БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ОЙ-ӨРІСІН ДАМЫТУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент А.Ш.Танирбергенова,

магистрант Байсеитова Гулдана

«Тұран-Астана» университеті Қазақстан Республикасы, Астана қаласы.

Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы жастарға да үлкен аманат жүктеп, ауыр жүк арқалатып отыр. Елбасы өз сөзінде: «Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер»,-деген жоқ па?! Мемлекет болса, өз       Еліміз тәуелсіз екен, тіліміз де тәуелсіз болуға тиіс. Тіліміз азаттық алмай, өзінің тұғырына қонбай, біз қалайша Тәуелсіздіктің рухын сезіне аламыз. Тіл тәуелсіздігі – ел болашағы.Тілдің мәнін түсіну үшін қазақтың ауыз әдебиетінің мәні зор. Қазіргі қоғам дамуының жалпы білім беру мазмұнына қоятын талабы жастарға әлемдік ғылым мен процесс деңгейінде білім беру, олардың ойлау мүмкіндігін жетілдіру. Жас ұрпақ айналадағы құбылыс, қоршаған орта туралы сан түрлі мағұлматтар алып, білімді игереді.Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев «Жаңа әлемге жаңа Қазақстан» атты халыққа жолдауында атап өтілгендей,әлем елдері арасында қуатты дамушы елу елдің қатарына қосылу межесі барша қазақстандықтарға үлкен рух берді.Қазақстан бүгінде әлем таныған өркенниетті елдер қатарына қосылуға бет бұрғанда демократиялық жолмен  дамушы мемлекетіміздің  қалыптасуы жағдайында өскелең ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениетін, еркін ойлау қабілеті мен шығармашылығын,кәсіби біліктілігі мен білімдерін арттыру қажеттігі туындап отыр  [1].

Д.Ушинский айтқандай   «Ой дегеннің өзі – жақсы ұйымдастырылған білім жүйесі» екенін ескеріп, баланың өз тәрбиесі қаншалықты бай, сан алуан. Даму – баланың сандық және сапалық жағынан жетілуі, психикасының, ой-санасының өсуі.Жас ұрпақтың түйсік, қабылдау, ес, қиял, ой және тіл сияқты танымдық-психикалық процестерін дамыту – оқушының ой-өрісінің басты міндеттерінің бірі. Сөз өнерін дәріптеген халқымыз баланың ой-өрісін дамытуға ауыз әдебиетінің айтыс жанрының, жұмбақ айтысын пайдаланған. Айтыстарды ақындар қарсыласына өмір, ғылыми білімді жұмбақтап, оның шешуін тапқызып, бір-бірін сынаған, сөйтіп ой-өрісін, білімін сарапқа салған.

Білім бұлағының көзін ашу бастауыш сыныптан басталады. Озық ойлы, тапқырда нәзік, сезімтал, пайымды шәкірттердің іскерлігін, мүмкіндігін ескеріп, бағыт-бағдар беру, ой-өрісін дамытатындай логикалық ой тастау әрбір ұстаздың міндеті.

Баланың ой-өрісін дамыту, дарындылығын дамыту мәселесі ежелден-ақ ұлы ойшылдарымыз Баласағұн, Әл-Фараби, Абайды ерекше толғандырған. Сондықтан өз еңбектерінде жеке тұлғаның ой-өрісін дамытуды үнемі көздеп отырған. Осы мәселе төңірегінде көрнекті педагогтар мен ғалымдар Т.Тәжібаев, С. Мұқанов, Ж. Әбділдин, Қ.Жарықбаев, Т. Сабыровтың еңбектері оқушының ой-өрісін дамыту туралы теориясының алтын қоры деуге болады. Оқушының ой - өрісі, қабілеті бірден қалыптаспайды. Оны қалыптастыру күрделі құбылыс. Ол жай сатыдан күрделі сатыға біртіндеп көтеріліп отырады. Мұндай жауапкершілікті іске асыратын, әрине ұстаз. Сондықтан оқушының ой-өрісін дамытудың негізгі мақсаты – оқушының ой-өрісін, шығармашылық ойлауын, логикалық ойлау қабілетін одан әрі дамыту.

