ІСКЕРИ ДИСКУРС ЖӘНЕ СӨЗ МӘДЕНИЕТІ
Ныязбекова К.С., п.ғ.к.,
Абай атындағы
ҚазҰПУдың доценті
Айтжанова А.,
Абай атындағы
ҚазҰПУ-дың 2-курс магистранты
(Қазақстан,
Алматы қ.)
Мәтін – тіл жүйесі, формалдық-тілдік білімдер
жүйесі, ал іскери сөз мәдениетін қарастыруда тек
формалды білімдер жүйесімен шектелу іскери қатынастың
мәнділіктерін толық ашпайды, өйткені мәтін
коммуникацияның бір ғана бөлігі. Ал іскери сөз
мәдениетін дискурс тұрғысынан талдау тілдік емес
жағдаяттарды да қамтиды. Ал тілдік емес факторлар
мәтінтүзілімге типтік ситуацияға
лайық болуын қамтамасыз ететін мәнділіктер болып табылады.
Олай болса, іскери дискурс – мәтін және
мәдени-әлеуметтік, психологиялық факторлардың
жиынтығы деген ұғымды білдіреді.
Кез келген тілдік
коммуникацияда когнитивтік компонент болады. Ал когнитивтік компонент
коммуникацияға қатысушылардың санасындағы тап сол
коммуникация жүзеге асыруға қажетті білімдердің
жиынтығы дегенді білдіреді. Коммуникациядағы когнитивтік
компонентке коммуникацияға қатысушылардың нақты
қарым-қатынасты жүзеге асыру үшін қажетті
әртүрлі білімдер жүйесін яғни коммуниканттар ресми
сөзде отбасындағыдай сөйлеуге болмайтынын, әлеуметтік
ситуацияны басқа екені жөнінде ресми қарым-қатынастың
этикасы, этикеті болатынын жөнінде білім жүйесінің болуы,
сонымен бірге адресанттың өз әріптесінің
әлеуметтік сипаты (қай әлеуметтік жікке жататыны, жасы,
интелектуалдық сипаты, темпераменті, жынысы т.б.) жөнінде
білімінің болуы іскери дискурстың когнитивтік компонеттері болып
табылады.
Ал ресми дискурста
морфологиялық құрылымы күрделі бірліктерден (құлақтандырылмағандықтарыңыздың
салдарынан т.б.),
күрделі синтаксистік құрылымдардан гөрі ықшам,
күрделі емес тілдік бірліктердің болуына, ойша, тыңнан
құрастырылатын конструктілерден, тілдік құрылымдардан
гөрі стандарт, штамптардың дайын үлгілер болуына қарай
сөз үрдісінің ойысуы – іскери дискурстың
прагматикалық қырлары болып табылады.
Сонымен іскери дискурс әңгіме ресми қатынаста
ұйымдық, ұжымдық ортада қызмет бабында
қолданылатын сөздің ерекше түрі. Іскери
сөздің тілдік, психологиялық тәсілдерін меңгеру,
оның функционалдық ерекшеліктерін білу іскери коммуникация тиімді
болуына сөз ахуалының ұнамды, жайлы жағдайда
өтуіне әсер ететін алғышарттар болып табылады.
Іскери адам өзінің кәсіби құзыретімен
ғана шектеліп қалмауға тиіс. Қазіргі заман кәсіби
құзыреттен басқа коммуникативтік құзыретке де
ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Коммуникативтік
құзыретке іскери сөздің мазмұны және
тілдік, психологиялық, этикалық компоненттер, сондай-ақ
коммуникативтік құзыреттілікке коммуникативтік ситуация жатады.
Коммуникативтік ситуацияның құрамына коммуниканттардың
әлеуметтік рөлі, қарым-қатынастың түрі,
қарым-қатынастың шарты т.б. жағдаяттар енеді.
Сөйлеу тілі әдеби тілді тұтынушылардың
дайындықсыз, машық бойынша бейресми жағдайда,
тыңдаушымен бетпе-бет сөйлесетін сөзі, әдеби
тілдің функционалдық тармақтарының бірі.
