Психология/Педагогикалық
психология
Педагогика ғылымдарының магистрі, окытушы Жақсылықова М.Т.
Қазак
мемлекеттік кыздар педагогикалык университеті
Қазақстан Республикасы, Алматы қ.
ИНТЕРБЕЛСЕНДІ ОҚЫТУ ӘДІСІ РЕТІНДЕ ТОПТЫҚ ЖҰМЫСТЫ ЖОО-да
ҰЙЫМДАСТЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Интербелсенді оқу бірлесе үйрену идеяларын
ұстанғандықтан, мұнда әсіресе бірлескен
топтық жұмыс әдістерінің
маңызын баса айту керек: олар өзін-өзі мен басқа
адамдарды танудың тиімді құралы болып табылады,
дүниетаным қалыптастырып, тұлғаның өзіндік
дамуы мен басқалардың іс-әрекеттері мен олардың
себептерін түсінуге ықпал жасайды. Топтық жұмыстар
барлық үйренушілердің жұмысқа белсене
қатысуын қамтамасыз етеді. Мұндай жұмыста
шәкірттер өздерінің коммуникативтік дағдыларын
(тыңдай білу, ортақ шешім қабылдау, жанжалдарды болдырмау) іс
жүзінде қолданады, өздері «ойнап шығады».
Бірлесе үйренуде әрбір үйренуші
танымның (оқу, үйренудің) ортақ мағынасына
және қорытынды нәтижесіне өз үлесін қосып,
басқалармен өзінің білгенімен, идеяларымен, ойларымен
алмасады, тиімді нәтижеге (білімге) қандай бірлескен үйрену
әрекеттері арқылы жете алатындығын анықтайды.
Мұндай қарым-қатынастағы диалогтық бірлескен
әрекеттер бірін-бірі жақтыру, өзара сыйласымдық пен
қолдау атмосферасында өтіп, тек қана жаңа білім
игеруге жағдай жасап қана қоймай, сонымен бірге таным
процесін ынтымақтастық пен бірлесу деңгейлеріне
көтереді, яғни қарым-қатынас пен оның негізгі
нысаны диалогты танымның басты құндылығына айналдырады.
Диалогқа негізделген бірлескен жұмысты
еңбек пен танымның ең тиімді және өнімді
әрекеті деп ұйғаруға әбден болады. Сол себепті де
әрбір сабақта топтық жұмыс арқылы бірлесе
әрекеттенген тиімді. Бұл ұстаным құрастырылған
(конструктивтік) білімнің де басты идеяларының бірі. Осы
бағытты ұстанған оқу/үйрену жобаларының барлығы
да бірлескен әрекеттерді үйренудің негізі деп таниды.
Шағын топтық (немесе жұптық)
жұмыстар үйренушілерде бірлік, бірегейлік (корпоративтік) сезімдер
қалыптастырып, сол арқылы өздерінің ұжымға
тікелей қатысы бар екендігін аңғартады. Ал
«Көптің түкіргені – көл», «Бірлесе көтерген
жүк жеңіл» екендігі баршаға аян, ұжым болып
қандай да болмасын тапсырманы орындау қызық та тартымды
шаруаға айналады.
Бірлескен жұмыс барысында шағын топ
мүшелерінің (ең тиімдісі әр топ құрамында 4
оқушы немесе студент болғанда, ары кеткенде 3-тен кем емес, 6-дан
артық емес) барлығы да өзара
қарым-қатынасқа негізделген (интербелсенді) әрекеттерді
атқарады (мәселен, тыңдай білу, өз пікірін ұтымды
және дәлелді түрде жеткізе білу, ортақ пікір
қалыптастырып, бір мәмілеге келу, туындаған егес пен
дау-дамайларды шеше білу, бірлесе шешім қабылдау). Мұнда
біреудің жұмыстан тыс не қалыс қалуы екіталай:
барлығы да қызу әрекетте болады, барлығы да
жұмыстың қорытынды нәтижесіне өз үлесін
қосады. Әдетте дәстүрлі сабақта бірнеше
үйренуші ғана әрекет жасайды: олар ұстаз талабы бойынша
берілген тапсырманы жеке-жеке орындап, жасалған жұмысы бойынша есеп
немесе жауап береді. Ал бұл мезетте қалған шәкірттер
белсенді әрекеттер атқармайды. Бұған керісінше
топтық жұмысқа барлық дерлік оқушы/студенттер қатысады,
өйткені берілген тапсырма бірлескен жұмыс арқылы ғана
орындалуы тиіс. Әр оқушы/студент идеяларды келтіру мен оларды
талқылау, таңдау және шешім қабылдау ісіне белсенді
қатысады: топтық жұмыста әрбір пікір мен
көзқарас құнды.
