Психология/Общая психология
Психол.ғ.к., доцент Уақпаева Ү.А.
Абай атындағы Қазақ
ұлттық педагогикалық университеті
Қазақстан Республикасы, Алматы қ.
ТҰЛҒА
ДАМУЫН АНЫҚТАЙТЫН МЕХАНИЗМДЕРДІҢ ПСИХОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫНДА
ЗЕРТТЕЛУІ
Тұлға
мәселелерiн ғылыми тұрғыдан нақты зерттеу өткен
ғасырдан ғана бастау алады. Сондықтан тұлға
психологиясы психологияның салаларының ішіндегі ең жасы деп
айтуға болады.
Тұлға
құрылымы мен даму ерекшеліктерін, механизмдерін анықтау шетел
психологиясында да, отандық психологияда да әлi де болса өз
шешiмiн таппаған күрделi мәселелердiң бiрi болып
табылады. Тiптi бұрынғы кеңестік психологтардың өздерi
де тұлға мен оның құрылымының
табиғатын бiрыңғай түсiндiре алмады. Соның нәтижесiнде дейдi
Л.И. Божович “әлi күнге дейiн кеңес психологиясында
тұлға мен оның қалыптасуы жайлы бiрыңғай
толық жасалған тұжырымдама жоқ. Барлық
кеңес психологиясы үшiн ортақ тұлға туралы
марксистiк қағида әр түрлi жиындарда түрлiше
талданып, түрлiше жүйеленедi және түрлiше жалпыланады.
Тұлға ұғымын үнемi жиi қолданса да,
оның психикалық жақтарын ашпай жатып, бiрде сананың, бiрде бағыт-бағдардың, бiрде
психиканың синонимi ретiнде көрсетедi” [1, 131 б.].
К.Н. Корнилов өзiнiң
тұлға мәселелерiне қатысты баяндамасында:
“тұлға психологиясын зерттеудiң тiкелей пәнi
тұлғаның жекедара-психологиялық ерекшелiктерiн,
оның санасын зерттеу болып табылады” - дейдi [2, 170 б.]. Осы
тұрғыдан алғанда К.Н. Корнилов тұлға ұғымын
талдауда мынадай
принциптердi басшылыққа алуы керек деп санайды: 1) индивидтер
ұжымның мүшесi ретiнде қарастырылуы тиiс; 2) тұлғаның
iшкi дүниесiн зерттеу оның санасының мазмұны
тұрғысынан жүзеге асуы керек; 3) тұлға
психологиясы тұрғысынан зерттелетiн сана мазмұндары - тұлға
психологиясының басты көздерi ретiнде адамдардың
қоғамдық қатынасын бейнелеуi тиiс; 4) тұлға
психологиясын зерттеудiң осы принциптерi бiрден ажыратуға болатын
қоғамдық сана мен индивидуалды сананың байланысы болып
табылады. Дегенмен К.Н. Корниловтың бұл принциптерi жалпылама
түрде айтылғандықтан, олар тұлға ұғымы мен оның тұтас
құрылымын толық ашып көрсете алмайды.
К.К. Платонов тұлға
түсiнiгiнiң өзiн сананың синонимi ретiнде
қарастырды. “Тұлға”, - дейдi ол: “сана иесi ретiндегi
нақты адам болып табылады. Балада сана пайда бола бастаса болды, ол
тұлға болып қалыптаса бастайды. Неғұрлым адам
санасы және оның ең жоғарғы нысаны -
өзiндiк сана толық дамыған сайын, оның
тұлғалық дамуы да соғұрлым толық
айқындалады” [3, 65 б.].
Психолог В.В. Давыдов
тұлға түсiнiгiн оның шығармашылығымен
теңестiредi. Ол адам индивидi қоғамдық
байланыстағы ұдайы өндiрiске әр түрлi
өзгерiстер әкелгенде ғана, оны тұлға деп
айтуға болады деген болжам жасайды. “Тұлға”, - дейдi В.В.
Давыдов: “қоғамдық өмiрдiң жаңа түрiн
құратын шығармашылықты (еркiн) меңгерген
және дарынды әрекет ететiн адам” [4, 24 б.]. Демек В.В.
