ҚҰЗЫРЕТТІЛІК ҰҒЫМЫНЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МӘНІ
Айтжанова Р.М., Смагулова Ж.
Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік университеті
Әлемдік
деңгейдегі белгіленген білім беру
мазмұны еліміздің әлеуметтік-экономикалық,
рухани-мәдени ахуалын нығайтуға, ұлттық
құндылықтары-мызды бағалай білуге, ана тіліміздің
қолданылу аясын кеңейтуге қабілетті,
қарым-қатынасы жоғары тұлға
тәрбиелеуге құрылуы
тиiс. Соңғы кезде жаңа жағдайдағы қазақ
мектептерінің басты іс-әрекетінің негізгі нәтижесі тек
білім, білік және дағды жүйесі ғана емес, сонымен бірге
зиялы, саяси-қоғамдық, коммуникациялық, ақпараттық
және басқа салалардағы мемлекеттік тапсырыс беріп
отырған түйінді құзыреттіліктердің жиынтығы
болуына назар аудартуда.
Сондықтан жаңа үлгідегі білім
беруде баланың жеке тұлғасын дамытуды және
қалыптастыруды жаңа тұрғыда қарап, білім,
біліктерін өмір жағдайларында қолдана алуға
мүмкіндік беретін түйінді құзыреттіліктерді
(мәселенің шешімін табу, ақпараттық және
коммуникативтік құзыреттілік) қалыптастыру көзделіп
отыр. Аталған міндеттерді шешуде мұғалімдердің
бейімділіктері мен қабілеттерін есепке ала отырып, білім беру аясын
барынша даралау мақсатында оқу іс-әрекетін
құзыреттілік тұғыры негізінде ұйымдастыру талабы
қойылады. Мемлекеттік
жалпыға міндетті білім беру стандарты білім мазмұнын жобалау
және белгілеу тәсілдерінің жаңа үлгісін
ұсынады. Бұрын мемлекеттік білім беру стандарттарында берілетін
материалдың көлемі мен құрылымының нормалары белгіленген
болса, жаңа стандарт жобасында білім берудің нәтижелері норма
ретінде бекітіліп, ең басты нәтиже түйінді
құзыреттілік болып отыр [1].
Елімізде біраз жылдардан бері
«құзыреттілікке бағдарланған білім беру мен дамыту»
тұжырымдамасы ресімделіп,
бұл жұмыстың көптеген қолдаушылары мен келісімге
келмейтін қарсыластары да пайда бола бастады. Осы
тұжырымдамаға қатысты пікірталас әлі күнге дейін
басылмай, таласты пікірлердің тууына себепкер болуда. Сондықтан бүгінгі еліміздің білім
жүйесінде әлеуметтік, экономикалық,
қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуға дайын,
құзыретті тұлғаны қалыптастыруда оқыту
үдерісін тың идеяларға негізделген жалпы ұлттық
деңгейдегі жаңа мазмұнмен қамтамасыз етуде
құзыреттілік тұғырының маңызы зор.
Құзырет
ұғымы өткен ғасырдың ортасынан бастап белгілі бір
салада білімі бар, өзінің білімімен немесе өкілеттігімен
бірдеңе істеуге, шешуге құқығы бар деген
түсінікке ие болған. Құзыреттілік ұғымы
тұлғаның сапалық көрсеткіші ретінде алдына
қойған міндетін нәтижелі шешуге, сауатты түрде пікірін,
ойын, бағасын бере білуге мүмкіндік беретін білім мен біліктілікті
меңгеруі. Ғалым П.П.
Борисов [2] өзінің еңбегінде құзыреттілік феноменінің мәндік
ерекшелігін түсінуде индивидтің, субъектінің біліктілігі,
қайсыбір тапсырманы орындауға деген қабілеттілік деп
түсіндіреді.
Сонымен қатар «құзыреттілік» ұғымдары философиялық энциклопедиялық сөздіктерде
түрліше түсіндіріледі. Онда өзіне деген сенімділік,
дәрменсіздік сезімінің жоқтығы, алға
қойған мақсаттарға жету жолындағы
қиындықтарға назар аударуы, өздігімен оқуға
дайындығы және қабілеттілігі, табандылығы, шешім
қабылдай алу қабілеті, қиын мәселелерді шешуге
дайындығы, жеке жауапкершілігі сияқты ұғымдар
қамтылған [3].
Жоғарыдағы сөздіктердегі түсініктемелерді негізге
ала отырып, мынадай тұжырымға келеміз: құзыреттілік 1) белгілі бір деңгейдегі
күрделі тапсырмалар мен
мәселелердің шешімін табуда тұлғаның білім, білік
және тәжірибесінің сәйкес келуі; 2) нақты
міндеттерді орындауда өздігімен және жауапкершілікпен әрекет
етуге мүмкіндік беретін қабілеттілік пен біліктілігі;
3)
жинақталған білім, біліктерін өзекті ете білу қабілеті
мен оны өзінің өмірлік жағдайында қолдана білуі. Сонда құзыреттілік –
оқушының әрекет тәсілдерін жан-жақты
игеруінен көрінетін білім нәтижесі.
