Право/9.Гражданское  право

 

Ахтышхан Е.

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан

 

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДСҰ-ҒА ЕНУІ ЖӘНЕ ЕАЭО АРАСЫНДАҒЫ ҚАЙШЫЛЫҚТАРДЫ РЕТТЕУДІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

2016 жылдың басынан еліміз дүние елдерінің басым бөлігімен сауда-саттықтың жаңа тәртібіне көшті. Ендеше, қазақстанстандық экономика тарихында алдағы уақытта мүлдем жаңа көкжиектер ашылып, тұтынушылар үшін таңдаудың кең мүмкіндігіне жол салынады. Әрине, бәсекелестікті бірінші орынға шығаратын сауданың жаңа тәртібі оңай болмайтыны да анық. Дегенмен, бұл Қазақстанның әлемнің озық отыз елінің қатарына қосылу межесіне апаратын міндетті бағыттың бірі. ДСҰ — елдер арасындағы еркін сауда мен ашықтық қағидаттарын басшылыққа алатын, мүше мемлекеттері арқылы халықаралық сауда ережелерін ендіруге арналған халықаралық ұйым. Негізгі мақсаты бірыңғай сауда жүйесін құру болып табылатын Ұйым көпжақты келіссөздер бойынша қатысушы-мемлекеттермен өзара келісілген қағидаттарды басшылыққа алып, мемлекеттердің бір-бірімен әділетті және еркін бәсекелестік шартында сауда жасасуын қолдайды һәм соған жағдай жасайды. Ұйым шеңберінде ашықтық қағидаты да қатаң қаралады. Айта кетерлігі, ДСҰ ережелері саясаттан тыс, тек қана сауда-экономикалық мүдделер мен мәселелерді реттейді. Оның басты мақсаты қандай да бір болсын нәтижелерге қол жеткізу емес, тек қана халықаралық сауданың жалпыға ортақ қағидаттарын белгілеу болып табылады. Декларацияға сәйкес ДСҰ жұмысы негізінен бірқатар қағидаттарға арқа сүйейді.

Айта кетерлігі, Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу барысындағы үдерістер Қазақстан келiссөздері Ұйым тарихы бо­йынша ең күрделi болды. «Қазақстанның Ұйыммен, оның мүшелерімен арадағы келіссөздері 19 жылдан астам мерзiмге созыл­ды. ДСҰ хатшылығының және бiзбен келiссөз жүргiзген iрi мемлекеттердiң пiкiрiне зер салсақ, ДСҰ құрылғалы берi бiздiң келiссөздер ең күрделi келiссөз болып табылады екен. Себебі, бiз Кедендiк одақтамыз, мұнымен бірге 2012 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа да мүше болып табыламыз. Сондықтан, маңызды мәселелеріміздің жартысы дерлік ЕАЭО комиссиясының құзырында. Негізі, барлық мәселелерді ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен ақылдасып, келісе отырып, осы шешiмдердi қабылдадық деп айтуымызға болады», - дейді Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова. Оның айтуынша, келіссөздер барысының осыншама созылуына тағы бір маңызды себеп бар, бұл - Қазақстанның өзіндік ұлттық мүдде-талаптарының табанды қорғалуына да қатысты мәселе.

Қазақстан Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүшелiкке қабылданар тұста Кедендiк одақтың қажетi не деген сұрақ туындауы заңды еді. Кедендiк одаққа кiрерде “170 миллион халықтан тұратын нарық бiзге есiгiн айқара ашады” деген уәж айтылды. Бiрақ қаңтар айынан бастап 160 елмен жеңiлдетiлген режимде еркiн сауда аймағы құрылуда. Десек те, Еуразиялық экономикалық одақ пен ДСҰ арасындағы қарама-қайшылықтарды реттейтiн келiсiм бар болып шықты.

Көпжақты сауда жүйесiн­дегi Кедендiк одақтың қызмет ету келiсiмi 2012 жылы, Ресей ДСҰ-ға мүше болғанда жасалған. Еуразиялық экономикалық комиссияның сайтында: “2012 жылдың 22 тамызында Ресей Кедендiк одақ пен Бiрыңғай экономикалық кеңiстiкке мүше мемлекет­тер­дiң арасынан ДСҰ-ға кiр­ген тұңғыш ел болды. Мұнымен бiр мезгiлде көпжақты сауда жүйесi аясында Кеден­дiк одақтың жұмыс iстеуi келiсiмi күшiне ендi”, – делiнген.

