ИНФОРМАТИКАЛЫҚ ТЕРМИНДЕРДІҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ
Ахаева М.С.
Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, Тараз қ.
Информатикалық
терминдердің жасалу жолдары әдеттегі сөздер мен
терминдердің жасалу жолдарынан ешқандай айырмашылықтары
жоқ. Олар әдеттегідей морфологиялық, синтаксистік және
лексика-семантикалық болып үшке бөлінеді. Зерттеушілер
бұл үшеуінің үстіне соңғы кезде калькалану
немесе аударма тәсіл деп аталатын төртінші тәсілді
қосып жүр. Бұлардың ішіндегі ең басты, әрі
өнімді тәсілдер – морфологиялық тәсіл мен синтаксистік
тәсілдер [ 1, 41].
Морфологиялық тәсіл арқылы жасалған терминдер
Түркі тіл білімінде
сөзжасам жүйесі мен оның теориялық мәселелері
А.А. Юлдашев, Г.М. Гарипов, Э.В. Севортян, А.Н. ононов, А.Г. Гулямов, Ф.Ганиев
т.б. ғалымдар еңбектерінде зерттелінген.
Қазақ тілінде
морфологиялық тәсіл арқылы сөзжасау 20-30 жылдары жедел
дамығаны белгілі. Сөзжасамның бұл тәсілі
алғаш А. Ысқақов, Ғ.Мұсабаев, Е.И. Шипова, Ғ.
Қалиев еңбектерінде зерттелінді. Соңғы жылдары осы
мәселеге арналған А. Салқынбайдың тарихи
сөзжасам, яғни сөздік құрамның бүкіл
негізін құрайтын туынды сөздердің жасалуы мен тарихи
қалыптасу, даму заңдылықтарын айқындап беретін
зерттеуінің маңызы зор.
Терминологиялық сөзжасам
жай сөзжасамға қарағанда күрделі процесс. Егер
жай сөзжасамда сөзжасаудың белгілі бір тәсілін
пайдаланумен шектелсе, термин үшін терминдік атаудың сөздік
мәнін ашу, яғни ұғымға анықтама беру
қажет.
Сөзжасамның
морфологиялық тәсілі деп түбір сөзге түрлі
жұрнақтар жалғау арқылы туынды сөз жасауды
айтамыз. Осы тәсіл информатика терминдерін жасауда елеулі орын алады.
Морфологиялық
тәсіл арқылы жасалған терминдерге профессор
Б.Қалиевтің ізімен тек түбірге жұрнақтар
жалғану арқылы жасалған туынды түбірлерді ғана
емес, сонымен бірге екі түбірдің бірігуінен, кірігуінен және
қосарлануынан жасалған терминдерді жатқызады.
Белгілі ғалым А.
Байтұрсыновтың қазақ тілінің сөзжасам
тәсілдерін анықтаумен қатар, ол тәсілдерді термин
жасауда пайдаланудың жарқын үлгісін көрсеткендігін
оның қаламынан туындаған терминдері дәлелдейді.
Мәселен, буыншы, бастауыш, жалғаулық, есімдік тәрізді
көптеген терминдері морфологиялық тәсілмен жасалған.
Морфологиялық
тәсілмен жасалған терминжасамның ең өнімді
түрі – түбірге жұрнақтардың қосылуы
арқылы жасалған зор. Сондықтан да кейбір лингвистикалық
еңбектерде бұл тәсілді «аффикстік тәсіл» деп аталады.
Бұл тәсіл арқылы туындайтын сөздер екі бірліктің қатысуымен
жасалады. Олар лексикалық мағыналы сөз және
сөзжасамдық жұрнақ. Басқаша былай өрнектеп
көрсетуге болады:
Лексикалық
мағыналы сөз + сөзжасамдық жұрнақ = туынды сөз
|
1 |
ғыш,
гіш |
айыр/ғыш,
бейімде/гіш |
|
2 |
қыш,
кіш |
ажырат/қыш,
көрсет/кіш |
|
3 |
лық,
лік |
ара/лық, |
|
4 |
дық,
тық |
ақпарат/тық,
электрон/дық |
|
5 |
ыш,
іш |
құрау/ыш,
санау/ыш, сілтеу/іш |
|
6 |
ым |
басыл/ым |
|
7 |
шы,
ші |
жорамалдау/шы,
қолдану/шы, кестелеу/ші |
Қысқасы,
морфологиялық жолмен жасалған терминдер қазіргі
қазақ тіліндегі информатика терминдері жүйесінен елеулі орын
алады. Бұл–қосымша арқылы сөз жасаудың термин
шығармашылығы негізгі көз екендігімен
түсіндіріледі.
