Сактаганова К.К

Университет «Туран», Республика Казахстан, город Алматы,

Кейс технологиясын шетел тілін үйрету үдерісінде қолдану

Шетел тілінен білім беру тиімділігін арттыру мақсатында біз жаңа технологиялардың тиімді жақтарын алып, оқыту үдерісінде озық технологияларды енгізуіміз керек. Себебі, қазіргі білім берудің басты мәселелерінің бірі –әлеуметтік-педагогикалық, ұйымдастырушылық тұрғыдан білім беру мазмұнына жаңалық енгізу әдістерін іздеу, оны қолдану.

Қазіргі білім беру жүйесіндегі инновациялық технологиялардың бір түрі ретінде интерактивтік оқыту технологиясы саналады. Interaction сөзін ағылшын тілінен аударғанда өзара әсерлесу, өзара әрекеттесу дегенді білдіреді. Қазіргі шеттілдік білім беру әдістемесінде интерактивті оқыту технологиясы кеңінен қолданылып келеді, яғни кедиттік оқыту жүйеде студенттердің бойында қатысым құзіреттілікті қалыптастыратын оқыту технологиясы ретінде тиімділігі күннен-күнге артуда.

Педагогикалық, психологиялық, әдістемелік еңбектерді зерттей келе инновациялық оқыту технологияларының мынадай түрлерін атап айтсақ болады: ойын технологиясы, модульдік оқыту, проблемалық оқыту, мультимедиялық технология, ізгілікті-тұлғалық оқыту, кейс технологиясы, қашықтықтан оқыту, дамыта оқыту, т.б. Аталмыш оқыту әдістемелерінің ішінде кейс технологиясының да орны бөлек. “Case” сөзі ағылшын тілінен «жағдай», «жағдаят» деп аударылса, «технология» - қандайда бір ғылымда қолданылатын интелектуалдық құралдардың, әдістер мен тәсілдердің жиынтығы [1, 23-б]. Шетелдік әдебиеттерге, еңбектерге жүгінетін болсақ, оларда бұл технологияны «case study method» деп берілген, ал ол сөзбе сөз аударғанда «жағдаятты-оқу амал-тәсілі» деген ұғымды береді.

Кейс-стади тәсілі өз бастауын 1920-жылдардан кейін алады. Бұл технологияны алғаш рет өзінің инновациялық жаңалықтарымен танымал Гарвард университетінде басқару дисциплинарында, яғни экономика, менеджмент пәндерін жүргізуде қолданылды. ХХ ғасыр басында Гарвард университетінің оқытушылары лекцияға қосымша ретінде студенттік пікір-таластар ұйымдастыра бастады. Кейс жаттығулары жазылған алғашқы жинақ 1921 жылы Коупленд пен Волос Донамның басшылығымен жарыққа шықты. Ал әлемге және Кеңес Одағығының территориясына тек өткен ғасырдың 70-80 жылдары ғана келді. Бұл кезеңде аталмыш технология ЖОО экономика мамандықтарында «шешім қабылдауға оқыту әдістемесі» ретінде жүргізіле басталды.

Кейс-стади тәсіліне деген қызығушылықтың жаңа толқыны 90 жылдарда қайта басталды. Экономиканы реформалау тәуекелдік және белгісіздік жағдайларда әрекет ете алатын, талдап шешім қабылдай алатын мамандардың сұранысына әкелді. ЖОО жүргізіліп жүрген курстар мен пәндердің түбегейлі өзгеріп жаңаруы басталды. Дәстүрлі бағыттардың жаңа бағытпен алмасуы білім берудегі мақсат пен құндылықтардың өзгерісіне әкелді. Case-study әдістемесінің кең таралу себебі тек методологиялық жаңарту талаптары ғана емес, оның білім берудегі қазіргі жағдаяттарының өзгеруімен байланысты. Бұл әдістеменің бағыты белгілі бір нақты білім, біліктілікті меңгеріп алу ғана емес, сонымен қатар оқушылар, студенттер мен мұғалімнің интелектуалдық және коммуникативтік біліктілігін дамыту болып табылады [2, 466 б].

