Педагогика

Ахметжанова Анар Амангелдіқызы

Бастауыш сынып мұғалімі, №81мектеп-гимназия, Алматы, Қазақстан

 

ТӘРБИЕ ТАЛ БЕСІКТЕН БАСТАЛАДЫ

 

Адам баласына ең бірінші білім емес тәрбие керек, ал тәрбие болмаған жерде ешқашан да білім болмайды деп бастағым келеді. «Тәрбиесіз берілген білім  адамзаттың қас жауы демекші, ол келешекте оның барлық өміріне қасірет әкеледі» деген ғұлама әл-Фараби.

Баласы үшін ата-ана өзінің туған жерін ауыстыруға дейін барады. «Ұлың жақсы болсын десең ұлы жақсымен көрші бол, қызың жақсы болсын десең қызы жақсымен көрші бол» деген қазақта әдемі нақыл сөздеріміз бар.

Баланың тәрбиесі өте үлкен жауапкершілікті артады. Әрине біз өз балаларымыздың тәрбиелі, саналы, өнегелі, инабатты болып өскенін және өз қатарының алды болып жүргенін қалаймыз. Балаларымыздан осындай тәрбие жетістіктер көру үшін еңбек, күш, қайрат керек. Еліміздің көркейіп өніп-өсуіне қазіргі біздің ұрпақтарымыз, яғни жастардың қолында, оны көркейту, өсіру мен гүлдендіру.

Болашақ ұрпақтың тәрбиесімен мен денсаулығына мектеп мұғалімдері ғана емес ең бірінші отбасындағы ата-ана жауапты деп қарауы тиіс. Баланың жақсы болуы ата-ананың  берген тәрбиесіне байланысты. Сондықтан «не ексең соны орасың», «ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге», «әкеге қарап ұл  өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген халқымыздың даналық сөздерін естен шығармай ұл қыздарымызды дұрыс тәрбиелей білейік.

Қазіргі таңда жастарымыздың имандылыққа бет бұрып мұсылмандық шарттарын орындап мешітке баруы, намаз оқуы әрине қуанарлық жайт. Бірақ сонда да оған сыни көзбен қарау керек. Себебі мұсылмандыққа бет бұрамын деп өзге діннің шырмауында кетіп жатқан жастарымыз аз емес. Сондықтан әрбір ата-ана баласының әр басқан қадамына үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Баланың жүріп-тұруы, сөйлеу мәнері, тазалығы ата-ананың назарында болуы тиіс. Балаға мықты тәрбие беру үшін ол ата-ананың өзі де тәрбиелі болуы тиіс. Отбасындағы жақсы істер баланың жақсы болып өсуіне әсер етеді. Сондықтан да ата-ана өз арасындағы  қарым-қатынаста болу керек. Күнделікті іс жүзінде ақылмен көрсете отырып  тәрбиелеу керек. Балаға адал еңбек етуді, адалдықты, достарымен тату болуды, дұрыс адал жүруді үйрете отырып көрсету керек. «Тәрбие басы тал бесік» деп бабаларымыз айтқандай, жастай берген тәрбие жас шыбықты игендей.

Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде оларға жастайынан имандылық пен  салауаттылық қасиеттерін сіңіре білсек сонда ғана біз ұлттық рухымыз дамыған отанымыздың гүлденуіне өз үлесін қоса алар азамат өсіре аламыз.

Қазіргі қоғамдағы мектептің мақсаты - жедел дамып келе жатқан ортада өмір сүруге қабілетті, өзін-өзі дамытуға өз ойын еркін жеткізе білуге, өз қалаулары мен қоғам талабына сай өзін көрсете білетін, жоғары білімді ұлттық тілді, тарихты жетік меңгерген, өркениетті, бәсекеге қабілетті, адамгершілік, әлеуметтік белсенді, өзін дамытуға қабілетті, шығармашыл, креативті жеке тұлға қалыптастыру болып отыр.

Қазағымыздың ұлттық мәдени құндылықтарын қастерлей отырып, имандылық адами қасиеттерін құрмет тұтатын, ұлт тәрбиелей отырып жер  иесін тәрбиелейміз.

Ал «қызды тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөздердегідей өз жеріміз бен ұлтымыздың болашақ иелерін тәрбиелейік.

Отбасы ошақтың үш тағаны сияқты олар – әке, ана, бала. Үшеуінің  бірлігі  отбасының бірлігі. Қоғамдағы әр шаңырақтың босағасы берік, мерейі үстем  болмай мемлекетіміз мықты болуы мүмкін емес. Бала ата-ананың игі істерін  жалғастырушысы, болашағы. Атамыз қазақ «бала – адамның бауыр еті, балалы үй  базар» дейді. Өйткені бала өмірдің жалғасы, отбасының жеміс берер гүлі.

Отбасы бұл қоғамның негізі. Әке мен шеше ата мен әже, аға мен әпке біз жақсы көретін ең жақын, жақсы адамдар. Ата – бәйтерек, бала – жапырақ.

Әкеден ақыл – анадан мейір. Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың  тынысы бар дейді халық. Осындай ынтымағы, бір тілегі бір отбасында өмір  сүріп жатқан біз бақыттымыз. Мектеп пен отбасы ынтымақтаста болса тәрбиенің  қандай болсын алынбайтын қамалы болмайды.

Жеңуге болады, әкенің даналығымен ананың көрегенділігімен тәрбиені отбасынан бастаса «қиын оқушы» да азаюмен қатар, болмайды.

Тәрбие – бұл баланың дене және ақыл ой  қабілетін дамытады, оны алдағы еңбекке даярлайды. Ұлтымызда «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген дана сөзі бар. Балапан қыран болу үшін оны самғатып, ұшыратын ата-анасы да қыран болуы керек деп айтқым келеді.

Халқымыздың даналығында «Ұстазсыз шәкірт тұл, шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, адам баласының кісі болып қалыптасуы көбінесе ұстазға байланысты екенін ерекше баса айтады. Ұстаз әмбебап білімдер салауатты, салтанатты маман  иесі. Ұлағатты ұстаз  ең алдымен  шәкіртіне өмірді, білімді үйретуші.

Ұлттың  болашағы  ұрпағында  болса,  ұрпақтың  тәрбиесі  ұстаз  қолында. Ал ұстаз мұраты - жетілген жан-жақты әдепті, иманды, толыққанды  ұлтжанды  азамат тәрбиелеу. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «тәрбиесін тапса адам  болар, оқуын тапса білім қонар» деп ұлағатты ұстаздың еңбегінің текке  кетпейтіні өсиет. Ұрпақты тәрбиелеуде кездесетін қиындықтардың алдын  алып жас ұрпақтың бойына адамгершілік, инабаттылықты бойына сіңірген жөн.

Осындай кез келген жан елдің елдігін сақтап, көсегесін көгертетін ұлтжанды, жігерлі, білімді ұрпақ болатыны сөзсіз.

Қорыта айтқанда, тәрбие берудің негізі - мейірім сүйіспеншілікте, әсіресе кішкене балалар үшін мейірім мен сүйіспеншіліктің орны ерекше. Олар тек сүйіспеншілік махаббатпен ғана өсіп жетіледі, сонымен қатар, сүйіспеншілік - бала тәрбиесіндегі негізгі қағида екенін ұмытпайық.

 

Әдебиеттер:

1. Жарықбаев Қ. Б. Аталар сөзі – ақылдың  көзі.  – Алматы: Мектеп, 1980.

2. Ұзақбаева С.А.  Тамыры терең тәрбие.  – Алматы: Білім, 1995.