Кедендiк одақ елдерiнiң ДСҰ-ға кiрген жағдайда одақтың жұмысы қалай реттелетiнi жөнiндегi келiсiм 2011 жылдың мамырында жасалған. Оған сәйкес, мүше елдердiң бiрi ДСҰ-ға кiрген жағдайда, мұны өзге елдерге хабарлап, қандай мiндеттемелердi қабылдағанын, қажет болған жағдайда қарама-қайшылықтарды реттеу үшiн құқықтық жүйеге өзгерiс енгiзуi тиiс. Әрi ДСҰ-ға кiргеннен кейiн Кедендiк одақ тарифтерi ДСҰ-ға мүше болу үшiн талаптан шегiну нәтижесiнде қабыл­данған импорттық тарифтерден аспайтыны жазылған.

“Ал Ресейдiң Кедендiк одақ аясында ДСҰ-ға кiру жөнiндегi мiндеттемелерi қалай орындалып жатыр?” атты таныстырылымында “Кедендiк одақтың заңнамалық базасы әу бастан ДСҰ талаптарына лайықталып жа­сал­ғаны” түсiндiрiледi. Кеден­дiк одақ пен ДСҰ талаптарында қарама-қайшылық туындаған жағдайда Кедендiк одақ басымдықты ДСҰ-ға бередi.

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қосылуы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы өзара әрекеттестікке оң ықпал етеді. Мұндай пікірді еліміздің сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов білдірді. «Біз Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық жұмыстарға жаңа сапа қосады деп есептейміз», – деп түсіндірді министр.

«Ресей ДСҰ-ға мүше, Қырғызстан мен Армения да ұйымға қосылған. Енді посткеңестік экономикадағы нөмірі екінші экономика – Қазақстан кіріп отыр. Бұл дегеніміз, жаһандық ауқымдағы келісілген сауда ережесі біздің ЕАЭО аясындағы жұмысымыздың негізі ретінде кеңінен қолданылады деген сөз», – деді Ыдырысов.

Оның айтуынша, Қазақстан Беларустің ДСҰ-ға қосылуын асыға күтетін болады.

СІМ басшысы Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ДСҰ-ға қосылу процесіне көмектесуде Ресейдің рөлі мен үлесі зор болғанын атап өткенін еске салды.

«Біздің ресейлік әріптестерімізге алғысымыз шексіз. Алайда бұл бірлескен жұмыстың соңы емес, өте ауқымды істердің жаңа кезеңі басталып отыр. Ресейге де, Қазақстанға да ДСҰ едәуір көп дивиденд әкеледі деген ойдамын», - деп толықтырды министр.

«ДСҰ-ға өту деген - тек қана сыртқы сауда саясатын ғана емес, өзiнiң экономикалық, ауыл шаруашылығы, өнеркәсiп саласындағы саясаттарын осы ДСҰ ережелерi мен құқықтық базасына сай жүргiзу деген сөз. Ол бiздiң елге келетiн тiкелей шетелдiк инвестицияның көлемiн арттыруға тiкелей септігін тигізеді. Бiз тәуелсiздiк алған бастапқы жылдарда басқа елдермен екi жақты сауда және инвестициялық келiсiмдерге қол қойған болатынбыз. Сол келiсiмдердiң арқасында бүгiнгi күнi Қазақстан экономикасына 200 млрд. долларды құрайтын тiкелей шетелдiк инвестициялары келдi. Ол бiздiң экономикамыздың өркендеуiне тiкелей әсер еттi. Экономикамыздың қазiргi дамуы кезеңiнде бiздiң ең үлкен мақсат - оны әртараптандыру. Бiздiң экспортымыздың 80 пайызы шикiзаттың еншісінде. Сондықтан бiз қазiргi заманғы инвестициялық және сауда келiсiмдерiн жасап жатырмыз», - деп түсіндіреді Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова.

Кедендiк одақ аясындағы ДСҰ-ға мүшелiк заңдық тұр­ғыдан реттелдi делiнгенiмен, әліде бiр­қатар қарама-қайшылық өз шешiмiн табуы тиiс. Олардың бiрi – Қазақстан келiсiмi бойынша 3100-ге жуық тауар түрi бойынша кедендiк тарифтер­дiң Кедендiк одақтағы ставкалардан төмендiгi. Яғни, елi­мiзге арзан бағамен ағылған 3100 тауар позициясы артынша Кедендiк одақта қайта экспортталып, сатылуы мүмкiн. Көршiлерi арқылы үшiншi елдердiң арзан тауарының кiрiп кетуiне үзiлдi-кесiлдi қарсы Ресей бұған жол бере қоймайтыны түсiнiктi. Десек те бұл кемшiлiк Кедендiк одақ аясында қалай реттеледi, Ресей мен Беларусь үш мыңнан астам тауар түрi бойынша кедендiк тарифтердi төмендетуге бара ма, бұл да үлкен мәселе.

