Э.ғ.к. Курманалина А.А., э.ғ.м. Тлеубергенова  М.А.

Қазақстан, Қ.Жұбанов атындағы

Ақтөбе өңірлік мемлекеттік универсиеті

Кәсіпорындағы  негізгі өндірістік қорларды пайдалану тиімділігін жоғарылату жолдары

 

Дамудың қазіргі заманғы сатысында инновациялық экономиканы қалыптастыру өндірістің прогрессивті құрылымдық-технологиялық және ұйымдық формаларына көшудің және ұлттық экономиканы модернизациялаудың қажетті шарты болып отыр. Бұл үшін өнеркәсіптің негізгі өндірістік қорларын жетілдіру және оларды пайдалану тиімділігін жоғарылату керек. 

Дүниежүзілік экономикалық дағдарыс көптеген дамыған және дамушы әлем экономикаларының өсу қарқынын айтарлықтай баяулатты. Әлемдік экономика күйзеліс алдында тұр, әртүрлі пайымдаулар бойынша ол 2015-2020 жылдарға дейін созылуы мүмкін. Тәжірибеде шешімін тауып жүрген экономикалық дағдарыстардың циклдылық теориясы  2020 жылға дейінгі мерзімді базистік технологиялық инновациялардың жаңа толқынын игеру мен енгізу үшін қолайлы уақыт деп есептеуге мүмкіндік береді.    

Қазақстанда инновациялық-технологиялық қарқынды жасауға барлық алғышарттар бар – бұл міндетті шешу үшін еліміз инновациялық механизмді қозғалысқа келтіретін  жеткілікті қаржылық базаға, жоғары ғылыми әлеует пен адам ресурстарына ие. Қазақстан Республикасында 2050 жылға дейінгі мемлекеттің дамуының жаңа Стратегиялық бағыты, 2015 жылға дейінгі индустриалды-инновацияның Даму стратегиясы, 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы қабылданған, аталған құжаттардың сәттілігі өнеркәсіптік кәсіпорындардың жаңа енгізулерге дайындығынан, сондай-ақ үкіметтің инновациялық процесті алдан ала көре білу және белсенді әрекет ете білу қабілетінен тәуелді.  [1-2]

        Негізгі өндірістік қорлар қазіргі кезде күрделі көп аспектілі сипатта және әрқилы мақсатты бағыты бар, бұл төмендегі кестеде бейнеленген.

        Кесте

 Негізгі қорлардың түсініктерін анықтау бағыттары  [3]

Категориясы

Мазмұны

Еңбек құралдары

Қоғамдағы өндіргіш күштердің прогрессивтілігін анықтайды

Ұзақ кезеңде әрекет ететін машиналар, приборлар, жабдықтар, инструменттер және басқа технологиялық саймандар, бағдарламалық қамтамасыз ету құралдары түрінде еңбек үдерісін жүзеге асыруға арналған

Негізгі қорлар

Елдің ұлттық байлығының негізгі элементі болып табылады

Экономиканың өндірістік және өндірістік емс сфераларындағы кәсіпорындарда пайдаланылатын еңбек құралдарының құндық нышаны

Негізгі өндірістік қорлар

Технологиялық укладтың материалдық-техникалық базасын және прогрессивтілігін анықтайды

Өндіріс үдерісінде көп мәрте қатысатын, өзінің құнын дайын өнімнің құнына амортизациялық жарналар арқылы бөліп көшіретін, өзінің заттай-натуралдық формасын өзгертпейтін (ғимраттар, құрылғылар, беріліс қондырғылары, машиналар мен жабдық және т.б.)

Негізгі құралдар

Негізгі өндірістік қорларды бухгалтерлік есепте және қаржылық есептілікте бейнелеу үшін пайдаланылады

Кәсіпорын балансындағы айналымнан тыс активтердің бөлігі, олар бухгалтерлік есептілікте қалдық құны бойынша кәсіпорын балансының «активтер» бөлімінде бейнеленеді

Негізгі капитал

Инвестицияларды бағыттары, қаржыландыру көздері, меншік нышандары, экономикалық қызмет түрлері бойынша анықтау кезінде пайдаланылады

 

Өзінің құнын жаңадан жасалған өнімге бөліктермен көшіретін және капиталистке капиталдың бірнеше шеңбер айналымы барысында негізгі капиталдың элементтерін тозу шамасы бойынша ақшалай формада қайтатын өнімді капиталдың бөлігі (машиналарға, жабдыққа, ғимараттарға, құрылғыларға шығындар)

