Зар заман ақындарының шығармаларын оқытуда ақпараттық        

                                    технологияны пайдалану

 

Семейдің Шәкәрім атындағы  мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.к. А.О. Тоқсамбаева

Семей қаласының № 37 гимназиясының жоғары санатты мұғалімі Ж.Сыдықова, бірінші санатты мұғалімі Б.М.Ибрагимова

Аннотация

               Бұл мақалада зар заман ақындарының шығармаларын оқытуда ақпараттық технологияны пайдаланудың  тиімділігі туралы айтылады.

 

                                                 Резюме

В данной статье представлена информация о правильном использований информационных технологий в процессе обучения поэты эпохи.

 

Summary

This article provides information about the correct use of information technology in teaching the era poets.

 

Қоғамымыздың қазіргі даму кезеңіндегі басты мәселелердің бірі-оқытуды ақпараттандыру,  яғни оқу үрдісінде ақпараттық технологияларды пайдалану болып отыр. Қазіргі таңда елімізде білім беру жүйесінде ақпараттық кеңістікті құру еніп, көкейкесті мәселе ретінде күн тәртібінен түспей отырғандығы мәлім.

Білім беру саласында ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы модернизациялаудың тиімді тәсілдерін іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың тиімділігі мен нәтижелігі бірнеше оқу-әдістемелік, психологиялық-педагогикалық мәселелердің шешімін ғылыми түрде негіздеуді талап етеді. Оларды бірнеше бағыттарға бөлуге болады:

-         оқу үдерісінде ақпараттық технологияларды іске асырудың жүйелі ғылыми-әдістемелік жолын анықтау;

-         мұғалімдердің ақпараттық технологияларды меңгеруі және оқу үдеріснде пайдалану бойынша кәсіби біліктерін жетілдіруі;

-         оқушылардың тәжірибелік іс-әрекетінде ақпараттық технологияларды пайдаланудың әдістемесін жасау;

-         оқушылардың білім, білік, дағдыны меңгеру үшін ақпараттық технологияларды пайдалануға үйрету;

-         мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту . [1,18]

        Білім беру үрдісін ақпараттандыру оқушыға білім берумен байланысты  болғандықтан, В.Глуковтың анықтауынша, ақпараттық технологиялар ақпаратты өңдеумен байланысты үрдістер болып табылады. Ал білім беруде компьютерлерді және оның құралдарын пайдалана бастаған кезде оқытудың жаңа ақпараттық технологиялары /ЖАТ/ ұғымы пайда болды. А. Горячевтің тұжырымдауынша , ЖАТны оқыту құралдары жүйесінің элементі деп қарастырылады. Н.Апатованың айтуынша, ЖАТ-қажетті техникалық және бағдарламалық жабдығы бар компьютер. М. Жалдак бұл терминнің неғұрлым кеңірек анықтамасын берді: «ЖАТ- адамдардың білімін кеңейтіп, олардың техникалық және әлеуметтік үрдістерді басқару мүмкіндігін дамытатын, ақпаратты жинау, ұйымдастыру, сақтау, өңдеу, тасымалдау және жеткізудің техникалық құралдары мен әдістерінің жиынтығы». [2,48]

         Білім беру жүйесін ақпараттандыру ісі жаңа оқыту технологияларын дайындауды талап етеді. Бірінші кезекте оларға электрондық басылымдар: электрондық оқулықтар, мультимедиялық оқу құралдары мен әр түрлі құрылғыларға жазылған электрондық жазбалар(аудио-бейне-құндақтар) жатады.

Электронды оқулықтар-ғылыми негізде дайындалған педагогикалық ақпараттық өнім. Электрондық оқулық дайындаудың тұжырымдық негізі модульдік оқытудың педагогикалық теориясы болып табылады. Сонымен қатар, электрондық оқулық дайындаудың педагогикалық ұстанымдар жүйесі оқытудың дидактикалық жүйесіне сәйкес келеді.         

         Модульдік оқытудың негізі-оқу модулі. Ол өзіне:-информацияның аяқталған блогын;-оқушы әрекетінің мақсатты бағдарламасын;-мұғалімнің осы бағдарламаны нәтижелі іс-жүзіне асыру үшін нұсқауларын (кеңестері) қамтиды.

Модульдік технология даралап оқытудың сапасына; меңгеру қарқынына; өздік әрекет сатысына; оқу әдістері мен тәсілдеріне; бақылау мен өзін-өзі бақылау тәсілдеріне байланысты асырады.

           Зар заман ақындары поэзиясын  оқытуда оқу үрдісінде ақпараттық технологияларды пайдаланудың тиімділігіне келейік. 9-сыныпта  зар заман поэзиясын оқытқан уақытта оқытуға арналға электрондық оқулықты,аудио, видио жазбаларды, слайдтарды пайдаланға дұрыс.