Дәстүрлі сабақта үйренушілерді
жұмысқа жұмылдыру ұстаз тарапынан
қатаң талап қою арқылы жүзеге асырылады
(мәселен, бұйрық, нұсқау, жарлық,
үкім арқылы). Ал топтық жұмыста үйренушілерді
белсенділендіру кеңес, сұраныс, ұсыныс арқылы жасалады.
Дәстүрлі сабақта ұстаздың өзі үйренушілердің
жұмысын бақылауға алса, топтық жұмыста
бақылауды топ мүшелерінің өздері жүргізеді.
Топтық жұмыс үйренушілерде
ұжымдық сезім қалыптастырып, бірлескен жұмыстың
қызықты әрі тартымды әрекет екендігін көрсетеді,
оқушылардың/студенттердің жалпы еңбекке деген ынтасын
арттырады. Оқушылар/студенттер өмірде «МЕН» қағидасынан
гөрі (эгоцентристік немесе эгоистік ұстаным) «БІЗ»
тұжырымының (ұжымдық, жамағаттық,
қоғамдық ұстаным, бірлік идеясы) анағұрлым
пайдалы екендігін аңғарады, бұл позицияның зәулім
гуманистік идеяларға негізделгеніне көздерін жеткізеді.
Топтық жұмысты ұйымдастыру арқылы
ұстаз мынандай мақсаттарға жетеді:
- үйрену процесіне қатысушылардың
әрқайсысы бір-бірімен жеке қарым-қатынас орнатады;
- үйренушілер туындаған сенімсіздік пен
қобалжудан («Бұл жұмысты мен орындай алар ма екенмін?»,
«Жұмысты орындай алмасам қайтемін?», «Ұят болып қалмас
па екен?»), қорқыныштан («Мені жазаламас па екен?»,
«Басқалар менің жұмысымды сынап немесе күлкіге
жығып кетпес пе екен?») арылады;
- әр үйренушіге өзінің қабілеттері
мен ерекшеліктерін ашуға (көрсете білуге) жағдай жасалады;
- үйренушілер арасында еркіндік және сенім
атмосферасы қалыптасады;
- үйренушілер топ жұмысында позитивтік,
конструктивтік, шығармашылдық қағидаларды
ұстанады.
Топтық жұмыстың тиімділігі мен
нәтижелігі келесі әрекеттерден артады деп
ұйғаруға болады:
1. Берілген тапсырма топтың барлық
мүшелеріне қызықты болуы керек.
Тапсырма барлық
оқушылардың/студенттердің мүдделеріне сәйкес
келіп, оларда бірлескен жұмысқа деген ынта тудыруы керек.
2. Топқа бөлудің қызықты
тәсілдерін қолдану керек.
Оқушыларды/студенттерді топқа
бөлудің қызықты әрі танымды тәсілі
олардың алдағы жұмысқа деген ықыласын арттырады.
Бөліну кезінде басқалардан ерекшеленетін қасиеттері
арқылы олар уақытша болса да бастарын біріктіреді, араларында
бір-біріне деген жылы сезімдер орнайды.
3. Топ ішіндегі бірлескен жұмыс ережелерін
айқындап, нақты уақыт белгілеу керек, оларды әр
жұмыс алдында тағы да бір қайталап, еске түсіріп
отырған жөн.
4. Тапсырманың топқа бөлінбей
тұрып берілгені дұрыс.
5. Тапсырма берілгеннен соң оның
түсініктілігін топ ішінде талқылап алу керек.
6. Топтар арасында бәсекені негізгі
мақсатқа айналдырып жібермеу керек.
Топ аралық бәсеке
оқушыларды/студенттерді проблема шешу мәселесінен «қайткенде
де бірінші болу керек» деген ұстанымға ауытқытып жіберуі
мүмкін. Әрбір оқушы/студент бәсекеге өзгелермен
емес, алдымен өзімен-өзі түсуі керек деген ой
шәкірттердің санасында мықтап орын алғандығы
дұрыс болады.