Ақыры мұндай қарама-қайшылықтар туса, әрi кейбiр жағдайда Кедендiк одақ пен ДСҰ бiр-бiрiн қайталаса, онда нелiктен Кедендiк одақтан бас тартпасқа? Мүше елдiң оңайлықпен шығып кете алмайтынының бiрнеше себебi бар. Бiрiншiден, ДСҰ мен Кедендiк одақ – еркiн сауда аймағын қалыптастыруға арналған ұйымдар болғанымен, түптiң түбiнде түк ұқсастығы жоқ құрылымдар. Кедендiк одақтың артынша құрылған Еуразиялық экономикалық одақта саудадан бөлек, жұмыс күшi мен қызметтердiң емiн-еркiн қозғалысына жол ашық. Яғни, бұл одаққа мүше елдердiң пайымына салсақ, Еуразиялық одақ – бiрнеше қызметтi қатар атқаратын, ауқымы кеңiрек экономикалық одақ. Екiншi­ден, Кедендiк одаққа тауар шығаруын жолға қоялмаған Қазақстан үшiн Қырғызстаннан өзге ДСҰ мүшелерiне тауар апарып сату логистикалық тұрғыдан тiптi тиiмсiз.

Әрi ДСҰ-ға кiру Кедендiк одақ келiсiмiнде реттелгендiктен, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақпен қарым-қатынасында айтарлықтай өзгерiс болмайды.

Әзiрге “ДСҰ бiзге мынандай нақты пайда бередi” дегеннен гөрi “ДСҰ бiзге не бередi, одан не ұтамыз?” деген сұрақ маңызды. Оның үстiне ДСҰ бойынша үкiмет жүргiз­ген келiссөздер қоғамнан жабық түрде өткен. Оған тiптi бизнес-қауымдастық өкiлдерi де қатыстырылмаған. Сол себептi кәсiпкерлер еркiн сауда аймағынан келiп-кетер пайда мен шегер зиянды нақты бiлмейдi.

“Атамекен” ұлттық кәсiпкерлер палатасының бас­қарма төрағасы Рахым Ошақ­баев ДСҰ мен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендiк тарифтерi бойынша айырмашылық бар екенiн айт­ты. “3171 тауар позициясы бойынша сырттан әкелiнетiн тауарға салынатын кедендiк ставкалар Еуразиялық экономикалық одақ елдерiнде белгiленген кедендiк тарифтерден төмен болмақ. Бұл – тамақ, жеңiл өнеркәсiп, өң­деу және фармацевтикалық өнеркәсiп, қара металдар, машина жабдықтары, ұшу аппараттары мен әртүрлi өнеркәсiп тауарлары. Осы тауарлар бойынша нақты баж салығы бизнес өкiлдерiне белгiсiз. Бiз Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы бiрыңғай кедендiк аумақта болғандықтан, белгiлi бiр қиындықтар бар. Сондықтан ДСҰ-ға кiрiп бiткен соң, төмендетiлген ставкаларға көшкеннен кейiн, бұл тауарлардың Беларусь пен Ресейге қайта экспортталу қаупi туындайды. Сол себептi мемлекеттiк органдар мен Еуразиялық экономикалық комиссия бұл тауарлардың айналымын реттеуi керек. Яғни, бұл тауарлар құнына кедендiк ставкалардың айырмасы қосылмай, Еуразиялық экономикалық одақ шекарасынан өтпеуi тиiс”.

Тағы бiр түйткiлдi мәселе – мемлекеттiк сатып алуларға қатысты. Қазақстан ДСҰ-ның мемлекеттiк сатып алулар жөнiндегi келiсiмiне қол қойды. Оған сәйкес, сатып алынатын тауар мен қызметте отандық тауардың үлесiн қолдауға болмайды. Тiптi қазақстандық тауар үлесiн қолдау жөнiндегi бап алынып тасталуы тиiс. Үкiмет мұндай жағдайда отандық бизнестi қалай қолдайтыны түсiнiксiз.

