады.

А.Байтұрсыновтың тәртібінше қазақ тіліндегі әрбір дыбыстың өзіне арналған әріп бар. Ол әріптермен не айтылса соны жазуға, не жазылса соны оқуға болады. Бір түрлі жазылған сөзді бұрынғыдай неше түрлі қылып оқуға болмайды. Бұл тәртіп бойынша ( ھ – һ, ح – қ, خ – х, ڡ – п, - ш, ث – тыс, ذ – з, ض  - з, ظ  - з, س  - с, ط  - т, غ – ғ, آ ) 13 әріпті кеміткен [1]. А.Байтұрсыновтың қазақ дыбыстарына лайықтап жасаған әліпбиінде барлығы 24 дыбыс таңбасы беріліп, ә, і, ү, ө дыбыстары сәйкес жуан дауыстыларға дәйекше қою арқылы жазылады деп атап көрсетілген.

 

1 кесте - А.Байтұрсыновтың жасаған араб-қазақ әліпбиі

 

Жеке тұрғанда

Сөз

басында

Сөз

ортасында

Сөз

аяғында

Дыбыстың арабша атауы

Кирилше таңбасы

1

ا

 

 

әліп

а

2

ٵ

 

 

һәмзә-әліп

ә

3

ب

ба

б

4

گ

гәф

г

5

ع

аин

ғ

6

د

 

 

дәл

д

7

ە

 

 

ае

е

8

ج

жим

ж

9

ز

 

 

заин

з

10

ي

я екі ноқат

й

11

ك

кәф

к

12

ق

қаф

қ

13

ل

ләм

л

14

م

мим

м

15

ن

нун

н

16

ڭ

еңге / кәф үш ноқат

ң

17

و

 

 

уау

о

18

ٶ

 

 

ٴو

һәмзә-уау

ө

19

پ

па

п

20

ر

 

 

ра

р

21

س

син

с

22

ت

та

т

23

ۋ

 

 

уа / уау үш нұқат

у

24

ۇ

 

 

дамма-уа /дамма-уау

ұ

25

ٷ

 

 

һәмзә-уа / һәмзә -дамма-уау

ү

26

ش

шин

ш

27

я

ы

28

ٸ

һәмзә-я

і

 

А.Байтұрсынов реформалаған араб жазуы бұған дейін де қолданыста болғанымен, 1924 жылы ресми түрде қабылданды. Бұл өз кезегінде қазақ халқының мәдени дүниесінде үлкен роль атқарған, қалың көпшілікті жаппай сауаттандыру ісіне, жазба әдебиетінің дамуына, баспа жұмысының жандануына игілікті қызмет еткен маңызды құбылыс болды (1 кесте). А.Байтұрсыновтың бұл тәжірибесін өзге түркі халықтары үлгі тұтып, өз жазуларына өзгерістер енгізді. Ғалым ширек ғасырдай күш жұмсап, тер төккен бұл еңбегін, яғни реформаланған қазақ жазуы қазақ мәдени талаптарын әбден өтей алады – деген көзқарасын латын әліпбиіне көшу жайында әңгіме басталғанда, 1926 жылғы Бакуде өткен Бүкілодақтық 1-түркологтар съезінде барынша дәлелдеп, латынға көшуге қарсы болды.

А.Байтұрсынов әліпбиінің тарихтағы алатын орнына көптеген ғалымдар өз бағасын берді. А.Байтұрсыновтың қазақ тіліне икемдеген араб жазуын қазақ жұртшылығы, әсіресе, мұғалімдер қауымы талассыз қабылдады, себебі бұл қазақ тілінің табиғатына, яғни сингармонизм заңдылығына сүйеніп жасалған болатын [3].

А.Байтұрсыновтың жасаған әліпбиі жөнінде М.Дулатов: «Жазуды тәртіпке салу деген оңай емес. «Оқушылар сынасын» дегенге әркім басына келгенін жазатұғын болса, еш уақытта ойды бір жерге қорытып болмайды. Сынаушылар да байқап жазарға керек; һәркімнің ізіне түсіп қуған, үйренген бір ісі болады. Сол ісін ол басқалардан артығырақ біледі. Егер оқу, оқытуды машықтап, ол оқытудың һәм оқытқан нәрселерінің асыл тәртібін, түп негізін анық білетін кісілер жазу хақында өз пікірлерін түсінікті етіп жазса, сынаушы деп соларды айтуға жарайды. Құр шала-шарпы есіткен, яки өзінің көзі үйренгеннен басқаның бәрі де теріс деп білушілер сынайтын болса, біреу түгіл, тоқсан тоғыз тәртіпке де табан тоқтату қиын» - деген болатын [4].

Қазіргі қолданылып жүрген қазақ әліпбиін алғаш С.Аманжолов орыс әліпбиі негізінде жасады. 1940 жылы қарашадағы республика Жоғарғы Кеңесінің сессиясында ұсынылған оның негізгі орфографиялық ұстанымдарын «Жаңа алфавит және қазақ әдеби тілінің орфографиясы (орыс алфавиті негізіндегі)» атты еңбегінде жариялады [5]. А.Байтұрсынов түзеткен жазу 1912 жылдардан бастап іс жүзінде қолдана бастады, яғни осы жазумен кітаптар шықты, 1913 жылдардан бастап мұсылман медреселерінде де, қазақ-орыс мектептерінде де осы жазу қолданылды.

Қорыта келгенде, А.Байтұрсынов қалыптастырған жаттығу үлгілері мен оқыту әдістері кейінгі оқулықтар мен әдістемелік еңбектерде одан әрі тереңдетіліп, күні бүгінге дейін қолданылуда. Ғалымның оқулықтарындағы оқушылардың сөздік қорын байытып, сөз мағыналарын дұрыс қолдануға баулу бағытындағы үлгілер кейін басқа оқулықтар мен оқу бағдарламаларын жасау кезінде де маңызды рөл атқарды.

Әдебиеттер:

1. Байтұрсынұлы А. Әліб-бій. – Қызылорда: Казиздат, 1928. -118 б.

2. Досанова А.Ж. Қазақ әліпбиінің тарихы. –Астана: Тұран-Астана, 2011 ж.

3. Досанова А.Ж. Қазақ әліпбиі латын графикасында: тарихы, бүгіні, болашағы. –Астана: Өрнек, 2015.

4. Дулатов М. Жазу тәртібі. - Алматы, 1991. -223 б.

5. Аманжолов С. Орыс алфавитіне негізделген қазақ алфавиті мен орфографиясы. – Алматы, 1940. -21 б.