Кейс технологиясын – нақты жағдаяттар талдау әдістемесі деп те атауға болады. Бұл әдістеменің мәні едәуір қарапайым: оқытуды ұйымдастыру үшін нақты жағдаяттар бейнелеу қажет. Білім алушыларға шынайы өмірлік жағдаят талдауға беріледі. Берілген жағдаят тек практикалық мәселені бейнелеп қана қоймай, сонымен қатар сол мәселе шешімінде қолданылатын білім комплексін анықтайды. Табиғатынан интерактивті оқыту әдістемесі бола тұра, бұл әдістеме студенттердің өз көзқарасына ие болуда. Себебі студенттер өз ынталарын көрсете алу, өз беттерімен теориялық білімдерді игеріп, практикалық дағдыларға ие болу мүмкіндігін көруде. Сонымен қатар жағдаятты талдау студенттердің кәсіби даярлығына, олардың есеюіне ықпал етіп, оқуға деген қызығушылығы мен оң мотивін оятатынын айта кеткен жөн.

Кейс технологиясын шетел тіліне оқыту үдерісінде тиімді қолдану, біріншіден, шетел тілі пәні мұғалімінің кәсіби құзіреттілігіне байланысты, яғни мұндай технологияны қолдану әдістемесін жеткілікті дәрежеде игеруі лазым. Себебі бұл технология төңірегінде оқытушы тек тіл мұғалімі ғана емес, сонымен қатар ол сол кейс мәтінінде көрсетілген жағдаятты шешуге жол бағыттайтын тәлімгер рөлінде де болады; кейс мазмұнын жақсы қамтыған, жетік меңгерген және сол кейсті құрған авторы болып табылады.  Екіншіден, бұл технологияға арналған дайын оқыту материалының аздығы немесе жоққа тән болуы. Оқытушының кейсті студенттердің тіл меңгеру деңгейлерін ескере отырып, олардың танымдық ойлау деңгейін назарға ала отырып құрастыруына тура келеді [3, 65 б]. Кейс стади тәсілі оқытушының танымдық бейнесі ретінде, шығармашылық күш-қуатын дамытатын, өзгеше ойлап, іс-әрекет ететін ерекше парадигмасы бейнесінде келеді.

         Кейс-стади тәсілінде қолданылатын негізгі ұғымдар: «жағдаят» пен «талдау» болып табылады. Кейс – стади тәсілі жағдаятты талдағанда аналитикалық іс-әрекеттің бірнеше түрін қолдана пайдалануды қарастырады. Кейстің зияткерлік өнім ретінде шығатын қайнар көзі бар. Бірінші қайнар көзі өмір болып табылады. Қоғамдық өмір өзіне тән ерекшелігімен жағдаят желісі, мәселенің түп негізі бола алады. Кейстің негізі ретінде, екіншіден білім беру жүйесі қарастырылады. Ол кейс-стади тәсіліне интегралданған басқа әдістердің мақсаттары мен міндеттерін айқындайды. Ал, кейстің үшінші негізі – ғылым, ол екі әдіснамалық бағытта қолданылады, яғни талдау әрекеті мен жүйелік амал, сонымен қатар кейске және оны талдау үрдісіне интегралданған түрлі ғылыми әдістер арқылы іске асады [4]. Бұл жерде келесідей типтерін атап көрсетуге болады: практикалық кейстер – өмірдегі шынайы жағдайларды сипаттайтын; оқыту кейстері – негізгі міндеті білім беру; ғылыми зерттеушілік кейс –зерттеу іс-әрекетін жүзеге асыруға бағытталған кейс. Кейс құрастырудың негізгі көздері: өмір, ғылым, білім беру. Практикалық кейстің негізгі міндеті – өмірлік жағдаятты толық, жете сипаттау болып табылатынын айтып өттік. Мұндай кейстер детальды, көрнекі болуы қажет. Себебі кейсте көрсетілген жағдаяттың негізінде белгілі бір біліктілік, дағдылар қалыптасады және кейсте көрсетілген жағдаятқа ұқсас шын өмірде жағдай қайталанса, студент алдын-ала қалай әрекет етуді біліп, өз іс-әрекеті мен шынайы өмірдегі жағдайды басқара алады. Оқыту кейстерінде көбіне өмірде жиі орын алатын, маманның болашақ кәсіби саласында кезігетін типтік жағдаяттар беріледі. Мұндай кейстерде тәрбие мен оқыту міндеттері алдыңғы орында болғандықтан, көбіне оларда өмір элементтері толықтай берілмейді, яғни мұндай кейстерде мәселе, сюжет, жағдаят жасанды болады. Зерттеушілік кейс жағдаят туралы жаңа білімді қабылдау үлгісі сипатында болады, яғни үлгілеу әдісі арқылы ғылыми зерттеу дағдыларына үйрету. Жақсы кейсті алудың қайнар көздері: көркем әдебиет, публицистика; тәжірибе, тарих; мақала, монография; ғаламтор. Кейс-стади тәсілінде басты назар оқушылардың ұсынылған реальды немесе қиялдық жағдаяттарды талдауы және осы жағдаятқа өзіндік баға беріп, өзінің ой-пікірін нақты әрі толық айтып беруі. Шәкірттің жекетұлғалық қабілеттерінің жетілдіруге аударылады.

