«Өзін-өзі тану пәнін» оқытуда
мақал-мәтелдерді қолдану арқылы оқушылардың
этномәдени құндылықтарын дамыту
Серікбай Айгерім,
«әлеуметтік
педагогика және өзін-өзі тану» мамандығының
1-курс магистранты,
Педагогика және білім
беру менеджмент кафедрасы,
Философия және
саясаттану факультеті,
әл-Фараби
атындағы Қазақ Ұлттық университеті,
Ғылыми жетекші:
Әрінова Бақыт Айтуқызы, п. Ғ.к., доцент м.а.
Білім және
Ғылым министрлігінің «Өзін-өзі тану» пәнін 2010
жылдан бастап мектепке дейінгі мекемелердің, білім беру
мектептерінің, колледж және педагогикалық жоғары
оқу орындарының оқу үдерісіне енгізу туралы шешім
қабылданған болатын. Осы уақыт аралығында бұл
пәнді оқыту арқылы білім беру саласы бала тәрбиелеу
ісінде түрлі жетістіктерге жетті десек артық айтқандық
емес. Өзінің тәрбие беру әдістері мен білім беру
құралдарын қалыптастырып үлгерген бұл
пәннің білім мазмұны жасөспірімдерді рухани
қасиеттерге, Отан сүйгіштікке, азаматтыққа,
адамгершілікке тәрбиелеуге негіз болатын жалпы азаматтық
құндылықтар жүйесінен тұрады.
Жасөспірімдердің адамгершілік-еріктік қасиеттерін
қалыптастырудың ең негізгі көзі болып табылады. Әсіресе, мектеп жасындағы
балалардың өзін -өзі қоғамдық ортаға
бейімдей алуына, өзіне деген жауапкершілік пен сенімділіктің
жоғары болуына үлкен септігін тигізеді. Бұл турасында Л.Т.
Ибрагимова:
-
«жоғарыдан қысымның орнына – өз
ойын білдіру мен өзіндік тұлғасын өсіру;
-
мәтіндер мен мұғалімдер арқылы
үйренудің орнына – өзіндік тәжірибеге сүйену
арқылы үйрену;
-
жеке дағдылар мен іскерлікті
жаттықтырудың орнына – олардың неғұрлым биік
және оқушылар үшін өмірлік маңызы бар
мақсаттардың дамуы нәтижесінде қол жеткізуі;
-
мектептің болашақ өмірге дайындық
ретіндегі мақсаттарының орнына – тұлғаның дамуы
үшін бүгінгі мектеп өмірінің барлық
мүмкіндіктерін барынша пайдалану» [1,37] деп пәннің берер
жетістіктерін жеке дара бөліп көрсетеді.
Пәнді оқыту
барысында мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі
жоғары болуы тиіс. Себебі, қойылатын талап та, шарт та
жоғары. Атап айтар болсақ, А.Б.Абдраимова оқытудың
төмендегідей шарттарын көрсетеді:
-
Сүйіспеншілік, сенім, шығармашылық
шабыт атмосферасын құру, өзін-өзі зерделеуге,
өзін-өзі интуитивті түрде ұғынуға
жағдай жасау;
-
Рухани-адамгершілік білімін мектептің
тұтастай педагогикалық үдерісіне ықпалдастыру;
-
Рухани-адамгершілік білім беру үдерісінде тек
жағымды және ізгі әдістерді қолдану
қажеттілігі[2,7].
Басты назарды әдістерді
қолдану қажеттілігіне аударуды ұсынар едім.
Ақпараттық технологиялар мен
құрал-жабдықтардың дамыған заманында
рухани-адамгершілік, этномәдени құндылықтарды бала
бойына дарытуда көптеген әдіс-тәсілдер бар. Соның
ішінде халқымыздың ертеден атадан балаға мирас боп келе
жатқан ұлттық құндылықтарымызды
жаңғырта отырып, оқыту барысында тиімді қолдана білсек
жетер жетістігіміз де аз болмас еді. Өзінің туған елі мен
жерінің барлық қасиеті мен құдыретін бойына
сіңіріп өскен тұлға – ертең елі үшін жанын
беріп аянбай еңбек ететін азамат болары сөзсіз.
