п.ғ.к., доцент Досанова Алтынай
Жапаровна
магистрант
Байгельдина Индира Фаридовна
«Тұран-Астана» университеті,
Қазақстан
А.БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ «ӘЛІБ-БІЙІ» ОҚУЛЫҒЫНДАҒЫ
ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК ОЙЛАР
Ғалымның ең
алғаш жасаған әліппесі (1912) «Оқу құралы, қазақша
алифба» деп аталады. Араб жазуын қазақ тіліне икемдеп, әр
дыбысқа жеке таңба (әріп) берді, олардың
сөздің әртүрлі деңгейінде (басында, ортасында,
аяғында) жазылуын аңғартатын мысалдар, мәтіндер
ұсынды, қолданылуындағы ерекшеліктерді ескертті.
Арабтың бір ғана у
әрпімен бес дыбысты (о, ө,
ұ, ү, у) белгіледі. Ал, и
әрпін үш дыбысқа (ы, і,
и) пайдаланды [1]. Сөз ішінде кездесетін қысаң
дауыстыларды жазбау сөздердің дыбыс, буын, құрамын
тұмшалап, көп қиындық келтірді. Мысалы қйсық, (қисық), алу
(алұу), салқн (салқын), т.б.
Татарстанда бастауыш білім беру, сауат ашу жұмыстары
Қазақстанға қарағанда едәуір ертерек
басталғаны тарихтан белгілі. Татар және орыс-татар мектептері
үшін 1892 жылы 28 қаңтарда, Петроград цензурасының
қуаттауымен араб әліпбиіне негізделген Ахметқазы
Мақсудидың «Мұғалім сәні» атты әліппесі
жарық көрген [2]. А.Байтұрсыновтың 1912 жылғы
әліппесі осы әліппеге ұқсас болып келеді. Осыған
қарағанда, А.Байтұрсынов әліппе жасағанда татар
әліппелерін де негізге алғандығы байқалады.
Оқулықтың 1898 жылдан бастап жыл сайын басылып шығып
отырғанына қарағанда Татарстанда және
Қазақстанда сауатсыздықты жоюда көп жылдар бойы
қолданыс тапқандығын көру қиын емес. Татар
және орыс-татар мектептерінде «кластық» оқытуда
қолданылған арабша түпнұсқа әліппе –
небәрі 48 беттен тұратын оқу құралы. Сауат ашу
оқулығының мұқабасы жұқа, суретсіз,
жазулары тым кішкентай. Оның 2-3 беттерінде мұғалімдерге
арнап алғы сөз жазылған. 4-бетінде барлығы 29
әріп, 1 белгісі (٭) бар әріптер реті
(алфавит) (1сурет) былайша берілген:
|
اب ت ث ج ح خ
د ذ ر ز س ش ص ض ط ظ ع غ ف ق ک
ل م ن و ه ﻻ ي ٭ |
1 cурет - Татар және орыс-татар мектептеріне арналған
араб әліппесіндегі әріптер тәртібі (1917)
Әрбір бетте 3 дыбысты оқытуға материалдар беріліп,
олардың әрқайсысының арасы сызықпен
бөлінген. Әріптер реті беріліп, одан кейін бірден ﺍ (а) дыбысы өтіледі. А дыбысынан кейін р дыбысы
өтіледі [2]. Бұл әліппедегі әріптердің
оқытылу реті былайша (оңнан солға қарай):
ﺍ
ﺮ ﺯ ﻢ ﺕ ﻥ ﻲ ﺏ ﻙ
ﻞ ﻮ ﻩ ﻑ ﻖ ﺵ ﺱ ﺙ
ﺹ ﻁ ﺞ ﺦ ﺢ ﻍ ﻉ ﺪ
ﺽ ﺫ ﻆ
Дыбыстарды өтіп
болғаннан кейін, яғни әліппе кезеңі
аяқталғаннан кейін үш дауысты дыбыспен ( ﺍ ﻰ ﻭ)
құралған үш қатар буындар кестесі, одан соң
оқуға жеке сөздер, қысқа мәтіндер,
әрі қарай құран сүрелерінен үзінділер
беріліп, оқу материалдары күрделене түскен. Әліппе
оқулығы ғылыми негізде, сауатты құрылғаны
оқулық мазмұны мен құрылымынан анық
көрінеді. Мұнда дидактиканың «жеңілден ауырға»,
«оңайдан қиынға», «қарапайымнан күрделіге»
қағидалары басшылыққа алынып отырған.
