БАЛАНЫ ДҰРЫС СӨЙЛЕУГЕ ҮЙРЕТУ

 

                                                                          Мусаева Галия Еспергеновна,

 «Ж.Ермегияев атындағы орта мектебі мектепке дейінгі шағын орталығымен»  коммуналдық мемлекеттік  мекемесі «Күншуақ» шағын орталығының аға-тәрбиешісі,

Жалаңаш ауылы Райымбек ауданы,

Алматы облысы, Қазақстан Республикасы

 

 

Тәжірибеден көріп жүргеніміздей ақыл - ойы, жүйке жүйесі дұрыс дамыған кейбір балалар  сөздерді дұрыс айта алмай қате сөйлеп қиындық тудырады. Мұндай жағдай шамадан тыс ерке, немесе көп ауырған балаларда жиі кездеседі. Бала тіліндегі осы тәріздес кемшіліктерді жою үшін ата-аналармен тәрбиешілердің бірлесе жұмыс жүргізуі керек. Алайда көптеген ата-аналар  бала тіліндегі кемістіктерді жоюға жете көңіл бөле бермейді. Оның себебі:

ü     Бала тілін қызықтау;

ü     Баланың әріптерді, кейді тіпті тұтас сөздерді қате айтып жатқанын елемеу;

ü     Енді біреулері елеп, біліп тұрса да өсе келе өзі-ақ дұрыс сөйлеп кетеді деп ойлайды.

Ал шындығында кей жағдайда оның тіліндегі мүкістікті жоюдың қолайлы уақыты өтіп кетеді. Сөйтіп бала мектепке барғанда, оның дұрыс сөйлемейтініне үлкендер ескерту жасап, сыныптастары мазаққа айналдырып, ол әбден қиналуы мүмкін. Ал мұндай кемшілік баланың өз құрбы-құрдастарымен алаңсыз ойнауына,  түрлі шараларға – концерт, байқау, оқырмандар конференциясы тағы да басқаларына қатысуына кедергі келтіреді. Тіпті сабақ үстінде де бала жауап беруден қашқақтап, тұйықтала бастайды.

Сондықтан үлкендер тарапынан дұрыс сөйлеуін талап етіп ұрсу, қайта-қайта ескерту тиісті нәтиже бере қоймайды. Осы орайда Ф.Ларошфуконың «Үйрету үшін ұрсудың, пайдалы болу үшін намысқа тиюдің түк қажеті жоқ», - дегені ойға оралады1.  Яғни ата-ана бала сөйлей бастағанда ақ оның әрбір дыбысты дұрыс естіп, дұрыс айтуына мән бергені жөн. Ата-ананың дер кезінде ебін таба отырып, кемшілікті түзеуді қолға алуы аса маңызды, әрі бұл – олардың міндеті де. Өйткені бала үшін ата-ана пікірі өте құнды екеніне дау жоқ сондай - ақ  өз баласымен күнделікті тікелей жанды байланыс жасап, қалыптасып келе-жатқан әдет-дағдыларды балалар бойына сіңірудің жақсы мүмкіндігі тек солардың қолында екені тағы аян.

Шағын орталықта өткізілетін «Ашық есік күндерінде» ата-аналар әр баланың  қалай сөйлеп, қандай әрекет жасай алатынынан хабардар бола алады. Оқу жылының басында кейбір сөздерге тілі келмейтін балаларға күле қараған ата-аналар, көктемде оларды мектепке шығарып салу ертеңгілігінде балалардың көп нәрсе үйренгендеріне, дұрыс сөйлеп қана қоймай, мәнерлеп өлең оқып, рөлдік ойындарға белсене қатысатындарына тәнті болып та жүр. Тәрбиешілермен  ата-аналардың және балалардың  ынтымақтастығы үнемі жақсы нәтижеге қол жеткізудің кепілі болып келеді. Кішкентай сәби өзінің есту қабілетін меңгере алмайтындықтан ол дыбыстарды салыстыра алмайды. Бұған баланы үйрету керек.  Бала өзінің дыбыстарды айтпайтынын білмейді.  Сол себептен оны дұрыс тыңдап, дұрыс естуге үйрету қажет. Баланың есту қабілетін дамыту үшін мынандай ойындарды, яғни жаттығуларды пайдалануға болады:

ü      Сыбырды тыңда;

Балаға «5, 7, 10» т.б  қадам жерге барып тұр. Мен саған сыбырлап тапсырма беремін, соларды орында. «5 қадам алға жүр, оң жақтағы орындыққа барып отыр, стол үстіндегі затты ал» т.б.

ü      Ненің дыбысы екенін ажырат: «ыдыс-аяқтың, адам жүрісінің, сүйреткен шана, т.б.

ü      Көшеден өткен қандай машина? «жеңіл, автобус, жүк көлігі, трактор»

ü      Көлік қай бағытқа кетіп барады? «төмен, жоғары, оңға , солға»;

Бұдан шығатын қорытынды; бала дұрыс сөйлеуі үшін дыбыстарды ажырата алуға тиіс. Онсыз баланың тыңдауға үйренуі де, сөзді түсініуіде  қиынға соғады. Сөз құралатын дыбыстарды бір-бірінен айыра білу, оның ерекшелігін ұғыну керек. Бұл фонематикалық есту деп аталады.  Мұның өзі дұрыс сөйлеудің негізі болып табылады. Оны дамыту үшін мына төмендегідей ойындарды пайдалануға болады:

ü     Шынжыр ойыны:

Мына сөздерге қандай дыбыс ортақ? «бала», «асық», «лақ», «а-дыбысы», «бала деген сөз аяқталған әріптен келесі сөз, ал оның соңындағы дыбыстан одан кейінгі сөз басталады, сонда «бал» деген сөз шығады» әрі қарай осылайша жалғастырса, «лазы», «айран», «құлын», бұл сөздерден лақ, ал шана, ара, машина деген сөздерден шам Айналаңдағы заттарды ата: тақта, айна, стол -  деген сөз шығады.

Мұндай ойындар балалардың аңғарымпаздығын, байқағыштығын, танып – білуге құлшынысын тәрбиелеуге, белсенділіктерін арттырып, оқушылар әлеміне енуіне мүмкіндік туғызады. Сондай – ақ әріптер мен сөздерге арналған ойындардың балалардың ынтасын аударуға, сөздік қорын молайтуға, әріптер туралы білімін кеңейтуге көп көмегін тигізері сөзсіз.  Бұл тұрғыда қазақ халқының:

Ана сүті бой өсіреді,

Ана тілі ой өсіреді, - деген мақалының дұрыстығына көз жеткізуге болады.

 

_____________________________________________________________________________

1.                   Қ.Жарықбаев. Ақылдың кені. 230 – бет.

2.                   Өнер алды (жинақ)   38– бет

 

Пайдаланылған  әдебиеттер тізімі:

1.           А.С.Макаренко. Книга для родителей. «Педагогика» баспасы, М., 1983ж

2.           Қ.Жарықбаев. Ақылдың кені. «Қазақстан» баспасы, А., 1991ж.

3.           Я.И.Ковальчук. Индивидуальный подход в воспитаний ребенка. «Просвещение» баспасы, М., 1981ж

4.           С.Бабажанов. Этнографиялық мақалалар. «Қазақстан» баспасы, А., 1993ж.

5.           Өнер алды. Ред алқа басқ: Ө.Айтбаев. «Жалын» баспасы, А., 1978ж