Осы негізде бастауыш сынып ана тілі пәнінің оқушының ауызекі сөйлеуін дамыту, дүниені көркем сөз өрнектері арқылы бейнелеп қабылдауына, ой-өрісін қалыптастыруға жол ашатын танымдық, тәрбиелік мүмкіншіліктері мол.  Осы тұрғыдан қарағанда ана тілін оқытудағы елеулі ерекшелік бұрынғыдай оқушыларға түсінік беру, оқу техникасын меңгертіп қана қоймай, әдістемелік оқу әрекетін қалыптастыру, дүние танымын кеңейтуге мән беру болып отыр.  Бастауыш сынып оқушылары ата-бабамыздан қалған мәдени мұра халық ауыз әдебиетінің өн бойындағы мәнділігі мен маңыздылығынан, ойшылдылығы мен қиялшылдылығынан, тапқырлығы мен шешенділігінен, әсемділігі мен алғырлығынан, тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесінен нәр алары анық. Қазақ халқының көрнекті азаматтары Ы. Алтынсарин, М. Дулатов, М.Жұмабаев,      А.Байтұрсынов, Ж. Аймауытов және т.б. өздерінің педагогтік-ағартушылық еңбектерінде халықтың рухани мұрасының өміршеңдігін көрегендікпен түйсіне отырып ұсынуда оны тәрбие құрамы деп санаған.

Мектепте оқуының басталуымен, мектепке дейінгі кезінен гөрі, баланың жұмыс процесінде тиісті ұғымдарға сүйенген ұғымдық ойлауы тез дами бастайды. Бастапқыда ол нақтылы заттар және құбылыстармен тығыз байланысты (нақтылы ұғымдық ойлауы басым), бірақ бірте-бірте төменгі класс оқушыларында нақтылыдан абстрактілей білуге қолы жетіп, пікір айтып азды-көпті қорытынды жасауға (абстрактылы ұғымдық ойлау) қалыптаса бастайды.

Ойлау процесінің дамуында оқытудың маңызы орасан зор.Ол баланың елестете алуы мен білімін кеңейтеді. Жаңа ұғымдарды игеру жүріп жатады, олар бір жүйеге келтіріп, ой қорытындылау жиі жасалады, оның ішінде шартты, гипотетикалық түрде қолданылады.

6-7 жасар баланың ойлау процесінде, әрекетпен (ойын, сурет салу, әр түрлі нәрселерді жасау, қарапайым еңбек процестері) байланысты нақтылы тапсырманы шешу бағыты басым түседі. Осы жастағы балалар қорытынды жасағанда қажетке жарататын, оған қатысы бар, заттардың сырт белгілерін жиі қамтиды. Бұл баланың затқа анықтамасынан көрінеді. Үй – ол тұру үшін, күрек – қазу үшін т.б. қажет, дейді. Бала оқы бастаған алғашқы кезде құбылыстардың көптеген байланысу себептері түсінікті болғанымен, алайда оның бұл түсінігі азғантай өмір тәжірибесінің шеңберінен көбіне ұзап шыға алмайды.

Қайың, шөп гүл және балдырды жалпы бір сөзбен қалай айтуға болады дегенде, I кластың оқушылары жауап бере алмай қиналады, ал III кластың оқушылары бұны өсімдіктер деген бір сөзбен айтуға болады, - дейді. Сонымен, жыл өткен сайын балалардың заттар мен құбылыстардың негізгі белгілерін айыру және жинақтай алу қабілеті дами береді. Төменгі класс оқушыларының пікірі мен ой қорытындылауы бірте-бірте ақылға қонымды бола түседі.Балалар мектепке дейін бір нәрсе дұрыс емес деп турасын айтуы мүмкін. Оқу процесінде олар мұндай қылықтан бірте-бірте арылады. Олардың сөзінде мектепке дейінгі балаларға тән емес, шартты, болжамды пікірлер пайда бола бастайды.

