ПСИХОТЕРАПИЯ ӘДІСТЕРІ АРҚЫЛЫ ТІЛІНДЕ МҮКІСІ БАР БАЛАЛАРДЫҢ  ТАНЫМДЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІН ДАМЫТУ

 Тараз инновациялық гуманитарлық университеті.

п.ғ.к. Молдақасов Р.Б., Таджибаева Ж.С., Дастан Н. 

       Мемлекет қазіргі таңда даму мүмкіндігі шектеулі жандарға айрықша назарын аударып, қамқорлық көрсетіп отыр. Бұл қамқорлықтың бәрі Елбасының халыққа жолдауында, ҚР Білім туралы заңында:«Кемтар балаларды әлеуметтік-медициналық –педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» жолдауында басты назарда болып, айтылды. Психологиялық  тексеру –кемтар  балалардың  психикалық  жағдайының  ерекшеліктері мен  психикалық  дамуындағы әлеуметтік  мүмкіндіктерінің тиімді жүйесі, оларды оқыту, тәрбиелеу, еңбекке баулу және кәсіби даярлығын шешуде  бала мүгедектігінің алдын-алуға бағытталған көптеген көкейтесті мәселелері жан-жақты қарастырылған.

Баланың бойында әртүрлі өнер, шабыт болады. Әр баланың қызығушылығы да әр түрлі, әрі бейімділігі де әрқалай келеді. Балалардың танымдық қабілеттері де әртүрлі. Танымдық қабілеттерді дамытуға психотерапиялық әдістердің маңызы зор. Балаларды психотерапия әдістері арқылы танымдық қабілеттерін дамытып, түйсік, қабылдау, ойлау, есте сақтау қабілеттерін жақсартуға болады. Терапияның түрлері өте көп. Бүгінгі таңда психологияда кеңінен қолданылып жүрген терапияның түрлері мыналар: арттерапия, аутогенді терапия, библеотерапия, топтық терапия, хромотерапия, би терапиясы, құм терапиясы т.б. Бұл терапияларды ұтымды дұрыс қолдану баланың тіл мүкістігін түзеуге мүмкіндік жасайды. Мысалы арттерапия яғни өнер арқылы терапия жүргізу адамның психоэмоциялық халіне шығармашылық арқылы әсер ету және емдеу мағынасын білдіреді. Алғаш бұл термин 1938 жылы Адриан Хилл туберкулез ауруына шалдыққандар санаториясында емделушілердің көңіл- күйлерін көтеру жұмысында қолданды. Бүгінде арт терапияны қолданғанда адамның көңіл күйінің көтеріліп, өзіне деген сенім пайда болып, шығармашылық жетілгендігіне көптеген мысалдар дәлеле бола алады. 

Аутогендік терапия  яғни аутотренингке келетін болсақ, . емделушіні бұлшық ет релакциясына, өзін-өзі иландыруға, көңіл мен күшін бір жерге шоғырландыруды дамытуға, субъекті үшін маңызды белсенділігін бақылау білігін көздейтін психиканың емдеу, өзін-өзі реттеу, өзін-өзі сендірудің психотерапевтік әдісі. Бүгінгі білім беру мекемелерінде әрбір педагогке педагогикалық іс-әрекеттің қатты ширығуын төмендететін аутотренингтің әдістерін меңгеру қажет.

Сонымен қатар, балаға, кітап оқу арқылы оның сезіміне әсер етуге арналған әдіс библиотерапия әдісін де осы терапия түрлерімен сабақтастыра отырып, ұтымды қолданса, емдеу шараларының нәтижелі болатыны сөзсіз. Әдеби шығармалар кейіпкерлерімен бірге балалар белгілі бір эмоциялық күйлерді басынан кешіреді, күрделі жағдаяттардан шығу тәсілдерін көреді, бұл олардың әлеуметтік құзыреттілігін кеңейтеді, оларға қоғамда өмірдің нормалары мен ережелерін табысты меңгеруге мүмкіндік береді.

Хромотерапия (грек: chroma (түс) + therapeia (күтім, ем)) – бұл жарық пен түстің көмегі арқылы адам ағзасына өзара әрекет етуді алдын алу және емдеу әдісі. Хромотерапия жарық пен түспен емдеудің байланыссыз әдісі екендігін және оның тиімділігін ғылыми тұрғыда дәлелденген. Оның негізі мынада, яғни жарық электромагниттік сәуле бола тұра, ткань арқылы өтіп, қажетті энергиямен қамтамасыз етеді. Барлық түстің сол немесе басқа ақпараттан тұратын өзіндік сәулеленуі болады. Сәйкес келетін түстің қандай да бір ішкі ағзаға өзара әрекеті шипа болуы мүмкін. Хромотерапияны тек физикалық емдеуге ғана емес, психикалық ауруға шалдығуда және бұзылыстарды емдеуде де қолдануға болады.