Сөйлеу тілінің нормалары грамматикада, сөздіктерде
тіркелмейді, сондықтан сөйлеу тілі нормалары әдеби тілдің
кодификацияланбаған нормасына жатады. Әдеби тілдің нормалары
кодификацияланған стильдік тармақтарына сөйлеу тілі осы
ерекшеліктерімен қарама-қарсы қойылады. Сөйлеу тілін
қолдану кезінде жазбаша, яғни кітаби түрде сөйлеу
сөз мәдениеті тұрғысынан дұрыс деп танылмайды.
Сондықтан сөйлеу тіліне тән ерекшеліктерді жазба тілден айыра
білу сөз мәдениетіне қойылар басты талаптың бірі.
– әдеби тілдің
бейресми жағдаятта қолданылатын, адресант пен адресаттың
тікелей қатысуымен диалог түрінде жүзеге асатын ауызша
түрдегі (спонтанды) машықты сөз. Осы сипатына байланысты
сөйлеу тілін бейресми дискурс деп атауға болады.
Қарым-қатынастың бейресмилігі, ситуацияға
тәуелділігі, машықтылығы (спонтанность)
сөйлеушілердің әлеуметтік рөлі, психологиясы,
эмоциялық күйі сөйлеу тілінің
құралымдық сипатының күрделі екенін танытады.
Сөз субьектісі, яғни сөйлеуші өзін
тұлға ретінде көрсетеді. Оның сөйлеген
сөзінен белгілі бір этносқа, ұлтқа тән екені,
мәдениет деңгейін дүниетанымдық ерекшелігін,
этикалық және құндылықтар жөніндегі
түсінігін байқатып тұрады.
Сөйлеу тілі диалог формасында жүзеге асады. Диалогтің
ойдағыдай болуы, ойдағыдай аяқталуы үшін
қарым-қатынас жасауды қажетсіну негізгі шарттардың
бірі. Бұл қажетсіну коммуникативтік мүдделілік деп аталады.
Коммуникативтік мүдделілік деңгейіндегі қатынаста
диалогке қатысушылар арасында, олардың әлеуметтік
мәртебесіне, әлеуметтік рөліне қарамастан,
тепе-теңдік (паритеттілік) сақталады.
Әңгімелесушінің жан дүниесіне байланысты
түсіністік, сөйлесушілердің, тілдесушілердің дүниетанымындағы
жақындық, өмір тәжірибесіндегі
ұқсастық, мүдделестік, мәдени, туыстық т.б.
апперцепциялық ая диалогтің нәтижелі болуына әсерін
тигізетін шарттардың бірі.
Сөйлеу дискурсының ерекшелігі экспрессивті эффект тудыру
арқылы адресаттың назарын өзіне аударып,
қызықтырып отыру. Сөйлеушіні, оған
тыңдаушының эмотивті реакциясы диалогтің дұрыс ахуалда
өтіп жатқаныдығын көрсетеді. Тыңдаушы
әсіресе тосын тәсілмен, бедерлі тілмен берілген ақпаратты ден
қоя тыңдайды. Сондықтан сөйлеуші әртүрлі
тілдік деңгейлердегі экспрессивті мағынадағы тілдік
бірліктерді, троп, фигура тәрізді стильдік құралдарды
қолдануға тырысады.
Белгілі бір фактіні сөйлеуші образ арқылы
жаңғыртады, жай сөзбен еш мәнерлі сөзбен береді,
ал мұндай екінші реттегі тілдік бірліктер автордың көзқарасын,
сезім-күйін, сөз сомдау мәнерін көрсетеді. Сөз
қатынасындағы бұл жайтқа адресат та реплика
арқылы, бейвербалды таңбалар арқылы қатысады. Адресат
тарапынан болатын реплика-реакцияны байқай отырып, сөйлеуші
сөз мәнерін жалғастыру немесе өзгерту жөнінде
болжам жасай алады да сөздің құлақ күйін
адресаттың ыңғайына қарай өзгертіп отырады.
Сөйлеу тілі сөздің ұзына-бойына экспрессиялық
өң беретін эмотивті тіл элементтеріне қазақ тілі аса
бай. Ой-сезімінің обьективтеніп, ақиқатқа айналуын
әдетте сөз шығармашылығының бастамасы деуге
болады. Сондықтан ой мен сезімді білдірудің эстетикалық
мәні бар. Сөйлеу тілі күллі тілдік идиоматиканың бастау
көзі, оккозионализм фразеологизмдердің шыңдалып шығар
дүкені. Сөйлеу тілі дүкенінде әртүрлі
деңгейдегі тілдік бірліктердің екінші мәрте аталымдарға
айналу үрдісі үздіксіз болып жатады. Жазғыштар, осындағы
мықтылар, жоғарыдағылар, атүстіндегілер,
көкқағаз (доллар), желтоқсан ызғары,
қаракөздер т.б. газет бағаналарындағы
қолданыстар алдымен сөйлеу тілінде пайда болған екінші
реттегі аталымдар.
