Аметова А.Ж.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті, Қазақстан
ҚАЗАҚ РОМАНЫНДАҒЫ ТОТАЛИТАРИЗМ
КӨРІНІСТЕРІ
Тоталитаризм – мемлекеттің қоғамға және
жеке адамға толықтай, тұтас бақылау орнатуымен
сипатталатын саяси жүйенің бір түрі. Оған тән
ерекше белгілер: азаматтардың құқықтары мен
бостандықтарының барынша бұзылуы; барлық
деңгейдегі биліктің жоғарыдан тағайындалуы; билік
бөлінісі принципінің жойылуы, яғни, биліктің
барлық - атқарушы, заңшығарушы, сот
тармақтарының тұтасып кетуі; басында көсемі бар бір
ғана билеуші партияның болуы және оның мемлекетпен
тұтасып кетуі; басқа партиялардың және
ұйымдардың қызметінің ресми
"қозғалыс" қызметімен алмастырылуы;
қоғамның барлық мүшелеріне бір ресми
идеологиялық доктринаның таңылуы; тек қана мемлекеттік
нысандағы бұқаралық ақпарат
құралдарының болуы, қандай да болмасын
ақпараттың қатаң "сүзгіден"
өткізілуі; үздіксіз әрі тұтастай зорлыққа
негізделген мемлекеттік ұйымдасқан лаңкестік.[1]
Сол ел тарихында 20-30-жылдары тоталитарлық жүйе ұжымдастыру саясатын
жойқын күшпен жүзеге асырды. Аталмыш саяси жүйе
тек жоғарыдан қаулы-қарарлар жіберіп,
оны жергілікті басшылық органдарда жүрген
сауатсыз жетекшілер асыра сілтей орындады.
Зорлық-зомбылықпен
байлардың мал-мүлкін талан-таражға салып қана
қоймай, өздерін жер
аударып, жазалады.
Т.Әбдіковтің
«Өліара» романы сол „жабық
тақырып“ боп келген, қазақ даласындағы ұжымдастыру кезеңін баяндайды. Онда дәуір
шындығы, ұлт санасына жат билеу жүйесінің
халықтың басына салған қиыншылықтары мен
оның зардаптары суреткерлікпен бейнеленген.
Сол уақыт келбетін танытып
тұратын – дара
мінезге ие образдар, кейіпкерлер. Ендеше
романда суреттелетін кеңестік жүйедегі
тоталитаризмнің
келбетін ашу үшін
алдымен осы кейіпкерлерге тоқталамыз. Олар жаңа
тоталитарлық
жүйені
қазақ топырағына сіңістіріп жатқандар – өзгелер
емес, өз топырағымыздан шыққан Назарлар мен Нұрбектер.
Романдағы тартыс Ақсуатқа Нияздың
Нұрбегінің келуінен басталады. Нұрбек қойбағардың аз
атасының біріне жататын.
Әке-шешесінен ерте айрылып,
апасы Райханның қолында жүрген жерінен үкімет жетімханаға
алды. Сол жақтан сауатын ашып, одан
дуанға барып оқыды. Баяғыда біреу
мүсіркеп басынан сипаса,
жылап жіберуге дайын
тұратын жасқаншақ әлжуаз баланың орнына мұнтаздай киінген сымбатты жас
жігітті көргенде ақсуаттықтар ауыздарын
ашып таң қалды [2,151].
Сол
Нұрбек неше түрлі құй-тұрқы әрекеттер
ойластырып, ақырында Бәйтеннің сүйген қызы
Хадишаға үйленеді. Сөйтіп, белгілі бір
кезеңнің шындығы оқырманды шынайылығымен,
әр қилы мінез, ұғымдағы кейіпкерлер
қақтығысымен
баурап алады.
Романда Нұрбектің
Бәйтенмен өзара қақтығысынан кейін, бітпес тартыс
шиеленісе түседі: «Құйыршық!
... Мен сенің көкейіңде не
тұрғанын білмейді деп ойлайсың ба? Мен бәрін
де білемін. Кімдерге
бүйрегіңнің
бұратынын,
кімнің сойылын соғатыныңды... Мен
сені бекер алып
шыққам жоқ, тексеруге
алып шықтым. Мінеки, енді кім
екеніңді өзің де
көрсетіп отырсың»[2,153].
Әміршілдік-әкімдік
жүйенің мақсаты жолында қандай іске де бара аламын,
ең керегі – ойға алған мұратыңа жету деп
және Бәйтеннің адамгершілік қылықтарын саяси
тартыс тұсында ымырашылдық деп теріс бағалаған
көрсоқыр, шолақ белсендінің сауатсыздығынан
қандай ұғымдарды басшылыққа алғанын естен
шығаруға болмайды.
Заманы
оқытқан алғашқы түлектердің бірі
Бәйтен – роман сюжетінде біршама
дараланған жан. Түрлі сюжеттік
желілер Бәйтен басындағы жайттармен композиция
арқылы шебер үйлескен.