Давыдовтың айтуынша,
тұлға өзiнiң шығармашылығында ғана
көрiнедi. Алайда
күнделiктi өмiрде бiз кездестiрiп жүрген адамдардың
басым көпшiлiгi шығармашылықпен айналыса бермейдi. Сонда
оларды тұлға деп айтуымызға болмай ма деген орынды
сұрақ туындайды [4, 35 б.]. Л.И. Божовичтiң пiкiрiнше
“тұлға деп психикалық дамуы белгiлi бiр дәрежеге,
айтарлықтай жоғары деңгейге жеткен адамды ғана
айтуға болады” [1, 180 б.]. Бұл деңгей өзiн-өзi
тану процесiнде кездесетiн адамның өзiн қабылдай бастауымен,
бiртұтас ретiнде өз-өзiне жаны ашуында және “Мен”
түсiнiгiнде көрiнiп, өзiн басқалардан ажырата алуымен
сипатталады. Сондай-ақ Л.И. Божович өз жұмысында
“моральдық дамуы жоғары деңгейге жеткен адамдарды ғана
тұлға деп есептеуге болады деп санайтындармен жиi-жиi
қақтығысуға тура келетiнiн” айта отырып, бұл
пiкiрлерге өзiнiң қосылмайтынын бiлдiредi [1, 180 б.].
Оның пiкiрiнше “адамның барлық iс-әрекетi мен
мiнез-құлқын анықтайтын тұрақты
мақсаттары мен тұрақты көзқарастары бар кез
келген адамды, оның осы айтылған мақсаттары мен
көзқарастарының мазмұны қандай болуына
қарамастан тұлға деп айта беруге болады” [1, 180 б.].
Мiне,
көрiп отырғанымыздай психологиядағы тұлға
түсiнiгiн кейбiр психологтар адамның басқалардан
айырмашылығын бiлдiретiн, оның жекедаралық ерекшелiктерiмен
байланыстырса, ендi бiреулерi осы ұғымды оның
шығармашылығымен ұштастырады. Ал Л.И. Божович болса
тұлға түсiнiгiн адамның тұрақты
мақсаттары мен көзқарастарынан iздейдi.
А.И. Анцыферованың
пiкiрінше тұлға дамып қалыптаса отырып, белгiлi бiр
нысанға ие болады. “Бұл нысан әлеуметтiк
қасиеттердiң тұтастай жүйесiн, дәлiрек
айтсақ, ұжымдық қана емес, индивидуалды түрде
қызымет ететiн адамның әлеуметтiк мүшесi болып
табылады” [5, 10 б.]. Алайда тұлғаның өмiр
үстiнде қалыптасқан қоғамдық мәнi
оның психологиялық ұйымдасуында қалай көрiнедi?
Тұлғаның психологиялық құрылымы мен
iс-әрекетiнiң қоғамдық шарттылығының
нақты механизмдерi қандай? Мiне бұл сұрақтар
әлi де болса терең зерттеудi талап етедi.
Iс-әрекет
теориясының негiзiн салушылардың (А.Р. Лурия, 1998; А.Н. Леонтьев,
1975; Л.С. Выготский, 2003) айтуынша сана практикалық бiрлескен
iс-әрекет жағдайында қалыптасады. Ол
қажеттiлiктiң заты мен iс-әрекеттiң
нәтижесiнiң ажырау кезеңiнде пайда болып, әрі қарай
олар iс-әрекеттiң болашақ нәтижесiнiң саналы
бейнесi негiзiнде қосылуы мүмкiн дейдi С.М. Жақыпов [6].
“Тiптi классикалық мысалда қойылған алғашқы
қауымдық ұжымдық аңшылықты талдау мен адам
санасының дамуы мен пайда болуының мәселелерiн
қарастырған А.Н. Леонтьевтiң негiзгi еңбегiн
мұқият оқып отырсақ”, - дейдi С.М. Жақыпов:
“iс-әрекеттiң болашақ нәтижесiнiң саналы бейнесi
негiзiндегi iс-әрекеттiң нәтижесi мен
қажеттiлiктiң затының қосылуы барлық аң
аулауға қатысушылардың iс-әрекетiнiң
болашақ нәтижесiнiң саналы бейнелерiнiң бiрдей
болуының арқасында көрiнуi мүмкiн деп болжауға
мүмкiндiк бередi” [6, 38 б.]. Дегенмен, бұл туралы еш жерде тiкелей
айтылмайды, бiрақ соған қарамастан, “саналылық”
ұғымын енгiзгенде нақ осы iс-әрекеттiң
болашақ нәтижесiнiң бiрдейлiгiне көңiл аударады.