7. Жұмыс аяғында әр топ жұмыс
нәтижелерін жариялап немесе ол туралы есеп беруі керек.
Бірлескен жұмыстың ережелері тоқсан немесе семестр
басында оқушылармен/ студенттермен бірлесе қабылданып, оларды
сынып/аудитория қабырғасына іліп қойған орынды.
Әрине, ережелердің тыйым тұрғысынан емес, жұмысты
тиімді ұйымдастыру ауқымындағы ұсыныстар
тұрғысынан құрастырылғандығы орынды.
Мұнда мынандай талаптарды ұстануға болады:
- Тыңдай білейік!
- Бірлескен жұмыста актерлер мен көрермендер
жоқ – бәрі де қатысушылар!
- Әрбір қатысушы өз пікірін келтіруі
керек!
- Біреу сөйлегенде, оның сөзін
бөлмейік!
- Жеке бастың қасиеттері сыналмай, тек
пікірлер ғана сыналады!
- Мәселе жеңіске жетуде емес,
басқалардың пікірін біліп, шешімнің ең тиімді жолын
табуда!
- Басқалардың пікірлерін сыйлайық!
- Бірлесе жұмыс жасауға
ұмтылайық!
- Бір мәмілеге келуге атсалысайық!
- Жанжалдарды болдырмауға ұмтылайық!
Бұған қоса
қарым-қатынастың (коммуникацияның) ережелерін
құрастыруда Г.Грайстың максималарын (этикалық
қағидаларын) қолдануға тұрарлық. Бұл
максималар алдымен бірлескен
әрекеттерді қамтиды:
1. Ақпараттың толықтығы максимасы
(Бар білгенімізді айту!).
2. Сапа
максимасы (Шындықты айту!).
3.
Релеванттылық максимасы (Тақырыптан ауытқымау!).
4.
Мәнер максимасы (Анық, қысқа және бірізді
түрде сөйлеу!).
Мұнымен
қатар Г.Грайс қарым-қатынаста аса маңызды тағы да
бір қағида – сыпайылықтың максималарын келтіреді:
1. Әдеп
максимасы (Басқалардың мүддесін сақтау! Оның жеке
әлемінің шекарасын бұзбау!).
2.
Кеңпейілділік максимасы (Басқаларға жүк артпау!).
3.Қолпаштау
максимасы (Басқаларды жамандамау!).
4.
Кішіпейілділік максимасы (Мақтанудан қашқақтау!).
5. Келісу
максимасы (Қарсылық білдіруден қашқақтау!).
6. Симпатия
максимасы (Мейірбандық таныту!) [1].
Сабақ
аяғында (кері байланысты ұйымдастыруда) бірлескен
жұмыстың нәтижелігі туралы
оқушыларға/студенттерге келесі сұрақтарға ауызша
немесе жазбаша жауап беруді тапсырған орынды:
- Топ ішінде
жұмыс жасау тиімді болды ма?
- Топ
қалайша ортақ пікірге келді? Ортақ пікірге келуде
қандай қиыншылықтар туындады?
-
Сіздің пікірлеріңізді топ қандай дәрежеде ескерді?
-
Топтың пікірін жариялаған спикердің
көңіл-күйі қандай дәрежеде болды?
- Бірлескен
жұмысқа қандай жәйттер кедергі болды?
- Бірлескен
жұмысқа қандай жәйттер көмектесті (пайдалы
болды)?
- Топ
жұмысын басқарған студенттің пікірлері
әрқашан да ұтымды болып отырды ма?
-
Топтық жұмыста Сіз қандай тәжірибе
жинақтадыңыз?
-
Топтық жұмысты қалайша жақсартуға болады?
Бұл
жерде Дэвид Джонсон және Роджер Джонсон құрастырған
бірлесе оқудың элементтері келтірген
орынды болады деп есептейміз:
1.
Өзара позитивтік тәуелділік.