«Ал мен өмірі
өз сыбағамнан бас
тартып келемін, - деп ойлады
Бәйтен қара жолдың құмын борпылдата басып.
– Одан пайда таптым
ба? Тапқан жоқпын. Ендеше, мен секілді
мыңдаған жандар осы
мінезден ешқандай пайда
таппай жүр. Сонда
кімдер тауып жүр
пайданы? -
Бәйтеннің есіне өзін
өкшелеп, артында
арба үстінде келе
жатқан Нұрбек түсті. – Иә, пайданы Нұрбектер көруде.
Өйткені олар қара
бастарының қамы үшін
ештеңеден тайынбайды. Мәселен соғыста
өзгелерді ойлаймын деп
тұрсаң, сені біреу
өлтіре салмай ма?
Ендеше, өз басыңды ойлау, бәсекеде жеңу,
озу, өмірдің мақсатының бірі
боп есептеледі. Ендеше, ...өмірдің барлық саласында да аяусыз
күресу керек...»[2, 288].
Бұл – Бәйтеннің
толғанысы. Өмірдің тек сәтті
күндерден ғана тұрмайтынын енді
ғана пайымдаған жанның ойы.
Автор қысқа да нұсқа диалогтар арқылы кейіпкерлер
қақтығысын көрсетумен
бірге олардың ішкі
болмысындағы
алшақтықтарды
да, мінез қырларының даралығын да,
сонымен бірге тартыс табиғатын да
танытуға шебер.
Оқу бітіріп,
туған ауылына мұғалім болып
оралған
Бәйтеннің ойы арқылы жазушы ұтымды шегіністер
жасайды. Оның қаладағы Оймауыт,
ақын Сейіт, татар
қызы Рая секілді
жолдастары арасындағы революциялық рухтағы
кездесулерді тартымды
көрсетеді. Оймауыттың жігерлі
әрекеттері,
Сейіттің өмірден баз
кешкен келбеті, замана
ағымын біржақты
ғана дәрежеде түсінетін Рая мен осынау
үлкен
құбылысты
әлі қабылдай алмай
жүрген Бәйтеннің жан
дүниесінің
күнгей мен көлеңкесі өмірлік шындықпен астасып жатыр.
Қаламгер қай
қаһарман
болмасын кейіпкердің суреттемесіне, бойымызға
сіңген кейбір салт-дәстүр ерекшелігіне, ұлттық
психологияға,
уақыт сипатына мән
беріп отырады.
Сейіт
– „жүріс-тұрысы,
киім киісі қыр
қазағына
мүлдем
ұқсамайтын,
өмірінің көбін Петерборда,
Мәскеуде
өткізген,
түрінен
әлдеқандай
қасірет ізі сезілетін,
дімкәстау, арық, ажарлы
жігіт“[2, 203]. Оның бойында ақындық, суырыпсалмалық
қасиет бар.
Автордың бейнелеуі
арқылы сол кезде-ақ қазақ
жастарының
қалалық
өмірді кешсе де,
бойға сіңген талантын жоғалтпағанын мынадай жолдардан
аңғарамыз:
– Қазақ
мұндай сорақы кезеңді басынан өткеріп көрмеген
шығар, – деді масаңдау
үнмен Сейіт.
– Қай
сорақылықты айтып отырсың? –деді Оймауыт оған
таңырқай қарап....
–
Мыңғырған малдан бір
үзім нанға қараған күнге түсу
сорақылық немей не? – бұл көзі
ашық, оқыған бай баласы Сейіттің сөзі. –
Қазақтың кедейі де
мұндай қайыршылықты бастан кешкен жоқ. Әлде
сендердің мақсаттарың байлық емес,
қайыршылық па?
–....Біз
қылмыс жасаған жоқпыз. Біз жаңа тарих үшін
өз қанымызды төктік,– деді Оймауыт.
–...Сен бар
болғалы қолшоқпарсың. Ал қожайындар –
басқалар, –деді Сейіт ештеңе сезбей тұрған баланы
аяғандай көзқараспен қарап [2,28].
Көзі ашық, сауатты деген Сейіт пен Оймауыттың болмысынан әр
түрлі ағымдағы
ұлттық сана аңғарылады.
Ел ертеңіне
санасында күмәні мен
күдігі басым Сейіттің барлық байлығы оның ішкі
әлемінде, жан дүниесінде жатыр. Өзгерген
заман ырқын пайымдау, ұлт санасына сызат түсірген
құбылыстарды суреттеу романның тынысын кеңейте
түскендей.
Бір кезде
би тұқымы атанған Асқардың
ешбір ұйымға қосыла алмауы,
сауатсыздық жою жолында
еңбектеніп жүрген
мұғалім Бәйтеннің Хадишамен
екі арадағы баянсыз
махаббаты, парторг Байдәулет Нұрмағанбетовтің әділдік
жолындағы
әрекеттері
шығарма тынысын кеңітіп, автордың
меңзеген ойын, идеясын
аша түседі.