Содан кейiн егер ұйымға мүшелiк 161 елдiң нарығына жол ашса және сол елдiң тауарлары Қазақстанға ағылып жатса, Еуразиялық экономикалық одақ бiзге не үшiн қажет? Оның үстiне Ресей де ДСҰ мүшесi. Одақтың iшiнде­гi одақта отырғанша, ДСҰ-ның бiрыңғай кедендiк та­риф­терiн қабылдап, Еуразия­лық экономикалық одақты тарата салуға болар едi.

Қазақстан кiруге сонша ынталы болған Дүниежүзiлiк сауда ұйымынан отандық кәсiпкерлер не ұтады? Ке­дендiк одақ бес жылдан берi Қазақстандағы кәсiпкерлiктiң дамуына жол ашпады, ДСҰ соның орнын толтырып, орта және шағын бизнеске жаңа серпiн бере ме? Тәуелсiз кәсiпкерлер қауымдастығының вице-президентi Тимур Назханов таяқтың екi ұшы бар дейдi. Бiр жағынан ортақ нарық пен көп жеңiлдiктерге жол ашылады. Бiрақ екiншi жағынан қазақстандық кә­сiпкерлер бұл нарыққа не ұсынады? Еуразиялық экономикалық одақ аясында бәсекеге төтеп бере алмаған отандық бизнес ДСҰ-ға кiргеннен кейiн тiптi тұралап қалуы мүмкiн.

“Қазақстан ДСҰ-ға кiремiз деп 1996 жылы арыз жазды. Бiзбен қатар өтiнiш түсiрген Қырғызстан екi жылдан кейiн мүше болды. Десек те оларда бұл одақтан көп өзгерiс бола қойған жоқ. Соңғы он жылда мемлекеттiк орган өкiлдерi осы мәселеге көңiл бөлiп, ДСҰ бойынша кездесу өткiзiп жатырмыз, талқылап жатырмыз дедi. Бiрақ ол жақта не мәселе тал­қыланып жатыр, мұны кәсiп­керлер де, қоғам да бiлмейдi.

Жалпы, ДСҰ-ға енуге көп мемлекет ынталы. Өйткенi ортақ шекара болады, тауар мен қызмет сатуда көп жеңiл­дiктер жасалады. Десек те мұның терiс тұстары жоқ емес. Мәселен, әр мемле­кеттiң өз өнiмдерiн шығаруға квотасы болады. Мемлекет соған сәйкес қай өнiмдi қандай көлемде шығаруы керек­тiгiн белгiлейдi. Ал бұл кәсiп­керлерге кедергi келтiруi мүмкiн. Өйткенi бизнес өз өнiмiн сата алмай қалады немесе аз сатады. Грекияда дәл осы мәселе үлкен дауға айналды. Олардың ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өзгелер кiргiзбей жатыр”, – дейдi Т.Назханов.

Тәуелсiз кәсiпкерлер ода­ғы вице-президентiнiң ай­туын­ша, қазақстандық бизнес ДСҰ-ға мүше елдердiң iрi трансұлттық компанияларымен бәсекеге дайын емес. “Кеден одағы құрылар кезде, кәсiпкерлерге көп пайдасын бередi дедi. Десек те одақтағы үлкен мемлекетке ғана пайдалы болып шықты.

Соңғы жылдары сарапшылар мен мемлекеттiк орган өкiлдерi Қазақстан экспорты азайып, бiзге келетiн импорт артқанын мәлiм еттi. Яғни, бiз отандық өнiмдi шығара алмай жатырмыз немесе оған мүмкiндiк жоқ деген сөз. Негiзiнде шикiзатты сыртқа шығарып жатқан – iрi бизнес қана. Ал шағын және орта бизнестiң бюджеттегi үлесi өзгерiссiз. Сондықтан ДСҰ нарығына не беремiз? Шикiзаттан басқа ұсынатын түгiмiз жоқ. Оның үстiне бұл үш елден тұратын одақ емес, ДСҰ-да iрi трансұлттық компаниялар жұмыс iстейдi. Олар бiздiң нарыққа кiрсе, отандық бизнестiң жағдайы нашарлайды. Тiптi көп компаниялар жабылып қалуы ықтимал.

Сондықтан Қазақстан дәл қазір Эуразиялық экономикалық одақтан бас тарту мүмкін болмаса, ДСҰ-дан келер зиянды салдарлардан қорғануда одақтың мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалануды ойластырған жөн.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Мерзімдік басылымдар

2.     Интернет ресурстар.