т.ғ.к. Көптілеуов Б.Ж.

п.ғ.к. Абуова Н.Ә.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекетік университеті, Қазақстан

МЕТАЛКЕСКІШ СТАНОКТАРДЫ ДУАЛЬДІ ОҚЫП ҮЙРЕТУ

 

         Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында таяудағы 2-3 жылда дуальдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыру да қазіргі уақыт талабы екендігі айтылған [1].

        Дуалды оқыту жүйесі дегеніміз-теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы, яғни кредиттік технология бойынша білім алушы білім алумен қатар, кәсіпорындарда жұмыс істеуді үйренуі болып табылады. Нәтижесінде білім алушы оқуды бітіргенде сол кәсіпорынның жұмыс ерекшеліктерін және металкескіш станоктарын оқып үйренген болғандықтан  сол кәсіпорынға жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

       Қазіргі таңда  осы жүйе бойынша маман дайындауға ден қойған Алмания, Германия, Испания, Францияда, Италия, Жапония және Оңтүстік Корея мемлекеттерінде еңбек өнімділігінің жоғарғы және шығатын өнімнің ең төменгі өзіндік құнына қол жеткізіп отыр. Осыдан-ақ, бұл жүйенің жұмыссыздық мәселесін шешуде қаншалықты маңызды екенін байқау қиын емес. Кәсіптік-техникалық маман дайындаудың дуальді жүйесінің сәтті іске асуына бизнес, оқушы және мемлекетке тікелей мүдделі болуы шарт. Қазір Германияда дуальді жүйе бойынша тәлім алып жүрген жастар 4 күн кәсіпорындарда білігін шыңдаса, 1 күнін оқуға арнайды.

      Осыған байланысты, кәсіби білім беруде негізгі техникалық мамандарды инновациялық қызметтің әдістеріне дуальді жүйемен оқытып, үйрету қажеттілігі  туындап отыр. Бұл әдістер кәсіби жұмыстың зиялы түрі ретінде жаңа технологияларды үйретіп, таратып сонымен қатар қолдана отырып адамдардың өмірін де біршама өзгертуге бағытталуы қажет. Мұнымен катар, Қазақстан Республикасының Білім туралы жаңа Заңында  оқытудың жаңа технологияларын, оның ішінде кәсіптік-тех-никалық білім беру бағдарламаларының қоғам мен еңбек нарығының өзгеріп отыратын қажеттеріне тез бейімделетін технологияларын енгізу және тиімді пайдалану білім беру жүйелерінің негізгі міндеті ретінде қабылданған [2]. Білім мен ғылымның және өндірістің терең интеграциясын талап ететін қазіргі уақытта жоғары оқу орны қызметкерлері өздері даярлайтын болашақ маманның кәсіби деңгейін, біліктілігін сол оқу орны қабырғасында-ақ қалыптастыруы қажет.     Жоғарыда айтып өткен инженерлердің инновациялық қызметі негізгі үш бағытта атқарылуы қажет. Кәсіби өндірістік қызмет, шешім қабылдау және қызметкерлермен жұмыс атқару болатын бұл бағыттар өзара байланысты күрделі жүйе болып табылады. Түсінікті болу үшін инженерлік-техникалық мамандардың негізгі кәсібін толық қалыптастырып, біліктілігін жоғарғы деңгейге көтеруге ықпал ететін металкескіш станоктардағы іс-әрекетін инновациялық қызметпен байланыстырып көрейік. Металкескіш станоктарды оқып, үйренген болашақ маман алған білімін мекемелердегі бөлшектерді қалпына келтіру және қайта даярлау барысында қолдана отырып, өндірісті жасап, жетілдіріп, жаңа технологиялармен толықтырып және оны одан әрі дамытуға даяр болуы тиіс [3]. Қазіргі таңда металкескіш станоктарды пайдаланып, қызмет атқаратын мекемелерді үш топқа бөлуге болады. Олар:

-       А тобы – жеке адамдар мен кішігірім шаруашылықтар;

-       Б тобы – жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен кіші көлемді акционерлік қоғамдар;

-       В тобы – ірі көлемді акционерлік қоғамдар мен ірі компаниялар.

