э.ғ.к., Г.Е.Талапбаева

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

      

            Денсаулық сақтау саласының бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын көрсеткіштер

 

Мемлекеттің әлеуметтік саясатының аса маңызды бағыттарының бірі – халықтың денсаулығын сақтау саласы. Денсаулық сақтау саласы халықтың ұдайы өсімін, денсаулығын,  әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ететін экономиканың стратегиялық маңызы жоғары саласы болып табылады.

 Бүгінгі таңда халықтың денсаулық көрсеткіштері (орташа өмір сүру ұзақтығы, ана және бала өлімі, ауыру деңгейі және т.б.) әртүрлі мемлекеттер арасында салыстырылатын және әр елдің өркениеттілігінің деңгейін көрсететін факторлардың бірі болып саналады. Сондықтан денсаулық сақтау саласының проблемалары мемлекеттің әлеуметтік-саяси деңгейіндегі өзекті мәселелері деп қабылданып, күнделікті көңіл бөлінетін шараларға айналуы тиіс. Еліміздің дамуының геосаяси болашағы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері, экономикалық өсу және қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің өсуі қоғамдағы адамдардың табиғи және рухани даму деңгейіне, олардың кәсіби белсенділігіне, өмір сүру ұзақтығына тікелей тәуелді болады.  Мемлекеттің әлеуметтік саясатының басымдықтары ретінде ұлттың интеллектуалды және еңбек әлеуетінің сақталуы, адамдардың психофизикалық денсаулығының жақсаруы, олардың өмір сүруінің сапасының артуы сияқты көрсеткіштер есептелуі қажет.

Бүгінгі күні елімізде халықтың денсаулық көрсеткіштері еріксіз алаңдатады. Статистикалық деректерді талдай отырып, халықтың науқастану деңгейінің жоғарылығын, еңбекке қабілітті азаматтардың арасында мезгілінен бұрын өлу көрсеткішінің көтерілуін, аурудан, әртүрлі жарақаттардан, мүгедектіктен еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан азаматтардың санының өсуін, репродуктивті жастағы халықтың денсаулығының нашарлауын байқауға болады.  Бүкіләлемдік әлеуметтік-экономикалық дағдарыс халықтың денсаулығына кері әсер ететін факторларды көбейтіп, бұған дейін қалыптасқан жағымсыз тенденцияларды күшейтіп жіберді. Аурулардың құрылымының ішінде кардиологиялық және онкологиялық аурулармен қатар туберкулез, жыныстық жолмен тарайтын жұқпалы аурулар, психикалық аурулар, алкоголизм, наркомания сияқты әлеуметтік бағыттағы аурулар бастапқы орындардан көрінеді. Сондай-ақ, кейінгі жылдары жұмыс істейтін халықтың денсаулығының нашарлауына байланысты компенсациялық төлемдерді жүзеге асыруға бағытталған экономикалық шығындардың көбейіп бара жатқандығы байқалады. Бүгінгі күні дамыған мемлекеттерде халықтың денсаулығы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының деңгейін сипаттайтын негізгі көрсеткіштердің бірі ретінде қаралады. Қазіргі жағдайда экономикалық даму жағынан көшбасшы болып саналатын мемлекеттерде нағыз байлық деңгейі адамның дамуын қамтамасыз ететін байлықтың материалдық емес нысанының жағдайымен анықталады. Мемлекеттің даму деңгейі ондағы өндіріліп жатқан өнімнің өсу қарқынымен емес, халықтың өмір сүру сапасының жоғарылауымен қамтамасыз етіледі.  Дамыған мемлекеттердің ұлттық байлығының құрылымының көп бөлігі адамға күрделі салым салу (адами капитал) есебінен қалыптасатын материалдық емес байлықтан құралады. Адамға күрделі салым салу дегеніміз – бұл білім алуға, кәсіби оқытуға, денсаулық пен мәдениетке және басқа да әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалатын шығындар. Бұл процесс адами капиталдың өндірісті интеллектуализациялаумен, ақпараттық технологияларды дамытумен байланысты қазіргі заманғы қоғамдық дамудағы өсіп келе жатқан ролін көрсетеді. Бүкіләлемдік банктің сарапшыларының бағалауы бойынша, дамыған елдерде бір адамға келетін ұлттық байлықтың (АҚШ долларымен есептегенде) құрылымында адами капиталдың үлесі 68 %  –дан 76 %-ға дейін жетеді екен.  

Адами капиталдың динамикасы әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды сипаттамасы болып табылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) аясында әрбір елдегі адамдардың өмір сүруінің сапалық деңгейін сипаттайтын жалпылама көрсеткіш ретінде адами әлеуеттің даму индексі (АӘДИ) қабылданған. Бұл көрсеткіштің негізгі мәні БҰҰДБ-ның алғашқы баяндамасында былай деп көрсетіледі: әлеуметтік және экономикалық прогрестің негізгі мақсаты -нарықтық экономиканың дамуын жылдамдату емес, қоғамдағы әрбір адамға өзінің әлеуетін пайдалануға, салауатты, толыққанды, рухани белсенді өмір сүруге мүмкіндік беруді қамтамасыз ету.

Соған орай, негізгі көрсеткіштер ретінде өмір сүру сапасының үш құрамдас бөлігі қабылданады: денсаулық және ұзақ өмір сүру; білім алу және кәсіби өсу; материалдық игіліктердің қажетті деңгейімен қамтамасыз етілу. Жалпы денсаулық сақтау саласындағы жүргізілген реформалар саланың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін келесі көрсеткіштерге (қағидаттарға) негізделеді:

- медициналық көмектің жеткіліктілігі;

- денсаулық сақтау жүйесінің ролі;

- денсаулық сақтаудың құны;

- тұтынушылардың сұранысына сәйкес келуі;

- саланы мемлекеттік реттеу;

- әлеуметтік әділеттілік пен үнемділікке бағытталған саланы қаржыландыру моделі.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1 Девятко В.Н., Куралбаев Б.С. и др. Ключевые аспекты развития региональных программ общественного здравоохранения. – Алматы, 2005. - С.196-208.

2 Шарманов Т. Экономика здравоохранения и перспективы государственной службы охраны здоровья. http://www.kazpravda.kz/index.php