Романда ішкі
жан әлемімен дараланатын, өзгеден оқшау, биік,
сыртқы
сұлулығы мен ішкі
сұлулығы шебер үйлесім тапқан Асқар өз тірлігі мен
төңіректің тірлігін салғастырып отырып, терең
ойға батады. „Мынау заман сықай тиеліп, у-шу болып бара
жатқан үлкен күймедей, өзіне сол күймеден орын
жоқтай көрінеді. Күйме у-шу болып өтіп барады. Ал
өзі жол бойында қалып бара жатқан бейшара жолаушы
сияқты»[2,213].
Асқар – жан-жағымен үйлесім таба алмай,
қоршаған ортасын жатсынған адам. Кеңестік
жүйедегі жеке адамның еркі
мен бостандығының шектелуіне, өз-өзінен,
өзінің ортасынан жатсынуына әкеп тірелген, сол
дәуірдегі Асқарлардың хал-күйі осындай.
Заманның
ыңғайына
жығылып, Асқар ішінен
шыққан
қызын да сүйіп
қосылған
күйеуінен уақытша
болса да ажырастырды.
«Сен де бір атадан жалғыз
ең, ... Ауызға ілігіп, жақсы атанып жүргеніңді
көңіліме медет қылып, ағайынның емес,
қалың жұрттың азаматы болар деп қуанушы едім. Ертең
сені Асқардың күйеу баласы деп күйдіру, олар үшін
дайын тұрған дәлел. Ақылың бар баласың, ...
сені қызымнан айырғалы отырмын»[2,202].
Қызы мен күйеу баласы
өз құлақтарына өздері сенбей, әлгі
сөзін сен де естідің бе дегендей, екеуі бір-біріне аңырая
қарайды. «Сендерді біржола айырғалы отырғам жоқ,
шырақтарым. Ағайынның арасы ушығып тұрған
кезде, уақытша көз қылып,
сот жүзінде ажырасыңдар дегенім»[1,202]. Осы орайда сол
аласапыран туралы ғалым, проф. М.Хамзиннің: «Уақыт пен
кеңістік
алаңында адам дәрменсіз. Ұлттық
болмыс, небір ұлттық
қадір-қасиеттер аса қуатты идеологияның жариялап
отырған ұран-принциптеріне сай келмесе, аяқ асты етілді.Тұтастай
алғанда, осынау қатаң да қасаң әкімшілдік
жүйенің нәтижесінде жеке адам емес, барша қоғам
зардап шегуді бастан кешірді»[3,52], – деген пікірін айтуға болады.
Тартыс аяқталып, басты
қаһармандардың хал-күйін автор көркем
шығарманың эпилогы ретінде мынадай көрініспен суреттейді:
«Қара жолдың бойымен статьяға іліккен бір топ адам
ауданға айдалды. Жауапқа тартылғандардың ісін
ауданға қарайтын болды: соттай ма, жер аудара ма – заң орны
шешеді. ...Өткенде
осы арадан жаяу айдалған Бәйтенді көруге жиналған
жұрт енді Бәйтеннің өз ағасын айдап бара
жатқанын көру үшін тайлы-тұяғы қалмай
сыртқа шықты. Анада ғана інісі келгенде тай сойып,
бүкіл елді дүрліктіріп, той жасаған Асқар ғой...
Енді сол інісі айдап әкетіп барады»[1,311].
«Өліара»
романының соңында інісі
ағасын алдына салып,
түрмеге айдауы және
ең бастысы –
көкірегі даңғыл бірде-бір
жан иесінің Асқар
төңірегінен
табылмауы – бәрі-бәрі,
айналып келгенде, автор оқырманын күні кеше
ғана өткен ақиқат шындыққа,
сол тұстағы қоғам келбетіне,
уақыт талабына зерделілікпен үңілуге
итермелейді.
Шығармада
аумалы-төкпелі шақтағы ел тағдыры шынайы көрініс
тапқан, кейіпкерлері де дара, табиғи болмыстарымен есте
қалады. Қаламгер
өз оқырманының жан дүниесіне кіре отырып, адам тағдыры,
қоғам келбеті, уақыт шындығы арқылы ұлт тағдырын ойсыратып кеткен
тауқыметті ашып көрсетеді.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1. Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме
сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет.
2. Әбдіков Т.
Таңдамалы: Роман және повестер.–-Алматы: Жазушы, 1991. -512 б.
3.
Хамзин
М. Қазіргі қазақ романы: Оқулық.
Қарағанды: ҚарМу баспасы, 2001. - 205б.
4.
Елеукенов Ш. Әдебиет
және ұлт тағдыры.-Алматы, 1997.-356 б..