Ахметова Б.Б., Хасенова А.А.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті,

Қазақстан Республикасы

БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУДА КОМПЬЮТЕРЛІК ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ МАҢЫЗЫ

 

Қазіргі заманғы қоғамды ақпараттандыру процесінің ең басымды бағыттарының бірі – білім беруді ақпараттандыру, яғни білім беру жүйесіне жаңа ақпараттық технологиялар құралын енгізу болып табылады. Бұл ғылыми-педагогикалық ақпараттардың, ақпараттық-әдістемелік материалдардың, сонымен қатар коммуникациялық жүйелердің автоматтандырылған деректер қорын қолдану негізінде білім беру жүйесін басқару механизмдерін жетілдіруге; қоғамды ақпараттандырудың қазіргі жағдайында білім алушының жеке басының даму міндеттеріне сәйкес әдістер мен оқытуды ұйымдастыру түрлерін, мазмұнын сұрыптау әдіснамасы мен стратегиясын жетілдіруге; білім алушының зиялы әлеуетін дамытуға, өз бетімен білім алу іскерлігін қалыптастыруға, ақпараттарды өңдеу бойынша ақпараттық-оқу, сараптау-зерттеу қызметі, өздік қызметтің әртүрлі формаларын іске асыруға бағытталған оқытудың әдістемелік жүйелерін құруға; компьютерлік тестілейтін, анықтайтын, бақылайтын және бағалайтын жүйелерді құруға және қолдануға мүмкіндік береді.

Білімді ақпараттандыру студенттердің білім сапасын арттыруға және болашақ мамандардың кәсіптік білімділігін күшейтуге негізделген. Қазіргі кездегі компьютерлік технологияның даму деңгейі дәуірдің телекоммуникациялық мүмкіндіктері мен артықшылықтарын көрсететін, толыққанды, сапалы және бәсекеге түсуге қабілетті білімді қамтамасыз ететін нақты алғы шарттары болып табылады, оның көпшілік бұқараға барынша кеңінен таралуы «өмір бойы білім алу» ұстанымынан «білім барлығымыз үшін ғұмыр бойына үзілмейтін» ұстанымына нақты ауысады. Осы мүмкіндіктерді іске асыру үшін білім саласында да, сондай-ақ қазіргі кездегі ақпараттық-коммуникациялық технологияны дамыту саласында да мамандарды біріктіруге күш салу қажет. Бұл мақсаттардың жүзеге асуы білім беру жүйесін ақпараттандырудан басталады.

Ресми мақұлдау курсы шегінде эксперименттік тәжірбие жұмысының нәтижесі қазіргі компьютерлік технологиямен жұмыс іскерліктерін меңгеру арқылы неміс және ағылшын тілдерін үйрену процессінде студенттердің танымдық белсенділігінің артқандығын, компьютерлік жаттығулармен жұмыс жүргізу арқылы студенттердің лексико-грамматикалық білім алуының қарқындалуын, мультимедиа бағдарламаларымен жұмыс барысында нәтижелі сөйлеу іскерліктерінің дамығандығын, интерактивті компьютерлік ортаны қолдануға байланысты ағылшын және неміс тілдерін оқыту үрдісін даралау мүмкіндігін көрсетті. Осының барлығы студенттер білімінің сапасын арттыруды көздейді. Бұл шығармашылық жұмыс компьютерлік технологияны шетел тілін меңгеру үрдісінде қолданудың студенттер мен педагогтардың ақпараттық мәдениетін белсенді түрде қалыптастыруды көрсетеді.

Компьютерлік технологиямен жұмыс барысында педагогтың да рөлі өзгереді. Олардың басты міндеті – студенттердің тұлғасын, олардың шығармашылықпен ізденуін дамытуға бағыт беру және қолдау. Ұстаздың кәсіби қызмет объектісін білу шәкірттердің табысты іс-әрекет ету дағдыларын қалыптастыру мақсатында компьютерлік технологияларды пайдалану ерекшеліктерін айқындауға мүмкіндік береді. Студенттермен қарым-қатынас – ынтымақтастық пен бірлескен шығармашылық қағидасында түзіледі. Осы жағдайларда бүгінде құрылған оқу жұмысын ұйымдастыру түрлерін қайта қарауға тура келеді: студенттердің өздік, жеке және топпен жұмысын көбейту, дәстүрлі сабақтан оқытудың көрнекілікті (слайд, CD, компьютер және т.б.) түсіндірме әдісіне көшу, іздену және зерттеу сипатындағы практикалық және шығармашылық жұмыс көлемін кеңейту. Мысалы, CD-дискілерінде көрсетілген оқу ақпараттары ең көп көрнекі құралды қамтиды. Ресми оқулықтармен салыстырғанда мұнда мәтін және кестемен қатар, дыбыстық, суретті бейнефрагменттерді де орналастыру мүмкіндігі бар. Дыбыстық карталардың көмегімен айтылған сөзді жазып тіл жеткізушінің сөзін тыңдап салыстыруға болады. Осы әдіс тілді меңгеру процесінің маңызын жеңілдетеді.