Сөйлеу тілінде екінші реттегі аталымға жататын перифраз, аллюзия, гипербола, литота,
градация, параллелизм, риторикалық сұрақ, элипсис, анафора,
антитеза, сияқты риторикалық фигуралар жиі кездеседі.
Сөзге өң беретін, бедер беретін тілдік
құралдарға анафора,
антитеза гипербола, литота, синонимдер тізбегі, градация, қайталау,
эпитет, риторикалық сұрақ, метафора, метонимия, астарлы
сөз, аллюзия, перифраза, субьективті модальдылық, қыстырма
сөздер мен сөйлемдер т.б. жатады. Бұлар сөйлеу
тіліне эстетикалық рең берудің стильдік
құралдары. Ондай құралдар арқылы сөйлеуші
белгілі бір ақпарат беруде өзінің тіл дербестігін таныта білуі,
тілдесудің ойдағыдай өтуіне әсерін тигізетін
эстетикалық факторлардың бірі болып табылады.
Сөйлеу мәтініндегі кейбір грамматикалық
тұлғалардың мағынасы жалпы тілдік мағынасына
сәйкес келе бермейді. Мысалы, әке мен бала арасындағы мынадай
диалогке назар аударыңыз: –Әкең саған жаны
ашығандықтан айтып отыр. Мұндағы Әкең тұлғасы бірінші
жақтың қызметін атқарып тұр. [Мен саған
жаным ашығандықтан айтып отырмын]. Сөз тұлғасын
өзгерту прагматикалық мақсаттан туып отыр.
Сөйлеушінің “мен” демей “әкең” деуі балаға
деген жақындықты баса көрсетеді де, әлеуметтік МЕНІН
бейтараптайды.
“ – шаршытоп (публика) алдындағы
сөздің формальды-тілдік, коммуникативтік-нормалық
қырларын сөз мәдениеті тұрғысынан
қарастырады.
Бір есептен, шешен мен шаршытоп арасындағы тілдік қатынасты ұжымдық коммуникация деп
атауға болады. Коммуникацияға қатысушылар, шешен мен
аудитория арасындағы коммуникативтік байланыс, олардың ортақ
білімінің болуы т.б. жайттар тілдік құралдарды,
риторикалық, стильдік тәсілдерді талғап, саралап
қолдануға ықпал ететін факторлар болып табылады.
Шешендік сөзді дайындау барысында, сөйлеу кезінде пайда болатын
үлкен қайшылық – кітаби
тіл нормасы мен сөйлеу тілі
нормаларының тайталаса келуі, өйткені шешендік сөз жазба
(кітаби) тіл негізінде “әзірленеді”, ал сөйлегенде, яғни
ауызша сөзге айналғанда сөйлеу тілінің тәсілдерін
пайдаланады. Ауызша сөзде, шаршытоп алдындағы сөздің
баяндау мәнерінде шешен қатаңдығы басым
кітабилыққа бой ұрмауға, еркіндігі басым сөйлеу
тілінің жетегінде кетпеуге тырысады. Шешен кітабилыққа бой
ұрса, сөзі қасаң, таптаурын тартып, аудиторияға
әсер-ықпалы төмен болады, ал сөйлеу тілінің
элементі басым болса, тұрмыстық деңгейдегі сөзге
айналады, ондай сөздің қоғамдық-әлеуметтік
мәні жоғары болмайды. Шешеннің сөзі оқушыға
емес, тыңдаушыға арналады, сондықтан шаршысөзде кітаби
элементтер мен сөйлеу тілі элементтерінің арасалмағын
теңгеріп отыру қажет.
жасау мен байланысты
күшейтудің тілдік тәсілдері әр алуан. Сөйлеуші
мен тыңдаушылар арасындағы байланысты жүзеге асыруда “біз” –
“сіздер” есімдігі ерекше қызмет атқарады. Біз
сіздермен біріге отырып, өздеріңізбен ойласа келе,
өздеріңіз көз жеткізгендей, бірге ойласып көрейік т.б.