Психология
ғылымында «құзыреттілік» ұғымына қатысты
нақты қалыптасқан іс-әрекетті жүзеге асыруда
білім, білік, дағдының жиынтығын қамтиды
(А.Н.Журавльев, Н.Ф.Талызина, Р.К.Шакурова және т.б.) деп
түсіндіріледі. Олай болса, психология ғылымында
«құзыреттілік» танымдық, пәндік-практикалық
және жеке өзіндік тәжірибелер жиынтығы ретінде
анықталған. Жас ерекшелігіне қарай балалардың
құзыреттілігі өткен кезеңдегі психикалық
деңгейіне, мәдени-тарихи, этникалық және
әлеуметтік-экономикалық формалардың әсер ету дәрежесіне
тікелей байланысты болады. Осылайша, бастауыш сынып оқушыларының
психологиялық ерекшелігі коммуникативтік құзыреттілікті
қалыптастыру мүмкіндігімен анықталады.
«Құзыреттілік» ұғымы
дәстүрлі педагогикалық зерттеулерде кәсіби
құзыреттілік немесе маман құзырлылығы
ұғымдарымен қатар қолданылып келді. Ал қазіргі
зерттеу жұмыстарында «құзыреттілік» тек маман біліктілігі мен
мамандыққа ғана қатысты емес, сонымен бірге
ақпараттық, әлеуметтік, мәселені шешу, коммуникативтік
құзыреттіліктері зерттеу пәніне айналуда. «Құзыреттілік»
ұғымының тағы бір маңызды жағына
тоқталар болсақ, ол тек өз кәсібін жетік білетіндерге
немесе үлкен адамдарға ғана қолданылатын мінездеме
емес, сонымен қатар мектеп оқушыларына, студенттерге, тіпті
мектепке дейінгі жастағы балаларға да берілетін
мінез-құлық сапасы болып табылады. Әлемдік педагогика
ғылымында құзыреттілік білім сапасының өлшемі
ретінде алынған.
Еліміздегі міндетті жалпы орта
білім беру стандартының
мазмұны оқушының жеке ерекшелігіне қарай білім
нәтижесі ретінде проблеманың шешімін табу, ақпараттық
және коммуникативтік деп аталатын құзыреттер
түрінде белгіленген.
Жоғарыдағы ғылыми тұжырымдарды талдаудан,
«құзыреттілік» ұғымын екі жақты
қарастыруға болады: бірінші, тұлғалық сапа
ретінде, екінші, білім, дағды, тәжірибе және
қабілеттің өзара байланысы тұлғаның
білімділік деңгейін білдіреді. Құзыреттіліктің негізі
білім, білік, дағды болып табылып, практикалық іс-әрекет
нәтижесінде тұлғалық сапа қалыптасады. Сол
себепті педагогикалық еңбектерді талдай отырып мынадай қорытындылар
шығаруға болады 1-сурет:
Сурет 1- Құзыреттілік ұғымына
берілген қорытындылардың талдануы
Сонымен, құзыреттілік – тек бiлiм мен бiлiктiң жай ғана жиынтығы емес, керiсiнше субъектiнiң өмiрде кездесетiн түрлi проблемалық жағдаятта қандай әрекет қолдану керектiгiн
анықтай алуы және оны iске асыру жолында
меңгерген бiлiмi мен бiлiгiн
ұштастыра алу қабiлетi. Құзыреттілікті
меңгерудің қайнар көзі – тұлғаның
мәдениет, тілдік қарым-қатынас тәжірибесі,
тұлғааралық тәжірибесі, өнерді қабылдау
тәжірибесі. Олай болса, құзыреттілік
баланың өзiнiң түрлi өмiр жағдайларында
сөйлеу дағдыларын ұтымды қолдануының
нәтижесi деп саналып, әрекеттен тыс құзыреттіліктің қалыптасуы мүмкiн емес.
Біздің ойымызша, білім беретін мекемелерде жұмыс жасайтын
мұғалімдер құзыретті болса, ол мұғалімнен
білім алып отырған оқушылар топта бірлесіп жұмыс істеуге,
оған өзінің үлесін қосуға, шешім
қабылдауға,
келіспеушіліктің алдын алуға, келісе білуге, топқа ене
білуге, келісе алуға үйренеді.
Қорыта айтқанда, нәтижеге бағытталған
білім беру түйінді құзыреттілікті қалыптастыруға
мүмкіндік жасайды.
Пайдаланған
әдебиеттер:
1. Қазақстан
Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру
стандарты. Бастауыш білім. – Астана, 2008. – 30 б.
2. Борисов П.П. Компетентностно-деятельностный подход и
модернизация содержания общего образования // Стандарты и мониторинг в
образовании. –2003. – № 1. – С. 58-61.
3. Философский энциклопедический словарь. – М., 1983. – 459
с.