Мұғалім балаларға білім беру, оқушылардың ой-өрісін кеңейту, тілін жетілдіру арқылы олардың ойлауын да дамытады. Бірақ бұл әзірше аз. Төменгі кластан бастап-ақ балаларды, оқу материалын түсініп және игеріп қана қоймай, қызықтыратын мәселелеріне өздері жауап табуға үйрету қажет. Бұны балалар алғаш мұғалімнің көмегімен, содан кейін өз бетінше істейтін болады. Мұғалім алғашқы күннен бастап балаларды ойлай білуге үйретіп, сабақты түсіндіруге асықпай, оқушының өзіндік ойлауына мүмкіндік бергені жөн. Ал бірақ баланың өзі түсіне алмаған, басы ашылмаған бірде-бір сұрақ қалмауы қажет. Материалдың бірте-бірте қиындай түсуін сақтай білудің маңызы орасан зор. Ойлауды дамытуда оқудың алғашқы жылынан бастап-ақ  практика жүзінде еркін және арнаулы тақырыпта жазылатын шығармалар, есеп құрастыру, оның оңай жолын тауып барып шығару сықылды т.б. творчестволық еңбектің маңызы зор.

Балалар мектептен тыс кезінде-ақ көптеген хабарлар (радио, телевидение, кино, семьядағы әңгіме, кітаптар) алып отырған біздің кезімізде,мұғалім тіпті төменгі класс оқушыларына сабақ өткізгенде, оқулықта жазылғандармен ғана шектеліп қоймауы керек. Кейде, орасан дамыған заманымызда ғылым мен техниканың біздің өмірімізге не әкелетінін балалар дұрыс ұғып түсінетіндей етіп, әңгіме өткізген де жөн. Білімі молайған сайын адамның ақыл-ойы дамитындығын есте ұстау керек.

Ойлау ой әрекеті процесінде дамитындығын ұмытуға болмайды және балаларды логикалы сын көзбен қарай отырып ойлауға үйрету қажет. Оларды атқарған жұмысына өздігінен бақылау жасап, баға бере білуге баулу керек. Неге? Неліктен? Деген сұраққа жауап талап еткенде, мұғалім балаларды өз пікірлерін бір негізге сүйеніп, оны іс жүзінде тексеруге, дұрыстығын дәлелдеп немесе өз пікірінің қате екенін мойындауға үйреткен жөн. Бастауыш кластың өзінде-ақ балалар мұғалімге ғана сұрақ қоймай, өзіне де сұрақ қоюға үйреніп, оған өздігінен жауап беруге тырысып, содан соң өз ойының дұрыстығын іс жүзінде не мұғаліммен әңгімелескенде тексере білуінің мәні зор [11.184]

Адам сұрақ қою арқылы алдындағы кедергіні сезеді, оны біртіндеп жоюды, сөйтіп, өзінің әр түрлі тану қызығуларына жауап алады. Сұрақ қою, оны дәл тұжырымдау, мәселені «ойда ұстай білу» сұрақты талдай білу жәнежинақтау, шығару тәсілімен амалдың орталық  түйінін табу, жорамалдар жасай білу т.б. ойлау процесінде мәселелерді шешу үшін аса қажетті жағдайларболып табылады.

Бір нәрсенің мәніне түсіну үшін жай тану жеткіліксіз, оған қоса, оның себебін, яғни неліктен осылай болып тұрғанын білу керек. Мектеп жағдайында кейбір оқушылардың оқыған әңгімесін, грамматикалық, арифметикалық ережелерді дұрыс түсіне алмайтын фактілері жиі кездеседі. Мұғалімдер көбінесе баланың әр жаңа материалды не себептен түсінбей қалатынын кезінде талдау жасап отырмайды. Бала ойлауы үнемі кедергісіз жүріп отыратын процесс емес, ол кейде құбылыстарды толық бейнелей алмайды, тіпті қателіктер де жібереді, бірде білмегенін екіншіде біледі.  Міне, осы жайларды мұғалім асқан байсалдылықпен ескеріп отыруы тиіс. Сондықтан жаңа сабақты бірден түсіне алмай қалған оқушыларды ұғымы төмен деп кінәлаудың өзі педагогикалық тұрғыдан дұрыс болмайды.

Төменгі класс оқушыларының ойлауы негізінде нақтылы келетіндіктен, олар көп нәрселерді өз қалпында түсінуге бой ұрады. Мәселен, бір зерттеуде үшінші класстағылардың аллегориялық ұғымдардың мәнін жете түсінбейтіндігі анықталған. Олар: «білімді» деген ұғымды тек «оқитын адам»; «дүние» ұғымын «байлық», «ақша»; «жақсылық» ұғымын «жақсы нәрсе»; ер ұғымын «аттың ері» деп олардың заттық, бейнелік жақтырына көбірек көңіл аударады да осы ұғымдардың мәнін салыстыру, теңестіру арқылы түсіндіріп бере алмайды.