Шетел тілінен бақылап оқыту бағдарламалары қазіргі компьютерлік техниканы қолдана отырып, шетел тілін меңгерудің жаңа педагогикалық технологияларын зерттеу және қабылдау мақсатына арналған. Оларды қолдану жеке психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес әр студентке грамматикалық құрылымдарды, лексикалық материалды, қарқынды жазу іскерліктерін өңдеуге мүмкіндік береді.

Әр студенттің компьютерлік технология арқылы интернет, электронды желі, электрондық пошта арқылы дүниежүзілік білім әлеміне еніп, онда өзінің қажетін өтейтін білімді толығымен алуға, қажетті ақпараттық мәліметтерді ғылым саласына байланысты озық тәжірбиелерді, осы мәселенің шетелдегі жағдайымен танысуына толық мүмкіндігі туады. Мұның өзі оқыту үрдісіндегі жаңа беталыс екенін, яғни, оның негізгі идеясы мен мақсатының өзгергенін көрсетеді.

Электронды оқулықтың мазмұны студенттердің зерделі ойлау қабілетін дамытуға бағытталуы және оның мына қасиеттерді қанағаттандыруы өте қажет: қисынды ойлау жүйесінің қалыптасуы, жинақтылығы, жүйелілігі, эстетикалық көркемділігі, жылдамдылығы, т.б.

Бұл электронды оқулықтың тиімділігі студенттердің өздігінен оқып үйренуіне және өзіндік жұмыс қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

Электрондық оқулық оқытудың педагогикалық модулдік технологиясына негізделген және мәтіндік ақпаратты тез әрі көрнекті түрде қабылдауына мүмкіндіктер жасайды. Осылардың барлығы оқулықтың ресми оқулыққа қарағандағы артықшылықтарын пайдалану арқылы қосымша бейнематериалдар, карталар, суреттер, ресми деректер бере отырып студенттің білім сапасының артуына, өзіндік көзқарасының қалыптасуына ықпал етеді.

Құрастырылған электронды оқулық «шығармашыл ұстаз – уақыт талабы, нәтижесі – уақыт жеңісі» демекші, мұғалімінің оқытуды ұйымдастырудағы шеберлігі артса, оқу үрдісін ұйымдастыруда студенттің танымын, қызығуын арттыра отырып, үй тапсырмасының көлемінің азаюына және оқу материалдарының есте жақсы сақталуына өте тиімді әсер етеді.

Сонымен электронды оқулықтың мұғалімге көмекші құрал ретінде де, студенттің өз бетімен білім алуына да мүмкіндік беретін оқыту жүйесі ретінде маңызы өте зор.

Қазіргі технологияларды қолдану білім беру құралы ретінде компьютердің орасан зор мүмкіндіктерін ашады. Компьютерлік оқыту программаларының білім берудің дәстүрлі әдістерінен көп артықшылығы бар. Олар сөйлеу әрекетінің түрлі формаларын жаттықтыруды және түрлі комбинацияларды біріктіруді қажет ете отырып, тілдік қабілеттерді қалыптастыруға, тілдік жағдаяттарды құруға, тілдік және сөйлеу әрекеттерін автоматтандыруға көмегін тигізе келе, сонымен қатар жетекші репрезентативті жүйенің бақылау мүмкіндіктерін қамтамасыз ете отырып, студенттің өздік жұмысына жеке тұрғыдан қарауын және оның қарқындауын іске асырады.

 

ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Селевко Г.К. «Современные образовательные технологии» М., «Научное образование» 1998.

2. Селевко Г.К. «Современные образовательные технологии» М., «Научное образование» 1998.

3. Computergestutzter Fremdsprachenunterricht: Ein Handbuch / Hrgs. von der Langenscheidt – Red. – Berlin et al.: Langenscheidt. – 1985.