      Атқаратын жұмыстарының түріне байланысты металкескіш станоктар да тоғыз топқа және бұл топтардың әрқайсысы тоғыз түрге бөлінеді. Жоғарыда айтылған мекемелердің көлемі мен экономикалық мүмкіндігіне және станоктардың техникалық сипат-тамаларына байланысты, үйлесімін жасап, өндірісті жүргізу үлкен шығармашылық пен инновациялық қызметті талап етеді. Мекемелердің А және Б тобы  үшін әртүрлі техникалардың бөлшектерін дайындау және қалпына келтіруге қажетті  параметрлеріне байланысты орта дәрежелі станоктардың мынадай төрт түрін таңдап алуға болады:

1.     Станоктардың токарлы тобындағы токарлы-винткескіш түрі;

2.     Бұрғылау тобындағы тігінен бұрғылау түрі;

3.     Ажарлау тобындағы дөңгелек ажарлау түрі;

4.     Фрезерлеу тобындағы тігінен фрезерлеу түрі.

      Осы төрт түрлі станок кескіш құралмен және дайындамамен қамтамасыз етілсе, көптеген қосалқы бөлшек дайындаумен қатар жөндеуге болады. Мысалы, дөңгелек  ажарлау станогы болса, кезкелген іштен жану қозғалтқышының иінді біліктерін келесі жөндеу өлшеміне дейін ажарлауға болады. Сол сияқты токарлы винткескіш станоктарында кез-келген цилиндрлік беттерді немесе бұрандаларды, тік бұрғылау станогында белгілі бір диаметрдегі тесіктерді және фрезерлік станоктарда  жазық беттер мен тісті дөңгелектердің тісін қайта дайындап немесе қалпына келтіруге болады. В тобындағы ірі компаниялар үшін олардың  атқаратын жұмыс көлемі үлкен болғандықтан станоктар  да үлкен өндіріске арналған болуы қажет, мысалы жартылай автоматтар мен автоматтар, сандық бағдарламалық басқару мүмкіндігі бар әртүрлі топтағы станоктармен өнімді жұмыс атқарылады. Жалпы алғанда станоктардың қазіргі нарықтық бағалары да басқа техникалармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мысалы, Ресей Федерациясында шыққан Енисей-1200РМ  комбайны – 45500, Т-150К тракторы – 30000 және МТЗ – 80 тракторы -24000  АҚШ доллары тұратын болса, 3М240 дөңгелек ажарлау станогы  - 26100, 6К12 фрезерлеу станогы – 20800, 16В20 токарлы-винткескіш станогы – 16000 және 2С132 тігінен бұрғылау станогы – 7200 АҚШ доллары тұрады. Металкескіш станоктардың қызмет атқару мерзімі де ұзақ. Мысалы, техникалардың қызмет атқару мерзімі 10-12 жыл болатын болса, станоктардың қызмет атқару мерзімі 25-30 жыл [4].

Жоғарыда айтылған мүмкіндіктерді бұрынғы қалыптасқан оқу бағдарламасымен шектелген мамандар атқара алмайды. Сондықтан қазіргі жаңа технологияның функционалдық  қызметі артқан сайын соған ілесе алатын жан-жақты және бәсекеге қабілетті   маман кез-келген салаға қажет.

       Қорытындылай келе оқытудың дуальді жүйесін пайдалана отырып жоғары деңгейлі маман дайындаудың келесідей артықшылықтары бар:                                 - теория мен практика арасындағы алшақтық жойылады;                              - түлектердің оқуды бітіргеннен кейінгі жұмысқа орналасу мәселесі оң шешемін табады;                                                                                                        - жоғары оқу орыны жұмыс берушінің болашақ мамандарға қоятын талаптарын біліп отырады;                                                                                              - дуальді оқу жүйесімен білім алушы белгілі құзыреттерді меңгерген кәсіби маман болып қалыптасады;                                                                            - білім алушылар контингетінің көбейіп, оқу орнына қызығушылық артады; 
- білім алушылар мен жұмыс берушілердің талабына қарай бағдарламалар мен элективті  пәндер каталогінің сапасы артады;                                                                 - дуалды жүйе бойынша білім алушының қажетті еңбек нарығындағы сұраныс деңгейі көтеріледі;                                                                                         - білім беру мекемелерінің бәсекелесуге қабілеттілігі жоғарылайды және т.б. 

Қолданылған әдебиеттер

1.  Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»  Елбасының халыққа арнаған Жол-дауы // Егемен Қазақстан 2015. 28.11   

2. Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы. // Егемен Қазақстан  2007. 27.07

3.Нұрмұхамедова Т.К. Особенности подготовки инженеров агропромышленного комплекса к инновационной деятельности в системе непрерывного образования. //Научно-педагогический журнал. Білім – Образование № 3, Алматы, 2007.

4.Сельское хозяйства, транспорт и связ Республики Казахстан 2012-2015.  

   //Статистический сборник. Алматы, 2016.