Кейстерді құрастыруда келесідей негізгі кезеңдерді бөліп көрсетуге болады: мақсаттарды анықтау, жағдаяттарды сыни іріктеу, қажетті ақпарат көздерін жинақтау, кейске бастапқы материалдарды дайындау, сараптама, оны қолдану туралы оқыту материалдарын даярлау.

Кейске қойылатын талаптар қандай? Бұл технология экономикалық білім беру саласында шыққан соң, кейске шетел тілін оқыту саласында қойылатын негізгі талаптарға көңіл аударған жөн:

1)    кейстің мазмұны құрастыру мақсатына нақты, тура сәйкес келуі;

2)    тиісті күрделілік деңгейінің болуы;

3)    болашақ мамандыққа байланысты оның кейбір аспектілерінен мысалдың болуы;

4)    өте жылдам ескіріп қалмауы;

5)    ұлттық бейненің болуы;

6)    бүгінгі күнге өзекті болуы;

7)    аналитикалық ойлауды дамытуы;

8)    пікір-таласты тудыра алуы;

9)    бірнеше шешімге келу мүмкіндігінің болуы;

10)жағдаятты түсінуге көмектесетін біріңғай ақпарат кешені түрінде болуы;

     11)ұсынылған мәселені шешуге түрткі болатын сұрақтар жиынтығының болуы;

     12)жақсы құрастырылған кейс белгілі бір іскерліктер комплексінің қалыптасуына немесе олардың одан ары қарай дамуына негіз болуы [5].

         Кейс-стади технологиясын шетел тілін оқыту барысында мәнмәтінмен жұмыс, түрлі жаттығуларды орындау, әңгімелеу, талқылау т.б. жұмыс түрлері жүзеге асады. Студенттердің танымдық тұрғыдан сыни ойлау дағдыларын дамыту мақсатында қорытындылау, ақпаратты синтездеу, түрлі ой-пікірге реакция, тестік тапсырмалар қолдануымызға болады. Мұндай тапсырмалар арқылы студенттердің тіл үйрену дағдылары дамиды. Оқыту тәсілдері ретінде болжау, негізгі ойды анықтау, презентация сияқты шығармашылық тапсырмалар студенттердің ауызша сөйлеу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сөз қорын молайтып, жазбаша және ауызша сөйлеу білімін толықтырады. Меңгерілген материалды бекіту тапсырмалары ретінде өтілген грамматика, сөздер мәтін мазмұнын қолдана отырып шығарма, хабарлама жазу, зерттеу тапсырмалары беріледі. Бұл тапсырмалар студенттің жан-жақты дамуына мол мүмкіндіктер туғызады.

Қорыта айтқанда, кейс-стади технологиясын оқыту құралы ретінде қолдана отырып, шеттілдік білім берудің мақсаты мен нәтижесі мәдениетаралық қатысым құзіретін студент бойында қалыптастырудың тиімді жолдарының бір екенін анықтадық.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.     [47, 23-б] Савинова О.В. «Использование кейсовой технологии в практике преподавания истории в образовательных учреждениях Тверской области». Электрондық ресурс. http://para.by/articles/text/keis-method.

2.     [48, 466 б] Артықбаева А.Қ., Абдуразахова П.П., Наурзбекова А.Қ. «Иновациялық технологиялардың шеттілдік білім берудегі маңызы». «Қазіргі интеграциялық үрдістер: жаңа сапалы формалар». Халықаралық ғылыми-тәжрибелік конференциясының материалдары, Алматы: ҚазХҚжӘТУ, 2013ж.

3.     [49,65 б]         Московчинко О.Д. «Формирование ключевых компетенций в процессе иноязычного образования у студентов экономических специальностей». Кандидатская диссертация, Алматы 2010.

4.     [43] Махмутов М.И. «Проблемное обучение». Москва: Педагогика. 1975ж.

5.     [56] James P7 Honan and Cheryl Sternman Rule. “Using Cases in Higher Education”, “A Guide for Faculty and Administrators”. Электрондық ресурс: http://muse.jhu.edu/login?auth=0&type=summary&url=/journals/review_of_higher_education/v027/27.2bess.html.