Балалардың құбылыстарды түсіне алуында олардың сөз байлығын, сөздік қорының өсіп отыруын қадағалау зор маңыз алады. Мұғалімнің жаңа сабақты түсіндірудегі методикалық шеберлігінің (әр ұғымды өз мәнінде толық түсіндіру, сөйлемдердің қысқа, ықшам болып келуі, екі ұшты сөйлемеу т.б.) жоғары болуы бала түсінгінің жақсы дамуына қатысы бар басты факторлардың бірі [12.195].

Ойлау – бұл тұлғаның шындықты жалпылама және жанама бейнелеуге бағытталған танымдық әрекеті.Ой қорытындылары индуктивтік және дедуктивтік болып келеді. Индуктивтік ой қорытындылары жеке фактілердің негізінде қорытыны жасау жалпы пікір айту. Дедуктивтік ой қорытындылары дегеніміз – жалпы ережеден жеке қорытынды жасау. Қорытынды пікірге келдуің екі түрі де – адамның айналадағы дүние туралы білімін кеңейтуге көмектеседі.Ой қорытындыларының объектив пікірлерге негізделетін процесі – логикалық ойлау деп ал дұрыс ойлаудың формалары мен заңдары туралы ғылым – логика деп аталады. Логикалық ойладуың ерекшелігі–қорытындылардың қисындылығында, олардың шындыққа сай келуінде. Логикалық ойлауға түскен құбылыс түсіндіріледі, себептері мен салдардары қатесіз анықталады. Ұғымдар арасындағы байланыстар мен қатынастар логикалық ойлау жолымен ашылады. Бұл байланыстар мен қатынастың дұрыстығын теріске шығаруға болмайтыны пікірлерде көрсетіледі [13.153].

Бала өз өмірінің  алғашқы күнінен бастап, түйсінуге және кейбір сезімдерге білдіруге қабілетті. Бірақ ол әлі де  ойлай алмайды, жас шамасына қарай, тәжірибенің жинақталуына байланысты оның іс-әрекетінде, тілдік қарама- қатынасында, оқыту және тәрбие үрдісінде дами бастайды.Ойлау үрдісі ойлау түрінде – пікірлердің және ұғымдардың түрінде қарастырылады және байқалады, балалар да сөйлеуді меңгеруі деңгейіне  байланысты дами бастайды. Бірақ ойлаудың алғашқы көріністері қабылдаулар мен елестетулерге негізделген, іс-әрекетінде байқалады, балалардың тілді меңгергеніне дейін аңғарыла бастайды.Бір жас шамасында балалар үлкендердің оларға бағытталғын сөздерін түсінеді.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН  ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1.ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халыққа жолдауы

2 .Бекболғанов Е.   Ойлау қабілетін дамыту.// Бастауыш мектеп//, 2003, № 8. 49-бет

3. Жұмабаев М. Педагогика. Алматы, 1992,156 бет

4. Әбішев Д. Философия. Алматы, 1994,340 бет

5.Байшуақова М. Оқушыны ойлауға үйрету//.  Қазақстан мектебі, 2000, №4 , 40-бет.

6. Манашов Р.  Ойлау қабілетін дамыту  //.Қазақстан мектебі, 2005, № 4 , 50-бет

7. Қоянбаев Ж.Б, Қоянбаев Р. М. Педагогика. Алматы, 2002,220-бет

8 .Тәжібаев Т. Жалпы психология. Алматы, 1993,234-бет

9.Жарықбаев Қ. Жантану негіздері. Алматы, 2002

10. Алдамұратов Ә.Психологиялық терминдік сөздер  //.Қазақстан мектебі, 1998 ,№ 7-8 , 52-бет

11.Гоноболин Ф.Н.Психология «Мектеп»Алматы-1976, 184-б

12. Жарықбаев Алматы-1970-б.195 Психология

13.Сәбет Бап Баба Жалпы психология Алматы,Дарын,2005 153 -б

14. СейталиевҚ Жалпы психология   Оқу құралы Алматы,2010 232-248