Қазақтың бай фольклоры мен ежелгі ортақ жазба ескерткіштер негізінде қалыптасып, дамыған зар заман ақындары поэзиясы – қазақ халқының ықылым замандар бойы жасаған сөз өнерінің тума әдеби қазынасының үлкен бір саласы, құнды мұрасы.  

         Зерттеулер бойынша оқушылардың алған ақпаратты есте сақтауының орта есеппен алғанда 50%  қамту үшін көрсетілім мен талқылау қажет екен.  Ақпараттық технологияның дамыған заманында сол технологияны қолдана отырып оқушыға жан-жақты білім беруде электрондық оқулықтың тиімділігі зор. Сол себепті,  зар заман ақындарының  ірі өкілдері шығармаларын оқыту мақсатында электронды оқулық шығаруды қолға алынса. Электронды оқулықтың құрылымына зар заман ақындарының өмірі мен шығармашылығына қоса глоссарий берілу керек.Оқушылар зар заман ақындары  поэзияларының оқылу мақамын меңгеру үшін аудио жазба тыңдап, өз білімін тексеру мақсатында тест жұмысын да орындай алуға тиісті. Оқушы оқу бағдараламасында берілген тақырыптарға қосымша мәлімет алады. [3,20]

Электронды оқулықты қазақ әдебиеті дамуына ықпал етіп, өзіндік із қалдырған зар заман поэзиясының көрнекті өкілі Дулат Бабатайұлынан басталса.

Енді 9-сыныпта оқылатын Махамбет өлеңдеріндегі өзгешелктер деген тақырыпты оқытқан кезде ақпараттық технологияны  қалай пайдалану керек соған тоқталайық.

             Негізгі мақсатымыз Махамбеттің өмірі, өлеңдері туралы қосымша мәлімет беру, сөз қолданысындағы өзіндік ерекшеліктеріне талдау жасау.  Міндетіміз ақынның жорық жырларын Шернияз өлеңдерімен  салыстыру арқылы өзіндік ерекшеліктеріне тоқталу. Тәрбиелік  мәні оқушылардың бойында тарихи саналылықты қалыптастыру, өз ұлтына, ұлттың ардақты ұлына деген сүйіспеншілігінгін арттыру,  бабалардың ерлік рухын сезіндіру арқылы азаматтық тәрбие беру болмақ. Дамытушылық – өлеңді талдау, тиянақты, жүйелі сөйлей білу дағдылары мен ізденімпаздық қасиеттерді қалыптастыру, өз пікірін қорғай білі дағдыларына төселдіру.

          Түрі: жаңа білімді меңгерту. Әдісі: әңгімелесу,талдау, ой бөлісу, сатылай кешенді талдау. Көрнекілігі: интерактивті тақта, Махамбет Өтемісұлының суреттері, шығармалары. Пәнаралық байланыс :тарих.

    Сабақтың барысы.

І. Ұйымдастыру кезеңі: Зейіндерін сабаққа аудару, сабақтың тақырыбымен және мақсатымен таныстыру.

ІІ.Үй тапсырмасын сұрау. Махамбет өлеңдеріне сүйене отырып, «романтизм, прогресшіл романтизм» жайында сөз қозғау. Тақтада бір өлеңіне сатылай кешенді талдау жасату.

Махамбет өмірінің кезеңдерін слайд арқылы көрсету.

1803ж. Ішкі Бөкей ордасы, Нарын құмында, Жас құс деген жерде туған. Шыққан тегі Байұлы ішіндегі Беріш руынан. Ел ішінде ол «Жеті баулы беріш» деп аталады. Әкесі Өтеміс Құлманиязұлы ауқатты, сол кездегі беделді билердің бірі болған.

Балалары: Тоқтамыс, Ысмайыл, Бекмұқамбет, Махамбет, Досмайыл, Сүлеймен, Қожахмет, Ыбырайым, Әйіп, Хасен.

Махамбеттің  «Өтемістен туған он едік ,онымыз атқа мінгенде, жер  қайысқан қол едік» деуі – содан.

         1824-1828 ж.ж  Орынбор қаласында Жәңгір ханның ұлы Зұлқарнайынның қасында болды.

         1829-1835 ж. Махамбет түрмеге қамалды. Бұл оқиға намысты «өр жанның ханға қарсылығын өршітеді», халық мүддесімен санаспауы әлеуметтік тартысты жылдан-жылға  шиеленістірді. Феодалдардың іс- ірекетіне зығырданы қайнаған шаруалардың әділетті талаптарын орындатудың бір ғана жолы – отаршылыққа, феодалдық озбырлыққа қарсы күрес еді.

         1836-1838  ж. Батыс Қазақстандағы Исатай Тайманұлы бастаған шаруалар көтерілісінің жалынды жыршысы, ұйымдастырушысы болды. Көтерілістің жеңіліске ұшырағанына қарамастан ақын бұқараның орасан күшіне сенді.