Ежелгі
халықтың тұрмыс-тіршілігінде халық ауыз
әдебиетінің атқарар рөлі жоғары болған. Көреген
болған қазақтың әрбір сөзі мірдің
оғындай көздеген жеріне дәл тиген. Сондай-ақ
көсем сөз арқылы тәрбие беру ісі де ауыз
әдебиетінен алшақ болған емес. Солардың бірегейі
мақал-мәтелдер болып табылады. «Мақал – логикалық,
образдық ойдың қос қанаттасқан ғажап
табысы, тәжірибеден туған философиялық сөздер.
Сөздің ұйытқысын ең алдымен мақалдан іздей
керек. Онда этикалық, философиялық, ұжымдық
мазмұн бар. Мақалдың қорытындыларын халық еш
уақытта теріске шығара алмайды» дейді ғалым
Ә.Қоңыратбаев.
Мақал-
мәтелдерді тәрбие ісінде қолданудың мынадай тиімді
тұстары бар:
-
Көлемі жағынан шағын;
-
Мазмұн тұрғысынан
қабылдауға жеңіл;
-
Қолдану аясында тақырып ауқымы
кең;
-
Тәжірибеге негізделген дәлелді ойлар басым;
«Көшпелі
тұрмыс салтында мақал-мәтелдер мектеп пен мұғалімнің,
кітап пен баспасөздің қызметін алмастырды. Ол
айналадағы сыры мол дүние туралы білімнің
сұрыпталған жиынтығы, халықтың өзінше
шағын ауызша энциклопедиясы ғана емес, ұстаздық,
тәлімгерлік рөл де атқарды, адам бойындағы барлық
жақсылықты асқақтатып, жамандықты жерлеп,
күлкіге айналдырды. Мұндағы ақыл-кеңестер
қысқа да нұсқа әрі тұжырымды болды.
Бұлардың бала тәрбиесіндегі орны да айрықша еді.
Халық даналығы ата-анаға ұрпақ тәрбиесі
жөнінде өзінен бұрынғылардың
моральдық-психологиялық,
медициналық-гигиеналық, өнер-сайыскерлік ой пікірлерін
де шоғырландырып бүкіл халықтың тәлімдік
тәжірибесін мирасқа қалдырып отырды» [3,13].
Ұлттық мүддеміз бен рухани құндылықтарымызды
дәріптей отырып, саналы ұрпаққа
мақал-мәтелдер арқылы бағзы тұрмыс-тіршіліктен
хабар берді. Отанымыз бен Жер-Анамыздың қастерлі, ата-ананың
қасиетті, туған жер мен елдің киелі, достың
қадірлі, тілдің құдыретті, білімнің кен екендігін
жеткізе білді.
«Бала
ұғымына лайықты пайдалы кеңестерде айналадағы
дүние мен адамның өзара қарым-қатынасын әр
қырынан қамтыған сан алуан ақпараттар аз болмайтын.
Мұнда оқу мен еңбек, ойын мен өнер, сондай-ақ
адамның жақсы-жаман қасиеттері, елін сүю, ата-ананы
құрметтеу, үлкенді сыйлау және т.б.
үлгі-өнегелері бала санасына біртіндеп құйыла беретін.
Сондықтан да мақал-мәтелдер қай халықтың
болмасын ішкі психологиялық түсінігі болды, оларда қазіргі
жалпы педагогикалық жас ерекшелік, медицина, музыка, спорт,
қоғамдық психология деректерімен астарлас нақты
іс-тәжірибеге негізделген қызықты идеялар топтасқаны
хақ. Қазақ мақалдары адамның ішкі жан
дүниесіне терең бойлап, кісінің қарым-қатынасын
аша түсуде өнеге мектебі дерлік» [3, 13].