тәрізді есімдікті құрамалар белгілі бір мәселені
бірлесіп ойластыру сияқты эффект туғызады. Бұл тәсіл
(“біз – сіз”) сөйлеуші мен аудитория арасындағы “қашықтықты”
жақындастыра түседі.
Өздеріңіз байқағандай,
өздеріңізге мәлім, өздеріңіз айтқандай,
өздеріңіз көз жеткізгендей, т.б.
тәрізді қыстырма құрамалар сөйлеуші мен
тыңдаушылар арасындағы байланысты жүзеге асыруға,
әрі қарай күшейте түсуге қызмет етеді. Еске
түсіріңіздер, оқып көріңіздер, ой жіберіп
байқаңыздар, өздеріңіз шешіңіздер т.б.
тәрізді бұйрық тұлғалы етістік
құрамалар белгілі бір ой-пікірге тыңдаушыларын “авторластыру” тәрізді эффект
тудырады.
шешеннің аудиториямен
байланысын өрістете түседі. Адамның әуел бастан ойлау
табиғаты диалог іспеттес.
Диалог – болмысында,
жаратылысында табиғи құбылыс, ал монолог – болмысында
қолтума құбылыс. Монолог қолтума дүние
болғандықтан, сөйлеуші оған біраз жаттығуы керек.
Тыңдаушы тарапынан монолог сөз түрін, диалогке
қарағанда, қабылдау, түсіну “күшке” түседі.
Тыңдаушы монологке біраз ден қойып, азды-көпті ойға
салмақ салуы қажет. Тыңдаушы үшін осындай біршама
қиындықты тәжірибелі шешен жеңілдету үшін
дискурсқа диалог элементтерін ендіру тәсілін қолданады,
яғни сөзді диалогтендіреді. Мысалы, қандай
қиындық? сіздер мен біз ойланып көрейік; – жауабын айта
аласыздар ма? Әрине, жоқ тәрізді
“сұрақ-жауап”
тәсілі сөзді диалогтендірудің ерекше тиімді тәсілі.
Сөйлеуші бұл жерде аудиториядан жауап күту үшін
сұрақ қойып отырған жоқ, сөзге диалогтік
сипат беріп тыңдаушылардың “жай-күйін” жеңілдетіп отыр.
Сөзді диалогтендірудің тағы бір тиімді тәсілі – сөйлеуші өзін қарсы
жақтың, оппоненттің, тыңдаушылардың орнына
қойып сөйлейді. Бұл жерде қарсы жақтың,
оппоненттердің ойын, тыңдаушылардың ойында тұрған
нәрсені жұртшылық айқын аңғаратындай етіп
беру керек. Бұл, әрине, шеберлікті қажет етеді. Шешен
сөзге төселудің нәтижесінде шеберлікке қол
жеткізеді.
– сөйлеушіні аудиториямен
байланыстыруға қажетті, сөзге құрметтеу
реңін беретін, тұрақты әрі арнайы қолданылатын
қарым-қатынас орнатудың тілдік бірліктері.
Бұларға құрметті қауым, ардақты
әлеумет, құрметті ханымдар мен мырзалар, жолдастар,
қадірлі ағайын, қадірлі бауырлар, қымбатты достар т.б.
тәрізді атауыш қаратпалар жатады.
Шешендік сөзде ситуацияға қарай этикет формалардың
ресми, бейтарап, эмоционалды түрлері қолданылады. Ресми
формаларға жолдастар, ханымдар мен мырзалар; эмоционалды формаларға қымбатты
достар, қадірлі бауырлар, қадірлі ағайын т.б., ал
бейресми формаларға әріптестер, халайық,
әлеумет т.б. тәрізді қаратпалар жатады.
Сөздің басталуында этикеттік қаратпалардың
қандай мәні болса, назар салып
тыңдағандарыңызға рахмет, ден қойып
тыңдағандарыңызға рахмет деп сөзді
аяқтаудың да соншалықты мәні бар. Бұлай деу бір
жағынан этикеттік норма болса, екінші жағынан, аудиториямен
коммуникативтік байланыстың аяқталғанын байқататын
белгі болып табылады.