Осы пiкiрге қатысты А.Н. Леонтьев “бiлiмнен шығарылған”
сөзiнiң құрамдық сипатын арнайы атап
көрсетедi. “Сана дегенiмiз бiлiмнен шығарылған”, - дейдi ол:
“бiрақ мынандай жағдайда, оның шынайы субстраты болып
табылатын тiл мен қоғамдық сана болғанда ғана
индивидуалды сана өмiр сүре алады” [6, 38 б.]. “Басқаша
айтқанда iс-әрекеттiң болашақ нәтижесiнiң
“саналы” бейнесi iс-әрекеттiң болашақ нәтижесiнiң
бейнесiн барлық қатынасушылардың бiлетiндiгiнен басқа
ештеңе емес”, - деп жазады С.М. Жақыпов [6, 38 б.].
Сонымен
қоса С.М. Жақыпов саналылық бiр жағынан соңында
жалпылануды құрайтын iс-әрекеттiң болашақ
нәтижесi туралы кейбiр бiлiмдердiң жиынтығының
болуын бiлдiредi, сондықтан бейне белгiлi бiр дәрежеде бiрдей
болады, ал басқаша жағынан ол iс-әрекеттiң
болашақ нәтижесi туралы бiлiмдердiң жиынтығын, сананы
бiлдiретiндiгiн айтады. “Заттық әлемдi оның идеалды, саналы
бейнелеу түрлерiн субъектiнiң меңгеру процесi алдымен
iс-әрекеттiң заттық мазмұнынан оның жемiсiне
өту кезiнде жүретiн сол объективтi қатынастар жүйесiнде
пайда болады”, - деп анықтайды А.Н. Леонтьев. “Бiрақ осы процесс
жүзеге асу үшiн, өзiнiң заттық қасиетiмен
субъектiнiң алдында тұратын, оны өзiне сiңiрiп алатын
iс-әрекеттiң нәтижесi жеткiлiксiз; нәтижесiнде ол тани
алатын субъектi, яғни идеалды бола алатын оның сондай
өзгерiсi болуы керек. Өзгерiс бұл өндiрiстiң
қатысушылары арасындағы қарым-қатынастың
құралы мен жемiсi болып табылатын тiлдiң қызметi
арқылы жүзеге асады” [6, 39 б.]. А.Н. Леонтьевтiң осы
қағидаларын басшылыққа ала отырып С.М. Жақыпов:
“саналы бейнелеу негiзiнде қарым-қатынастың
құралы мен жемiсi болып табылатын тiл жатыр”, - дейдi [6, 39 б.].
С.М. Жақыповтың пiкiрiнше тiл өзiнiң жүйелi
сапасы арқасында бiлiм ретiнде қызмет ететiн мәндер
(ұғымдар) жүйесi болып табылады.
С.М.
Жақыпов мағыналардың жалпы қорын қалыптастыру
үшiн жағдай жасайтын индивидуалды мағыналардың
өзара әрекеттестiгiнде, индивидуалды мағыналардың
сапалы артықшылығын беретiн қосындысы жаңа
мағыналы құрылымдардың туындайтынын, соның
нәтижесiнде қалыптасқан мақсаттардың жалпы санына
қатысты мақсатқа жету санының ұлғаюынан
көрiнетiн мақсат құрылу процесiнiң тиiмдiлiгi
артатындығын айтады [6]. Жалған бiрлескен ойлау процесiнен
бiрлескен ойлау сатысына өту кезiндегi мақсат құрылу
процесiнiң эксперименттiк нәтижелерiн қорытындылай келiп С.М.
Жақыпов: “Жалған бiрлескен ойлау iс-әрекетiнен бiрлескен
ойлау iс-әрекетiне айналудың басты шарты мақсат пен
оның нәтижелерiне қол жеткiзу туралы ақпараттарды
алмасу барысындағы субъектiлердiң серiгiнiң мақсатын
қайта құру процесi болып табылады”, - деген тұжырым
жасайды [6, 56 б.].