Синтаксистік тәсіл арқылы жасалған терминдер
Қазіргі
қазақ тілінде терминжасаудың үлгілері мол.
Солардың бірі – сөздерді тіркестіру арқылы термин жасау.
Терминтанушылар әр
түрлі еуропа тілдерінің терминологиясының 60%-дан
95%-ға дейін құрап, дара терминдерден әлдеқайда
басым екенін атап көрсетіп жүр.
70-жылдары жазылған
М.И.Макованың ғылыми мақаласында ағылшын тіліндегі
сөздердің тіркесуі арқылы жасалған терминдер
терминологияның 70 пайызын құрайтынын көрсетсе,
З.М.Осипенко кандидаттық диссертациясында орыс терминологиясындағы
тіркесті терминдердің терминқордың 62-77 пайызын
құрайды деп көрсетеді. В.Н.Прохорованың да орыс
тіліндегі синтаксистік жолмен жасалған терминдер туралы пікірі сол
алдыңғы ғалымның тұжырымын растай түседі.
Ол «Терминжасамда синтаксистік тәсіл өте белсенді түрде
жұмсалады. Орыс тіліндегі термин жасаудың бұл
дәстүрлі тәсілі қазір де ең өнімді
тәсілдердің бірі болып табылады» – деп көрсетеді [2, 20].
Бұл тәсіл
қазақ тілінде де өнімділігімен ерекшеленеді. Олай
болуының себептері арнайы зерттеуді қажет етеді. Алайда кейбір
себептері туралы қазірдің өзінде айтуға болады деп
ойлаймыз. Бір себебі – біздің терминологиялық лексикамыздың
құрамындағы көп компонентті терминдердің басым
бөлігі орыс тілінен тікелей аударылып алынған. Оған кез
келген арнаулы саланың терминологиясынан мысал келтіруге болады.
Терминологияда бір арнаулы ұғымның екіншісімен түрлі
байланысын көрсететін, тегі бір ұғымдардың
түрлерін білдіретін атаулар жиі ұщырасады. Әдетте ондай
атауларды бір сөзбен беру оңай бола бермейді. Сондықтан
екінші бір себебі – түр атаулары болып келетін терминдер логикалық
жүйеге сәйкес ұғым мазмұнын дәл беру
мақсатымен көп сыңарлы болады.
Тек терминологияда емес,
қазақтың жалпыхалықтық тілінде де
сөзтіркесімнің өнімді тәсіл болғандығын
сөзжасам саласын зерттеген тіл мамандары атап көрсетеді.
«Сөзтіркесім – жаңа сөз жасаудың ең өнімді
жолы. Қазақ тілінде зат немесе құбылыстың атын
тіркестіріп атау жиі ұшырайды. Бұл сөздер аталым дәрежесіне
жеткен сөздер. Егер сөз тіркесі лексикалық
тұтастыққа айналып, аталым дәрежесіне ие болса
сөз тіркесі қызметін тоқтатады. Мұндағы басты
қасиет – ұғымның атауы дәрежесіне жетуі».
Информатика
терминдерінің басым көпшілігі осы тәсіл арқылы жасалады.
Мысалы, деректер базасы, ақпараттық жүйе, басқару құрылғысы, операциялық
жүйе, сақтау құрылғысы, жұмыс
үстелнің терезесі, компьютер желісі, магниттік таспа блогы,
символдар жиыны, сақтау жады, электрондық пошта, алмасу операциясы,
енгізу-шығару құрылғылары, электронды
мәліметтерді өңдеу, жіберуді бақылау символы.
Лексика-семантикалық
тәсіл арқылы жасалған терминдер
Қарастырғалы
отырған тәсіл жалпыхалықтық тілдегі
сөздердің мағынасымен тығыз байланысты. Жалпы тіл
біліміндегі сөзжасамның осы тәсілі сөздердің
сыртқы түрі өзгермей, оның мағынасының
өзгеруімен сипатталады.Бұл мәселе көптеген
ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған. Атап
айтсақ, М.Ш.Гасымов, Ғ.Ғ.Мұсабаев, М.Оразов және
т.б.
Терминнің
мағынасы барынша танымал болмай, ол жалпы қолданысқа ене
алмайды. Егер мағынасы танымал болса, онда ол жалпы
қолданысқа өтеді. Сөйте тұра өзінің
бұрынғы терминдік мағынасын сол терминологиялық
жүйеде сақтайды. Терминология жалпы тілдің даму процестері
мен заңдарынан тыс дамымайды. Сондықтан болар терминологияда да
жалпы сөздерге тән лексика-семантикалық процестер іске аса
алады.