Ұлттық
құндылықтар жалпы адамзаттық (отбасы, еңбек,
білім, денсаулық, белсенділік, махаббат, адамгершілік) және елдік
(Отан, тіл, азаттық, этникалық мәдениет) мұрат болып
бөлінеді. Жоғарыда аталған және басқа да
құдылықтарды бала тәрбиесінде қалыптастыруда да
мақал-мәтелдердің маңызы зор. Өйткені,
жасөспірімдерді өз халқының тарихын, тегін,
салт-дәстүрін, тілін, білімін, адамзаттық мәдениетті,
адами қасиетті мол терең түсінетін шығармашылық
тұлға етіп тәрбиелеу өмір талабы, қоғам
қажеттілігі болып отыр. Қазақ халқы тонның ішкі
бауындай бауырмал, өзге ұлтты жанына тарта білген кеңпейіл
халық болған. 6-сыныпқа берілген «Бауырмалдық
және кеңпейілдік» тақырыбында осы ой турасында сөз
өрбітіп, қазақтың дархан көңілінен хабар
беріп, оқушыны осы тақырып аясындағы мақалдар
арқылы бірлікке, татулыққа, ынымақтастыққа,
жомарттықа, көпшілдікке шақыруға болады.
Халықтың қанына сіңген осындай мәдени қарым-қатынас
пен адамгершілікті дәріптейтін мінез-құлқымен
оқушыны дұрыс бағытта тәрбиелей аламыз. Мысалы,
«Кең болсаң, кем болмайсың», «Кекшіл болма, көпшіл
бол», «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер», «Жалғыз
жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас», «Кемедегінің
жаны бір», «Туысы бірдің - уысы бір» сияқты
мақал-мәтелдерді топтық жұмыстарда немесе
оқушыларға өз ойларын мақалдар арқылы
өрбітуде, талдау, түсіндіру жұмыстарында қолдану
тиімділігінің жоғары екендігін байқаймыз.
«Отан – отбасынан
басталады», «Отансыз адам, ормансыз бұлбұл», «Отанын сатқан
опасыз» сынды жүрекке ұлттық рухты ұялатар
мақалдарды балаға күнде айтып отырудың өзі
артық етпейді. Мұны естіп, санаға сіңіріп өскен
жасөспірім ең бірінші құндылығымыз болып
табылатын Отанымызды аманат еткен ата-баба тілегін аяқ асты етпесі
анық.
«Ананың
көңілі балада, баланың көңілі далада»,
«Ананың алдында асқар тау да аласа», «Ана – өмірдің
қайнар бастауы», «Ана көрген тон пішер» сияқты мақалдар
кез келген адам баласына әсер ептей қоймас. Бой жеткен қыз
бен ер жеткен ұлға ана алдындағы парыз бен міндетті жете
ұғындырып тұр. Қоғамға, өмір
сүріп отырған ортаға деген мейірімділік пен жылулық
анаға деген шексіз де шетсіз махаббаттан туады. Ананың ақ
сүтімен берген тәрбиесі өмір бойға азық екендігін
түсініп өскен жеткіншек ана тілге, Жер-Анаға өз
анасындай қарайды. Мақалдың берер тәлімі де осында
жатыр. Мақалдың мақсаты кез келген мәдениетіміз бен
байлығымызды өз анасындай құрметтеуге үндеу,
насихаттау.
Мақал-мәтелдерді
өмірдің кез келген саласында, әрбір кездескен жағдаятта
қолдана аламыз. Тіпті, кейде тығырықтан осы
мақалдың құдыреті арқылы шығып жатамыз.
Адамды да бір де жұбатып, енді бірде мақалмен түйреп аламыз.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен» ойымызды
қорыта отырып, сөзімізді сарапқа саламыз. Құдды
мақал айтып тұрған көзқарасымыздың
дәлелі іспеттес. Сондықтан осы бір ағылып тұрған,
санаса шегіне жетпес бай ауыз әдебиетіміздің тамаша үлгісімен
неге патриотты ұрпақты тәрбиелемеске?! Әрбір
сабағымызды мақалмен бастап, айтар ойды қорытып сәтті
қолдана білсек оқушыға тәрбиемен бірге сөз
мәдениетін де қатар жетілдіре алатын едік.
1. Ибрагимова Л.Т. «Өзін-өзі тану пәнін оқыту
барысында жасөспірімдердің адамгершілік-еріктік қасиеттерін
қалыптастыру жолдары». Әлеуметтік педагогика және
өзін-өзі тану. №3, 2015
2. Абдраимова А.Б. «Өзін-өзі тану пәні мұғалімнің кәсіби
құзырлығын қалыптастырудағы жаңа
тәсілдер». Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі
тану. №1, 2015
3. «Мақал-мәтелдер халық психологиясының айнасы».
Педагогика және оқушы психологиясы. №4, 2011