1912 жылы А.Байтұрсынов
«Жазу тәртібі» деген мақаласында орысша, мұсылманша сауат
ашуға көп уақыт кететінін айтты. «Оқу
құралының ең ұлығы – бала
оқытатұғын кітап, оның жақсы болып,
балалардың жанын қинамасына жазудың тәртібі болу шарт.
Ондай кітап жазу үшін алдымен жазу жөнделіп, дыбыстар
анықталып, «сөз ішінде қай дыбыс естілсе, сол дыбыстың
әрпін жазу керек» - дейді [3].
«Қазақша
әліппе» 1912, 1914, 1919 жылдары қадим үлгісімен басылды.
Оның құрамында 37 дыбыс таңбасы болды. Бұл
қазақша әліппе 1925 жылға дейін 7 рет басылып, сауат ашу
құралы болды. Байтұрсыновтың әліппелері осы
уақытқа дейін ғылыми тұрғыда талданбай келеді.
Осы оқулықтан 13 таңба қысқартып, 1926 жылы
«Әліб-бій» атты сауат ашу оқулығын жазды. Ол баспадан 3 рет
басылып шықты. А.Байтұрсыновтың осы әліппесінің 3
басылуы (1928 ж) қолымызға түсіп, оған талдау
жасуға мүмкіншілік болды [4]. Мұнда қазақ
дыбыстарының саны 24. Олардың 5 дауысты, 17 дауыссыз дыбыс. Ал у, и
дыбыстарын дауыстыға да, дауыссызға да қоспайды. Оларды
жартылай дауыссыз деп таныған болу керек. Ал әріптер тәртібін
бергенде 9 дауысты дыбысты ажыратады. Жіңішке дауыстылардан е-ні
ғана есептейді де, қалғанын есепке қоспайды. Жалпы
әріптер тәртібінде 28 дыбыс таңбасы бар.
А.Байтұрсыновтың бұл оқулығы – сол
тұстағы жинақталған алдыңғы қатарлы
тәжірибелерге сүйене отырып, озық әдістемелік
теорияларға негізделіп, баланың психологиялық,
ұлттық, жас ерекшеліктерін ескере отырып жазылған
еңбек. «Әліб-бійді» араб жазуынан көшіріп,
түсініктемесін жазып, әрі редакциясын басқарған
Ұ.Асылов араб әрпін бүгінгі кирилл әрпімен келтіріп
жазды, бұл оқулықты танып-білуге, оның бүкіл
сөздерін ұғып жазуға, түсінуге, талдауға
мүмкіндік туғызды. «Тағы да ескере айтарымыз: әліппе
мазмұнына есептің түр-түрлерінің жеңіл
бағытпен кіріктірілуі сол уақыттағы қағаз
тапшылығынан деп айтуға болады. Ол кезде жеке-жеке пәндік
оқулықтар жасау үшін де қаржы мүмкіндігі
болмағаны түсінікті. Соған қарамастан
А.Байтұрсынов оқулық мазмұнына әріп таныту, оқып
сөйлету, жазып үйрету, есеп шығарту, табиғатты
танып-білу, өмір сүру дағдыларын т.б. да мәселелер
кіріктіріле жасалынды. A.Байтұрсыновтың «Әліб-бійі» (1928)
осы уақытқа дейін әртүрлі тұрғыда талданып,
дыбыстардан сөз құрау, сөздерден сөйлем
құрау тәсілдері, жалпы ғалымның
әліпбиінің артықшылықтары туралы сол кезеңнен
бері айтылып келе жатыр. Бұл оқулық – әлі де
жан-жақты қырынан толық ашылып бітпеген үлкен
ғылыми еңбек. Сондықтан да біз бұл әліппедегі
әріптердің өтілу реті, әріп танытудағы пайдаланған
әдістер тұрғысынан талдағанды жөн көрдік.
А.Байтұрсыновтың «Әліб-бійі» –
ғылыми-әдістемелік, педагогикалық-психологиялық
талаптарға сай жасалған, өз кезеңінің
құнды оқулығы, балалардың нағыз сауатын
ашатын қолайлы құрал.
Оқулықтың
алғашқы бетінде мұғалімдерге сол кездегі оқу
және оқытудың өзекті мәселелері жөнінде
жазған алғы сөзі бар. Бір қарағанда А.Байтұрсыновтың
оқулығының жалпы мазмұнына қарап,
оқулықтың бастауыш мектепке арналғанын, не
үлкендерге арналғанын ажырату қиын көрінеді.