Ойымызды жинақтай
келе, терминдердің табиғатын ашу үшін оның сөздік
жағы мен ұғымдық жағын бірлікте
қарастырған жөн дегіміз келеді. Өйткені кез келген
ғылыми ұғым термин арқылы белгіленеді. «Ал термин–сол
ғылыми ұғымның тілдегі (терминологиядағы)
көрінісі» болса, ұғым айқындалмай–термин, термин
айқындалмай–ұғым болмайтынын мойындау қажет.
Сөзжасамның
лексика-семантикалық тәсілі деп – ешқандай
жұрнақсыз-ақ, ешқандай сөз біріктірусіз немесе
сөз тіркестірусіз-ақ жаңа сөз жасауды айтамыз.
Бұл қазақ тілінің байырғы сөздері мен
ертеде енген араб, парсы сөздерінің арнайы жаңа
терминологиялық мәнде жұмсалуы болып табылады. Әлгі
жаңа қызмет сол байырғы сөздер
мағыналарының бірінің негізінде өріс алады.
Мұндай жағдайда сөзжасамның қайнар көзі –
тілімізде бұрыннан қолданылып келе жатқан
жалпыхалықтық сөздер болып табылады. Яғни
жалпыхалықтық сөздердің мағынасында болатын
әр түрлі өзгерістер жаңа сөз жасаудың
лексика-семантикалық тәсілінің негізін қалайды.
Лексика-семантикалық
тәсіл – терминжасау тәсілдерінің бірі. Оны басқа
тәсілдерге қарағанда термин жасаудың басты, негізгі
тәсілі деп бағалауға болады. Өйткені ұлт тілі негізінде
жасалған ғылыми терминдерінің көпшілігі осы тәсіл
арқылы жасалған терминдер.
Мысалы, қапшық – папка, терезе, жималау, жаймалау
т.б.
Аударма тәсілі арқылы жасалған терминдер
Информатика терминдерін жасауда –
аударма тәсілінің рөлі зор. Бұл тәсіл кейде
калькалау тәсілі деп те атайды.
Калькалау – өзге тілдердің
терминдерінің жасалу үлгісі мен мағынасын пайдалана отырып,
ұлт тілінде термин жасау болып табылады. І. Кеңесбаев пен Т.
Жанұзақов сөздігінде: «Бір тілдегі сөз бен сөз
тіркестерін я сөз мағынасын ауыстыру, көшіру, мысалы:
тышқан – орыс тілінің мышь сөзінің калькасы» деп
жазылған.
Жалпы қай тәсілмен болмасын
жаңа сөз, жаңа термин жасау оп-оңай шешімін табатын,
әркімнің де қолынан келе беретін бұқаралық
іс емес. Бұл арнайы біліктілікті, машықтануды, көп ізденісті
қажет ететін, шығармашылықпен жүзеге асатын
жұмыс. Калькалау да сондай. Термин шығармашылығында бұл
тәсілді пайдалана отырып арнаулы сала атауларын жасағанда бұл
мәселенің қырларына жете көңіл аудармай болмайды.
Ғалым Г.Ц. Пюрбеев «Калькалау арқылы термин жасау өте
күрделі мәселе. Аударманың сәтті шығуы үшін
өзге тілдегі сөздің (сөз тіркесінің)
семантикасын, морфологиялық құрылымы мен қолданылатын
саласын жақсы білу керек» деп көрсетеді [2, 22].
Әйгілі тілші ғалым Л.
Блумфилд кальканы шет тілінің сөзін аудару немесе шет ел
тілінің сөзі арқылы берілген ұғымды өз
тіліңнің сөзімен атай отырып, жаңа сөз жасау
деген болатын.
Кейбір тілдерде калька шет тілдері
сөздерін игерудің бірден-бір тәсілі болып саналады. Біз де
солай етейік деп өзге тілдерді үлгі ете берудің реті бола
қоймас. Бірақ қажетіне қарай, термин
шығармашылығында бұл тәсілді де жатсынбай пайдаланып,
оны тіліміздің табиғатына сәйкестендіріп жетілдіре білсек,
терминжасам тәсілдеріміздің өрісі кеңейіп, өзге
тілдердің сөздерін игеру мүмкіндігіміз арта түспек.
Мысалы, тышқан, көшіру, жылжыту, қию, жою, құжат,
қаріп, жұмыс үстелі, менің компьютерім,
ұяшық, құрал-сайман тақтасы, сақтау, басу,
түзету т.б.
Пайдаланған
әдебиеттер тізімі:
1. Сарсенова С.Е.
Қазақ тіліндегі физика және астрономия
терминдерінің құрамы мен
құрылымы. Канд. диссертация. – Алматы, 2003. – 41 б.
2. Исакова С.С. Қазақ
тіліндегі психология терминдері. Канд. диссертация. – Алматы, 2002. – 22 б.