Би терапиясы қимыл- қозғалыс арқылы әуенмен билеу.

Құммен сурет салу – өткен ғасырдың 70 жылдары АҚШ-та пайда болып, Батыста қанат жайған жас өнер. Қас-қағым сәтте әйнек бетіне құммен салынған ғажап суреттерді үп еткен жел немесе болмашы қимыл әп-сәтте бұзып кетсе де, осынау нәзіктікті көрген жан әсерсіз қалмасы сөзсіз. Алғашында құммен сурет салу мультфильмдер, анимациялық фильмдер шығару үшін пайдаланылған еді. Сурет салудың мұндай техникасында құмнан өзге жарма, кофе, тұз, басқа да ұсақ заттар қолданылады. Осы өнерді игерем деуші адам үшін ең бастысы – шеберлік, себебі суретшіден тек әйнек бетіне бейнелерді түсіріп қана қоймай, құмды сезіне білу қабілеті талап етіледі.

Бұл терапия түрлерін қолданудағы мақсат - жеке тұлғаның әлеуметтік өзіндік танымға қабілеттілігі және оның бағытталуы, қызығушылығының қалыптасуы мен дамуы, баланың психикалық даму деңгейін, ерекшелігін, психикалық дамудағы, мінез-құлқындағы ауытқушылығын емдеу болып табылады.

Баланың бойындағы психикалық ауытқушылық белгілері мен тіліндегі мүкістікті айқындап алғаннан кейін, түзету жұмысының мазмұнын, сөйлеу тілі мен ақыл-ой даму деңгейін тузетуге бағыттап, күнделікті жұмыстың түрін денгейіне қарай жоспарлап отыру қажет деп танимын. Ол үшін  жұмыстың төмендегідей  жүйеде жүргізілуі шарт деп білемін.

1.Баланың психикалық дамуының ауытқу себебін анықтау;

2.Тұлғаның жеке интеллектуалдық дамуы ауытқуының-коррекциясын жүргізу, психологиялық көмек беру;

3.Барлық сұрақтарға шешу барысында әр жағдайдың ерекшелігін ескеріп, балалардың денсаулық,ар-намысына зиян тигізбеу;

5. Әрбір балаға жекелеген қатынас жолдарын табу;

Әрине тілінде мүкісі бар балалардың мүкістігін түзетуде арнайы жаттығулар жүйесі бар.

Тіл мүкістігін түзетуде сол сияқты дыбыстық жаттығуларды пайдалануға болады. Мысалы: қасқыр қалай ырылдайды, сиыр қалай мөңірейді, сағат тілі қалай тырсылдайды т.б.

2,5 жастан бастап қарапайым лото, суретті кубиктер, пазл жинау сияқты ойыншықтар беру керек. Негізгі алға қойған міндет – үнсіз бір өзін қалдырмау керек.

Артикуляциялық жаттығулар орындату да өз ықпалын тигізеді.Мысалы «У» дыбысын айтқанда ернімізді түтікше тәріздес алға созамыз, « И»дыбысын айтқанда езу тартамыз деген сияқты жаттығулар түрін үйретіп отыру керек.

Әрине нақты кеңесті  маман баламен сөйлескеннен кейін ғана бере алады.

Қорыта келегенде, дұрыс қолданылған терапияның нәтижесінде, баланың психо-физиологиялық мүмкіндігі дамиды. Өз-өзіне сенім  артады, өзін-өзі бағалай білуге, қоршаған ортасына сүйіспеншілікпен  қарауына жол ашады.Оқудағы негізгі қиындықтары жойылады. Жағымды мінез-құлық қалыптасады .  

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Эмоциональные нарушение в детском возрасте и их . коррекция  В.В.Лебеденский,О.С.Николский,индивидуальной психологий.,М,.1995-36ст.

2.      Бекмуратова Г.Т.Мінез-құлқында ауытқулары бар балалардың ерекшеліктерін психологиялық тұрғыдан зерттеу.Этнопсихология және этнопедагогика,конференциядағы материалдар тезисі.А,2005ж.

3.      Дубацкая О.Б.(Павлодар) Коррекция как метод психического развития детей, Шохан тағылымы.-9-конференциядағы материалдар тезисі. 2004ж. Көкшетау.