Өйткені әліппенің титул бетінде оқулықтың
кімдерге арналғандығы көрсетілмеген және
оқулық ішіндегі кейбір жекелеген сөздер, кейбір
мәтіндердегі сөздер мен сөйлемдер бала жасына лайықты
емес секілді көрінеді, мұны ғалымның сол
замандағы тұрмыстағы қолданылған сөздерді
сол қалпында беруінен деп түсінген жөн. Әліппені талдай
келе оның бастауыш мектептің сауат ашуға арналған екендігін
көреміз.
Оқулықты талдамас
бұрын ондағы әліпби құрамындағы
әріптер құрамын беруді дұрыс деп таптық. «Әліп-бій»
оқулығында әріптердің құрамын (алфавит)
А.Байтұрсынов «әріптер реті» деп атаған (2 сурет).
А.Байтұрсынов ә, ө, і,
ү дыбыстарын а, о, ы, ұ
дыбыстарының жіңішке фонемасы (үншесі) деп танып,
оларға өз алдына жеке таңба бермей, сәйкес а, о, ы, ұ дыбыстарының
таңбасына дәйекше (‘) қою арқылы жазған.
Сонда дәйекшелі
жіңішке дауысты дыбыстарды қоса есептегенде барлығы 28 дыбыс
болған. Бұл әліпбиде қазақ дыбыстарынан х дыбысы
жоқ [3]. Х дыбысының орнына ғалым қ дыбысын (қат-хат, қалық-халық)
қолданған. Бұл әліпбиде бас әріптер жоқ
және сөйлем соңынан нүкте қойылмайды,
әріптер, сөздер, сөйлемдер оңнан солға
қарай оқылады.
А.Байтұрсынов
әліппесі әліппе кезеңі және әліппеден кейінгі
кезең болып екі кезеңге бөліп оқытылады. Әліппе
кезеңі екі бөлімге бөлінеді:
- әліппені
оқытудың бірінші кезеңі (жуан дауыстылар мен дауыссыздар);
- әліппені
оқытудың екінші кезеңі (жіңішке дауыстылар мен к дыбысы).
Одан кейін әліппеден
кейінгі кезең оқытылады. «Әліб-бійдің» қазіргі
әліппелерден ерекшелігі – мұнда әліппеге дейінгі кезең
жоқ. Балалар бірден дыбыстармен танысады. Мұғалімдерге көмек
ретінде сауат ашу кезеңіндегі әрбір сабақтың
оқыту әдістемесі қоса беріліп отырады. Мұны сол
кезеңдегі қазақ тіліндегі әдістемелік
құралдардың тапшылығынан деп ұғуға
болады.
Әліппенің
қазіргі әліппелермен салыстырғандағы тағы да бір
ерекшелігі - әліппенің алғашқы сабағында балалар а, з, р дыбыстарымен бірден
таныстырылады. Есесіне осы дыбыстар төрт сабақ бойы қатарынан
оқытылады. Әліппе кезеңінің алғашқы
сабағында бірнеше дыбысты қатар оқыту әдісі
тәжірибеде аздап болса да кездеседі. Мысалы С.Кеңесбаев
әліппесінде алғашқы сабақта а, н дыбыстары бірге таныстырылады [5].
1892-1917 жылдарға дейін
жыл сайын үздіксіз шығып тұрған (авторы
А.Мақсуди) араб әліпбиіндегі татар балаларына арналған
әліппедегі әріптердің оқытылу реті мынадай [2]:
ﺍ ﺮ ﺯ ﻢ ﺕ ﻥ
ﻲ ﺏ ﻙ ﻞ ﻮ ﻩ ﻑ ﻖ
ﺵ ﺱ ﺙ ﺹ ﻁ ﺞ ﺦ ﺢ
ﻍ ﻉ ﺪ ﺽ ﺫ ﻆ
Ал А.Байтұрсынов
(1928) әліппесіндегі әріптердің оқытылу реті мынадай:
ﺯ
ﻮ ﻥ ﺱ ﺕ ﻕ ﯽ ب ﻝ ﺪ ﯟ ﻲ ۇ ﺵ ﻉ ﻣ ﺝ ﯕ پ
ﮦ ﻛ ٸ ﮒ
ﯝٶٵ ا ﺮ
(араб әліпбиіндегі
әріптер оңнан солға қарай берілген), түсінікті
болу үшін кирилл әліпбиіндегі ретін де келтіріп кетейік: а-р-з, о, н, с, т, қ, ы, б, л, д,
у, й, ұ, ш, ғ, м, ж, ң, п, е, к, і, г, ү, ө,
ә.