1838-1841 ж.1838 ж. 12 шілдеде  Ақбұлақ бойындағы шайқаста Исатай қазаға ұшырап, Хиуа жақта 2 жылдай жасақ жинауға әрекет жасады. Бұл ниетінен нәтиже шықпаған соң, Бөкей ордасына жасырын өтіп, ел ішін паналады. Ақын өміріндегі ауыр да сүргінді жылдар жалғасып, 1841 ж 4 наурызда белгісіз біреулердің көрсетуімен Тілекиев деген қазақтың үйінде отырған жерінде қолға түседі.

1845-1846 ж.ақпанда Махамбеттің даласы Нұрсұлтанды оқуға орналастырмақ ниетпен Орынборға келді. Кіші жүздің батыс бөлігінің әкімі Б.Айшуақов та Махамбетті қудалауын қоймады. Ол ақынның басына 1000 сом тігіп, оны ұстау үшін арнайы адамнан (құрамында Хорунжи Ықылас  Төлейұлы Беріш  руының биі Жанберген Боздақұлы, табын Төрежан Тұрымұлы , беріш руының қазақтары Мұса Нұралыұлы Жүсіп Өтеуұлы бар) құрылған қарулы жасақ жіберді.

20.10.1846 ж.қаза тапты. Ақынның зираты Атырау облысы, Махамбет ауданындағы Қараой деген жерде.

Махамбеттің басы алынған жерге қойылған тас, мазарына қойылған ескерткіш, Исатай мен Махамбетке арналған ескерткіштер слайд арқылы көрсетіледі.

        Міне осылардың бәрін слайдтар арқылы көрсетеміз.

ІІІ.Жаңа сабақты түсіндіру.

М. Өтемісұлы жырлары – қазақ әдеби тарихындағы ерекше құбылыс. Ақын өзіне дейінгі ұлттық көркемсөз өнерінің бар асылын бойны сіңіре отырып, араб-парсы сөздерінен, діни сарынна арылтты. Махамбет өлеңдерінің қай-қайсысы да ғибратқа, тағлымға, шешендік нақыл сөздерге толы.

       Махамбеттің сөз қолданысындағы ерекшеліктер:

Нақыл –ғибрат, қанатты сөздер: бір сынаған жаманды, екіншілей сынама; арғымақтың баласы, арығанын білдірмес; азамат ердің баласы аз ұықтар да көп жортар; жаманды  байқап қарасаң, өз басына өзі жау; ежелгі дұшпан ел болмас, етектен кесіп жең болмас.

Өз дәуірінің асқақ лексикасы-жауынгерлік фразеологизмдерді шешен тілдің тірегі еткен Махамбет өз кезіндегі ұрыс- соғысты эпикалық жырындағыдай көтеріңкі рухта суреттеп баяндайды. Батырлар жырындағы қару-жарақ, сайман атаулары тұрақты эпитетермен өзгеріссіз қолданылады: егеулі найза, толғамалы найза, алтықұлашақ найза , сұр жебе, қозы жауырын оқ, балдағы алтын құрыш болат, ақ семсер, т.б.

Бұл жерде әсірелеу жоқ. Бұлар – сандаған ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып, ердің ері асынған қару-жарақтар. Қай кезде болмасын рухты жанап, намысты оятқан лексиканың түрі – жауынгершілік тіркестер: беркініп садақ асыну, білтеліге доп салу, қанды көбік жұтқызу,  қорамсаққа қол салу, ақ алмасын суару, жаңбырдай оқ жаудыру, қанын судай төгу, қамалды бұзу, т.б.

              Махамбеттің қолданған теңеу, метафора, эпитетті сөз тіркестері де ерлік, күрескерлік идеясына қытысты болып келеді. Мысалы: «таудан мұнартып ұшқан тарлан, керіскендей шандоз, қас бәйтерек, шарға ұстаған қара балта, ақсұңқар құстың сойы, жез қарғалы құба арлан, қайыспас қара нар, еркек қойдай бөлініп, адырнаны ала өгіздей мөңіреткен, құлжадай айбар мінезді, топтан озған тарлан боз» дегендердің бәрінде халық қамын ойлаған ердің өр мінезді асқақтығы, қайтпас қайсарлығы, табандылығы, даралығы сияқты қасиеттер жатыр. 

ІV. Сабақты бекіту.

«Тарланым», «Қызғыш құс», «Соғыс» өлеңдеріне сатылай кешенді талдау жасау сабақты бекіту.

V. Сабақты қорытындылау, бағалау.

VІ. Үй тапсырмасы: «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңін сатылай кешенді талдап келу.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:  

1 Ж.Н. Садуова. Жаңа педагогикалық технологиялар арқылы болашақ мұғалімдердің кәсіби бағыттылығын қалыптастыру. «Қазақ тілі мен әдебиеті» // 6.2013.

2 «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы, 9.2014ж.

3 Қ. Әбдезұлы, Г. Д. Рыскелиева, С. Ч. Тұрсынғалиева; 8 - сынып «Қазақ әдебиеті»оқулығы.