Дамыған
бiрлескен ойлау iс-әрекетi сатысындағы мақсат
құрылу процесiн талдай отырып С.М. Жақыпов былай дейдi:
“Сонымен қарастырып отырған мақсат құрылу
процесiне тән сипат, қарым-қатынас барысында
қалыптасқан, мағыналы құрылымдардың жалпы
қорын әрқайсысының интериоризациялау
нәтижесiндегi iс-әрекет субъектiлерiнiң мағыналы
құрылымдарының толық сәйкес келуi болып
табылады” [6, 60 б.]. Сондай-ақ, ол бiрлескен iс-әрекеттiң
әрбiр субъектiлерi осы жалпы мағыналар қорының тек
жалпы объектiсiмен сәйкес келетiн мағыналарын ғана
сүзiп алады дейдi [6, 60 б.]. Оның айтуынша
iс-әрекеттiң жалпы объектiсiне индивидуалды мағыналар
неғұрлым жақын болған сайын соғұрлым, олар
өзара жақынырақ ара қатынаста болады. “Бәлкiм
мағыналардың ара қатынаста болуының осындай механизмi
субъектiлердiң iс-әрекетiнiң ортақ мотивiнiң, не
басқаша айтқанда бiрлескен iс-әрекеттiң мотивiнiң
қалыптасуы негiзiнде жатса керек. Бiрақ, бiрлескен
iс-әрекеттiң мотивтерiнiң қалыптасу деректерi
мағыналы құрылымдарға қатысты iс-әрекет
теориясының негiзгi қағидаларына қайшы келетiн
жекелеген нақты мағыналардың сәйкес келуi
нәтижесiнде емес, iс-әрекеттiң жалпы объектiсiмен
жүзеге асатын мағыналар жүйесiмен, “мағыналы
өрiспен” (А.Н. Леонтьев) сәйкес келуi нәтижесiнде ғана
мүмкiн болатынын естен шығармау керек”, - дейдi С.М. Жақыпов
[6, 60 б.].
Дамыған
бiрлескен ойлау iс-әрекетiндегi мақсат құрылу процесiн
эксперименттiк зерттеудiң нәтижелерiн қорытындылай отырып ол
былай деп түйiндейдi: “Мақсат құрылу процесi негiзiнен
жалған бiрлескен аралық ойлау мақсатынан олардың
бастапқы сатысында-ақ бiрлескен аралық ойлау мақсатына
айналдырумен сипатталады. Бұл процестiң негiзiнде
iс-әрекеттiң ортақ мотивiнiң қалыптасуы жатыр.
Бiрлескен ойлау iс-әрекетiнiң табысты дамуы ең алдымен
мотивациялық-мағыналық әсер етушi себептермен
анықталады” [6, 63 б.].
Сонымен атақты қазақстандық
психолог-ғалым С.М. Жақыпов
көрсетiп бергендей, бiрлескен iс-әрекет диадасындағы
қарым-қатынас барысында жүзеге асатын мағына құрылу
процесi ортақ мақсат пен ортақ мотивтiң
қалыптасуына алып келгенде ғана ол психологиялық
шындыққа айналады. Бiрлескен iс-әрекетке қатысушылар
вербалды және вербалды емес, сондай-ақ эмоциялық
ақпараттарды көбiрек алмасады. Мұнда шешушi кезең
бiрлескен iс-әрекетте серiктер бiр-бiрiнiң мақсаттарын
қайта құруы мен оларды қабыл алуы, сонымен қоса
өзiнiң мотивациялық-мағыналық шеңберiне
енгiзуi болып табылады. Осының негiзiнде қатысушыларда
мағыналардың жалпы қоры қалыптасады.
Әдебиеттер:
1. Божович Л.И. Проблемы
формирования личности: избранные психологические труды / Под ред.
Д. И. Фельдштейна. — Москва; Воронеж: Ин-т практической
психологии, 1995.
2. Корнилов К.Н. Современная психология и марксизм. 2-е, доп. изд. Л.:
Госиздат, 1925. С. 33-51.
3. Платонов К.К. Структура и развитие личности / Отв. ред. А.Д. Глоточкин —
М.: Изд. Наука, 1986.
4. Давыдов В.В. Теория развивающего обучения. — М.,1996
5. Анцыферова
А.И. Психология формирования и развития личности. 1981.
6. Жақыпов
С.М. Жалпы психология негіздері.
Оқулық – Алматы: Алла. прима, 2012. – 207 б.