Педагогические науки/ 3.Методические основы воспитательного процесса
Ханзада ТУЛЕКИНА
Мичурин
орта мектебі
І
деңгей бойынша сертификатталған
бастауыш
сынып мұғалімі
Ынтымақтастық
Мектеп пен жанұя бірлігі
Қазақстан
Республикасының сапалы білім беру жүйесі еліміздің
экономикасын тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі
факторлардың бірі және мемлекеттің дамуының өзегі
болып есептеледі.
Сондықтан, сапалы білім беру,
оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытуда
мектеп педагогикалық ұжымы мен отбасының маңызы зор. Мичурин
орта мектебінің биылғы оқу жылындағы оқу-тәрбие
үрдісінің бағыты да мектеп пен отбасының
ынтымақтастығы болып отыр. Мектеп жоспарының ең бастысы
– тәрбие түрлерінің байланысын күшейту. Мектеп
оқушыларының тұлғалық қасиеттерін дамытудағы
отбасының рөлі үлкен.
Бала тәрбиесі отбасынан басталады.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші,
бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. «Мектеп – кеме, білім –
теңіз» десек, бала бар жақсылық пен игілікті, тәрбие
мен білімді мектептен алады. Баланың мейірімді, еңбекқор, тәрбиелі,
білімді болып өсуі ата-ана мен мұғалімнің
еңбегінің жемісі.
Сондықтан, ата-ана – мектеп – оқушы ынтымағын арттыру мақсатында
Мичурин орта мектебінде «Мектеп пен
жанұя бірлігі – оқушыларды жан-жақты дамытудың бірден-бір
құралы» тақырыбында ата-аналар жиналысы
өткізілді. Мақсаты: Мектеп пен ата-ана арасындағы
қарым-қатынасты күшейте отырып, отбасында балаға
ата-ананың ықпалын арттыру, бала тәрбиесінде ата-ананың
алатын орнының ерекше екенін түсіндіру, ата-ана бойына
өздерін тәрбиеші мұғалім ретінде қарауда
қызығушылықтарын дамыту. Жиналыста
ата-аналарды
топқа бөліп, «Мен үшін қымбат» тақырыбында постер
таратылды.
• 1 топ – Ата-ана
жауапкершілігі дегенді қалай түсінесіз?
• 2топ – Баланың сапалы білім алуы
үшін ата-ана тарапынан жасалатын жағдайлар.
• 3топ – Балаларды
теріс әрекеттері үшін жазалаудың түрлері.
• 4.топ- Бала
үшін ата-ананың қандай сезімі қымбат? Балаға
айтылатын жылы сөздер.
Одан кейін ата-аналардың әрбір тобына
жағдаяттық тапсырмалар беріліп, пікірлері тыңдалды.
Тәрбиеге байланысты бейне материал
көрсетіліп, пікірлері тыңдалды. «Отбасылық махаббат үйін»
құру үшін жағдаяттық тапсырмалар мен рөлдік
ойындар да ойнатылды.
Ата-аналар ұстаздармен тығыз қатынаста
болып, бір-бірінің ақыл-кеңестерін тыңдап, балаға
тиянақты білім, жақсы тәрбие беруге өз үлестерін
қосу, тікелей ат салысу керек деп ой түйді.
Ата-аналар білім ордасының тәрбие процесіне
тікелей араласатын мектеп басшыларына, жалпы ұстаздарға, сынып жетекшілеріне
алғыстарын білдірді.
Мектеп пен отбасының тығыз
ынтымақтастық қарым-қатынасы талап пен тәрбиелік ықпалдың
бірлігін қамтамасыз етеді.
Бірақ отбасы бұрынғысынша баланың бойында жағымды
қасиеттерді дамытатын маңызды ортасы болып қала бермек.