 

Негізгі капиталдың экономикалық белгілері мыналардан көрінеді:

Ø негізгі құралдар зінің мәні бойынша еңбек құралдары бола отырып, ұзақ уақыт бойына натуралдық-заттай формасын өзгертпейді;

Ø негізгі құралдар көптеген өндірістік циклдарға қызмет көрсете отырып тозады, яғни өзінің тұтыну құнын біртіндеп жоғалтады;

Ø негізгі құралдар өзінің құнын дайын өнімге бөліктер бойынша көшіреді. [4]

Қазіргі кезде өнеркәсіпке негізгі өндірістік қорларды экстенсивті пайдалану тән, бұл өнеркәсіптік кәсіпорындарда жаңару үдерістерін жеделдетудің кейінге қалдырылуын көрсетеді. 

Негізгі өндірістік қорларды пайдалануға ықпал ететін сыртқы және ішкі орта факторларының  арасында негізгі капиталға салынатын инвестициялардың өсу қарқыны, негізгі капиталға инвестицияларды қаржыландыру көздеріндегі амортизациялық жарналардың үлесі, өнімнің өзіндік құнындағы амортизацияның үлесі, активтер құрылымындағы материалды емес активтердің үлесі, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға шығындардың үлесі сияқты көрсеткіштермен бейнеленетін инвестициялық-инновациялық факторлар тобы анықтаушы болып табылады.

Атап айтатын болсақ, кәсіпорындардағы амортизациялық аударымдардың үлесінің төмендігі негізгі өндірістік қорлардың тозуының жоғарылауына, өнімнің амортизация сыйымдылығының төмен үлесіне, негізгі өндірістік қорлардың шығу коэффициентінің аз болуына әкеледі.

Зерттеулер көрсетіп отырғандай, еліміз экономикасының өнеркәсіптік өндірісінде ұдайы өндірістің қарапайым типі қалыптасқан. Осыған орай өңдеуші өнеркәсіптегі негізгі қорлардың үлес салмағының төмен болу, негізгі өндірістік қорлардың пассивті бөлігінің үлес салмағының басым болу, жаңа негізгі қорларды сатып алуға бағытталған инвестициялар үлесінің азаю, негізгі қорлардың тозуының өсу, шығу коэффициентінің жаңару коэффициентінен алшақтау деректері байқалып отыр.   

Өнеркәсіптік кәсіпорындардағы жаңару үдерісі амортизацияның өзінің ұдайы өндірістік функциясын орындамауы себебінен қиыншылыққа ұшырап отыр. Амортизацияның әрекет етуші жүйесінің негізіне кәсіпорындардың өндірістік базасын дамытуға арналған  бос ақша қаражаттарын құру емес, амортизацияланатын нысанның өзін біртіндеп ауыстыру, оны ұдайы өндіру идеясы қаланған.    

Сондықтан негізгі өндірістік қорлар нысандарын әділетті құны бойынша есепке алу, амортизацияны есептеудің жеделдетілген әдістерін пайдалану арқылы кәсіпорынның өндірістік әлеуетін инновациялық дамытуға бағытталған экономикалық тетікті әзірлеу қажет.  

Кәсіпорындағы негізгі өндірістік қорларды пайдалану тиімділігін жоғарылатудың  негізгі бағыттары ретінде инвестицияның үлесін негізгі өндірістік қорлардың белсенді бөлігін, материалды емес активтерді, адам капиталын    ұлғайтуға бағытталған  негізгі өндірістік қорларды жаңарту тұжырымдамасын әзірлеу мен енгізуді; амортизациялық саясатты өзгерту есебінен өнімнің өзіндік құнының құрылымындағы амортизацияның  үлесін жоғарылатуды;  негізгі өндірістік қорларды  экстенсивті пайдаланудан интенсивті пайдалануға көшуді жатқызуға болады. Мұның өзі қор қайтарымы, қормен қарулану және еңбек өнімділігі көрсеткіштері арасындағы арақатынасты жақсартуға мүмкіндік береді. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.                «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы  Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

2.                Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019  жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасы. Қазақстан Республикасы  Президентінің 2014 жылғы 1 тамыздағы №874 Жарлығымен бекітілген. Астана, 2014

3.                Аникин А.В. Юность науки. М.: Политиздат, 1979

4.                Куатова Д.Я. Экономика предприятия: практический курс. – Алматы, 2015