А.Байтұрсыновтың а дыбысымен бірге з, р дыбыстарын (басқа дыбыстарды емес) өтуіне – араб
әліпбиіндегі басқа дыбыстарға қарағанда бұл
дыбыстардың жазылуының қарапайымдылығы және
ұқсастығы, яғни бір ғана элементтен тұруы (ا ﺮ ﺯ - а, р, з) және сөз басында, сөз ортасында,
сөз соңында өзгеріске ұшырамайтыны себеп болған.
Араб әліпбиінде тұрған орнына қарай өзгеріске
ұшырамайтын дыбыстар санаулы ғана. Бұл дыбыстардан
басталуының тағы бір себебі бір буынды, айтуға жеңіл сөздер
(ар, аз, зар, ара, аза, азар, араз)
құрауға икемділігі. Міне, сондықтан да араб
әріптерін үйреткенде осы дыбыстардан бастап үйретілетініне
көз жеткізуге болады [6].
Бұл дыбыстар мектепке
алғаш келген балаларға оқуға жеңіл әрі
жазуға да ыңғайлы болатындығына ғалым ерекше
көңіл аударған. Сонымен бірге А.Байтұрсынов
өтілетін дыбыстардың ретін сөз құрауға
икемділігіне де қараған. Байқап отырсақ, татар және
қазақ дыбыстарының арасында аздаған ерекшеліктер
болғанмен, екі әліппедегі әріптердің өтілу
ретінде ұқсастықтар бар екені байқалады.
А.Байтұрсынов әліпбиінде а-р-з
дыбыстары бірге өтіледі де, қалған дыбыстар көрсетілген
ретпен жеке-жеке оқытылады. Ал татар әліппесінде дыбыстарды
таныстыру а, р, з дыбыстарынан
басталғанмен, олар жеке-жеке өз алдына бір сабақта
таныстырылады.
А.Байтұрсыновтың
«Әліб-бійіндегі» а, з, р
әріптерін меңгертуге берген материалдарынан мынадай қорытынды
жасауға болады:
- алғашқы күні
дыбыстардың айтылу ерекшелігі, таңбасы таныстырылады;
- екінші күні сол
дыбыстардан сөздер құрастырылып, оларды оқиды, ойын
түрінде шырпыдан құрастырып жазады;
- үшінші күні сол
сөздерді топқа бөлініп оқып ойын түрінде алмасып
оқып, жазып, бекітеді;
- төртінші күні
сөздерден қысқа сөйлемдер құрастырып,
оларды дәптерге жазып, пысықтайды [7].
Қорыта келгенде,
А.Байтұрсынов жаңа дыбысты меңгертудің осындай жолдарын
қолдана отырып, «жеңілден ауырға», «қарапайымнан
күрделіге» біртіндеп көшу, яғни дыбыстан – буын
құрауға, буыннан – сөз, сөзден – сөйлем
құрастыру арқылы жеке-жеке арнайы сабақтарда біртіндеп
сатылай меңгертуді қарастырады. Үш дыбыс қатар
үйретілгенмен олар төрт сабақта төрт түрлі
мақсатты негізге ала отырып жүзеге асырылған.
А.Байтұрсыновтың алғашқы қатар өтілген
үш дыбысты төрт сабақ бойы сатылап осылайша
оқытылуының себебі бұл әліппеде әліппеге дейінгі
кезеңге материалдар берілмей, балалар дыбыс,
әріп, буын, сөз, тіркес (лепес), сөйлем деген ұғымдармен алғашқы
дыбыстарды таныстыра бастағанда сатылап ретімен меңгертуді
қарастырған.
Әдебиеттер:
1. Дыйканов К.// Ахмет Байтұрсыновдын казакча алифбеси. Оренбург,
1914. –Бишкек: Периодика 1991. -99 б.
2 Мақсуди А. Әліппе «Мұғалім сәні», татар
және орыс-татар мектептерінің кластық оқуына
арналған оқулық, (арабша). - Қазан: УМИДЪ, 14-басылымы.
1917. – 48 б.
3. Байтұрсынов А.
Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992.
-46 б.
4.
Байтұрсынұлы А. Әліб-бій. – Қызылорда: Казиздат, 1928.
-118 б.
5. Kenesbaeb S. Әlippe. – Алматы:
Қазақ мемлекет баспасы, 1940. -50 б.
6. Досанова А.Ж.
Қазақ әліпбиінің тарихы. –Астана: Тұран-Астана,
2011.
7. Досанова А.Ж.
Қазақ әліпбиі латын графикасында: тарихы, бүгіні,
болашағы. –Астана: Өрнек, 2015.