Студенттер
қандай да болмасын жұмыс пен тапсырманы орындау үшін
және сәтті нәтижеге жету үшін бір-біріне тәуелді
(жағымды тұрғыдан) екендігін, бір-бірімен байланысты
екендігін сезінуі керек. Мұндай тәуелділікті студенттік топ ішінде
келесі түсініктерді ұстану арқылы
құрастыруға болады:
-
студенттерге ортақ мақсаттар қою (студенттер тек өздері
ғана оқымай, сонымен бірге өз жолдастарын да үйренуге
ынталандырады),
- студенттер
арасында еңбекті бөлу (жұмысты рөлдер немесе
міндеттерге бөлу студенттердің ортақ жұмыстың
нәтижесіне деген жауапкершілігін арттырады),
- студенттер
арасында материалдарды, ресурстар немесе ақпараттарды топ мүшелері
арасында бөлу (мұнда студенттердің назары ортақ
түсінік құрастыруға бағытталады),
-
студенттерге жауапкершілік жүктеу (түсінік құрастыру
және сол ұғымды басқалардың игерілуі әр
студентке байланысты деген идеяны ұстану),
-
студенттердің шағын топтарын марапаттау (мадақтау мен
марапаттау топтың әр мүшесіне оның жұмыс
нәтижесіне қосқан үлесін ескерусіз теңдей
бөлінеді) [2].
2. Бетпе-бет
тұрғыдан өзара әрекеттесу.
Аудиторияда
студенттердің бір-бірімен әрекеттесуі үшін тиімді
жағдайлар жасау қажет: парталарда студенттер бір-біріне бет
қаратып отырып, оларда бірлескен әрекеттердің нәтижесін
көрсетуге болатын материалдар болуы керек (плакат, маркерлер),
оларға өзара әркеттесуді қажет ететін тапсырмалар беру
керек. Студенттер бір-біріне жәрдемдесу, өзара пікір алмасу,
бірін-бірі демеу, бірін-бірі үйрету арқылы өз оқуын
жақсарта түседі.
3. Жеке жауапкершілік.
Топтың
әрбір мүшесінің мақсаттары мен жауапкершілігін
айқындау керек. Әр студенттің орындаған тапсырмасы жеке
бағаланып (тест немесе жауап беру арқылы), оның
нәтижелері топқа жарияланып отырады. Жауапкершілік тек жақсы
оқитындарға ғана жүктеліп қоймай, барлық
студенттерді де қамтуы қажет.
4.
Тұлға аралық жұмыс дағдылары.
Үйренушілерде
әлеуметтік дағдылар қалыптаспаса, олар тиімді түрде
бірлесіп жұмыс жасай алмайды. Мұндай дағдылар
оқу/оқыту процесінің басты мақсаттарына айналып, әр
сабақтың негізін құрауы керек. Өзара
әрекеттесу мынандай дағдыларды меңзейді:
-
басқара білу,
- шешім
қабылдау,
- сенімге
негізделген қарым-қатынас құру,
-
жанжалдардың алдын алу, оларға жол бермеу.
5.
Топтың дамуы.
Топтардың
өз мақсаттарына қалайша жететіндігін және өзара
тиімді қарым-қатынасты қалайша құратындығын
талқылау үшін студенттерге қажетті уақыт берілуі керек.
Ұстаздың топтың дамуын келесі әрекеттерді қолдану
арқылы жоспарлауына болады:
- Берілген
тапсырманы орындауда топ мүшелерінің ұтымды үш
әрекетін келтіру.
- Келесі
сабақта топ жұмысының тиімділігін арттыруы мүмкін бір
әрекетті келтіру [3].
Сонымен,
тiршiлiктiң негiзi қарым-қатынас пен диалогқа
орнығатындығы күмән туғызбайтын
ақиқат: басқаның ойымен, пiкiрiмен,
көзқарасымен санасу, бөтендi түсiне бiлу,
өзiңдi оның орнына қоя бiлу – осы
қасиеттердiң бәрi де әлеумет ахуалын белгiлейтiндiгi
даусыз тұжырым. Өмiрде ең керектi бiлiм (білік, дағды,
машық, құзырлылық) – қоғамда
қарым-қатынас құра бiлу, басқа адамдармен тiл
табысу. Ал мұндай қасиеттер мен тұжырымдарға өз
шәкірттерімізді бірлескен жұмыс арқылы жеткізуіміз
ықтимал.
Әдебиеттер:
1. Грайс Г.П. Логика и
речевое общение. – М., 2009
2. Танцоров С. Групповая работа в развивающем образовании. Исследовательская
разработка для учителя. – Рига: ПЦ ''Эксперимент'', 1997
3. Носова И.В. Особенности работы в малых
группах//'Начальная школа плюс до и после. -
№6. – 2004. С. 69-73.